Құдайберген Жұбановтың тіл адамды, өмірді зерттеп танудың көрсеткіші екендігі жөніндегі пікірлері


1936 жыл Қ.Жұбановтың аса мол жемісті жылдарының бірі болды. Бұл жылы оның «Қазақ тілінің грамматикасы І бөлім. Жалпы морфология» деп аталатын кітабы жарыққа шықты. Осы еңбегінде ғалым: «Адам баласының табиғатында әуелі басқаны біліп алып, өзін кейіннен білу қасиеті бар .... Ежелгі дәуір адамдарының алдымен өзінен басқа заттарға ат қоятыны өзін сол басқаларға ұқсата атайтыны – өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге де әсер еткен...,- деп тұжырымдау арқылы тіл мен таным байланысы негізіндегі танымдық мәнбілерге ерекше мән берген.

Білім аясы кең, қазақ тілінің шын жанашыры болған Қ.Жұбановтың қаламына әдеби тіліміздің даму мәселелері де үйірілмей қалмады. Бұған бір–екі мақаласы куә. Оның бірі – «Абай қазақ әдебиетінің классигі». Бұл еңбегі аяқталмай қалған. Ол - Абай туралы жазылған тұтас кітаптың үзіндісі.

Қ.Жұбанов ұлы ақынның әдебиеттегі, қазақ әдеби тіліндегі орнын көрсетуді қолға алады да, мынадай тың пікірлерді айтады.

«Абайдың ақындығын былай қойып, тек әдеби тілімізді жасаудағы еңбегінің өзін алсақ та, онда ақымыз кететін түрі жоқ», өйткені Абай жалғыз қазақ емес, бүкіл Орта Азия «Күн Шығыс ислам мәдениетінің кірлі көрпесін қалың жамылып, көнерген қалыптан шыға алмай, әдебиет маңдайын жаңа арнаға бұра алмай араб–парсы өлең өлшеуінің қаңсығы таңсық көрінген» ХІХ ғасырда бірінші болып, сол араб–парсышылдықтан, шағатайшылдықтан бас тартып, таза халық тілімен жазып, ол жазғанын классик әдебиет үлгісінде шығарған адам, – дейді. Міне – Абайға берген Қ.Жұбановтың бағасы осы.