В.фон Гумбольдтың «тілдік әлемді қабылдау» тұжырымдамасының «аралық әлем және ғаламның тілдік бейнесі» деп қарастырылуы


«Адамның ойлау қабілеті тек тілдік базада көрінді» деген тұжырым – тілші В. Фон Гумбольдттан бастау алған ғалымдар мен философтардың ортақ танымы.Оның пікірінше, тіл – адамзаттың бүтін болмысы мен танымына енетін адами рухтың негізгі қызметі.

В.фон Гумбольдтың түсіндіруінше, әрбір жеке тіл – ұлттың тілдік санасында қалыптасқан нәтижесі, сол себепті тілдің қызметі қандай деген мәселеге, оның ішкі өмірінің қалай дамығанын, ұлттың рухани күшін, оның өзіндік ерекшелігін түсінбейінше, жауап беру мүмкін емес. Тіл мен рухани күштер бір-бірінен бөлек, бір-біріне жалғассыз дамымайды, олар бірлесіп зияткерлік қабілеттерінің  біртұтас қызмет әрекетін тудырады. Халықтың мінез-құлқын танытатын, оның барлық ерекшеліктері мен аса маңызды құпияларын тек тіл ғана білдіре алады.

В.Гумбольдтың тілдік формалар арқылы тілдің семантикалық өзгешелігін білдіретін тілдің ішкі формасы туралы ілімі этнолингвистиканың қалыптасуында өте маңызды болды. В.Гумбольдт ілімі кейін Бодуэн де Куртенэ, А.А.Потебня, В.Маслова, Ф. де Соссюр т.б. еңбектерінде, ХХ  ғасырда А.Уфимцева, А.Вежбицкая, И.Вайсгербер, В.И.Постовалова т.б. зерттеулерінде ары қарай дамытылды. Қазақ тіл білімінде этнолингвистика мәселелері Ә.Қайдар, М.Копыленко, Е.Жанпейісов зерттеулерінен басталады, кейін бұл бастама Ж.Манкеева, Б.Қасым, Ә.Ахметов, С.Сәтенова, А.Жылқыбаева, Р.Шойбеков, Б.Уызбаева, Қ.Аронов, А.Мухатаева зерттеулерінде жалғасын тауып кеңейтілді.