ТҮЙЕНІҢ СҮТ ЖӘНЕ ЖҮН ӨНІМДІЛІГІ


Сабақтың мақсаты: інген сүтінің құрамын, желінінің құрылымдық ерекшеліктерімен және өндірілетін өнімдерімен танысып үйрену. Түйенің жүн өнімділігін сипаттайтын негізгі көрсеткіштерді анықтау және олар арқылы жүнге баға беру әдістерімен танысу.

Сабақ өткізуге қажетті құрал-жабдықтар: түйе тұқымдарының суреттері, слайдтары, мүсіндерінің муляждары, тұқым альбомдары.

Сабақ мазмұны мен әдістемесі : Адамдар түйелерді ыстық, сусыз шөлді аймақтарда өсіре отырып, оның көптеген қасиеттерін, соның ішінде сүт өнімділігін пайдалана білген. Түйе сүтін тағам ретінде түркмендер, қазақтар, қарақалпақтар және басқа да Орталық Азия халықтары пайдаланды. Көпжылдық тәжірибе мен қазіргі ғылым көрсеткендей түйе сүті өзінің құндылығы мен дәмінің артықшылығына байланысты сиыр сүтінен асып түседі және де сауымы оларды өсіретін аймақтарда жергілікті сиыр сауымынан көп болады.

Түйенің сүт өнімділігін нақтылы анықтау қиын, өйткені ботасын жақындатқан соң сауылады. Түйелердің сүтін ала тұрып шөл аймақтардың халқы сүттілігіне қарай селекция жұмыстарын жүргізген, яғни сауу үшін жақсысын, әрі сүтті аналығын таңдап, одан ұрпақ таратуға тырысқан.

В.М. Попованың деректері бойынша түркменнің аруана тұқымының екінші сүттену кезеңінде сүт өнімділігі 4387 л, ал бірінші сүттену кезеңінде 3117 л тең болды. А.Я. Окорокованың бақылауы бойынша, Түркменстанда бір інгеннен 2000-2500 л сүт сауылады. Қос өркешті түйенің сүт өнімділігі бір өркешті түйеге қарағанда төмендеу, бірақ сүтінің құрамында май мен протеин көп болады. В.А. Кулаеваның бақылауы бойынша, бактриандардың сүт өнімділігі сүттену кезеңінде 878-1571 л, ең жоғарғы сауым сүттенудің үшінші айында болады. Будандардың сүт өнімділігі аралық орында. Оңтүстік облыстың бір шаруашылығында сүттенудің 6 айында қазақ бактриандардың сүт өнімділігі 1140 л, дромедарлардың –1786 л болды. Нар мая будандардан 1716 л, қоспақтардан–1102 л, күрттерден–1433 л, кез нарлардан–2067 л, күрт нарлардан–2490 л сүт алынған.

Інген желінінің құрылымдық ерекшеліктері. Басқа малдармен салыстырғанда інгеннің желіні анатомиялық тұрғыдан құрылымы мен сүт беру физиологиясы жағынан айырмашылығы бар.

Қос өркешті інген желіні көлемі жағынан үлкен емес, шапқа кіріңкі орналасқан, бұл оның өлшемдерін анықтауға қиындық туғызады. Інген жатқанда желіні жерге тимейді екі жағынан жамбасы қорғап тұрады. Желіннің негізі трапеция пішіндес, ал оның төбесі каудалді бағытталған.

Желін сыртынан жұмсақ иілгіштерімен қапталған, жаз айында теріде түк өспейді, ал қыс мезгілінде түк қаулап өседі.

Желін аралары айқын төрт сүтті үрпіден тұрады. Бөлікке бөліп тұрған, ұзыннан созылған орталық сай, алдыңғы бөліктердің арасында жақсы көрінеді. Қапталдың беткейінде және алдыңғы мен артындағы төрттік ортасының арасында көлденең сай болады, бірақ оның айқын көрінуі әртүрлі болып келеді. Алдыңғы бөлігі артқы бөлігіне қарағанда жоғары орналасқан.

Желін ішінде оң және сол жартыларға бөлінеді, олар алдыңғы және артқы бөліктерден тұрады, осы бөліктің әрқайсысы өзінің альвеолалары бар екі безден тұрады. Олардың сүт өзектері, жолдары бар. Үрпінің ұшында шығарушы саңылау орналасқан. Кейде бөлік ішінде үшінші қосымша без болуы мүмкін. Ол кезде үрпіде шығатын саңылау саны үшеу болады, олар бір-біріне жақын орналасып, катетеризация жүргізуге қиындықтар туғызады. Сонымен, інген желіні сегіз сүт бездерінен қалыптасқан. Желін көлемі үлкен емес: орташа ұзындығы 24 см, алдыңғы үрпінің ені 26 см, алдыңғы төрттік тереңдігі 17 см, ал артқысы 13 см тең. Әдетте үрпілер доғал пішінді, аралары алшақ. Алдыңғы үрпінің арасындағы орташа ара қашықтық 22 см, ал артқылар арасының ара қашықтығы 12 см тең. Алдыңғы үрпінің көлемі артындағы үрпіден кіші келеді: 1,8-3,2 (артындағы 1,8-5,0) см, негізінің диаметрі 1,8-4,5 (2,1-4,9) см тең.

Әр үрпіде екі цистерна болады. Сүтті цистерна қуысы негізінің деңгейінде дөңгелек қалтасымен жоғарғы және төменгі безді үрпі бөліміне бөлінген. Осы безді бөлімге 12-ден астам сүт жолдары ашылады. Сауудың арасында үрпілердің цистернасы бос, үрпінің көлемі үлкен емес, терісі жиырылып тұрады. Ал сауу кезінде цистерна сүтке толып, үрпісі қатайып, серпімді болып, көлемі мен ұзындығы екі есе ұлғаяды. Бактриан желінінің көлемі үлкен емес, бірақ безді ұлпаға бай келеді. Оның сиымдылығы 12 сағат сауу арасындағы интервал кезінде 4,5 л жетеді, ал орташа 2,0-2,5 л тең, бірақ дромедарлар будандарында 5 л тең. Сауу арасында үрпі цистернасы бос, әрі терісі жиырылып тұрады. Желіннің массасы 1,5-2,0 кг. Інген желінінің пішіні домалақ, ұзындығы мен ені жақсы жетілген. Бір өркешті інген мен бірінші ұрпақтың будандары (нар мая, инэр мая) жоғары сүт өнімділігімен ерекшеленеді, сондықтан желін көлемі мен оның сиымдылығы бактриандарға қарағанда үлкен болады.

Інген сүтінің құрамы. Інген сүті әдетте таза ақ түсті, дәмі тәтті немесе тәттілеу-тұздылау, қою, құйып-сапырғында қатты көпіршіктенеді. Сүттің құрамындағы жеке компоненттердің мөлшері тұрақсыз, оның өзі сүттену кезеңіне, жыл мезгіліне, азықтандыруға, түріне және малдың тұқымына байланысты. Інген сүтінің орташа химиялық құрамы 46 - кестеде берілген. Ондағы құрғақ заттың орташа мөлшері 14,5%, кейде 13,2-16,2%.

34- кесте. Інген сүтінің химиялық құрамы, %

Тұқымы

Құрғақ

заттар

Май

Жалпы

протеин

Казеин

Альбумин және

глобулин

Сүт

қанты

Күл

Дромедар

13,6

4,5

3,5

2,7

0,4

4,9

0,7

Бактриан

14,9

5,4

3,8

2,9

1,0

5,1

0,7

Сүттің құрамындағы протеиндер: казеин, альбумин және глобулин. Казеин казеинфосфатты қосылыс түрінде болады. Ұлтабар ферментінің және әлсіз қышқылдардың әсерінен казеин шөгеді де, нәзік түйірлерге айналады, араластырғанда олар ұсақ бөлшектерге ыдырайды. Альбуминдер мен глобулиндер сүт плазмасында ериді, және сарысу протеиндеріне жатады.

Қорғаныс қасиеттердің тасымалдаушысы ретінде үлкен физиологиялық маңызы бар, олар жаңа туған төлге анасының сүтімен бірге беріледі. Сүттену кезеңдегі бактриан сүтінің құрамындағы орташа май мөлшері 5,2 % құрайды, ауытқуы 4,7-6,0 % аралығында, жеке дара ауытқулар едәуір болады. Інген сүтінде 3,6-3,8 % май бар, ал сүті майлыларда – 8,0 % дейін.

Дромедарлар сүтінің майлылығы 4,47 %, нар мая будандарда – 1,4 % және қоспақтарда 5,05 %. Түйе сүтінің майы 43-44,50С температурада балқиды, ал 24-280 С қатады. Түйе сүтінің құрамындағы сүт қантының, немесе лактозаның орташа мөлшері 5,0 %. Түйе сүтінің құрамындағы күл 0,7 % - дан аспайды. Жаңа сауылған сүттің орташа қышқылдығы Тернер бойынша 220, кейде 20-250. Түйе сүтінің орташа тығыздығы 1,030 кейде 1,025-1,035. Сүттің тығыздығы оның құрамына, бірінші кезекте майлылығына байланысты.

Інген сүтінің энергетикалық құндылығы 3700-4000 кДж, құнарлығы 900-950 ккал. Қысқы мезгілде сауымның төмендеуіне байланысты сүттің құнарлығы 1100 ккал жоғарылайды. Түйе сүті витаминдерге бай. В1, В және С витаминдері мөлшері бойынша түйе сүті сиыр сүтінен едәуір басым. Басқа жануарлардың сүтімен салыстырғанда ұзақ уақыт балауса күйінде сақталуымен ерекшеленеді. Бактерицидті қасиеттерінің жоғарылығы қышқылдықтың дамуын тежейді. +100С інген сүтінің қалыпты қышқылдығы үш тәулік бойы сақталады, ал сиыр сүтінің қышқылдығы үздіксіз жоғарлайды. +300С түйе сүті 24 сағат сақталады, ал сиыр сүті 6 сағаттан соң ақ ұйып кетеді. Інген сүтінің жоғары бактерицидтігі – бағалы қасиет болып саналады, себебі оны сақтау және өңдеу мерзімдері ұзаққа созылады.

Інген сүтінен өндірілетін өнімдер. Інген сүті майға, протеинге, минералды заттарға бай, сол себепті технологиялық шикізат ретінде әртүрлі сүт өнімдерін өндіруге қолданылады. Інген сүтін тамаққа сүт қышқылды тағам шұбат түрінде қолданады. Бұдан басқа, сүттен май, қаймақ, сыр, сүзбе, айран әзірлеуге болады. Қайта өңдеуге сүтті тек қана дені сау, ветеринариялық бақылауда болған інгеннен алады.

Шұбат сүтқышқылды өнім, ол табиғи інген сүтін барынша спиртпен ашыту нәтижесінде өндіріледі. Қоректілігі және энергетикалық құндылығы жағынан қымыздан асып түседі. Шұбат адам организмін күшейтеді, шөлді басады, тәбетін ашады, өкпе ауруларына қарсы қымыздан кем емес ем болып табылады. Шұбатты әзірлеу технологиясы қымызды дайындауға ұқсас. Ең жақсы ұйытқы - ол алдында өңделген, бөгде дәмі және иісі жоқ шұбат. Оны өндірістік ұйытқы ретінде қолданады. Маусымның басында жақсы шұбат болмағанда, ұйытқы ретінде ашытқы, сүтқышқылды бактериялар (болгар таяқшасы) қолданылады. Інген сүтінен, сүт өндірісінде қолданылатын технологиялық нобай бойынша термостаттық әдіспен айран әзірлейді. Айран – сәл ғана газдалған, сұйықтығы қаймақ тәрізді, сергітетін жағымды дәмі бар сусын.

Қаймақ деликатес өнімі болып табылады. Оны сүтті тұндырып немесе сепаратордан өткізіп алынған кілегейден дайындайды. Кейін кілегейді ұйытады. Қаймақты жеп қана қоймай, шайға, әсіресе көк шайға, қосып ішеді. Түйе сүтінен әзірлеген май сиыр майына қарағанда ақ түсті, физикалық қасиеттері бойынша тоң майға ұқсайды. Мұндай майды кулинарияда және кондитерлік өндірісте қолдануға болады. Түйе сүтінен сүзбе, жұмсақ сыр (брынза, латвиялық сыр) және қатты сыр әзірлейді.

Тәжірибелік сабақта студенттер үш түйе желінінің пішінін анықтайды. Желін пішінін анықтаған кезде оқытушының жетекшілігімен інген желінінің құрылымын талдап, үрпісінің ұзындығы мен енін өлшейді. Түйе жүнінің сапасын, класстылығын, стандартын, зертханалық, тәжірибелік сабақтарда оқып үйрену кезінде кестелерді, суреттерді және әдістемелік нұсқауды қолдану керек.

Түйе шаруашылығында бағалы өнім – ол жүн, сондықтан әртүрлі табиғи жүндер арасында өзінің технологиялық қасиеттері бойынша түйе жүні ерекше орын алады. Ол құрамы бойынша әртекті: мамықтан, өтпелі қылшықтан және қылтанақтан тұрады. Қылшықты қой жүніне қарағанда түйе жүнінде мамығы көп, өлі түгі және шайыры жоқ. Түйе жүні мамығының жіңішкелі 15-17мк (80-ші сапа). Мұндай жіңішке жүнді тек кейбір биязы жүнді қой тұқымдары береді. Түйе жүнінің қой жүніне тән ақаулары жоқ.Таза талшық шығымы бойынша түйе жүні қой жүнінің барлық түрінен асып түседі.

Өндірістік қайта өңдеу кезінде жүн маңызды көрсеткіштермен сипатталады: жіңішкелігімен, ұзындығымен және талшығының мықтылығымен. Түйе жүн жабындысының шайыры жоқ, сондықтан таза жүн шығымы 68-98%. Ортаңғы қабатынсыз мамық жіңішкелігі 15-20мк, қылтанағы 65мк, өтпелі түгі қорғаныс түктері арасында сақалында, жалында және тізе шудасында кездеседі. Ең жақсы, мамығы көп жүнді бір жасар түйеден (тайлақтан) алады, оның мамығының жіңішкелігі 14-17мк. Мамық жіңішкелігі жасы ұлғая өзгереді. Бактриандардың бір жасында ол 15,13мк, ал 11-18 жасында –18,85мк. Дромедарларда тиісінше 15,8-20,09мк.

35-кесте. Әртүрлі түйелер мен олардың будандары мамығының талшықтар сапасы

Түйелер мен олардың

будандары

Мамық сапасы

Жіңішкелігі,мк

Ұзындығы,см

орташа

ауытқуы

орташа

Ауытқуы

Бактриан

Дромедар

Нар мая

Жарбай

Күрт(F2)

Күрт (F3)

Қоспақ (F2)

Қоспақ (F3)

Қоспақ (F4)

17,1

18,0

17,8

17,6

17,9

16,6

15,8

14,5

15,1

9-30

12-27

12-27

12-30

12-30

12-27

9-30

9-24

9-30

6,5

6,6

5,8

3,7

6,1

5,7

5,7

8,7

6,3

4,5-5,7

4,0-12,0

4,0-8,5

3,3-6,5

4,0-9,0

4,5-6,4

5,0-7,5

7,5-9,0

5,0-8,0

Нар мая, жарбай, күрт будандарында мамық жіңішкелігінің көрсеткіші дромедарларға жақын келеді. Мамық жіңішкелігінің тұқым қуалаушылығы бойынша дромедарлар алға шығады.

Қоспақтар мамығы бактриандарға қарағанда жіңішке. Талшықтардың ұзындығы бойынша ересек бактриандардың, дромедарлардың, нар маялардың, қоспақтардың және күрттердің мамығы камвольді жүн иіру әдістерінің талаптарына сәйкес келеді, ал жарбай будандарының мамығы өте қысқа және бұл иіру әдісіне жарамайды. Тығыздығы бойынша түйе жүні қой жүнінің барлық түрлерінен асып түседі. Тығыздығының көрсеткіштері 48-кестеде көрсетілген.

Түйе жүнінің тығыздығы жас малда ересек малға қарағанда жоғары. Жүн тығыздығының көрсеткіштері дромедармен салыстырғанда бактриандарда жоғары болып келеді. Будандарда бұл көрсеткіштер аралық орын алады. Түйе жүнінің таза шығымы тұрақты емес. Бұл шығымның орташа көрсеткіштерінен, әсіресе ауытқуларынан көрінеді 65-99%. Жүннің шығымына түлеу кезеңі, тікенек өсімдіктермен ластануы әсер етеді, сондықтан түйелерді тікенегі көп жерлерге бағуға болмайды.

36- кесте. Жүннің беріктігі және талшық тазалығы

Түйелер мен олардың будандары

Тығыздылығы

Шығымы,%

бір жасар

ересек мал

орташа

Ауытқулар

Бактриан

9,2

8,4

82,0

73-89

Дромедар

10,1

7,4

86,2

65-90

Нар мая

-

7,7

84,3

81-89

Инэр мая

8,8

8,3

-

-

Қоспақ

8,5

7,7

-

-

Жарбай

-

-

83,7

77-99

Күрт

-

-

87,9

81-97

Түйе жүнінің класстылығы. Түйенің жүн жабындысы жабағы жүн және жал жүні деп бөлінеді. Жүнді класстарға бөлгенде жал жүні мен ұйысқан жүнді бөліп алып, қалған жабағы жүнді сорттайды. I мен II сортты жүн мөлшері негізінен малдың жасына және азықтандыруына байланысты. I сортты жүнді 4 жасар жас малдан алады. Бір жасар малдан 1,67кг жүн қырқылып алынады, бұл жалпы жабағы жүн мөлшерінің 63% құрайды. Жасы ұлғайған сайын I сортты жүн шығымы 3 жасқа дейін төмендейді де 4 жастан бастап күрт азаяды. II сортты жүн шығымы малдың жасы ұлғая жоғарылайды.

Мемлекеттік стандарт бойынша түйе жүнін төрт классқа бөледі: 1-жұмсақ , 2- қылшық , 3- жал және 4- ұйысқан жүн. 1-жұмсақ. Бұл қысқа және жіңішке өрімдер түріндегі, мамық пен өтпелі талшықтан тұратын және біраз өсіп кеткен қылшықтардан тұратын жүн. 2-қылшық. I класстық жүннен дөрекі. Мамығы аз, құрғақ түктері бар қатты өрімдерден тұрады. 3-жал. Мамығы аз, ұзын дөрекі және жіңішке қылтанақтардан тұрады. 4-ұйысқан жүн. I және II класстық тығыз ұйпаланған, жеке ұйысып қалған кесектерден тұрады.

Түйе жүні арнайы бекітілген эталонға сай болуы керек. Түйе жүнінің буылып-түйілуі, таңбалануы және тасымалдануы ГОСТ 6070-67 сәйкес жүргізіледі. Жүнді класстылығы мен күйі бойынша жеке-жеке буып-түйеді. Жүн бумаларын артқы жағынан жуылмайтын бояумен таңбалайды, осы жерде мыналар көрсетіледі: 1-республика, облыс, өңір; 2-дайындаған мекеме; 3-шаруашылықтың аты; 4-жүннің түрі; 5-жүннің классы және күйі; 6-буманың реттік нөмірі; 7-буманың салмағы (брутто және нетто); 8-таза талшық шығымы (%); 9-қазіргі таңдағы стандарттың нөмірі. Таңбалаудың мысалы: Қазақстан Республикасы, Алматы дайындау мекемесі, Сарытауқұм шаруашылығы, түйе, II сорт; лас, №13, бр.82кг, н-то 80 кг, шығ. 70 гр, ГОСТ 5108-67.

Тапсырмалар.

1. Түйе жүнінің ерекшелігін зерттеу.

2. Түйе жүнінің кластылығы мен стандартын зерттеп, дәптерге жазу.

3. Бактриан мен дромедар жүнінің класстары орналасқан нобайларын зерттеп, түйе контурында белгілеу. Тәжірибелік сабақта студенттер түйе жүнінің класстары орналасқан нобайларды анықтауға тиісті (бактриан мен дромедар). Түйе жүнінің класстары орналасқан анықтаған нобайлардың дұрыстығын оқытушы топпен бірге талқылайды.

Бақылау сұрақтары:

1. Түйе сүтінің химиялық құрамын атаңыз.

2. Түйенің жүнін немесе шудасын класстарға бөлу әдістірін атаңыз.

3. Інген желінінің құрлымдық ерекшеліктерін атаңыз.

4. Түйе жүнінің немесе шудасының құрамы.