«Концепт» ұғымына қатысты ғалымдардың пікірлері


Когнитивтік құрылымның негізгі элементтерінің бірі – концепт. Қазіргі лингвистикада «концепт» термині көптеген пікірталастың өзегіне айналғаны, осыған байланысты бірнеше ғылыми бағыттар қалыптасқаны белгілі. Соған орай «концепт» терминіне берілген анықтамалар да алуан түрлі.

Дүниенің тілдік бейнесін ұлттық мәдениет контексінде қарастырған А.Исламның пікірінше: «Концепт дегеніміз – ұлттық дүниетанымның ықшам да, терең мағыналы дүниетаным құндылықтарын айқындайтын тілде көрініс тапқан күрделі бірлік. Әр ұлттың концептілер жүйесін дүниетаным құндылықтары құрайды. Концептілер бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір-бірінен туындап отырады. Әр қоғамның даму кезеңдерге сәйкес тіл мен мәдениет иелерінің абстрактілі концептілерді танып түсінуінде өзгерістер болғанымен, негізгі мәдени, дүниетанымдық мәні өзгеріссіз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады».