ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ


Сабақтың мақсаты: Қой шаруашылығының маңыздылығын, экстерьері, интерьері сонымен бірге, биологиялық және өнімділік ерекшеліктерін оқып білу

Дәріс жоспары:

1. Қой шаруашылығының маңызы, оның қазіргі жағдайы

2. Әртүрлі өнімділік бағытындағы қой тұқымдарының экстерьері, интерьері және конституция ерекшеліктері

3. Биологиялық және өнімділік ерекшеліктері

Қазақстанда қой шаруашылығы басқа мал шаруашылықтарының ішінде ерекше орын алады. Оған басты себептердің бірі, бұл республикада табиғи жайылымдардың кеңдігі және басқа да азық-түлік қорының молдығы болып есептеледі. Айталық, 223 млн. гектар ауыл-шаруашылығына бөлінген 180 млн. гектары таулы, шөлейтті, табиғи мал жайылатын жайылым болып келеді. Онымен қоса қой шаруашылығынан халықтың мұқтажына керекті ең құнды заттар алады, олар: жүн, тері, ет, сүт, елтірі, май, сүйек тағы басқалар. Бұлардың ішіндегі халыққа ең керектісі, бағалысы жүн өнімі. Себебі жүннен неше түрлі құнды да бағалы киімдер тігіледі, басқа да адам өміріне керекті әр түрлі заттар бұйымдар жасайды. Қаракөл қозыларының терісі тек біздің елде емес басқа шет мемлекеттердің өзінде үлкен құндылықпен бағаланады. Соңғы кезде қой терісінен жасалатын неше түрлі сәнді тондарға баға жоқ.

Қой шаруашылығының халыққа беретін өнімдердің ішінде қой еті де жеке орын алады. Орта Азия республикаларында Қазақстанда қой етінің өнімінің сыбағалы салмағы 29-31 % -ке жетеді. Түркімен республикасында 50 %-ке дейін барады.

Қазақстан жалпы қой басынан, жүн және ет өндіру көрсеткішінен бұрынғы Кеңес Одағында екінші орын алады. Бірінші орында-Ресей. Ерте кезде Қазақстанда негізінен қылшық жүнді етті-майлы қой тұқымдары өссе, кейін айталық біздің республикада жаңадан биязы, биязылау жүнді, етті биязылау жүнді қой тұқымдары пайда болды.

Меринос қойының Қазақстанға келу шамасы ХІХ ғасырдың соңғы кезі. Бұл кезде Ресейден оңтүстік аймағынан, Кавказдың солтүстігінен ірі-ірі помещиктер жер ауған, сол кезде өздерімен бірге ертіс өңіріне меринос қойларының тұқымын ала келген болатын. Бұларды таза тұқым күйінде өсіруге ауа райының қиындығына байланысты мүмкіншілік болмады. Сондықтан бүкіл республика бойынша жергілікті қылшық жүнді қойларды биязы жүнді қойлардың қошқарларымен шағылыстыру қажет болды. Осы тәсіл арқылы алынған будандарды өсіру міндетке айналған. Жалпы қойды жаппай будандастыру үшін Қазақстанға рамбулье, прекос, вюртенбург, аргентин мериносы, Совет мериностарының тұқымдарын алғызды.

Қойдың шығу тегі мен биологиялық ерекшеліктері. Қой малы басқа үй хайуанаттарымен салыстырғанда қолға ерте үйренген. Олардың шығу тегіне келетін болсақ жалпы биология ғылымының негізін қалаушы Ч. Дарвин ғылыми дәлелді тұжырымдардың жеткіліксіздігінен қой тегінің шығуы туралы дәлелді болжам жасаудан бас тартқан.

Қазіргі кезде Ю. Кюк, Нерины, Паллас, Келлер және басқа да ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде мынадай ғылыми болжам жасалды: үй қойларының арғы шығу тегіне қазіргі уақытта кездесетін муфлон, арқар, аргали және жалы бар жабайы қойлар жатады. Муфлондар тау муфлоны және дала муфлоны болып екіге бөлінеді. Тау муфлонынан роман, шотланд ж. б. қысқа құйрықты қой тұқымдары тараған. Дала муфлоны немесе арқар-ұзын жіңішке құйрықты және ұзын майлы құйрықты, қой тұқымдарын арғы тегі деп есептелінеді. Дала муфлоны тау муфлонына қарағанда ірілеу, мүйізділеу болып келеді. Денесінде қысқа қылшық жүндер өседі. Түр-түсі біртегіс қызғылт қошқыл болады. Аргали-құйрықты қойлардың арғы тегі қазіргі жабайы қой түрлерінің ең ірісі. Тірілей салмағы 180-200 кг. Ірілерінікі 240 кг. дейін барады.

Жабайы қой мен үй қойының тағы бір биологиялық айырмашылығы жүнінің түрінде. Жабайы қойларда жүннің түрі қорғаныс қасиетіне қарай қара көк, қоңыр т. б. болып өзгереді. Ал үй қойларында бұл қасиет мүлдем жойылған. Онымен қоса жабайы қойларда жүннің қылшығы өте ірі ұзын, түбіті ұзарып, әрі тығыз, жүн қылшықтары жіңішке, қысқалау болады.

Қойдың басқа малға қарағанда биологиялық ерекшеліктерінің бірі бас сүйектерінің бейнесі. Қойдың басы сүйір, жақ сүйектері ұзын, тұмсығы үшкір, еріндері икемді, тез қимылдағыш, тістері өткір, ұсақ келеді. Бұл қасиет қойдың жерден шөпті тез тауып жеуіне қолайлы және ыңғайлы. Бұған қосымша қой басқа үй хайуандарына қарағанда шөптің 544 түріне жуығын таңдап жейді, бұның ішінде басқа ауыл шаруашылық малдары жемейтін арам шөптерді де олар жақсы жей береді. Сондай-ақ қойдың қабылдаған жем-шөпті қорыту қабілеті де басқа малдардан жоғары. Осыған орай, қой ішегінің ұзындығы өзінің денесінен 30 есе ұзын, ал ірі қараның ішегі 20-22 есе ғана ұзын. Организмде қабылданған қоректік заттың ең көбі малдың жас кезінде пайдаға асады. Бұл кезде қой сапалы ет өнімін, ал 2-3 жасында ең көп жүн және ет беретіндігі тәжірибе жүргізу арқылы дәлелденген. Қойдың бұл биологиялық қасиетінің әрбір селекционордің селекция жұмысын жүргізуі үшін өте үлкен маңызы бар. Қойды басқа малмен салыстыра отырып, олардың биологиялық ерекшеліктерін еске алу жолында селекционерлердің аса бір көңіл аударатыны қойдың өсіп-өну ерекшеліктері. Қой ең өсімтал түліктің қатарына жатады. Қой өсімталдығы жағынан қоян мен шошқадан қалып, ал ірі қара, жылқы, түйе малдарынан алда-келеді. Әрбір 100 саулықтан орта есеппен алғанда 140-150 қозы алуға болады. Ал роман, қаракөл тұқымды қойларда 100 саулықтан 200-ге дейін төл алуға болады. Қойдың жыныс органдарының жетіліп, күйлей бастауы олардың 5 айлық шамасында ақ байқалады, бірақ бұл уақытта оларды ұрықтандыруға болмайды. Әдетте алғашқы ұрықтандыруды 18 айға толғанда, ал тез жетілгіш қой тұқымдарын 10 айдан асқан кезде ғана жүргізу қажет. Бұл кезде қой организмі толық өсіп жетіледі. Осы кездегі тоқтының салмағы (ұрықтанар алдында) сол тұқымдас ірі қой салмағының 75-80 % жетуі қажет. Қой ұрықтанғаннан кейін, орта есеппен алғанда 150 күннен соң қоздайды. Кейбір романов тұқымдағы қойлар қозыны 140 күндей көтереді. Сол себепті қойды қошшқардан шығып қоздағанға дейінгі мерзімін 140-155 күн деп есептейді.

Әр тұқымды қой да әр түрлі уақытта қоздауы мүмкін. Ол әрбір қойдың жеке басының қасиетіне, іштегі төлінің ірі, ұсақтығына және оның еркек ұрғашысына да байланысты. Төлдің іште жатып өсіп жетілуіне де өзіндік ерекшеліктері бар. Жалпыға тән эмбриондық және постэмбриондық өсіп жетілудің өзі бір белгілі тарихи заңдылыққа байланысты екені белгілі. Осыған орай іште жатып жетілуінің заңдылығын толық меңгермейінше селекция жұмысын ойдағыдай жүргізу қиынға түседі. Қойдың ең жылдам өсіп-өнетін мерзімі оның жас кезі болса, ал сол кезде жем шөп жеткіліксіз болып мал керекті мөлшерлерінен төмен қоректенетін болса, онда қой өспейді де салмағы, жүн өнімі артпайды.

Қой басқа үй хайуанаттары сияқты шағылысу арқылы өсіп-өнетіні белгілі. Дегенмен, тереңірек зерттей қараса қойдың шағылысқа келіп қоздау уақыттарында өзіндік биологиялық ерекшеліктері бар. Қойдың күйлеп, ұрықтану жағдайына келуіне бірнеше себептер әср етеді. Мысалы тұқымы, қоны, жемшөбінің сапасы, ауа райы, табиғат ерекшеліктері т.б. Қойдың көбінесе күйлейтін кезі күз айлары, бұған қосымша кейбір ғалымдардың зерттеуінде қойдың күйтіне күннің ұзақтығы да әсер ететін сияқты. Күн ұзарған сайын қойдың күйті қайтып, күн қысқарған кезде күйті қозып күшейе бастаған. Олардың зерттеуінде ең көп күйлеген қойдың саны, ең қысқа күнге дәл келген.

Қойдың күйлеу шамасы олардың тұқымдарына байланысты, мысалға сүтті тұқымды қойлар мен ешкілерде күйлеу кезеңі күшті өтіп, тез белгілі болады. Сол сияқты романов қойының тұқымдары жылдың қай мерзімінде болса да күйлеп ұрықтанып өсіп-өнеді де, тек маусым мен шілде айларында ғана күйлеуі аздап төмендейді. Ал, қазақы қойлар және оған ұқсас гиссар, еділбай, қаракөл, биязы жүнді қойлардың тұқымдары белгілі бір уақытта, көбінесе күзгі айларда жақсы күйлейді. Бірақ олардың да азық сапасын төлдеу және қозысын бөлу мерзімдерін реттей отырып, күйлеу уақытын өзгертуге болады. Қойдың күйті орта есеппен 30 сағатқа созылады. Осы уақытта ұрықтанып тоқтап кетпесе күйті басылып қайтады да, тағы да 14-20 күннен кейін қайта күйлейді. Бұл да қойдың өзіне тән ерекшелігі, қойды ұрықтандыру науқаны кезінде мұны есте сақтау жөн. Саулық жыныс мүшесінің әсер ететін себептердің бірі ауа райы, әсіресе күннің ыстығы. Жаздың ыстық күндерінде қойдың күйлеуі тіптен төмендейтіндігі тәжірибе жүзінде дәлелденген.

Қойдың биологиялық ерекшеліктерінің тағы бір түрі оның жан-жақты әр түрлі өнім беру қасиеттері. Егер бұл қасиетін тереңірек зерттейтін болса, үй хайуанаттарының басқа ешбір түрі қой тәрізді амад өміріне ең қажетті жүн, сүт сияқты керекті заттарды бірден өндірмейді. Көбінесе ет, сүт өнімдерін ғана қосалқы түрінде жылқы, ірі қара береді, оның өзінде әр өнім әр түрлі мөлшерде. Әрине қойдан адам өміріне керекті осындай заттарды, басқа ұсақ мұқтаждыққа жарайтын өнімді қоспағанда, бірдей мөлшерде талап етудің өзі дұрыс болмас еді. Бұл орайда Ж. Кювеннің коррекция заңын еске түсірген дұрыс. Ол былай деген: “Әрбір өзінше құралған нәрсе бір жеке тұйық жүйесінен тұрады, және оны құраушы заттары бір-бірімен тығыз байланысты болады да, барлығы бірігіп өзінше бір қажеттікке жарайды. Ал сол бір-бірімен тығыз байланыстығы заттың бір бөлігін өзгерту міндетті түрде екінші бір бөліктің белгілі бір мөлшерде өзгеруіне әкеліп соғады. ”Әрбір тірі организм бірімен тығыз байланысқан химиялық заттардан тұратын күрделі де тұтас дене, оның соңғы мақсаты өмір сүру, өну болып есептеледі.

Міне осы сияқты зоотехникалық, биологиялық көзқараспен шешкенде өте тұжырымды жүргізілген тәжірибелердің нәтижесі, осы кездегі селекционерлердің жұмыс жүргізуіне үлкен жеңілдік және үлгі ретінде пайдалануына жол көрсетеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Қойдың биологиялық ерекшеліктері деп нені айтамыз.

2. Қойдың өнімділік ерекшеліктері деп нені айтамыз.

3. Қой шаруашылығының халық шаруашылығындағы маңызы.