Концептуалдық талдау мақсаты


Концептуалдық талдау мақсаты – концептінің ақпараттық, мәдени, бейнелі маңыздылығын айқындау және оның концептосферасындағы (концептілік орта) бейнеленуін, яғни концептінің ментальді өрісін құрайтын компоненттердің суреттелуін анықтау.

Концептуалдық талдау – бұл концепт пен репрезентацияның (ішкі танымның) және олардың мазмұнының көріну тәсілі.Бірақ әзірге тіл білімінде бұл талдауға толық дәрежеде түсініп берілген емес.

Ғалым Б.Е.Хұсайынов: «Концептуалдық талдау барысында нені ескеру қажет? Алдымен концептінің көп компонентті екенін және білім өрісін, түсінік,ұғым, ассоциациясын, олардың ядролары мен периферияларын ескеру қажет. Мәтіннің концептуалдық кеңістігі концептінің ортақ қасиеттерінің топтасуы, бірігуі, бір-біріне тартылуы дәрежесінде ортақ семантикалық өріс құруынан көрінеді»,-дейді.

Р.М.Фрумкина концептуалды талдаудың 4 түрлі типін көрсетеді. Концепт талдау субьектісі ретінде түсіндіріледі:

1. Талдауға алынған материалға әр түрлі шығармадан контекст алынады. Мағынаны түсіндіруде автордың жеке тәжірибесі сол мәдениетті тасымалдаушы, философиялық дәстүрді тасымалдаушы ретінде таратылады.
2. Нысана ретінде пропозицияның модальды шылау, кванторлар предикатты лексиканың кейбір типтері алынады. Лингвистика дәстүріне сай тәсілдер қолданылады, мағына интерпретациясы негізгі назарға алынады.
3. Кез-келген кең контекссіз лексика алынады. Зерттеудің интроспекция тәсілі талдауға қолданылады, формаландырылған семантикалық метатілдегі концептерді түсіндіру жазбасы нәтиже болады.
4. Бағыты жөнінен айырмашылығы бар және мәдени, философиялық, не әлеуметтік жоспардағы жұмысты біріктіреді.