ШОШҚА ШАРУАШЫЛЫҒЫ


Сабақтың мақсаты: Шошқа тұқымдарының биологиялық, өнімділік ерекшеліктерін сонымен бірге өндірістік жіктелу ерекшеліктерін оқып үйрену

Дәріс жоспары:

1. Әртүрлі өнім бағытындағы тұқымдарының экстерьері, интерьері, конституциясының ерекшеліктері

2. Шошқаның биологиялық және өнімділік ерекшеліктері, олардың деңгейіне әсер ететін факторлар

Шошқа шаруашылығы дегеніміз - бұл елімізде ет қорын жедел толықтыра алатын мал шаруашылығының тез жетілетін саласы. Шошқа шаруашылығының шоғырлануы және оның өнеркәсіптік негізге көшірілуі шошқа етін өндірудің іс жүзіндегі бүкіл технологиясын қамтитын салаларды басқарудың бірқатар мәселелерін ғылыми тұрғыда жетілдіріп, өндірістік сынақтан өткізуді талап етті.

Өндіріс типті ірі шаруашылықтарда шошқа етін өндірудің осы заманғы технологиясы өндірістің тасқындылығы және ырғақтылығымен, барлық цехтар және звенолардың өзара байланыстылығымен, көп еңбек сіңіруді қажет ететін процесстерді жоғары дәрежеде механикаландыру және автоматтандырумен, табындарды стандарттап, біртектестендірумен сипатталады. Басқа үй малдарымен салыстырғанда шошқа буаздық кезеңінің қысқалығымен, көптөлділігімен, шап-шаң өсетіндігімен ерекшеленеді. Олардың тірілей салмағын арттыруға азық аз жұмсалады, сондай-ақ шошқа етін өндіруге көп еңбек жұмсалмайды. Қазіргі уақытта шошқа шаруашылығындағы етті бағыттағы анықтауға үлкен ғылыми өндірістік жұмыс жүргізілуде.

Мегежіндердің өнімділігі мына көрсеткіштер бойынша анықталады: көптөлділік, төлдің ірілігі, сүттілігі, үйшіктегі теңгермелік, енесінен айыру қарсаңындағы торайлардың тірілей салмағы. Көптөлділік туған кездегі тірі торайлар санымен анықталады. Шошқалардың көп төл бере алу шамасын анықтаған кезде үйшіктегі өлі торайлардың саны да ескеріледі. Мегежіннің орташа көптөлділігін анықтау үшін барлық торайлаулар санына бөледі.

Төлдің ірілігі туған кездегі торайлардың тірілей салмағы бойынша анықталады (олардың жалпы салмағын туған торайлардың санына бөледі) Үйшіктегі теңгермелік дегеніміз-үйшіктегі торайлардың орташа салмағынан жеке торайлар салмағының ауытқуы. Бұл ауытқу неғұрлым аз болса, үйшіктегі теңгермелік те соншалықты арта түседі де торайлардың одан әрі өсіп дамуына зор маңызын тигізеді.

Мегежіндердің сүттілігі жанама тәсілмен 21 күндік торайлардың тірілей салмағы бойынша анықталады. Аналықтың сүттілігін бұлай анықтау-салыстырмалы шама, өйткені 5 күндік торайға қосымша жем беріле бастайды, бұл торайлардың салмағына белгілі әсерін тигізеді. Сүттілікті торайлардың жемдеуге дейінгі және жемдеу соңындағы салмағының айырымы бойынша сондай-ақ есептеу әдісімен анықтауға болады (мұнда айлық торайдың тірілей салмағының 1 кг қосымша салмағына 3 кг. сүт жұмсалатыны ескерілуі шарт). Аналықтың сүттілігін бағалаған кезде оның аналық сапасына назар аударылады, ол емшектегі төлдің дамуы мен сақталуына едәуір дәрежеде әсер етеді.

Енесінен айыру қарсаңындағы торайлардың тірілей салмағы 60 күндік торайлар енесінен айырылады. Осы кезеңде әрбір торайды өлшеп, тірілей салмағы бойынша торайлардың класы және дамуы анықталады. Шошқа өсіретін шаруашылықтар практикасында мегежіндерді өнімділігін пайдалануды арттыру үшін торайларды енесінен ертерек 26-35-45 күндік кезінде айырады.

Аталық қабанның өнімділігі мына көрсеткіштер бойынша анықталады:

Өндіргіштік қасиеті бұл торайлаған және айқын буаз мегежіндер санының шағылысқан аналықтар санына қатынасын 100-ге көбейту арқылы анықталады;

Көп төлділік және төлдің ірілігі бұл бағалы қабандармен, сондай-ақ дәл сондай көрсеткіштері бар келесі ұрпақтармен шағылысқан аналықтар бойынша есепке алынады. 2 немесе 4 айлық ұрпақтарының тірілей салмағы кем дегенде 5 мегежіннің ұрпақтарын өлшеп, салмақтық көрсеткішін торайлар санына бөлу арқылы анықталады;

Шошқа етін қалыпты жағдайда өндірген кезде барлық ақшалай шығынның 55% торайларды бордақылауға дейін өсіруге 45% оларды одан әрі бордақылауға жұмсалады деп есептеледі. 2-ден 4 айлыққа дейінгі торайлардың сүйек және бұлшықет ұлпалары қарқынды өседі, асқорыту мүшелері күшті дамиды, зат және энергия алмасуы қарқынды жүреді. Рациондарды кенеулігі бойынша теңестірген кезде қазіргі кезде азықтандыру нормасын басшылыққа алады. Ірі шошқа шаруашылық кешендерінде енесінен айырған торайларды полирациондық құрама жеммен жемдейді.

Өзіндік мал азықтан шошқа етін өндіретін шаруашылықтар енесінен айырғандарға қолда бар жемнен азық дайындайды. Енесінен айырғандарды еркімен немесе күніне 3 рет жемдеген жөн. Егер мегежіндердің лактациясы аптадан азырақ уақытқа созылса, енесінен айыру ерте деп есептеледі. Бұл торайлау аралығын кемітіп, торайлау санын арттырады, мегежіндерден алынатын торайлау санын молайтады. Аналықтар басын көбейтпей-ақ шошқа етін арттырардың бірден-бір әдісі-ерте енесінен айыру. Ерте енесінен айырған торайларды жемдеу үшін азықтық қоспа рецепті-престартер жасалады, оның кенеулі заттар құрамы мегежіннің сүтіне жуық болады.

Шошқаларды бордақылау дегеніміз - бұл шошқа шаруашылығындағы соңғы операция. Бордақылаудың табысты болуына мына факторлар әсер етеді: бордақылау технологиясы, жемдеу деңгейі мен теңгермелік, жасы, қол тұқымы т.б. Шошқаларды бордақылау іс жүзінде барлық категориялардағы шаруашылықтарда өткізіледі.

Бақылау сұрақтары:

1. Шошқалардың тұқымдары және тұқымдық топтары.

2. Шошқалардың биологиялық және өнімділік ерекшеліктері.