АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МАЛДАРЫН СҰРЫПТАУ


Сабақтың мақсаты: Ауыл шаруашылығы малдарын сұрыптаудың ерекшеліктерін маңыздылығымен меңгеру

Дәріс жоспары:

1. Сұрыптаудың түрлері

2. Малды фенотипі және генотипі бойынша бағалау әдістері

Мал санын көбейтуге, оның өнімін арттырып, сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың ішінде мал тұқымын асылдандыру жұмысын дұрыс жолға қойып, іске асырудың маңызы зор.

Мал тұқымын асылдандыру жұмысы деп экономикалық, ұйымдастыру, агрономиялық, мал дәрігерлік, гигиеналық және зоотехниялық шаралардың ғылыми негізделген жүйесін айтады. Мал тұқымын асылдандыруға бағытталған негізгі зоотехниялық шараларға алға қойған мақсатқа сәйкес сұрыптау мен жұп таңдау, яғни селекция жатады.

Сұрыптау дегеніміз тіршілік ортасы мен өндіріс технологиясы жағдайына жақсы бейімделген, адамға қажетті өнімі жағынан құнды малды іріктеп, таңдап алу, ал құнсыз малды жарамсыздар тобына (бракқа) шығару.

Әдетте сұрыптау мен жұп құру бірлігін селекция деп атайды. Негізінен тек селекция ғана табынның генетикалық құрылымын (табындағы малдың нәсілдік қасиеттері) адамға ұнамды бағытта өзгерту арқылы мал өнімін арттыра алады. Осы тұрғыдан селекцияны малдың адам баласы басқаратын зволюциясы деп бағалау орынды.

Сұрыптау туралы ілімді кезінде Ч.Дарвин жасаған болатын. Ол толып жатқан деректердің негізінде тірі организімдердің жаңа формаларының пайда болуы, жер бетінде тіршілік ететіндерінің өзгеруі мен жетілдірілуі табиғи және қолдан сұрыптаудың арқасында өтеді деп тұжырымдады.

Өзінің пайдалы жеке өзгерістерінің арқасында сыртқы орта жағдайларына жақсы бейімделетін организмдердің тіршілік етіп, сақталуын табиғи сұрыптау деп түсінеді. Мәселен, сыртқы орта жағдайларына жақсы бейімделген дарақтардың тірі қалып, көбеюі арқылы жануарлар мен өсімдіктердің жабайы түрлерінің эволюциясы жүзеге асады. Қолдан сұрыптауды адам жүргізеді, мұнда ол өзіне қажетті қасиеттері бар жануарларды ұрпақ алу үшін іріктеп таңдап алып, сақтайды және көздеген мақсаттағы белгілері нашар дамыған жануарлардың тұқымдық мал ретінде көбеюіне жол бермейді.

Сұрыптау дегеніміз, басқаша айтсақ, өзгергіштік, тұқым қуалаушылық және тіршілікке бейімділік секілді құбылыстардың нәтижесі болып табылады. Сұрыптау қандай бағытта өтетін болса, тірі организмдер өзгеруі де сондай бағытта жүреді.

Мәдени және интенсивті мал шаруашылығы жағдайларында қолдан сұрыптау негізгі творчествалық роль атқарады. Алайда тұқымды жетілдірудің немесе жаңа тұқым шығарудың барлық кезеңдерінде табиғи сұрыпталу сөзсіз әсер етеді. Оның әсерімен жануарлардың белгілі бір тіршілік ету жағдайларына бейімделгіштік, төзімділік, ауруларға қарсы тұра алушылық секілді бағалы қасиеттері орнығып, күшейе түседі. Табиғи сұрыпталудың әсерін жеткілікті ескермеу малдың дене бітімінің сөзсіз нашарлауына, демек, бұл жұмыстың нәтижесіз болуына әкеп соқтырады.

Н.П.Чирвинский қолдан сұрыптауды жануарлардың бір тобының тіршілік етіп, көбею құқығы алынып, екінші ұнамды топқа берілетін процесс деп есептеді, бірақ өздеріне емес, адамға пайдалы болып табылатын ерекшеліктері бар жануарларды тұқымға қалдыру ісі деп санады. Мұндай процесті жүзеге асыра отырып, адам табынның, тұқымның дамуын өзіне қажетті жаққа қарай бағыттайды, мұнда қолдан сұрыптау белсенді әдіс сипатына ие болады.

Ч.Дарвин сұрыптауды пайдалы өсімдіктер мен жануарларды шығарудағы адамның табысқа жетуінің негізгі кілті деп есептеді. Жүйелі сұрыптау болмай шығарылған бірде бір бағалы тұқым жоқ деп анық айтуға болады. Егер кез-келген тұқыммен тұрақты сұрыптау жұмысы жүргізілмесе, ол өзінің құндылығынан айырылып, тіпті азғындап, азып-тозып, түбінде тіршілік етуін де тоқтатқан болар еді.

Сұрыптаудың нәтижелеріне едәуір дәрежеде сыртқы орта факторлары әсер етеді. Озат селекционерлер қашан да сұрыптау жүргізілетін белгілерді дамытуға септігін тигізетін жағдайларды жасау қажеттігін ескеріп отырған.

М.М. Щепкиннің «Канның қасиетін білмейінше–асыл тұқымды мал өсіру мүмкін емес» деген сөзіне Н.Н. Завадовский «Сыртқы жағдайларды білмейінше – зауытшы да жоқ» деп қосты.

Ч. Дарвин сұрыптауды ең ежелгі адамдардың да жүргізгенін, бірақ олар тұқымды жетілдіру немесе жаңадан шығару ниетімен істемегенін атап көрсетті. Адам мүмкіндігінше ең жақсы, едәуір пайдалы жануарларды сақтауға немесе қолға түсіруге, табындағы осындай жануарлар санын ұдайы арттырып отыруға тырысты. Осының нәтижесінде әрбір жаңа ұрпақ белгілі дәрежеде жақсара берді. Мұндай сұрыптауды ғалым мақсатсыз сұрыптау деп атады. Оның тимділігі өте ұзақ уақыттан кейін байқалады және ол шын мәнінде жануарлардың жергілікті тұқымдарының бір кездегі қалыптасу тарихы үшін ғана маңызды болады. Мақсатсыз сұрыптау дүние жүзінде соңғы 150 жыл ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының осы заманғы бағалы тұқымдарын шығарудағыдай нәтиже бере алмас еді.

Мал шаруашылығын мәдени түрде жүргізу жағдайларында олда бар тұқымдарды жетілдіру және жаңа тұқымдарды шығару процесі әдістемелік сұрыптаудың әсерінен жүзеге асады. Оның өзіндік ерекшеліктері мыналар: алдын ала белгіленген нәтижелерге жету; жануарлардың белгілі бір қасиеттері мен белгілерін жүйелі түрде бағалап отыру; табындағы мал тұқымын сапалық жақсарту жөніндегі жұмыстарда оларда алдағы уақытта мақсатты пайдалануға арналған ерекше топтарды бөліп көрсету.

Зоотехниядағы табиғи және қолдан сұрыптау туралы Ч.Дарвин ілімін дамыту процесінде сұрыптаудың формаларын шектейтін қосымша атаулар енгізілген. Жануардың қажетті типі шығарылып, оны сақтау керек болғанда және табында белгілі бір кезең ішінде өзгеріссіз қалдыратын жағдайда, бұл қажетті талаптан ауытқитын жануарларды жарамсыздар тобына шығару арқылы жүзеге асырылады. Қалыптасқан нормадан ауытқушылық жағдайлары табиғи сұрыпталуда да кездесуі мүмкін. И.И. Шмальгаузен мұндай сұрыптауды тұрақтандырушы сұрыптау деп атауды ұсынды. Тікелей шаруашылық құндылығы жоқ, көп ретте морфологиялық белгілері бойынша сұрыптауды Е.А. Богданов жанама сұрыптау деп атауды ұсынды. Мұндай сұрыптау корреляция заңына (салыстырмалы өзгергіштік) негізделеді, оның мәні төменде баяндалады.

Мал шаруашылығын интенсивтендіру және бұл саланы өнеркәсіптік технологияға көшіру жағдайларында жануарларды күтіп-бағу мен пайдаланудың жаңа жағдайларына бейімделушігіне қарай жетілдірудің айрықша маңызы бар. А.И. Овсянников мұндай жағдайларға едәуір беімделген жануарларды сұрыптауды технологиялық сұрыптау деп атауды ұсынды.

Бақылау сұрақтары:

1. Сұрыптау ұғымы.

2. Малдарды фенотипі және генотипі бойынша бағалау дегенді қалай түсінуге болады.

3. Фенотипі және генотипі бойынша бағалаудың айырмашылы-ғы неде.