Тілдік тұлғаның вербалды-семантикалық деңгейі


Тілдік тұлғаның өзінің болмысына сәйкес қалыптастырған, енгізген түрі, сөз саптауы, көзқарасы эталондық сипат дәрежесіне көшеді де, оның тілін зерттеудің арқауы бола бастайды. Бұл көбіне тілдік тұлғаның дәстүрлі вербалды – семантикалық деңгейінде байқалатыны даусыз. Осыған сүйенген ғалымдар тілдік тұлға көп қабатты және көп компонентті құрылымнан тұратын жүйе деп есептейді.  Ю.Н.Караулов тілдік тұлғаны үш құрылымдық деңгейден тұрады деп санайтыны белгілі:

1.Вербалды-семантикалық деңгей;

2.Когнитивтік деңгей;

3.Прагматикалық (мотивациялық) деңгей;.

Вербалды-семантикалық деңгейде тілдік тұлғаның күнделікті дәстүрлі тілді меңгеру деңгейі анықталады. Бұл деңгейге автордың өзіндік сөз қолданысы,  әртүрлі образдар көрінісінің қолданылу дәрежесі, тілдік тәсілдердің сонылығы, түр жаңалығы, семалар ерекшеліктері енеді. Бұл тілдік тұлғаның бастапқы таным көрінісін ашатын деңгей болғандықтан, ол кейде нөлдік деңгей деп те аталып, тілдік тұлғаның тілді қолдану ерекшелігі басым түрде әңгіме болады. Қ.Жаманбаева «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері» еңбегінде А.Байтұрсынұлы көрсеткен тіл толғау шарттарын осы деңгейге енгізеді: 1.Сөз дұрыстығы; 2.Сөйлемдерді орайластырып, құрмаластыру; 3.Тіл анықтығы; 4. Тіл дәлдігі; 5.Тіл көрнектігі. Бұл деңгейде, әсіресе, жекелік метафора мен мақалдар, қанатты сөздер, фразеологизмдер ерекшелігін қарастырған жөн. 

Тілдік тұлғаның қалыптасуына мына алғышарттар пайда болуы тиіс деп ойлаймыз: 1. Ұлттық тәрбие (отбасылық тәрбие); 2.Ұлттық тілдегі өлшемдер (қабылданған, қабылданбаған құндылықтар); 3. Мәдени ақпарат (салт-дәстүр, әдет-ғұрып); 4. Рухани сана (дін қағидалары); 5. Үлгі тұтатын тұлғалар (Абай, Шоқан т.б.); 6. Озық білім жүйесі; 7. Тектілік интеллектісі. Міне, осы қасиеттерді бойына жинаған индивид, саналы адам дәрежесінен тұлға одан әрі тілдік тұлға дәрежесіне көтеріле алады.