Анализ қателіктері


Анализ жүргізу үшін анықталатын зат немесе оның бір компоненті ерекше сипатты физикалық немесе химиялық қасиетке ие болуы керек, бұл қасиет – аналитикалық қасиет деп аталады, ол аналитикалық реакция нәтижесінде аналитикалық сигнал түрінде байқалуы керек.Сандық анализде аналитикалық сигналдың интенсивтілігі яғни мөлшері өлшенеді. Өлшеу кезінде міндетті түрде қателіктер болады.

Химиялық метрология («метр» - өлшеймін, «логия» - оқимын, зерттеймін) - өлшеудің дұрыстығын, дәлдігін және қателіктерін зерттейтін ғылым.

Зат немесе қоспа көп компоненттен тұрады. Сондықтан анықталатын компонент сигналына фон сигналы қабаттасады - (х+хфон).

Фон сигналын табу үшін «бос тәжірибе» жүргізіледі. Яғни анықталатын компоненті жоқ сынама барлық сынамалармен бірге анализ сатыларынан өткізіліп, анализденеді. «Бос тәжірибеде» өлшенген сигнал - хфон болады, ал негізгі сынамаларда сигнал өлшенсе (х+хфон) береді, екі сигналдың айырмасы арқылы х - анықталатын компоненттің сигналы табылады.

Анализ қателіктері 2 түрлі жіктеледі:

А) Есептеу жолы бойынша жіктеу: есептеу жолы бойынша қателіктің екі түрі бар: абсолютті және салыстырмалы қателіктер.

Абсолютті қателік анализ нәтижесі мен шынайы (немесе теориялық) шама айырмасына тең, таңбасы оң да, теріс те бола алады:

А= хтәж - хтеор

Салыстырмалы қателік абсолютті қателіктің шынайы шамаға қатынасы, көбінесе пайызбен көрсетіледі:

О = (А/ хтеор) 100%

Ә) Шығу себебі бойынша жіктеуде 3 түрлі қателіктерді ажыратады: жүйелік, кездейсоқ және өрескел қателіктер.

Жүйелік қателіктер – шығу себебі белгілі, сондықтан оларды алдын ала болжап, жоюға немесе азайтуға болатын қателіктер.

Кездейсоқ қателіктер – шығу себебі белгісіз, өлшеуді көп рет қайталау нәтижесінде пайда болатын қателіктер, оларды математикалық статистика әдісімен бағалайды.

Өрескел қателіктер – анализ нәтижесін күрт бұзатын қателіктер, олар адамның білместігінен немесе немқұрайдылығынан пайда болады.

Жүйелік қателіктердің 4 түрі бар:

а) аналитиктің жеке басының қателігі адамның физикалық кемшілігіне (мысалы, көз көруіне) және мінез-құлық ерекшеліктеріне (мысалы, немқұрайдылығына, салақтығына, білместігіне) байланысты пайда болады;

ә) әдіс қателігі аналитикалық реакцияларың толық жүрмеуіне байланысты пайда болады. Гравиметриялық анализде әдіс қателігі абсолютті ерімейтін тұнба болмауынан болады. Ал титриметриялық анализде әдіс қателігі индикаторлық қателік деп аталады, ол эквиваленттік нүкте мен титрлеудің соңғы нүктесі сәйкес келмеуіне байланысты;

б) аспап қателігі өлшегіш аспаптың немесе өлшегіш ыдыстың кемшілігіне және оларға сыртқы факторлардың әсеріне байланысты пайда болады;

в) реактив қателігі абсолютті таза реактивтер болмауынан пайда болады.