Когнитивтік әлеуметтанудың қарастыратын мәселелері


Когнитивтік әлеуметтану әлеуметтік тіл білімі мен когнитиктік лингвистика ғылымдарының қалыптасып дамуына ықпал жасады. Бүгінгі таңда әлеуметтік лингвистика тілдің әлеуметтік табиғаты мен қоғамдық қызметін, әлеуметтік фактордың тілге әсер ету тетігін, қоғам өміріндегі тілдің атқаратын қызметін зерттейтін ғылым. Когнитивтік әлеуметтану дегеніміз – жеке адамдар мен топтардың ойлау әрекетінде қалыптасатын, оның алатын әлеуметтік ерекшеліктерді зерттейтін ғылым саласы. Бұл бағыттағы алғашқы еңбек 1973 жылы А.Сикурелдің дайындауымен жарық көрген. 1997 жылы саясаттанушы Е.Зерубавел «Когнитивтік әлеуметтануға шақыру» атты жұмысында когнитивтік әлеуметтанудың синхронды негіздерін анықтау мақсатында төмендегідей мәселелердің зерттелу қажеттігін атады: жеке тұлғалардың ойлау әрекетіндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды түсіндіру, әлеуметтік конвецияларға талдау жасау, хабарды қабылдау барысында байқалатын әлеуметтік шарттарға назар аудару, жеке субьективті мәселелерге қатысты анықталатын талғам ұғымының анықтамасы, ерекшелігі, мағына мен мазмұн ұғымдарының типологялық және құрылымдық негіздерін оқып үйрену, аса құнды және қажет оқиғаларды, құбылыстарды не болмаса үдерістерді жадыда сақтаудың әлеуметтік ұстанымдарын зерттеу, уақыт, заман, қоғам мәселелерінің әлеуметтік даму шарттарын саралау.