ЖҰП ТАҢДАУ


Сабақтың мақсаты: Жұп таңдаудың әдістерін меңгеру

Дәріс жоспары:

Жұп таңдау түрлері және оларды жіктеу

Мал тұқымын асылдандыру жұмысының негізі маңызы жағынан сұрыптаумен тең, сабақтас жүргізілетін зоотехниялық жұмыс – жұп таңдау. Жұп таңдау деп сұрыпталған мал ішінен өздерінен өнімінің көрсеткіштері бойынша артық ұрпақ беретін аталық және аналық малдан жұп құруды айтады. Яғни, жұп таңдау дегеніміз, мысалы, таңдап алған сиырдан жақсы бұзау алу үшін, оны қандай бұқаның ұрығымен ұрықтандыруды немесе нақтылы бір таңдап алған биені қандай айғырмен шағылыстыруды шешу.

Сұраптау мен жұптаудың әсер ету бірлігіне сүйенетін жануарлар тұқымын, табынын жетілдіру процесін селекция деп атайды. Оны адамның еркімен басқарылатын эволюция деп атаған Н.И. Вавилов селекцияға өте дәл анықтама берген. Селекция жануарлар ұрпағының ауысуы барысында жүзеге асады, өйткені сұрыптау мен жұптау әрекетінің бірлігі нәтижесінде әрбір келесі ұрпақ өзінен бұрынғы ұрпақтан сапа жағынан артық болып шығады. Мұндай ауысу тезірек әрі сапалы өтетін болса, селекциялық процесс соғұрлым жедел жүреді.

Сұрыптау мен жұп таңдау селекция ғылымында тел ұғым. Мал тұқымын асылдандыруда бұл екі әдіс бірігіп селекцияның негізін құрайды және сондықтан бір-бірінен бөліп қарауға болмайды, оларды бірінен соң бірін үзіліссіз жыл сайын қатар жүргізу мал тұқымын (табынды) асылдандыруда ойдағыдай нәтижеге жетудің басты шарты.

Сұрыптау және жұптау процестерінің творчестволық сипаты мынада: адам жануарларды күтіп-бағу мен өсіруге байланысты әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы әсер ете отырып, жұптастыру мен шағылыстырудың белгілі бір жүйелерін қолдану арқылы оларда белгілі бір сапалық өзгерістер болып келеді. Маманның қырағы көзі қоршаған ортаның әр түрлі факторларының және ата-енелерінің тұқым қуалаушылық қасиеттерінің әсерінен туатын мұндай өзгерістерді байқап, олардың ең құндыларын сұрыптайды. Аталықтарды табында қажетті белгілерді сақтап, нығайтып және күшейте түсетіндей есеппен жұптастырады. Мәселен, бірнеше ұрпақ алмасуында, жүйелі түрде сұрыптау және жұп таңдау жұмыстарын іскер пайдалана білуде алғашында кейбір жануарларда ғана әзер байқалған қажетті ауытқушылықтар бүкіл табынға тән жақсы байқалатын белгілерге айналады.

Көп жағдайда комбинациялық өзгергіштіктің немесе мутацияның салдарынан кейбір жануарларда тіпті 1 ұрпақта айқын байқалған жаңа қасиеттер пайда болады. Сұрыптау және жұп таңдау нәтижесінде мұндай өзгерістер сақталып, бүкіл жануарлар тобына тән өзгерістерге айналады, олардың нәтижесінде алдағы уақытта жануарлардың жаңа топтары, тұқымдары қалыптасуы мүмкін. Қоянда, қаракөл қойында, қара күзенде, түлкілерде тері жүнінің түрліше реңді болуы осыған мысал бола алады.

Демек, селекционерлердің жануарларға қандай жолмен және әдістермен әсер еткеніне қарамастан, ол табынды жетілдіруге қажетті материалды ғана алады, ал сұрыптау мен жұп таңдау жасампаздық роль атқарады. Сұрыптау мен жұптаудың әсер етуі нәтижесінде керекті белгілер мен қасиеттер нығайып, күшейе түседі, жануарлардың жаңа типтері, тұқымдық топтар мен тұқымдары пайда болады.

Жұп таңдау – жануарлардың қолда бар тұқымдарын жақсартушылардың және жаңа, едәуір құнды топтары мен тұқымдарын шығарудың ең пәрменді тәсілі. Сонымен қатар, бұл асыл тұқымды мал өсіру саласындағы ең маңызды және күрделі мәселелердің бірі. Ата-енелерінің бағалы қасиеттері ұрпағына барлық уақытта бірдей өте бермейтіні ертеден ақ байқалған. Егер зауыттық жануарлардың қасиеттері ұрпағына нашар берілетін болса, онда жануарларды жұптауда қате жіберілуі мүмкін деп жазған болатын кезінде Г. Натузиус, яғни бұл атасының қасиеттері енесінің қасиеттеріне сай келмеген деген сөз.

М.М. Щепкин желісті жылқыларда жұп таңдау мәселелерін зерттей келе, кейбір айғырлардың белгілі бір биелермен жұптасуынан ғана бағалы ұрпақ алынатынын анықтаған. Жұптау белгілі дәрежеде сұрыптаудың жалғасы бола отырып, селекция жүргізілетін белгілерді нығайтып қана қоймай, оларды дамытады да.

Жұптау нәтижелері, негізінен алғанда, жұптастыруға іріктелген жануарлардың тұқым қуалау қасиеттеріне байланысты. Әрбір аталықты барынша тиімді жұптау үшін және оларды таңдалған аналықтармен жұптастыру нәтижелерін алдын ала болжай білу үшін жекелеген жануарлардың, табындардың және тұтасымен алғанда тұқымның ерекшеліктерін, ондағы өткен жылдардағы мал жұптаудың нәтижелерін терең әрі жан-жақты зерттеп отыру қажет.

Белгілі ғалым селекционер П.Н. Кулешовтың «Табынды жұп таңдау арқылы жақсарту көп білім мен шыдамдылықты және де мақсаттылықты қажет етеді. Кездейсоқ нәрседен немесе тек табандылықтан табынның кенеттен жақсаруын күтуге болмайды» деген пікірі осы уақытқа дейін маңызын жойған жоқ.

Шағылыстырылатын мал жұбын анықтағанда жұп таңдауда алға қойылатын мына төмендегі негізгі мақсаттарды басшылыққа алады. Біріншіден – табын малына тән ұнамды қасиеттерді, өнімділік белгілерді ұрпақтан ұрпаққа бекіту; екіншіден – ата-енесіне тән кейбір кемшіліктерді келесі ұрпақта жою немесе жөндеу.

Бақылау сұрақтары:

1. Жұп таңдау ұғымы.

2. Жұп таңдаудың қандай түрлерін білесіз.

3. Жұп таңдау мен сұрыптаудың айырмашылығы не.