Тіл – ойлау мен таным құралы


Ғаламдағы заттар мен құбылыстарға атау берумен қатар, олардың ерекшелігін танып білуде таным үдерісінің екі жолы мен оның қызметін зерттеушілер былайша түсіндіреді.: «Таным үдерісінің негізгі екі жолы бар. Біріншісі – сезім түйсіктерінің қызметі арқылы тану болса, екіншісі – ойлау арқылы жүзеге асатын логикалық таным. Бұл жолдың екеуі де бір – бірімен тығыз байланысты және бірін – бірі толықтырып байытып отырады. Егер алғашқысы біздің санамызға заттың на құбылыстың жалпы сыртқы пішіні мен ерекшеліктері туралы мағұлмат берсе, ойлау қабілетінің қызметі арқылы біз сол заттың қоғамдық не табиғи болмысын таным дәрежесіне көтереміз» ‑ деп таным үдерісінің күрделі құбылыс екенін Ә.Қайдаров атап көрсетеді.

Тіл білімінде танымдық бағыттың бастау көзі ғалымдардың атасы саналатын Аристотель, Платон, Әл–Фараби еңбектеріндегі тіл философиясынан алады. Мәселен, ғұлама ойшыл Платон «Кратиль» атты философиялық еңбегінде: «белгілі затқа таңылған атаулардың көмегімен қоршаған ортаны тану танымдық құрылымның төменгі сатысын ғана құрайды, ал бұл жүйенің ең жоғарғы сатысы тілдік құрылымдар арқылы көрініс табады» ‑ деп, тілдің таным құралы екендігіне ерекше көңіл бөлген.