Бөлу және концентрлеу әдістері


Бөлу және концентрлеу келесі жағдайларда қажет болады:

1. Сынамада анализге бөгет жасайтын компонент болса

2. Анықталатын компонент сынамада әртекті таралса

3. Анықталатын компонент концентрациясы әдістің анықтау шегінен төмен болса

4. Сынама қымбат, уытты, радиоактивті болса.

Бөлу - нәтижесінде компоненттер бір-бірінен механикалық немесе физикалық түрде бөліну процессі.

Концентрлеу - нәтижесінде микрокомпоненттер концентрациясының макрокомпоненттер концентрациясының қатынасы артатын процесс.

Бөлу кезінде компоненттер концентрациясы шамалас (жуық) болуы керек. Ал егер компоненттер концентрациясы тым алшақ болса, концентрлеу қажет болады.

Концентрлеудің 2 түрі болады: абсолютті және салыстырмалы концентрлеу.

Абсолютті концентрлеуде микрокомпоненттерді аз көлемге жинайды, яғни матрицаны азайтады.

Салыстырмалы концентрлеуде микро- және макрокомпоненттер концентрацияларының қатынасын арттырады. Көбінесе матрица ауыстырылады.

Сонымен қоса, жеке және топтық концентрлеу болады.

Топтық концентрлеуде бірнеше компонент бірге бөлінеді. Ал жеке концентрлеуде сынамадан бір ғана компонент немесе бірнеше компонент жеке-жеке бөлінеді.

Бөлу мен концентрлеудің теориялық негіздері және орындау техникасы өте ұқсас, әдістері де бірдей.

Бөлу және концентрлеудің келесі әдістері бар:

1. Химиялық әдістер: тұндыру, қосарласа тұндыру, ұшыру.

2. Физикалық әдістер: қайта кристалдау, дистилляция, буландыру, зоналық балқыту.

3. Физика-химиялық әдістер: экстракция, хроматография, сорбция, ион алмасу, электролиз.