Метафора сана мен тілдің біртұтас, берік байланысын көрсететін танымдық үдеріс


Метафора сана мен тілдің біртұтас, берік байланысын көрсететін ерекше құбылыс. Ол ми қызметі, ой-сана мен мәдениетті тілдік шығармашылықпен біріктіретін эволюциялық танымдық үдеріс.

Метафора – ойлау мен танымның, дүние, өркениет, пен ғылымның дамып өркендеуімен тығыз байланысты құбылыс. Ол – үздіксіз дамудың тілдік көрсеткіші. «Әрбір тіл – күңгірттенген метафоралар сөздігі» деп белгілі француз ғалымы Жан Поль айтқандай, метафора тілдің барлық қатпарында көрініс алған, тілдің күрделі табиғатын, сөз құпиясын, сөз мағынасының жасалуын терең түсінуге жол ашатын таңғажайып феномен.

Тіл мен ойлау бір – бірімен тығыз байланысты. Ойлау тіл арқылы жүзеге асады , ойлауға тіл арқылы ғана талдау жасалады. Тіл – ойлауды, сананы қалыптастыратын, оны материалдандырып, жарыққа шығаратын, адамның ойлау дүниесінің жетістіктерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу құралы.

Тіл мен ойлаудың және болмыстың арасындағы күрделі қарым – қатынасты көрсететін метафора – тіліміздегі ерекше көп қырлы танымдық құбылыстардың бірі. Ол тілдің пайда болу, қалыптасуымен бірге өмір сүріп келеді.

Метафора құбылысы – ең алдымен адам ойлауының нәтижесі. Метафора тек ауыспалы мағына ғана емес, ол – өз бойына көптеген қасиеттер мен қызметтерді сыйғыза білген күрделі үдеріс. Метафора – сөздердің ауысуы мен өзгеруі ғана емес, ойдың бір–бірімен қарым – қатынасының нәтижесі.