ШОШҚАНЫ БАҚЫЛАП ӨСІРУ ЖӘНЕ БОРДАҚЫЛАУ


Сабақтың мақсаты: тұқымдық мегежін мен қабанды бақылап өсіру әдістемесімен танысып, бақылау бордақылауды жүргізу техникасын меңгеру.

Сабақ өткізуге қажетті құрал-жабдықтар: шошқа басын асылдандыру ісінің және бақылап өсіру деректері мен бақылау бастарын сою мәліметтері, есептеу техникасы.

Сабақ мазмұны мен әдістемесі. Асыл тұқымды шаруашылықтарда торайларды тірілей салмағы 90-100 кг 25 бастан құрастырылған топтарда өсіреді. Олардың азығындағы 1 азық өлшемінде 110-120 г қорытылатын протеин болып, орташа тәуліктік салмақ қосымы 600 грамнан кем болмауға тиіс. Бакылау топтағы торайларды азықтандыруға жұмсалған азық мөлшерін күнделікті, ал олардың тірілей салмағын ай сайын өлшеп тұрады. Торайлар жетілгіштігі мен азық шығынына беретін салмақ қосымын бағалау үшін бақылау бордақылау (контрольный откорм) жүргізеді.

Асыл тұқымды бастардың тұқым берушілік қасиеттерін бағалау үшін алдымен негізгі табынға өткізілетін жас бастардан ең жетілген екі айлық 2 бас тұқымдық қабан мен 2 бас тұқымдық мегежінді бөліп алып, стандартты азықтандыру және микроклимат жағдайында бақылаулы өсіру өткізеді. Асыл тұқымды қабанның ұрығымен ұрықтандырылған кемінде 3 мегежіннің торайын таңдайды. Негізгі табынға ауыстырылатын жас тұқымдық қабандарға кемінде 2 рет торайлаған мегежіндерді шағылыстырады. Өнімділігі аса жоғары сақа мегежіндердің тұқым берушілік қасиеттерін аналық ұялар бойынша бағалайды.

Өсу жылдамдығы мен шпик (6-7-ші кеуде омыртқа үстіндегі майы) қалыңдығы бойынша қабандар мен мегежіндердің өнімділігін бағалағаннан кейін, олардың ұрпағының еттік және бордақылау қасиеттерін бағалайды. Асыл тұқымды қабанның түбелікті бағасын әрқайсысы 4 бастан тұратын кемінде 3 топты бақылаулы бордақылаудан өткізгеннен кейін қояды. Мегежіндер бағасын ұядағы 4 торайының өнімдік көрсеткіштері бойынша қояды.

Бақылаулы бордақылауға қойылатын бастарды алдынала ветеринарлық-санитарлық өңдеуден өткізіп, дегельментизациялайды. Еркек торайларды 6-7 апталығында піштіреді. Оларды жекелеп не 4 бастан топтастырып, әр басына тұратын станок еденінің кемінде 1,2 м2 аумағы келетіндей етіп орналастырады да, бөлмедегі микроклимат көрсеткіштерінің (жылулығы, ылғалдылығы, т.б.) зоогигеналық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Торайлардың салмақ қосуын олардың 30 кг тірілей салмаққа жеткенінен бастап, 100 кг тірілей салмаққа жеткенінде аяқтайды. Осы мерзімде оларды көк сүтпен 2 : 1 қатынасында араластырылған өлшеулі кұрама жеммен азықтандырады. Торайлардың тірілей салмағын 12 сағаттық аштық мерзімнен кейін өлшейді. Олардың жетілуінің алғашқы көрсеткіші болып 30-дан 100 кг-ға жеткен мерзім (күн, тәулік) мен осы аралықтағы орташа тәуліктік салмақ қосымы (г), 1 кг салмақ қосымына жұмсалған азық шығыны (а.ө.) табылса, бордақылау мен еттік көрсеткіштері ретінде сойыс шығымы (%), тоңазытылған ұшасының ұзындығы (см), шпик қалыңдығы (см), ұшаның артқы үштен бір бөлігінің (соңғы кеуде және алғашқы бел омыртқа арасынан бөлінген) салмағы алынады.

Ұшаның еттілігін 1-9 баллмен бағалайды. 9 балл ұзын тұрқы бойы шпикті біркелкі, сан еті толық мықты бітімді ұшаға, ал 1 балл қысқа тұрқының бойында шпикті әркелкі сан еті толмаған, басы ірі, терісі қалың, қатпарлы ұшаға беріледі.

Тапсырмалар.

1. Бақылаулы өсіру мен бордақылау мәліметтері бойынша торайлардың жетілгіштігі мен еттілігін бағалаңдар.

2. Асылтұқымды қабан ұрпағының еттік көрсеткіштері бойынша оның тұқым берушілік қасиеттерін бағалаңдар.

Бақылау сұрақтары.

1. Бақылаулы өсіру мен бақылаулы бордақылау жүргізудің мақсаты неде?

2. Бақылаулы бордақылауды өткізу шарттары қандай?

3. Бақылаулы бордақылау бастарының еттілігін қалай бағалайды?

4. Асыл тұқымды шошқа бастарының еттік қасиеттерін ұрпағына берушілігін қалай біледі?