ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМЫ, ТҮР-ТҮСІ МЕН БЕЛГІЛЕРІ


Сабақтың мақсаты: жылқы тұқымдарымен танысып, олардың түр-түсін, белгілерін ажыратуды үйрену.

Сабақ өткізуге қажетті құрал-жабдықтар: жылқы тұқымдарының суреттері, слайдтары, жылқы мүсінінің муляждары, тұқым альбомдары.

Сабақ мазмұны мен әдістемесі. Дүниежүзінде денесінің көлемі, тірілей салмағы мен тұрқының өлшемдері бір-бірінен өте алшақ (шоқтығының биіктігі 40-тан 180 см-ге дейін, жіліншігінің орамы 6-дан 32 см-ге дейін, тірілей салмағы 100-ден 1200 кг-ға дейін) жылқының 250-ден астам тұқымы бар екен. Оларды алдымен өскен жеріне сәйкес географиялық жүйесі бойынша:

• далалық (моңғол, бурят, байкал, қазақ жылқысы); таулық (алтай, қырғыз, лоқай, қарабақ, мегрел, дағыс гуцул. босния, фиорд, гафлинг жылқысы);

• ормандық (саха, об, тавды, вятка, печора, мезен, эстон, полесс, жмуд, фин жылқысы) тұқымдарға бөледі. Жылқы тұқымдарымен асылдандыру ісін жүргізіп, шаруашылық қасиеттерін жетілдіруге олардың өнімдік бағытына негізделген зоотехниқалық жіктеу жүйесін қолданған пайдалы.

Бұл жіктеу жүйесі бойынша:

• жылқы тұқымдарын мініс (ахалтеке, парсы, иомуд, араб, стрелец, терск, таза қанды ж.б. тұқымдары);

• мініс-жегісті (дон, буденный, қостанай, жаңа қырғыз, қарабайыр, кабарды, украин, ганновер, гоштин, остфриз тұқымдары);

45-сурет. Жылқы тұқымдары. а-Таза қанды мініс; б-Араб; в-Дон; г-Ахалтеке; д-Буден;

ж-Қарабайр.

• жеңіл жегісті (орлов, орыс желісті, француз және американ желісті тұқымдары);

• ауыр жегісті (орыс, совет, владимир ауыр жүк тасушы, литва ауыр жегісті, першерон, булон, брабансон, рейн, саксон, ютланд, поляк ауыр жүк тасушы тұкымдары);

• жегісті (торий, латыш, белорус, воронеж, кузнецк, силезия тұқымдары) бағыттарға бөледі.

46-сурет. Жылқы тұқымдары: а-Орыстың желісті; б-Орловтың желісті; в-Таракенен;

г-Жаңа қырғыз; д-Орыстың ауыр жүк тасушы; ж-Советтік ауыр жүк тасушы.

Қазакстанда жоспарлы түрде қостанай, көшім, мұғалжыр, дон, таза қанды мініс, ахалтеке, орыстың желісті, орловтың желісті тұқымдарымен қатар жергілікті жабы және адай типтес түрлері бар қазақ жылқысын өсіреді. Олардың шапшаңдығын жетілдіру негізінде бүгінгі күні қазақ тұлпары шығарылуда.

http://horse.ru/post_ebook/62/images/horsemes.gif


47-сурет. Жылқының шоқтық биіктігін анықтау

48-сурет. 1-бастың жақсы орналасуы; 2-жақсы ұзындықтағы мойын; 3-мықты арқа, тым қысқа немесе тым ұзын емес; 4-мықты түзу бел; 5-мықты сауыр; 6-буындары жақсы жетілген, аяқтары ұзындау келген; 7-терең кеуде, қабырғалары жақсы жетілген.


Жылқы тұқымдарын зерттегенде олардың шығарылған жері мен тарихы, ауа-райы мен қоршаған ортаның табиғи жағдайы, Қоғамның әлуметтік сұранысы мен қойылған талаптар, өсіру, азықтандыру және баптау ерекшеліктері жан-жақты ескерілуі керек. Содан кейін шығарылған тұқымның бағыты, негізгі типі, мінез-құлқы, жылдамдығы мен төзімділігі, салмағы мен жүк көтерімі, өсу мен көбею ерекшеліктері, сыртқы орта жағдайларына талғампаздығы ж.б. зоотехникалық сипаттамасын толықтыратын көрсеткіштері ескеріледі.

Тұқымның шаруашылық маңыздылығы оның басының санымен, жүргізіліп отырған асылдандыру ісінің деңгейімен,тұқым арасындағы чемпиондар мен рекордшылар санымен айғакталады.

Бұл жұмыстарды нақтылы және нәтижелі түрде жүргізу үшін алдымен жылқы басының түрі мен түсін ажырата білу қажет. Жылқының негізгі түр-түсі (масть) болып қара, торы, жирен (күрең) және көк түстері табылады. Олардың қосылуынан әр түрлі туынды түстер пайда болады.

49-сурет. Жылқы басының белгілері: 1-Жұлдызша, 2-Маңдайы жұлдызды, 3-Жұлдызды қасқа, 4-Тар қасқа, 5-Кең қасқа.

28-кесте.

Жылқы түсі

Түгінің реңі

Қара

Басы, кеудесі, аяқ-қолы, жалы мен құйрығы қара; сырт түгі түбіне дейін шымқай кара, ұшы жылтыр болып келеді

Қаракер

Жылқының жалпы түсі қара, ал тұмсығы мен шабы күңгірт болып келеді

Торы

Басы мен кеудесі әр реңдегі қоңыр түспен боялған, түк бітістері тобылғы түстес, жал-құйрық, сирақтары қара қошқыл болып келеді; егер іші мен аяғы ақшыл, шабы мен тұмсығы ақшылдау болып келсе -жылтыр торы дейді

Құла

Басы мен денесі жылтыр сары немесе күрең сары реңді, арқасынан құйрығына дейін созылған жіңішке қара жолағы болады

Жирен

Басы, денесі мен аяқтары біркелкі жирен түстес; сыртқы қылшық түктері бірыңғай сарғыш-қызыл болып келуі мүмкін

Шабдар

Сырт түгі ақшыл сары реңді, жалы ақ қыл мен қара қыл араласқандықтан бурыл тартқан; ашық шабдар торы түске жақын болғанымен, жал-құйрығы бурыл болады

Ақжал

Түр-түсі құлаға ұқсас боялған, бірақ жал-құйрығы мен сирақтары бозғылт немесе боз болып келеді

Қызғылт немесе жирен-сары

Басы мен денесі жирен түстес, көз айналасы мен тұмсығының реңі солғындау, шабы мен іші ақшыл тартқан, жал-құйрығы ер түсті; дене түгінің арасында жирен, қаракүрең қылшықтың араласуы, ал жауырынында қара қоңыр бұзаутазды дақ, алдыңғы саны мен тізесінде жолақ болуы мүмкін

Сары

Сыртқы түр-түсі бірыңғай сары реңді

Сұр

Дене түгі көкшілдеу ақ, бас-сирағы мен жал-құйрығы қара түстес, арқасында шоқтығынан құйрығына дейін созылған қара жолағы бар; жауырыны, тірсегі, сирағы кейде көлденең жолақты тарғыл болады

Көк

Дене түктері көк түсті, тіпті шымқай көк болмағымен, көкшіл қылшықты, ал жал-құйрығы мен аяқтарының түгі денесінікіне қарағанда күңгірт не ақшыл болуы мүмкін; құлындары торы, қара немесе жирен түстес болып туылып, жетіле келе көк тарланданып, содан кейін ақшыл көк не ақ түстес реңге енеді

Қара-көк

Сырт түгі қара-қошқыл реңді

Ақ

Кылшықтарының ұшы қызылданған көк түстті жылқы

Құлындарының басы, денесі, аяқтары мен құйрығы өзгермейтін ақ түсті: альбиностардың терісі көзі қызғылт болыл келеді

Бурыл

Дене түгінде жирен, қара, торы, ақ қылшықтар аралас, бірақ басы мен аяқ түгінде ақ қылшықсыз

Шұбар Ала

Ақ дене қылшығының арасында майда қара, торы, жирен ж.б. түсті, кейбір жерінде ақ теңбілдері кездеседі.

Түгінің негізгі түсі арасында ақ түсті үлкенді-кішілі дақтары болады.

Шаңқан, боз

Түгінің түсі шымқай ак.

Баран

Денесі мен басы шие түстес қызғылт, жал-құйрығы мен сирақтары қара болып келетін торы жылқы

Қылаң

Боз , ақ боз жылқы түсінің атауы

Жылқы түгінің белгілері мандай мен қол-аяғындағы тума қалдар мен жолақтар түрінде кездеседі. Олардың маңдайындағы қасқа белгілері мен сирактарындағы жолақ (чулки) белгілерін ажыратады.

Тапсырмалар.

1. Оқулықтар мен альбомдардан жылқы тұқымдарымен танысып, олардың жіктелуін келтіріп, өнімдік сипаттамасын жазындар.

2. Әр түрлі өнімдік бағыттағы жылқы тұкымдарын келесі кесте түрінде сипаттандар.

29-кесте.

Өнімдік бағыты

Тұқымы

Шығарылу әдісі мен жері

Шапшаңдығы

Тарту күші, кг

Өсіру аймағы

1600

2400








3. Шаруашылықтағы аттардың түр-түсін ажыратыңдар:

30-кесте.

Жылқы түр-түсінің атауы

Дене түгі мен қол-аяғы, жал-құйрығының реңі

Бақылау сұрақтары.

1. Жылқы тұқымдарының зоотехниқалық жіктеуі неге негізделген?

2. Қазақстанда өсірілетін жылқы тұкымдарын сипатаңдар.

3. Жылқы түр-түсін қалай ажыратады?

4. Жылқыда қандай белгілер кездеседі?

Оларды не үшін білген жөн?