ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫ


Сабақтың мақсаты: Әртүрлі өнім бағытындағы жылқы тұқымдарының экстерьері, интерьері, конституциясы және биологиялық, өнімділік ерекшеліктерін меңгеру

Дәріс жоспары:

1. Әртүрлі өнім бағытындағы жылқы тұқымдарының экстерьері, интерьері, конституциясы және биологиялық өнімділік ерекшеліктері

Жылқы санын көбейту және құлын өсіру. Республикамызда жылқы шаруашылығын өркендетудің негізгі міндеті–оның санын көбейту. Бұл үлкен міндетті жоғары сапалы жаңа тұқымдар өсіру оны дұрыс күтіп, мәдени түрде бағу әдісін қолдану негізінде ғана орындауға болады.

Аналық клетканың жетіліп, күйтінің басталу мерзімі түрлі малда түрліше болады. Мысалы, жас жылқының күйті 1–1,5 жасында келеді. Алайда бұл жаста айғырдан шығаруға болмайды, өйткені олардың организмі әлі толық жетілмеген, ал ерте буаздық жас жылқының одан әрі жетілуін тежейді, одан әлсіз құлын туады. Сондықтан алғашқыда шағылысқа тез жетілетін (ауыр жүк тартатын және таза қанды салт мінетін жылқылардың тұқымдарын) жастағы байталдарды, ал содан кейін кештеу жетілетін (жергілікті тұқымдары) 4 жастағы биелерді жібереді. Жылқылардың көпшілігі 18-20 жасқа дейін құлындауға қабілеті жетеді. Жылқыны шағылыстыру мерзімі әр түрлі. Жалпы мүмкіндігіне қарай шағылыстыру жұмысын көктемде өткізген жөн.

Бие құлындағаннан кейін бірінші күйті 8-12 күннен кейін басталып, 5-7 күнге созылады. Содан соң, 15-20 күннен кейін қайталап отырады, соған орай биені айғырдан шығару мезгілін де алдын ала белгілеуге болады. Күйлеудің аз, не көп болуы биенің денсаулығына және азығы мен күтіміне байланысты. Биелердің буаздық мерзімі орта есеппен 11 ай (335-336 күн) Жылқы шаруашылығында биені айғырдан шығарудың мынадай түрлері бар:

Биені қолдан шағылыстыру. Бұл әдіс жылқыны үнемі қорада баққан жағдайда қолданылады. Қолдан шағылыстырғанда бір айғырға 40-50 бие бөлінеді. Ұрығының сапасы мен күйіне қарай оған қосылатын бие санын көбейтуге немесе азайтуға болады. Шағылысуға алғаш қосылып отырған үш жасар айғырға 15-20 бие, сақа айғырға денсаулығына байланысты бие бұдан аз бөлінеді. Биені қолдан шағылыстырғанда оның айғырдан шыққан уақытын нақты есепке алып құлындайтын мерзімін дәл анықтауға болады.

Биелерді үйірлеп шағылыстыру. Бұл табиғи шағылыстыру түрі, ол көбірек қолданылады, құлын да көбірек алынады. Бұл үшін бие 20-25-тен үйірге бөлінеді, айғыр еркін салынады, шағылыстыру науқаны аяқталғанша үйірден ажырамайды. Қазақстан жағдайында қостанай, көшім және қазақы жылқылардың айғырлары үйірге жақсы түседі.

Қораға қамап шағылыстыратын болса биелердің бір тобын қоршауы бар базға немесе қораға айдап кіргізеді де үйірге салуға үйренбеген асыл тұқымды айғырды бос қоя береді. Арнаулы қораға қамалған бие мен айғыр еркін шағылысады. Айғыр күйті келген биені өзі тауып алады. Бір, екі рет шағылысқаннан кейін айғырды ат қораға жекелеп алып кетеді, ал биені өріске шығарады. Мұндайда 4 жасар және одан да сақайып қалған айғырды күн сайын биеге 1-2 рет қана қосуға болады. Бірақ бұл үшін оның азығы жеткілікті және құнарлы болуға тиіс. Жалпы күйіне, ұрық сапасына жабығына қарай, жас және сақа айғырларды биеге күніне не күнара бір-ақ рет қосу керек. Шағылысқан айы мен күнін арнаулы журналға жазып қояды. Әр айғырға 30-40 биеден бөлінеді.

Биені қолдан ұрықтандыру. Жылқы шаруашылығында бұл көп қолданылып жүрген әдістердің бірі. Оның артықшылығы сол, басқа шаруашылықтағы айғырлардың ұрығын әкеліп, кең пайдалануға болады, алынған ұрықты мұздатып ұзақ уақыт сақтауға және асыл тұқымды айғырларды дұрыс пайдалануға, сөйтіп биені көптеп ұрықтандыруға болады. Малдың еркегі әрқашан күйттірек келеді де, ұрғашысының күйті аналық клеткасының жетілуіне қарай келіп отырады. Аналық клетка жетіліп, бие күйлей бастағанда ұрықтандыру керек. Шағылыс маусымы ішінде бір айғырдың ұрығымен 150-300 биені ұрықтандыруға болады.

Буаз биелерді күту. Жылқы тұқымының сапасын жақсартуда жас төлді бағып-күту ісін дұрыс ұйымдастырудың шешуші маңызы бар. Буаз биелерді азықтандыру мен күту құлынның құрсақта өсуі мен жетілуіне елеулі әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан да буаз биелерді дұрыс жеткілікті азықтандыруды ұйымдастыруға айрықша назар аудару керек. Буаз биенің әр 100 кг тірілей салмағына 1,6-1,7 азық өлшемі беріледі. Желгіш, салт мінетін тұқымдардың буаз биелеріне 4 айдан бастап қалыпты азығының үстіне іштегі төлдің өсуі үшін қосымша азық беріледі.

Ал буаздығының екінші жартысынан бастап биені ауыр жұмыстардан босатып, жеңіл немесе орташа жұмысқа пайдалану қажет. Құлындауына екі ай қалғанда оларды жұмыстың қандай түрінен болса да мүлдем босатып, жыл мезгілі мен ауа райына қарай күніне бірнеше сағат серуенге шығарып тұрады. Буаз биені ерекше бағалауға алады. Биенің құлындайтын дәл уақытын сыртқы белгілеріне және шағылыстыру журналында жазылған жазуларға қарап анықтауға болады. Бие құлындардың алдында оның желіні үлкейіп емшектері іседі. Буаз бие уақыты жеткенде толғатады, толғағы әр 2-3 минутта қайталап отырады. Құлындар алдында бие аяғын созып жатады, құлыны дұрыс келген жағдайда 20-30 минут ішінде ешқандай көмексіз-ақ құлындайды. Егер құлыны кешіксе, тәжірибелі зоотехник, не мал дәрігері тиісті көмек көрсетеді. Құлын жарық дүниеге шыққан соң танауын, аузын және құлағын таза матамен шаранадан тазартып сүртеді, кіндігі үзілмесе 8-10 см қалдырып үзіп, йод тұнбасын жағады

Іште дұрыс өскен құлын туғаннан кейін 20-30 минуттан соң-ақ аяқтанып, енесін емуге ұмтылады, сондықтан ең алғашқы кезде құлынға қозғалуға, енесінің емшегін табуға көмектесу керек, әсіресе нәзік құлындарға бұл көмек өте қажет. Құлын туғаннан кейін 3-4 күндігінде өз бетінше жүріп, денесі ширай бастайды, егер қорада тұратын болса, енесімен бірге күнде далаға серуендеткен жөн. Туғаннан кейін 1-2 сағаттан соң биеге жылы су мен жақсы пішен береді, ал 4-6 сағаттан соң кебектен жасалған мылжа береді. Құлындағанына 5-7 күн өткесін биені толық азықтандыру нормасына көшеді.

Құлын өсіру. Құлын негізінен өмірінің бірінші жылында жақсы өсіп жетіледі. Сондықтан да оның қалыпты өсуі үшін барлық уақытта да азықтандыру, күту жағдайын туғызу керек. Құлынды 1,5-2 айлығынан бастап жемге үйретеді. Құлынды жастайынан қолға үйреткен жөн. Ол үшін құлынға әр түрлі азық беріп, сипау, басына ноқта салып үйрету, жетектеу аяғын көтеріп үйрету, денесін тазалау және басқа әдеттерге баулу керек. Алғашқы 3-4 айда құлын енесінің сүтін емеді. Қалған уақытта құлын енесімен бірге жайылымға шығарылады. Ол енесінің сүтін емуді бірте-бірте азайтады, оның есесіне оған жаңа шабылған көк шөп, жаншылған сұлы немесе жармаланған арпа, тағы басқа құнарлы азықтар көбірек беріледі (тәулігіне ең алдымен 100-200 г мөлшерінде).

Құлынды енесінен бірден ажыратқан дұрыс. Ол үшін оны өзінің тұрған қорасында қалдырып, биелерді басқа жаққа әкеткен жөн. Енесінен ажыратылған құлынға сапалы пішен, жем беріледі. Ат қорада ұсталған құлынды енесінен 6-8 айлығында, ал табында бағылатын құлындарды көктемде 10 айлығында бөледі. Демек құлындардан бір бөлек және биелерден бір бөлек үйір құрылады, оларды бастапқыда бірнеше күн базаларда ұстап бағады, содан кейін жайылымдарға шығарады. Енесінен ажыраған құлындар тіпті жақсы жайылымдарда болғанның өзінде шөптен қоректік заттарды аз алады, сондықтан да оларды арпа, сұлымен және минералды жеммен үстеп азықтандыру қажет. Сонымен бірге қыста сапалы сүрлем, күнжара, қызылша, сәбіз де енесінен ажыратылған құлындарға өте пайдалы. Құлындарды тәулігіне үш рет суару қажет.

Жылқы шаруашылығында құлынды жыл сайын күзде енесінен ажыратылғанға дейін таңбалайды. Қәзіргі уақытта екі тәсіл-қыздырылған және салқын әдіспен таңбалау қолданылып жүр. Салқын әдіспен таңбалау ең сапалы болып табылады. Төлді таңбалағанда терісінің сыртына үш таңба: жеке номері, туған жылы, белгі ретінде шаруашылықтың аты салынады. Таңбалағаннан кейін төл журналына оның туған жылы, жеке номері, жасы, түсі, белгілері мен тұқымы жазылады. Түйе шаруашылығы ежелден мал шаруашылығының өнімді бір саласы ретінде саналып келді және санала береді. Малдың басқа кең тараған түліктерінен бір ерекшелігі-түйе сусыз, шөл жерлермен шөлейтті жерлерде өседі. Шөлейт аймақтар үшін түйе өсірудің айрықша маңызы бар, өйткені ол басқа мал аузына алмайтын ащы сілтілі шөптерді сүйсініп жейді. Түйе биологиялық ерекшеліктеріне орай қыстың суығы мен жаздың аңызақ ыстығына төзімді келеді. Сонымен бірге оның бағалы болатын тағы бір себебі, жоғары өнімді өзге түлікті өсіру қиындыққа соғатын аса қолайсыз шөл және шөлейт жағдайда одан әр алуан өнім (жоғары сапалы жүн, шипалы сүт, ет және тері) алуға болады.

Бақылау сұрақтары:

1. Жылқының биологиялық және өнімділік ерекшеліктері.

2. Жылқының тұқымдары және тұқымдық топтары.