«Ғалам бейнесі», «ғаламның тілдік бейнесі», «ғалам моделі» ұғымдары туралы түсінік


Ғаламның тілдік бейнесінің философиялық мәнін түсінуге арналған теориялық еңбектерде (Степанов Ю., Булыгина Т.А., Шмелев А.Д., Караулов Ю.Н., Кубрякова Е.С.) ғаламның тілдік бейнесінің түрлі белгілері көрсетіледі. Оның іргелі белгісінің бірі ретінде идиоэтникалық жүйесі аталады.

«Ғаламның тілдік бейнесі» күрделі ұғымдық құрылым болғандықтан, табиғатын ашып түсіндіруді әр зерттеуші өзіндік  тұрғысынан шешеді.

Ғаламның тілдік бейнесі дегеніміз – адамды қоршаған обьективті шындық. Ол танымға тәуелсіз өмір сүреді. Ал табиғи тіл біздің ғалам туралы біліміміз толық қамтып бейнеленген негізгі форма.

Көптеген ғылыми еңбектерде ғалам бейнесі ғаламның тілдік бейнесінің орнына қолданыла береді. Мәні бойынша бұл екі ұғым, екі нәрсе болғандықтан ажыратып қолдану қажет. «Ғаламның тілдік бейнесі» термині философия мен логикада Л.Витгенштейн енгізген. Қоршаған шындық болмыстың адам тілінде бейне құрап, адамның дүниені, әлемді көзі, тілі арқылы тани алатынын тұтас теория ретінде алғаш ұсынып, антропология, семиотика, лингвистикаға енгізген неміс ғалымы Л.Вайсгербер болатын. Ол мұны «ғаламның тілдік құрылуы» деп атады. Ғаламның тілдік құрылуы деп туған тілдегі барлық әрекет ететін бағытталған рухани энергия түсініледі, онда тілдік бірлестік арқылы ғаламның қайта құрылуы жүзеге асырылады.

Когнитивтік ғылым мен жасанды интелектінің маңызды ұғымы «ғалам моделі» немесе «когнитивтік моделмен» тікелей байланысты. Ғалам моделі – концептуалды табиғатқа ие құрылым. Ғалам  моделінде субъектінің ақиқат шындық туралы түсініктері, нақты деректер, оқиғалар туралы концептуалды білім тіркелді.