Тіл мен мифтің сабақтастығы


Миф – байырғы адамдардың күнделікті тұрмысы мен өмір тәжірибесінен туған таным-түсінігі, өмір салты, ішкі сезім – түйсігінің нәтижесінде қалыптасқан осы тұжырымға негіз беретін – тілімізде сақталып, мифтік мазмұн арқылы этнос болмысын танытатын тілдік деректер, мифтік сюжеттер.

Тіл  мен  мифологияны  сабақтастықта  қарауға ерекше көңіл  бөлген, өзіндік із қалдырған орыстың көрнекті ғалымы - А.А.Потебня. Ол  тілдік құбылыстардың тарихи негіздерінде мифтік түсініктер  мен  образдың трансформациясы жатыр, яғни  мифтік семантика сөздердің "ішкі формасында" деп есептейді. А.А.Потебняның тіл  мен ойлау, сөз  бен мифті  қамтитын символдық  теориясы  ерекше құнды.Оның мифтік теориясының  негізі – сөздің семантикалық қатарын тіл мен ойлаудың тұтас,кең құлашты контексінде  қарастыру  принципінде. Ол  өзінің "О  некоторых  символах в славянской  народной  поэзии" деген  еңбегінде мифті  зерттеудің символдық теориясының  тамаша үлгісін көрсеткен. Біздің тіліміздегі кез  келген сөз-символ. Өйткені  оның  астарында мифтік  мазмұн жатыр.

Кумулятивтік  қызметі арқылы тілдің  даму тарихында  сақталып қалған  тілдік  деректердің мифтік  мазмұнын  сана мен  тіл сабақтастығында зерттеу этномәдениет  саласында  жаңа өрістер ашуға, ұлттық танымдық  негіздерді анықтауға мүмкіндік  береді. Себебі әрбір ұлт өз  тілінің дамуына үлес  қоса  отырып, өздері  де  сол  тілмен  біте  қайнасып кетеді. Соның  нәтижесінде  қалыптасатын  ұлттық  таным  тілді  иемденуші халықтың  этникалық, азаматтық  тарихымен ұштасады.