Тіл біліміндегі жаңа бағыттардың қалыптаса бастауы. Кейбір тілдік теориялардың (Н.Хомский) тоқырауға ұшырау себептері


Н.Хомский тіл мен таным үдерістерінің тоғыса байланысуын талдай келе, бұл қандай қандай ілімдер жиынтығы? Бұл ілімдер жүйесі адам санасында қалай пайда болды? – деген сұрақтарға жауап іздейді. Н.Хомский негізін қалаған фразалар мен сөйлемдерді құрастырудағы морфемаларды тіркестірудің жалпы ережелері тіл біліміне маңызды өзгерістер әкелген құнды тұжырымдар қатарында бағаланып, универсалды, кейде генеративті грамматика деп аталды.

Н.Хомскийдің грамматикасы адамның тіл туралы білімін оқып – үйренуге, оның тіл үйрену қабілетін зерделеуге арналды. Ол адамзат психикасының туа біткен құрылымына қайта оралу негізінде тілді қатаң алгоритмдік жүйе деп қарастырды.

Е.М.Панина: Лингвистикалық  универсалийді  зерттеудегі  рационализм  мен  эмпиризм  атты   мақаласында  универсалий  табиғатын  зерделеу бүгінгі  күні екі  бағыттың  жүзеге  асуы арқылы  дамып  отыр  деп  атап  көрсетеді. Олар:1) рационалистік  бағыт; 2) эмпирикалық  бағыт.

Біріншісі  Н.Хомский  негізін  қалаған   генеративті  лингвистика  аясында  қалыптасса, екіншісі  табиғи  тілдердің  типологиясын   зерттеу  барысында  негізделді. Лингвистикалық  рационализмнің  маңызды  алғышарттарын  адамның сөйлеу әрекетін  түсіндіруге   мүмкіндік  беретін  адамзат  психикасының  туа  біткен  құрылымына  қайта  оралу, тілді  қатаң  алгоритмдік жүйе  деп  қарастыру, қажеттілікті  тіл  туралы  білімді   жинақтаудың   өзегі  ретінде  тану, дедуктивті  әдіс  пен  тілдік  талдаудың  формальді  сипатын  қолдану  сияқты  мәселелер  құраса, эмпиризм  үшін  кез  келген  туа  біткен  білімдерді  мойындамау, керісінше, зерттеу  нысаны  ретінде  нақты  тілдік  тәжирибелер  негізінде  айғақталған  фактілерге  зейін  қою, сөйтіп, индуктивті әдіске  сүйену  тән  болып  келеді деген  қорытынды  жасады.