Мағжан Жұмабаевтың тіл,ой,сана арқылы адамзаттың даму үдерісін сипаттауы


XX ғасырдың 20-30 жылдарында педагогика, психология саласында өзінің соны да сындарлы пікірлерімен көрінген ағартушы, ақын, жазушы, аудармашы Мағжан Жұмабаевтың орны ерекше. Ағартушы  Мағжан Жұмабаев «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілі», «Сауатты бол» т.б. оқулықтарын жазды.

Мағжан «Тәрбиядан мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, аса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлты бақытты» деп бала тәрбиесі мен ұлт мәселесін, ұлт тағдырын алға тартып отырады. Жан, яғни псхихика құбылыстары, соларға негізделген бала тәрбиелеудің жолдары, ғылыми негіздеріне де тоқталады.

Жан көріністерін былайша топ–топқа бөледі: білу яки ақыл көріністері, ішкі сезім, яки көңіл көріністері, һәм қайрат көріністері. Біз бір заттың яки көріністің сынын белгілейміз, заттар яки көріністер арасындағы байламды, яки айырманы табамыз. Бұл – ақыл ісі. Біз қайғырамыз, қуанамыз. Бұл – ішкі сезім ісі. Біз бір істі істемекші боламыз, бір мақсатқа жетпекші боламыз. Бұл – қайрат ісі». Ғалым «суреттеулерді жоғалтпай сақтай білуі ес деп аталады». Осылай деп есті төмендегі түрлерге бөледі:

  • 1) көру есі;

  • 2) есту есі;

  • 3) қозғалту есі яки мотор есі.

  • Осы естің түрлері сөйлеу әрекетінің механизмдерінің бірлігі: қысқа мерзімдік (оперативтік) және ұзақ мерзімдік есте сақтау қабілеті, ықтималдылық, болжау, ұғыну, ойлау тұрғысынан түсіндіріледі.