Бүркемелеу әдістері


Көбінесе анализ кезінде бөгет жасаушы комплекс әсерін жою қажет болады. Оны екі әдіспен іске асырады:

1. Бүркемелеу арқылы, яғни бөгет жасайтын компонентті басқа формаға ауыстырады, бірақ, сол ерітіндіде қалдырады. Сонда бұл форма ерітіндіде қалса да, реакцияға қатыспайды, яғни анализге кедергі жасамайды.

2. Компоненттерді өзара бөлу арқылы – компоненттерді екі әр түрлі фазаға ауыстырады, содан кейін фазаларды бөледі.

Бүркемелеу кезінде арнайы химиялық реагент қосады. Ол бөгет жасаушы химиялық реакцияны тежейді немесе бағытын өзгертеді. Жаңа фаза түзілмейді, сондықтан бөлу қажет емес.

Бүркемелеудің екі негізгі түрі бар:

а) термодинамикалық бүркемелеу - бөгет жасаушы реакцияның тепе-теңдік константасы күрт төмендетіледі. Реакция өте аз дәрежеде жүреді, бөгет жасаушы сигнал байқалмайды.

б) кинетикалық бүркемелеу кезінде бөгет жасаушы реакция жылдамдығы төмендейді. Бүркемелеу үшін қосылатын реагент бүркемелеуші зат немесе бүркемелеуші агент деп аталады. Олардың бірнеше түрі бар:

1. Бөгет жасаушы компонентпен тұрақты комплекс түзетін реагенттер;

2. Бөгет жасаушы компоненттің тотығу дәрежесін өзгертетін реагенттер;

3. Бөгет жасаушы компонентті тұндыратын реагенттер;

4. Нашар еритін гидроксид тұнбасын түздірмейтін реагенттер;

5. Ерекше беттік активті заттар (БАЗ).

Кейде бүркемелеуді бірнеше әдіспен жүргізеді. Мысалы: элементтің тотығу дәрежесін өзгертеді, одан кейін оны берік комплекске байланыстырады.