ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫ


Сабақтың мақсаты: Әртүрлі өнім бағытындағы түйе тұқымдарының экстерьері, интерьері, конституциясы және биологиялық, өнімділік ерекшеліктерін меңгеру

Дәріс жоспары:

1. Әртүрлі өнім бағытындағы түйе тұқымдарының экстерьері, интерьері, конституциясы және биологиялық өнімділік ерекшеліктері

Түйе тұқымдары мен будандары. Басқа түліктермен салыстырғанда түйенің тұқымдары онша көп емес. Қазіргі кезде түйелерді зоологиялық жағынан топтастырғанда негізде жеке екі түрі немесе тұқымы бар: қос өркешті түйелер (бактриандар) және бір өркешті ару аналар (дромедарлар) бір өркешті ару ана оңтүстікте өседі. Ыстық жаққа бейімделген ару ана негізінен Түркімен Республикасында көп таралған, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Қазақстанда аздап кездеседі.

Бір өркешті түйелерден ерекшелігі, қос өркешті түйелер солтүстік малы деп есептеледі. Сондықтан олар өте жүндес, қатаң климатқа жақсы бейімделген және үскірік аязға төзімді болып келеді. Негізінен Қазақстанда, Қалмақтарда, Тувада, Астрахань, Волгоград және Чита облыстарында кең таралған.

Аруана тұқымы. Бір өркешті түйелердің бәрін аруана тұқымына жатқызады. Олар ғасырлар бойғы халықтың селекциялық жолмен алынып өсірілген. Жаздың аңызақ ыстығы мен құрғақшылық жағдайларына да көнбіс тағы басқа бағалы да пайдалы қасиеттері мол. Еліміздегі барлық түйелердің үштен бірі аруаналар. Аруана тұқымының ең көп өсірілетін жері Түркіменстан ішінара Өзбекстанда, Тәжікстанда және Қазақстанда да кездеседі. Аруана ірі, мүсінді дене бітімі берік, өте жақсы жетілген, басы етсіз, жеңіл, мұрыны сәл дөңес, мойыны ұзын, қуатты және бұлшық етті; кеудесі биік және кең иіні биіктеу, жалғыз өркеші тұтасып біткен, артқа қарай сәл шығыңқы, сүйегі берік. Терісі жұқа, созылмалы, жеңіл. Түсі көбіне ақшыл және қара қоңыр болып келеді, құқыл сарғылт, қызыл, сарғылт, т.б түстерде кездеседі. Аруананың тұқымдық аталығы үлектердің тірідей орташа салмағы 680 кг. Жекелеген түрлері 920 кг, ал інгендердің орташа тірідей салмағы 550-660 кг болады.

Түйелердің аруана тұқымы 12-13 ай сауылады да осы маусым ішінде 1500-1750 л (орташа майлылығы 4,4%) ал жекелеген түрлері 2530-3245 л-ге дейін сүт береді. Орта есеппен 2 кг-нан 4 кг-ға дейін, ал ең жақсы үлектерінен 6 кг-га дейін жүн қырқылады. Үлектерді түйе тұқымын асылдандыру үшін шағылысқа пайдалану ұзақтығы 14-16 жыл, аса бағалы түйелері 18-20 жыл, сол кезең ішінде әр үлектен 230-350 бота алынады. Інгендерді 18-20 жасқа дейін, ал жекелеген түрлерін одан да көп пайдаланады, бұл кезеңде әр інгеннен 8-10 ботаға дейін алынады. Аруананың таза тұқымын өсіру бір өркешті түйелердің тұқымын жетілдіру мен өнімділік сапасын жақсартудың тиімді жолы боып табылады. Асыл тұқымды аруаналар Түрікменияда “Сакар-Чага” түйе заводында шоғырландырылған.

Қалмақ түйелері. Волганың төменгі оң жағалауындағы аймақтарда қалмақтар әкелген. Мұндағы табиғат, климат жағдайы олардың көндігуіне және одан әрі өсіп жетілуіне әсер етті. Қалмақ түйелері шаруашылыққа пайдалы қасиеттері жағынан қос өркешті түйелердің арасында айрықша орын алады. Бұл тұқым аса ірі, дене бітімі мол бұлшық еттері қуатты әрі серпінді. Басы кішкене, етсіз, мойны бұлшық етті, орташа кеудесі кең және терең қабырғалары дөңгеленіп біткен, өркештерінің мөлшері биіктігінен және енінен қарағанда үлкен, құйымшағы қақпақ тәрізді, сәл салбыраңқы, сирақтары етсіз, жіңішке, тарамыстары жақсы жетілген. Түсі қоңыр және қара қоңыр болып келеді, қуқыл сары және ақ түстілері де кездеседі.

Бураларының орташа тірілей салмағы 650-700 кг, жекелеген түрлері 1200 кг-ға дейін, ал інгендердің орташа тірілей салмағы 600-650 кг, қайсыбіреулерінікі 960 кг-ға дейін болады. Қалмақ түйелері ширақ, жуас және адамды жақсы тыңдайды. Оларды әр түрлі ішкі шаруашылық жұмыстарына да жегуге, жүк артуға және салт мініске пайдаланады. Жұмыс қабілеті жөнінен түйелердің басқа тұқымдарының қай-қайсысынан болса да асып түседі, тіпті ауыр жүк тартатын аттардың таситын жүгіндей дерлік жүктерді тартады.

Қос өркешті қалмақ түйелері климаты құрғақ және континенталды шөлейт аймақтарға өте жақсы бейімделген. Көктем, жаз кезінде жақсы семіреді, денесінің салмағы орта есеппен 30% дейін артады. Қоңды түйелердің өркештерінде 100 килограмнан астам май болады. Жүні біркелкі жақсы өседі, сапалы болады. Олардың жынысы мен жасына қарай әр түрлі мөлшерде жүн алынады. Мәселен, бураларынан 6-14 кг, інгендерінен 4-8 кг, тайпақтарынан 3-6 кг, жүн түседі.

Сүттілігі қазақ інгендерінде қарағанда аздау келеді. Мәселен, 18 ай сауым маусымы ішінде айына орта есеппен 1170 л (орташа майлылығы 5,4 процент) сүт береді. Шағылыстырылатын бураларды 18-20 жасқа, ал інгендерді 20-25 жасқа дейін және одан да көп пайдалануға болады. Қалмақ түйесі басқа қос өркешті түйелердің тұқымын жақсартушы тұқым болып табылады. Қазақстанның Батыс аймағы жағдайында қалмақ түйесінің бураларын қазақ інгендерімен шағылыстыру әдісін қолданады, мұның өзі түйенің салмағы мен жүннің көбейтуде жақсы нәтижелер беріп келеді. Қалмақ түйелерінің таза тұқымдарын өсіру Астрахань облысының Қарабайлы және Приволжье аудандарының колхоздары мен совхоздарында қолға алынған.

Қазақтың қос өркешті түйесі өте көп өсіріледі. Ол Қазақстан мен Орта Азияның шөл және шөлейт аймақтарында таралған. Олар шөлейт жағдайларға жақсы бейімделген, аңызақ ыстыққа да, үскірік аязға да жақсы төзеді. Қазақстанда түйелерді жұмыс көлігі ретіндеғана емес, сонымен қатар өнім малы ретінде пайдаланады, одан жүн, ет, сүт алынады. Қазақы тұқымды буралардың дене бітімі тығыз, ілгері және пропорциялы жалпақ және күшті, аяқтары біршама қысқа, кеудесі терең, бұлшық еттері жақсы жетілген, тұрқы сәл ұзындау және өркештері жалпақтау болады.

Қазақтың қос өркешті түйесінің тұлғасы қалмақ түйелерінен кішірек болғанымен жалпы салмағы олардан кем түспейді. Мәселен, қонды кезінде інгендердің тірідей орташа салмағы 560 кг, буралар 550-600 кг, ал кейде 1000 килограмға дейін жетеді. Қазақы тұқымды түйелердің денесінің өлшемі климат жағдайына және азықтандыру мөлшеріне қарай өзгеріп отырады. Ең ірі түйелер Орал және Гурьев облыстарында өсіріледі. Орта есеппен буралары 8,5-9,5 кг жекелеген түрлері 15 килограмға дейін, інгендері 5,5-6 кг және тайлақтары 3,5 кг-нан 5 кг-ға дейін жүн береді, 70-95% дейін таза талшық алынады. Қазақтың қос өркешті түйелерінің тұқымын жақсартудың негізгі әдісі, оның таза тұқымын өсіру болып табылады, сондай-ақ кейбір өнімі аз інгендерді ірілендіру, салмағын, жүнділігін, күшін және әр түрлі жағдайларға төзімділігін арттыру үшін қалмақ тұқымы бурасын, ал сүттілігін арттыру үшін үлекті пайдаланған тиімді.

Монғолдың қос өркешті түйесі негізінен Монғолияда тараған, сол жақтан олар Россияға әкелінген. Қазіргі кезде бұл елімізде ең көп тараған қос өркешті түйелердің тұқымы Чита облысында және Тувада өсіріледі. Монғол тұқымы түйелер әсіресе солтүстіктің суық шөлдерінде мекендеуге бейім. Бұл тұқым онша ірі емес, денесі тығыз, тұлғасы ұзындау. Басы жеңіл, мойны тік, көкірегі кең, сүйегі мықты, бұлшық еттері жақсы жетілген, жіліншіктері түзу, табандары жалпақ.

Інгендерінің тірілей орташа салмағы 500 кг, буралары 500-550 кг, желеген түрлерінікі 720 кг-ға дейін жетеді. Монғолдың қос өркешті түйелерінің жүні қою және ұлпа болып келеді. Әр бурадан 14-16 кг, әр інгеннен 12-13 кг жүн алынады. Сүттілігі өзге түйелерге қарағанда аздау келеді. 18 ай сауын маусымы ішінде орта есеппен 360 л (орташа майлылығы 5,6%) сүт алынады. Монғол түйелерінің тұқымын көбейту және жақсарту үшін оның таза тұқымын өсірген тиімді, сондай-ақ қалмақтың және қазақтың қос өркешті түйелерінің бураларымен шағылыстыруға болады. Түйелердің жыныстық жетілуі екі жасынан бастап алты жасына дейін аяқталады. Ал физиологиялық жағынан жақсы жетілген інгендерді шағылысқа 3 жасынан 20 жасқа дейін, ал аталықты 5-тен 18-20 жасқа дейін пайдаланған тиімді. Қайыту және боталау науқандарында қос өркешті інгендер орта есеппен ботаны 415 күн, аруана 390, нармая 410, қоспақ 390, кезнар 385, құрт нар 387 күн көтерілінетінін білу керек.

Бақылау сұрақтары:

1. Түйенің биологиялық және өнімділік ерекшеліктері.

2. Түйенің тұқымдары және тұқымдық топтары.