Этнофразеологизмдердің пайда болу мотивтеріндегі ұлттық мәдени ерекшеліктер


Әрбір ұлттың және халықтың өзіне тән болмыс-бітімі, салт-дәстүрі, материалдық және рухани мұралары, ұлттық ерекшелігі – сол халықтың тарихи даму жолының көрінісі.

Тілімізде сақталып қалған көптеген халықтық атаулар мен көнерген сөздердің астарында этнографиялық мән, этнофразеологизмдер жататындығын Р.Сыздық, Н.Уәли, Г.Смағұлова сияқты ғалымдар өз зерттеулерінде тарихи, тілдік, мифтік, этнографиялық, танымдық мәліметтерге сүйене отырып, өз тұжырымдарын келтіреді.

Әр фразеологизмде мәдени ақпар беретін дағдылы қалыптасқан дүниетаным, ұлт ерекшелігі аңғарылады.Осындай ұлттық мәдени ерекшеліктерді қамтитын тұрақты тіркестерді талдап түсіндіру үшін оның ұлттық мәдени негізіне сүйену керек.

Шынында әр ұлттың мәдени ағымындағы тілдік құбылыстар тамырланып, қалыптасуы үшін оның көптеген алғышарттары мен салалары болу керек. Мәселен, 1.Қазақ халқының ең маңызды мәдени-ұлттық ерекшеліктердің бірі – жан-жақты қамтылған дәстүрлі мәдениет үлгілеріндегі дағдылы ұлттық рәсімдері.Халық ұғымында мұндай ұлттық рәсімдер түрлерінің әбден сақталып қалғандары ғана бүгіндері ұлт төлқұжатындай көрінеді және өзге ұлттардан бөлек мәдени айырмашылықтарын айқындайды.

Қазақ фразеологизмдері мәдени деректерінің тағы бір үлкен саласы – ұлттың адамзат тарихында жасаған интеллектуалдық рухани мұрасы. Бұл төл мәдениеттің өсуі мен гүлденуі, өркениет заманындағы ұлт тарихының бүкіл мәдениетін көрсететін философиялық көзқарасы, тарихы, әдебиеті, тілі. Аталған түп деректердің ауқымдылығы соншалық,олардың әрқайсысы фразеологизмдердің шығу тарихын зерделейтін жеке-жеке ғылым салаларына арқау болатын үлкен ұлттық мәдени қор. Бұған ежелден құлаққа сіңген фольклорлық мұрадан бастау алатын «жердің жарығын бітеу» - ертегідегі ситуация, «қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз тоңып», «тау өртеніп, тас жанған» сияқты эпостағы бейнелі сөз өрімдері, «қарағай басын шортан шалар»(Асан Қайғы), «қанды көбік жұтқызу» (Махамбет) – дейтін тарихы дәуір суреттеріне осындай образды тіркестер куә.Сондай-ақ, «қарағайды талға жалғау» (қулықпен амалдап бір нәрсенің ебін табу); мақтамен бауыздау», «жұмыртқадан жүн қырқу»(өте айлакер болу, өз пайдасын білу, ебін жібермеу); «айға шапты» (қолы жетпеске (әліне қарамай) ұмтылу); «қарағай басын шалу» (қилы заманға тап болу); «ақыр заман» (тар кезең,тіршіліктің соңы); «қара суды теріс ағызу», «су аяғы құрдымнан» (өлу) мағынасындағы тіркестер ұлт тарихының мәдениетін көрсететін философиялық көзқарас іспетті.