Концептуалдық талдау жүргізудің өзіндік ерекшелігі


Қаламгердің тілдік тұлғасындағы таным ерекшелігін, семантикалық өрісін ұлттық санадағы шынайы, ақиқат дүниенің құндылықтарын таңбалайтын кейбір концептілерге талдау жасау арқылы когнитивтік лингвистика шеңберінде зерттей отырып, Адам мәніне бойлай аламыз.

Осы бағыттағы концепт мәні қазақ тіл білімінде Н.Уәли, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Қ.Жаманбаева, А.Ислам, Г.Сағидолда, Э.Оразалиева,  Б.Нұрдәулетова, Г.Снасапова, М.Күштаева, С.Жапақов, Б.Ақбердиева, Б.Тілеубердиев, Ш.Ниятова, Ш.Елемесова, Г.Имашева, Ф.Қожахметова т.б. зерттеушілер еңбектерінде әр қырынан зерттеліп келеді.

Концептілік талдау арқылы нақты бір социумның лингвомәдениеттанымдық жүйесінде жинақталған дүниенің ұлттық сипат, ұлттық ерекшелік иеленген бейнесімен «жүздесуге» мүмкіндік аламыз. «Ұлттық өзіндік бейне» дейтін себебіміз әрбір этнос өзін қоршаған әлемді тек «өз көзімен» көріп, өзінің түсінігіне жақын мазмұнмен толтырады. Дүниені бағалаудығы өз ұлттық ерекшелігін белгілейді Тілдік семаның тілдік бірліктер арқылы берілетін рухани және материалдық құндылықтары тілдің барлық деңгейлерінде көрінеді.

А.Әмірбекова: «Сөздің сөздіктегі мағынасы концепт тудыра алады ма, жоқ па, ол контекстен немесе жалпы жағдаятынан байқалады. Концепт тудыратын сөздер жеке тұлғаның ой-өрісін айқындай алатын болуы керек. Көркем мәтіндегі концептіні айқындау үшін концептуалдық талдау жүргізу керек. Ол үшін, біріншіден, мәтіндегі тірек сөздердің (көп қайталанатын сөздер) тізбегін қалыптастыру керек. Екіншіден, олардың концептілік кеңістікті бейнелеу дәрежесін анықтау керек (бейне, символ, метафора, аллегория) Үшіншіден, осы кеңістіктің базалық концептілерін анықтау керек» дейді.