ІРІ ҚАРА ШАРУАШЫЛЫҒЫ


Сабақтың мақсаты: Ірі қараның экстерьері, интерьері, конституциясы, биологиялық және өнімділік ерекшеліктерімен жете танысу

Дәріс жоспары:

1. Әртүрлі өнім бағытындағы тұқымдарының экстерьері, интерьері, конституция ерекшеліктері

2. Ірі қара өнімінің сүт және ет өнімділігі, олардың деңгейіне әсер ететін факторлар

3. Ірі қара мал тұқымдарының өндірістік жіктелуі

Ірі қараның биологиялық ерекшеліктері. Қоректену типі жағынан шөп қоректілерге, ал қорытуы жағынан күйіс қайыратындарға жатады. Ірі қараның күйіс қайыруы олардың ас қорыту жолдарының құрылыс ерекшеліктеріне байланысты мәселе. Ірі қара асқазаны көп камералы келеді. Оның үш алдыңғы бөлігінде без болмайды, қарын сөлі бөлінбейді. Сондықтан олар желінген азықты күйсеуге дейін сақтайтын орын болып табылады. Аумақтары да соған бейім, өте сыйымды келеді. Таз қарынның аумағы 150-180 л, жұмыршақтікі-12 л, жалбыршақтікі-18 л.

Жұтылған азық өңеш арқылы құрсақ қуысының негізінен сол жақ бөлігінде орналасқан таз қарынға түседі. Ауыз қуысында мол сілекейге шыланған (сиыр тәулігіне 100 литрдей сілекей бөледі). Жұмыршақтыңұяларында жұмсарған, бірақ толық ұнтақталмаған азықтар кекіру кезінде өңеш жолымен ауыз қуысына қайтып оралады. Содан әбден шайналып барып, қайта жұтылады. Бұл процесті күйіс қайыру деп атайды. Қарындағы азық әбден шайналғанша ауыз қуысына осылайша қайта-қайта қайтарылып тұрады. Мал күйісті азықтанғаннан кейін 15-20 минуттан соң қайырады.

Әбден шайналып, сілекейге шыланған азық қайта жұтылып, қарынға түскеннен кейін одан әрі механикалық және химиялық өңдеуден өтеді. Азықтың осылай алдыңғы қарындарда өңдеуден өту процесі биологиялық, дәлірек айтқанда микробиологиялық өңдеумен қатар жүреді. Осы микроорганизмдер тіршілігі арқылы алдыңғы қарындарда азықпен түскен клетчатканың жартысына жуығы қорытылып, ыдырайды. Жалпы алғанда микробиологиялық процестер арқылы күйіс малын көп камералы қарындарында азық қорыту және сіңіру процестерінің негізгі бөлігі (70-80 %) ал ішектерде тек 20-30 % ғана өтеді. Сондықтан да ішекте қорытылу процессі басым бір камералы қарынды малға қарағанда көп камералы қарынды малда қарын мен ішекте қорытылу процестері қатар жүреді.

Міне, ас қорыту барысының көп камералы қарындағы ас қорыту ерекшеліктерінің арқасында ірі қара ірі азықты барынша көп жеп, қорыта алады. Қорытылған қоректік заттардан аса сапалы өнімдер ет және сүт өндіреді. Сауын сиырлар сүт өндіру үшін азықтың қоректік затының 50% дейінін пайдаланса, бордақылаудағы өгізшелер тек 16-20% ғана пайдаланады.

Ірі қара малдың өнімділігі. 1. Сүт өнімділігі 2. Ет өнімділігі. Біздің еліміздің ауыл шаруашылығының негізгі міндеті халықты азық-түлікпен, ал өнеркәсіпті шикізатпен барынша толығырақ қанағаттандыру үшін ет, сүт және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді одан әрі арттыра түсу болып табылады. Елімізде ет және сүт сияқты құнды азық-түлік өнімдерін беретін мал шаруашылығын өрістетуге көп көңіл бөлінеді. Бұл саладағы қызметкерлер сүт өндіруді арттыруда едәуір табыстарға жетті. Біздің еліміз жан басына сүт өндіруде дүние жүзінде бірінші орын алады және АҚШ-тан 1,3 есе, Англиядан 1,5 есе асып түседі. Ет өндіруде ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығының ара салмағы үлкен орын алады.

Мал басының өсуі және оның өнімділігінің артуы көпшілік жағдайда төлді аман сақтау мен өсірудің қалай ұйымдастырылатынына байланысты. Сайып келгенде сүт пен ет өндірудің дәрежесі соған қарай анықталады. Қазіргі заманғы мамандырылған ірі кәсіпорындар мен кәдімгі фермалардағы табыннан шығарылатын сиырлар жыл сайын жаңа, барынша жоғары өнімді малмен алмастырып отырады. Сүт өндіру бағытындағы мал шаруашылығын интенсивтендіру жағдайында табын толықтыруға арналған жоғары өнім беретін төлдерді өсіру табында ұдайы толықтыру жөніндегі шаралар жүйесіндегі маңызды буынның бірі болып табылады. Сүтті сиырлардың өнімділік сапасы олардың тұқым қуалаушылығына байланысты және оларды өсірудің барлық кезеңіндегі күту және азықтандыру жағдайының ықпал әсерімен қалыптасады. Бұл факторлар ірі қараның ет өнімділігін қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады.

Мал көп өнімді болса, оның шаруашылыққа пайдасы мол болады. Бүкіл зоотехникалық жұмыстың түпкі мақсаты, мал шаруашылық өнімдерін өндіруге қол жеткізу. Зооинжинер бұл мақсатқа малды сан және сапа жағынан жақсартып, оны ұрпақтан ұрпаққа тарату арқылы жетеді. Сондықтан мал шаруашылығы өнімі мен мал өнімділігін шатыстыруға болмайды. Өнім жалпы ұғым. Оны жеке малмен, уақытпен тікелей байланыстырмай-ақ қолдана береді. Ал өнімділік деп бір малдан немесе орта есеппен бір топ малдан нақтылы уақыт мерзімінде алынған өнімді немесе алынатын өнімді айтамыз.

Мал өнімділігінің қай-қайсысы да өте күрделі, бүкіл организмнің тіршілік әрекеті негізінде қалыптасады. Қай түріне болмасын азық қорыту, тыныс алу, қан айналу, ішкі секрециялық органдар, нерв жүйелері барлық органдары қатысады. Мал өнімділігі екі топ күштердің (факторлардың) бірлескен бір-біріне әсері негізінде қалыптасады: 1) нәсілдік қасиеттері (тұқымдық және жеке өзіндік); 2) тіршілік еткен сыртқы орта жағдайлары. Бұл екі топ күштерінің арақатынасының өте күрделілігіне байланысты мал өнімділігі көп өзгеріске ұшырайды. Мал өнімділігінің өзгергіштігін бақылап басқару үшін оны жүйелі негізінде анықтап, есептеп отырады. Мал өнімділігін анықтау үшін қолданылатын әдістерге мына талаптар қойылады: 1) қолданылатын әдіс малдың биологиясына сәйкес келіп, өнімділігін дәл анықтау үшін, толық мүмкіншілік туғызуы қажет; 2) шаруашылық жағдайында қолдануға ыңғайлы көп қосымша күш құралды қажет етпеу керек. Сүт - сүт бездерінің өнімі. Сүт безінің қызметі күрделі. Сүт бездерінде сүт интенсивті жүріп отыру үшін желінде үздіксіз қан айналып тұру керек. Ғалымдардың айтуына қарағанда 1 л сүт сүзілу үшін сиыр желінінен 400-500 л. қан өту қажет.

Малдың сүттілігін әдетте сауынымен (сауылған сүт мөлшерімен) анықтайды. Малдың төлдегеннен бастап суалғанға дейінгі уақыты - сауым маусымы (лактация), суалғаннан келесі туғанға дейінгі уақыты - суалған кезеңі (сухостойный период) деп айтады. Малдың түріне, тұқымына байланысты сауын маусымының ұзақтығы түрліше. Қазіргі уақытта сиырдың негіізгі сүттілігін 305 күндік сауын маусымында сауылған сүт мөлшерімен анықтайды. Сауын маусымында өндірілген барлық сүтті анықтау үшін сиырдың күндік (бір тәулік) сауымын, соның негізінде айлық сауымын анықтайды.

Сиырдың сүттіліігне әсер ететін жағдайлар мен сүттілігін арттыру жолдары. Сиырдың сүттілігі тұқымына, өзіндік нәсіл қасиетіне, жасына, бағым-күтіміне байланысты, кең көлемде өзгеріп тұрады. Бір сиырдан сауым маусымында сауылатын сүт көлемі 1000 кг-нан 25000 кг дейін барады. Сиырдың сүттілігіне оның тұқымдық тегі, жеке нәсілдік қасиеті, физиологиялық жағдайы, азықтандыру дәрежесі, бағып күту жағдайы, жасы және т.б. факторлар әсер етеді.

Сиырдың сүттілігіне салмағының қатынасы. Малдың салмағы, оның организмінің тұқымына, жынысына және жасына лайықты өсу дәрежесін, өлшеген мезеттегі малдың қондылығын көрсетеді. Сондықтан малдың сүттілігі бүкіл организм тіршілік әрекетінің өнімі ретінде, оның салмағына көп байланысты. Бұл байланыстылық негізінен бір тұқым малының ішінде анық білінеді. Сиырдың сүттілігіне буаздылығы, сервис кезеңі және суалу мерзімі біршама әсер етеді. Сүт бездерінің жұмысы жыныс органдарының дамуымен, буаздылық және туумен өте тығыз байланысты. Бұл байланыс гипофиз бен аналық бездері гормондарының әсері негізінде жүреді.

Сиырдың бұзаулағаннан бұқаға тоқтағанға дейінгі уақытын сервис кезеңі деп атайды. Сервис кезеңі аз болған сайын жалпы сауым маусымы да қысқарады, сүт өнімі кемиді. Сервис кезеңін ұзарту арқылы сауым маусымы 305 күннен көбейтуге де болады. Сервис кезеңі тым ұзақ болса, сол сауым маусымы ұзарып, сүтті көп алған мен, келесі жылдары және сиырдың шаруашылықта пайдаланған жалпы барлық жылдарына шаққанда төл аз алынады, сүт те аз сауылады. Қорыта айтқанда, бір жылға жуық уақыт мерзімінде сиырды бір бұзаулатып, әр сиырдан мол сүт сауып, әрі төл алынып тұру басты шарт. Сиырдан ұзақ жыл бойы сапалы төл алынып, мол сүт сауылып тұруы үшін, суалған кезеңінің маңызы үлкен. Сиырдың суалған кезеңінің орташа ұзақтығы 60-70 күн болғаны жеткілікті деп есептейді. Тұқымдық тегі, нәсілдік қасиеті жан-жақты сиырдан азықтандыруы, бағып-күтуі келіспесе, күніне 5-6-ақ литр сүт шығып, етті бағыттағы сиырдан артықшылығы білігбейді. Ал күніне 15 литр сүт шығатын сиырдың желінінен тәулігіне 7 тоннадан артық қан өтіп, 485 гр сүт белогі түзіледі деген сөз.

Сиыр сүттілігінің сапалық көрсеткіштері. Сүттің негізгі сапалық көрсеткіштеріне майлылығы, ондағы белоктық және майсыз құрғақ қалдық заттарының мөлшері жатады. Сиыр сүтінің майлылығы оның тұқымына, жеке нәсілдік қасиетіне және т.б. жағдайларға байланысты әр шамада болады. Зоотехникалық әдебиеттегі деректерге қарағанда, ол 2,5 % -тен 10,5%-ке болуы мүмкін. Дегенмен де сүттің майлылығы негізінен сиырдың тұқмына және физиологиялық жағдайына байланысты. Сүт майлылығы, белок мөлшерінің тұқым қуалаушылық коэффиценті, сүттіліктің басқа көрсеткіштеріне қарағанда көп жоғары.

Барлық тұқым сиырлары сүтінің майлылығы, сауым маусымы барысында белгілі бір заңдылықпен өзгеріп отырады. Уыздың майлылығы жоғары болады, содан кейін сауым маусымының алғашқы екінші, үшінші айлықтарында сүт майлылығы біршама кемиді де, одан әрі қайта көтеріліп, соңғайларда сүттің майлылығы ең жоғары дәрежеге жетеді.

Малдың еттілігі. Қай түлік болмасын, олардың еттілік қасиетін жетілдіру селекция жұмысының түбегейлі мәселесі. Малдың еттілігін мына төмендегі көрсеткіштер арқылы бағалайды: тірілей салмағы, сыртқы дене пішіні, тәулігіне қосатын салмағы, тез жетілгіштігі, сойыс салмағы мен оның шығымы, ұшасының салмағы мен шығымы, ұшасының морфологиялық құрамы, сұрпы етінің химиялық және биохимиялық құрамы, т.б.

Малдың нақтылы ет өнімі, негізінен сойғаннан кейінгі алынған ұшасының салмағы мен оның сапалық көрсеткіштері арқылы сипатталады. Ұшаның құрамына қоректік қасиеті әр түрлі ет, май, сүйек және дәнекер тканьдері мен шеміршек, сіңірлер кіреді. Ұшаның құрамында шеміршек пен сүйек аз болып, майлы сұрпы еті көп болса, соғырлым оның қоректілігі күшті нәрлілігімен сіңімділігі жоғары болады. Малдың еттілік қасиеттерін тірі кезінде және сойғаннан кейін тексеріп бағалайды. Малдың тірі кезінде, оның еттілік қасиетіне дұрыс баға берудің селекциялық маңызы үлкен. Селекция мақсаты тәуір деп таңдап алған малдан өзіне ұқсас ұрпақ алу. Малдың тірісінде еттілік қасиетін ауық-ауық салмағын өлшеу, соның деректері бойынша тәулігіне қосатын салмағын есептеу арқылы бағалайды.

Сонымен қатар малдың еттілік қасиетіне, оның сырт пішініне, үлкен-кішілігіне қарапта біршама толық баға беруге болады. Мұндай жағдайда малдың еттілік қасиеті мен тығыз байланысты дене биіктігі мен тұрқының ұзындығы, кеудесінің жалпақтығы мен кеңдігі, орамы, бөксесінің орамы сияқты дене мүше өлшеулерімен көзбен бағалау толықтырады. Малдың еттілік қасиетіне баға бергенде оның қондылығына баса көңіл аударылады. Мұны әсіресе малдың ерте май жинайтын құйрықтың түбін, шабын мықынын, белін, арқасын, қабырғасын және төсін қолмен ұстап бағалайды.

Малдың еттілік қасиетіне әсер ететін жағдайлар және ет өндіруді көбейту жолдары. Малдың еттілігі шаруашылыққа пайдалы көптеген биологиялық ерекшеліктерінің бір-біріне күрделі әсері негізінде қалыптасады. Еттіліктің сандық та, сапалық та көрсеткіштері малдың түріне, тұқымына және нәсілдік қасиеттеріне, бағып–күту, бордақылау технологиясы ерекшеліктеріне және т.б сыртқы орта жағдайларына байланысты. Сапалы да мол ет өнімі, етті бағыттағы мал тұқымдарынан өндіріледі. Мысалы, арнайы етті бағыттағы сиыр тұқымдарының сойыс салмағының шығымы 68-70%-ке дейін, кейде бұдан да артық болса, сүтті-етті бағыттағылардікі 55-60%, таза сүтті бағыттағылардікі 45-60% болады. Егер бұрын малдың тез жетілгіштігіне аса мән берілсе, қазіргі уақытта ұзақ өсіп, денесінен негізінен белокты көп түзіп, майы аз, көп ет беретін мал тәуір деп есептелінеді. Сондықтан барлық жерлерде етті бағыттағы шароле, лимузин, киан сияқты ірі тұқымдар жоғары бағаланып отыр. Сол сияқты жабайы түрлермен будандастыру арқылы, майы аз, мол ет алынатын асана мал тұқымын шығаруға үлкен бетбұрыс жасалып отыр. Осы жолмен брангус, брафорт, бифола және т.б. жаңа етті бағыттағы тұқымдар шығарылды.

Табынды толықтыратын мал өсіру. Мал басын өз төлі есебінен көбейту - ірі қара шаруашылығындағы бірден бір мәселе, әсіресе сүтті ірі қара шаруашылығын өндірістік технологияға көшіруге байланысты сүт комплекстерінде (кешендерінде) сауын сиыр санын көбейту қажеттілігі барған сайын арта түсуде. Ал мұндай өнеркәсіптік негіздегі комплекстерге қойылатын басты талап сауын сиырларының сүттілігін арттыру.

Әр сиырдан сауылатын сүт 4000-4500 кг және одан да жоғары болуға тиіс. Осындай өнім алғанда ғана ірі комплекстер ұйымдастыру экономикалық жағынан тиімді бола алады. Себебі комплекстегі қоражайларды салуға, құрал-жабдықтар сатып алуға, малды күтіп-бағуға және т.б. кеткен шығындар тез өтеледі. Жылдар бойы өсімталдығын төмендетпеген сауын сиырлар ғана сүтті болады. Іс жүзінде көріп отырғанымыздай, ферма мамандары соңғы жылдардың өзінде кейбір сүтті жас сиырларды да жарамсыз деп табуға мәжбүр болып жүр. Оның басты себебі: малдың желін безінің және жыныс органдары қызметінің бұзылуы. Ал мұндай мал саны мың сиырдың 2,5-5,5 процентіне дейін жетеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Ірі қара малының тұқымдары және тұқымдық топтары.

2. Ірі қара малының биологиялық және өнімділік ерекшеліктері.