Тілдің универсалды табиғаты және когнитивтік лингвистика


Антропоцентристік парадигма өз шеңберінде лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, лингвопсихология сияқты  жаңа бағыттарға жол ашады. Антропоцентристік бағыттағы зерттеулер төмендегідей когнитивтік құрылымдарға ерекше мән береді : қабылдау, ойлау, тіл, есте сақтау т.б.

Адамның тілге, тілдің адамға өзара ықпал етуінен туындаған осы салалардың әрқайсысының өзіндік зерттеу нысаны, тәсілдері, қолданылу аясы бар. Қазіргі тіл білімінде әлеуметтік лингвистика (тіл мен қоғам арақатынасын зерттейтін сала), психолингвистика (индивидтің тұлғалық мінез-құлқы мен ұғымды қабылдау, оны санада өңдеу қасиеттерінің тілде көрініс табуы), лингвомәдениеттану (тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы негізінде ұлт мәдениетінің тілде сақталуы, тілде көрініс табуы, тіл арқылы ұлтты, оның мәдениетін таныта білу ерекшеліктері), этнолингвистика (тілдегі ұлттық бірліктердің мазмұны мен мәнін ұлттың тарихынан, халықтың рухани мәдениетінен, халықтың менталитетінен, халықтың шығармашылығынан іздеу) салалары тілді антропологиялық бағытта қарастыруда.