АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАЛЫН ӨСІРУ ӘДІСТЕРІ


Сабақтың мақсаты: Мал өсірудің негізгі әдістерімен міндеттерін жеттік білу

Дәріс жоспары:

1. Таза тұқым өсіру мақсаты мен міндеті, оны қолдану жағдайлары

2. Инбридинг

3. Аталық із бен аналық ұя бойынша өсіру, оның мақсаты мен міндеттері

Мал өсіру әдістері деп шағылыстырылатын малдың тұқымдық және түрлік тегін ескере отырып, жүргізген жұп таңдау жүйесін айтады. Негізінен мал өсіру әдістерінің үш түрін ажыратады: таза тұқым өсіру, будандастыру және түраралық будандастыру. Таза тұқым өсіру әдісі деп ұрпақтан ұрпаққа бір тұқымның малын өзара шағылыстыруды айтады.

Будандастыру дегеніміз тұқымдары бөлек малды шағылыстыру. Түраралық будандастыру деп екі түрдің малын шағылыстыруды айтады. Бұлардығы әрқайсысы мал тұқымын асылдандыруда нақтылы бір селекциялық мәселені шешуге бағытталған. Олардың биологиялық мәні, генетикалық әсері әр түрлі. Дегенмен де мал өсіру әдістерін бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Себебі олар бір-бірімен тығыз байланысты.

Жұп таңдау нәтижесіне шағылыстырылатын екі малдың туыстастық байланыстылығы мен оның дәрежесі үлкен әсер етеді. Шындығында тек селекционерлер ғана емес, жалпы адам баласы әр уақытта айрықша мән берген, оның негізі туралы көп толғанып, пікір айтысқан, оған деген көзқарастары талай өзгерген мәселенің бірі туыстас малды өзара шағылыстыру. Кейін бұл әдіс ағылшынша инбридинг деп аталып кетті.

Қазіргі уақытта инбридинг деп туыстығы жағынан жақын малды шағылыстыру (әкесін ұрғашы ұрпағымен, еркек ұрпақтарын енелерімен, т.б.) жүйесін айтады. Қазіргі генетика ғылымы инбридингтің екі жақтылығының бірсыпыра сырын ашып, оны селекция тәжірибесінде ретті пайдалануға мүмкіншілік берді.

Генетикалық көзқарас бойынша инбридингті қолданған уақытта келесі ұрпақта барлық гендердің гомозиготтығы артады, нәсілдік қасиеті біртектене түседі. Инбридинг нәтижесінің екі жақтылығының негізі осында. Туыстас малды өзара шағылыстырғанда олардың ұрпағында жақсы қасиеттерінің де гендер гомозиготтығы артады және алынған ұрпақтың жаңағы туыстас малдың ортақ тегіне генетикалық ұқсастығы көбейеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Инбридинг ұғымы.

2. Таза тұқымды мал өсірудың мақсаты не?