Химиялық сандық анализ әдістері


Сандық анализ анализденетін сынама құрамындағы компоненттердің сандық мөлшерін анықтауға арналған. Сандық анализдің үш түрі бар: толық, ішінара (жартылай) және жалпы.

Толық сандық анализде анализденетін сынамадағы барлық компоненттердің мөлшері анықталады. Мысалы, қанды толық сандық анализдегенде 12 компонент: натрий, калий, глюкоза, билирубин және т.б. мөлшерін анықтайды. Толық анализ жүргізу үшін өте көп уақыт пен еңбек қажет.

Ішінара сандық анализде тек қажетті компоненттер мөлшері анықталады.

Жалпы сандық анализде анализденетін сынамадағы әрбір элемент мөлшері олардың қандай зат құрамына кіретініне тәуелсіз анықталады. Әдетте бұл элементтік анализ деп аталады.

Сандық анализ әдістері химиялық, физика-химиялық және физикалық әдістер болып бөлінетіні жайлы 1-тарауда айтылған.

Химиялық сандық анализ әдістері мөлшерлі өтетін химиялық реакцияларға, яғни, алмасу, тұндыру, тотығу-тотықсыздану, комплекс түзу реакцияларына негізделген.

Химиялық сандық анализ әдістерін әр түрлі жіктейді, соның ішінде ең толық жіктеу бойынша келесі әдістер болады:

Гравиметриялық анализ анықталатын компонентті гравиметриялық форма түрінде бөліп алып, массасын өлшеуге негізделген.

Реакция өнімін алу жолы бойынша гравиметриялық әдістердің келесі түрлері болады:

а) гравиметриялық (немесе химиогравиметриялық) әдіс химиялық реакция өнімінің массасын өлшеуге негізделген;

ә) электрогравиметриялық әдіс электрохимиялық реакция өнімінің массасын өлшеуге негізделген;

б) термогравиметриялық әдіс термиялық өңдеу кезінде түзілетін зат массасын өлшеуге негізделген.

Волюмометриялық анализ затпен реакцияға түскен реагент көлемін

өлшеуге негізделген.

Реагенттің агрегаттық күйіне байланысты волюмометриялық әдістердің келесі түрлері болады:

а) газоволюмометриялық әдістер газ қоспасы құрамындағы анықталатын компонентті талғамды сіңіруге және сіңіру нәтижесіндегі қоспа көлемін өлшеуге негізделген;

б) ликвидоволюмометриялық (титриметриялық немесе көлемдік) әдістер анықталатын затпен реакцияға жұмсалған реагент ерітіндісінің көлемін өлшеуге негізделген;

Кинетикалық әдістер химиялық реакция жылдамдығының әрекеттесуші зат концентрациясына тәуелділігіне негізделген.

Осы аталған әдістердің ішінде гравиметриялық және титриметриялық әдістер химиялық сандық анализдің классикалық әдістеріне жатады.

Сандық анализді жүргізу үшін мына шарттарды орындау қажет:

-барлық операцияларды ерекше дәлдікпен мұқият орындау

-ерітінді көлемін 0,01-0,02мл дәлдікпен өлшеу

-титрант концентрациясы 0,1Н артық болмауы

-зат өлшемесін 0,2г кем емес және үтірден кейін төртінші таңбаға шейін дәлдікпен өлшеу

-өлшегіш ыдыстар мен аспаптарды калибровкалау және қалыпқа келтіру

-анализ нәтижелерін статистикалық өңдеу.