АСЫЛ ТҰҚЫМДЫҚ ЖҰП ТАҢДАУ. ЖҰПТАР СӘЙКЕСТІГІН ТАЛДАУ


Сабақтың мақсаты: мал тұқымын асылдандыру жұмысының негізі маңызының бірі саналатын, жұп таңдау және оны талдауды оқып үйрену. Мал шежірелеріне талдау жасау арқылы жұп таңдау түрлерімен танысып, олардың мақсат-міндеттерін және нәтижелерін анықтау.

Сабақ өткізуге қажетті құрал-жабдықтар: жұмыс дәптері, малдардың зоотехникалық мәлеметтері, мемлекеттік тұқым мал кітаптары, жұп таңдау жөніндегі плакаттар

Сабақ мазмұны мен әдістемесі.: Мал тұқымын асылдандыру жұмысының негізі маңызы жағынан сұрыптаумен тең жүргізілетін зоотехниялық жұмыс – жұп таңдау. Жұп таңдау деп, сұрыпталған мал ішінен өздерінен артық ұрпақ беретін аталық және аналық жұбын құруды айтады. Яғни, жұп таңдау дегеніміз мысалы, таңдап алған бір сиырдан жақсы бұзау алу үшін, оны қандай бұқаның ұрығымен ұрықтандыруды немесе нақтылы бір таңдап алған биені қандай айғырмен шығылыстыруды шешу.

Сұрыптау мен жұп таңдау селекция ғылымында тең ұғым. Мал тұқымын асылдандыруда бұл екі әдісті бөліп қарауға болмайды. Оларды бірінен соң бірін үзіліссіз жыл сайын қатар жүргізу мал тұқымын (табынды) асылдандыруда ойдағыдай нәтижеге жетудің басты шарты.

Жұп таңдау қажеттігі ұрпақтың өнімділік қасиетінің, ата-енесінің нәсілдік қасиеттерінің үйлесімділігіне, олардың туыстық жақындығына, жас ерекшеліктеріне және өнімділік ұқсастығына байланыстылығынан туады. Яғни, өнімділігі мен тұқымдық қасиеті жоғары ұрпақ алу шағылыстырылатын ата-ене жұбын дұрыс құруға тікелей байланысты.

Бір-біріне лайықты ата-ене жұбын құруға мал өсірудің барлық әдістерінде де (таза тұқым өсіру, будандастыру және гибридтеу) үлкен мән беріледі.

Белгілі ғалым – селекционер П.Н.Кулешовтың «...табынды жұп таңдау арқылы жақсарту көп білім мен шыдамдылықты және де мақсаттылықты қажет етеді. Кездейсоқ нәрседен немесе табандылықтан табынның кенеттен жақсаруын күтуге болмайды» деген пікірі осы уақытқа дейін маңызын жойған жоқ.

Шағылыстырылатын мал жұбын анықтағанда, жұп таңдауда алға қойылатын мына төмендегі негізгі мақсаттарды басшылыққа алады. Біріншіден, табын малына тән ұнамды қасиеттерді, өнімділік белгілерді ұрпақтан ұрпаққа бекіту; екіншіден - келесі ұрпақта ата-енесінен ерекше, жаңа өнімділік қасиеті бар төл алу; үшіншіден – ата-енесіне тән кейбір кемшіліктерді келесі ұрпақта жою немесе жөндеу.

Алға қойған мақсатқа сәйкес жұп таңдауды екі түрге бөледі: бір-текті (гомогенді) және әртекті (гетерогенді). Біртекті немесе гомогенді жұп таңдау дегеніміз, ұнамды өнімділік қасиеттері ұқсас екі малды шағылыстыру. Мақсат – ата-ененің ұқсас ұнамды қасиетін ұрпақтан ұрпаққа бекіту және одан әрі жетілдіру. Себебі белгілері ұқсас ата мен енені шығылыстырғанда олардың ұрпағында сол ұқсас белгіні басқаратын гендердің (тұқым қуалаушылық заттың) саны көбейеді және олардың гомозиготалығы (бірегейлігі) артады.

Әртекті немесе гетерогенді жұп таңдау деп, белгілі бір өнімдік қасиеттерінде, тегінде немесе жасында айырмашылықтары бар екі малды шағылыстыру. Мақсат – ата-енесінен өзгеше жақсартылған төл алу. Себебі бір-бірінен айырмашылығы бар екі малды шағылыстырғанда келесі ұрпақтың гетерозиготалылығы (гендерінің әр түрлілігі) күшейіп, жаңа қасиеттердің (белгілердің) пайда болу мүмкіншілігі көбейеді. Жаңа ұрпақтың өзгешелігі әдетте екі бағытта жүреді: кейде алынған төл атасы мен енесіне тән әр түрлі ұнамды қасиеттерге ие болады, екінші жағдайда келесі ұрпақта көбінесе енесіне тән кемшілік жойылады. Селекция тәжірибесінде жұп таңдаудың бұл екі түрі де кең қолданылады. Себебі олардың алдында тұрған мақсат еш уақытта шектелмейтін, заман тілегіне сай жүргізілетін селекция алдындағы тұрақты мақсат.

Жұп таңдаудың екі түрі де сұрыптау әсерін селекция бағытында күшейте түседі. Әртекті жұп таңдау белгілер өзгергіштігін, сұрыптау мүмкіншіліктерін күшейтсе, біртекті жұп құру, таңдап алған ұнамды белгілерді ұрпақтан ұрпаққа бекітеді.

Табында жұп таңдаудың екі түрі қатар тең немесе біреуінің жиі, біреуінің сирек қолданылуы табындағы малдың өнім сапасына байланысты болады. Ізденіс кезеңінде, әдетте табынды шұғыл өзгерту немесе оның кейбір кемшіліктерін жедел жақсарту, әлде жаңа тұқым шығару қажет болғанда, жаңа талапқа сай ұнамды типті мал алу үшін басында әртекті (гетерогенді) жұп таңдау қолданылады. Осының нәтижесінде алынған ұнамды типтің өнімділік қасиеттерін бекіту үшін олардың ішінде тек біртекті жұп таңдау қолданылады.

Сонымен, жұп таңдаудың екі түрге бөлінуі шығылыстырылатын екі малдың бір-біріне ұқсастығына немесе айырмашылығына негізделген. Олардың ұқсастығын немесе айырмашылығын мына белгілерге қарап аңықтайды: шыққан тегі, өнімділік ерекшеліктері, дене бітімі, жасы. Осы ретте жұп таңдауды біртекті немесе әртекті деп бөлудің өзі шартты ұғым екені есте болу керек. Себебі барлық белгілері бойынша бір-бірінен айнымайтын екі мал, оның ішінде бірі-еркек, екіншісі-ұрғашы болуы табиғатта кездеспейтін құбылыс, жұптастырылған екі мал шартты түрде ғана, тек нақтылы бір қасиеттері бойынша бір-бірімен ұқсас деп есептелінеді. Сондықтан жекелеген бір жұптың бір белгісі бойынша біртекті жұп таңдауға, екінші белгісі бойынша әртекті жұп таңдауға жатқызыла береді.

Шағылыстыруға бекітілетін ата-ене жұптары құрамындағы мал санына байланысты жұп таңдауды мына төмендегідей жіктейді:

1. Жекелеп жұп таңдау

2. Топтап жұп таңдау

3. Жекелеп-топтап жұп таңдау

4. Ұялас-топтап жұп таңдау

Жекелеп жұп таңдау жүргізілгенде әр аналыққа лайықты бір аталық бекітіледі. Яғни, бір қорадағы, айталық 600 саулықтың әр қайсысын қай қошқардың ұрығымен ұрықтандыру қажеттігі шешіледі. Сол сияқты табындағы 100 сиырдың әр қайсысына лайықты бұқа бекітіледі. Мұндай жұмыс тек асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарда ғана жүргізіледі.

Топтап жұп таңдаудың мәні белгілі бір талғам бойынша біріктірілген бір топ аналыққа бірнеше аталық қосылады. Мысалы, бір класстан тұратын 600 саулығы бар отарға күйек алу кезеңінде 25-30 қошқар қосылады. Сол сияқты 200 сиырдан тұратын табынға 5-6 бұқа қосады. Бұл әдетте қолдан ұрықтандыруды қолданбайтын шаруашылықтарда пайдаланады. Топтап жұптастырудың басты кемшілігі – алынған ұрпақтың ата-тегін дәл аңықтай алмаймыз. Екіншіден, бұл табында гинекологиялық аурулардың тез таралуына жол беріледі.

Тағы бір басты кемшілігі, топтап жұптастырғанда шаруашылыққа тым көп аталық мал қажет болады да, олардың бәрінің тым жоғары сапалы болу мүмкіншілігі азаяды.

Жекелеп-топтап жұп таңдау белгілі бір талғам бойынша таңдап алынған бірнеше аналыққа бір аталықты бекіту. Мысалы, жылқы өсіруде бір үйір биеге бір айғыр қосылады. Сол сияқты, қолдан ұрықтандыру кең қолданылатын қой шаруашылықтарында бір класстық саулықтан тұратын бір қораға негізінен бір қошқар бекітіледі.

Ұялас-топтап жұп таңдау құс шаруашылығында қолданылады. Мысалы, бір ұядан тараған мекиендерге екінші бір ұядан шыққан әтештерді қосады.

Жұп таңдаудың қай түрін қолданғанда да есте болатын бір басты қағида, аталық малдың сапасына айрықша мән берілуі қажет. Себебі, аталық малдың табынға, жалпы мал тұқымына тигізетін әсері үлкен. Өйткені, тек бір жылда бір аталықтан ұрғашы малмен салыстырғанда өте көп ұрпақ алуға болады. Мысалы, қазіргі уақытта бір бұқадан бір жылда 10 мың бұзау алудың ешқандай қиындығы жоқ. Тіпті табиғи шағылыстырғанның өзінде бір айғырдан бір жылда 50-60 ұрпақ алуға болатын болса, бір биеден бір жылда бір ақ құлын алынады. Екіншіден аталық малды өте қатаң сұраптаудан өткізу мүмкіншілігі зор. Осылардың нәтижесінде табындағы селекциялық жетістіктің 80-90% аталық малдың еншісіне тиетіндігі ғылым мен тәжірибеде дәлелденген тұжырым.

Сонымен, қорыта айтқанда, табындағы малдың сапасын ұрпақтан ұрпаққа жақсартып отыру үшін, жыл сайын сұрыптаудан өткен мал ішінде олардың шыққан тегін, өнімділік ерекшеліктерін, түр-тұрпатын, жасын ескере отырып, үйлесімді ата-енелік жұп құру мал тұқымын асылдандыру жұмысының бұлжытпай орындалатын басты шараларының бірі.

Тапсырма: Кем дегенде екі түліктің, мемлекеттік тұқым мал кітабын (МТМК) пайдаланып, әр жыныстың екі-үш жоғары өнімді өкілдерінің шежірелері бойынша жұп таңдаудың түрлерімен танысу және олардың мақсат-міндеттері мен нәтижелерін талдау.

Бақылау сұрақтары:

1. «Жұп таңдау» ұғымының анықтамасын беріңіз.

2. Жұп таңдау мен сұрыптау арасындағы ұқсастық пен айырмашылық.

3. Жұп таңдаудың мал тұқымын асылдандырудағы маңызы.

4. Жұп таңдауда малдың қандай белгілеріне басты назар аудару қажет?

5. Жұп таңдаудың қандай түрлерін білесіз?

6. Біртекті жұп таңдаудың мақсаты, артықшылығы мен кемшіліктері.

7. Әртекті жұп таңдаудың мақсаты, оның артықшылықтары мен кемшіліктері.