1941-1956 жылдардағы қазақ әдебиеті


XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезеңді қамтиды. Ол – Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдері.

Кеңес Одағының құрамында болған, Қазақстан халқы да 1941-1945 жылдардағы фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы соғысқа белсене қатысты. Бұл соғыс жалпы одақ және оның бодандығындағы халықтар үшін де ауыр кезең болды. Большевиктер өзінің тәуелсіздігінен айырылып қалмас үшін өзіне қарасты барлық халықтарды соғысқа жұмылдырды. Солардың қатарында қазақтар да соғысқа көптеп алынып, Қазақстан елі тұтас күйінде соғыс мүддесіне қызмет етті. Кеңес Одағының Еуропалық бөлігінен көптеген зауыттар мен оқу орындары, сол өңірдің соғысқа жарамайтын кәрі-құртаң, бала-шағалары Қазақстанға көшірілді. Оның үстіне өкіметке сенімсіздік көрсеткен біраз халықтар (шешен, неміс, кавказдық мұсылмандар, т.б.) жер ауып, осында келді. Бұлардың барлығы елдегі жағдайды ауырлатып, тұрғылықты халықтың күн көрісіне кері әсер етті. Ерлер майданға кетіп, жұмыстың ауыртпалығын әйелдер мен жас балалар көтерді. Соған қарамастан, коммунистік партияның үгітінің күштілігімен, одан бұрын да жылдар бойы адам санасына сіңірілген социалистік Отанды қорғау идеясы елді тік көтеріп, соғыста жеңіп шығу жолындағы іске жұмылдырды. Халықтық құлшыныстың күштілігі сондай, көп жерлерде (әсіресе, ауылдарда) жұмыс еңбек ақы төленбей атқарылды. Халық уақытпен де есептескен жоқ. Бейбіт құрылыс ісі тоқтап, елдің бүкіл экономикасы соғыс қажетіне ыңғайланып қайта құрылды. Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетінің мазмұнын да осы жағдайлар белгіледі.

Жауынгерлік тақырыбы қазақ әдебиетіне бұрыннан да жат емес еді. Қаһармандық эпос пен әр қилы жаулаушылық кезінде туған халықтық лириканың үлгілері де болған. Отызыншы жылдарда Отан қорғау тақырыбының кең қойылуы да қазақ әдебиетінде жаңа ізденістерге жол ашқан. Еуропада фашизмнің бас көтеруі, оның жаулаушылық әрекеттері кеңес елін сақтыққа үйретті. Шекараны берік күзету, ондағы сақшылардың ерлігі бүкіл кеңес әдебиетінде көтерілген. Қазақ әдебиетінде де шекара тақырыбына біраз шығармалар жазылды. Бірақ таныс емес өмірдің қыры мен сырын жетік білмеу қазақ қаламгерлерін онша биік табысқа көтере алған жоқ-ты. Алайда мынандай төтен соғысты қазақ халқы басынан кешірмеген-ді. Сондықтан жаңа дүниежүзілік соғыс жағдайында әдебиетті дамыту оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында жүруі керек болды.

Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетін қалыптастыруға қаламгерлердің барлық ұрпағы қатысты. Бұл кезде елде С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Ж.Хұсайынов, Ә.Әбішев, М.Хакімжанова әдебиет саласында құлшына еңбек етті. Т.Жароков, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин, Б.Бұлқышев, Б.Момышұлы, С.Омаров сынды ақын-жазушылар қолына қару алып, майданға аттанды. Бұлардың қатарына майдан газеттерінің беттерінде жарияланған жауынгер жырларымен танылған жаңа ұрпақ өкілдері С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев, С.Сейітов сияқты ақындар келіп қосылды. Халық поэзиясының өкілдері Жамбыл, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, тағы басқалары өздерінің отаншылдық рухтағы жыр-толғауларын шығарды. Қазақ әдебиетінің осы секілді әр тобынан құрылған қалам иелері бір мақсатқа жұмылып, әдебиеттің алдына соғыс шындығы қойған міндетті атқаруға кірісті.

Соғыс мерзімі бес жылға жуық уақытты қамтиды. Оның сұрапыл, алапат күйде өткені болмаса, тарих үшін бұл ұзақ мерзім емес. Оның сыры мен шындығын зерттеп, жаңа көркем туындылар жасау тұрғысында да ол мерзім жеткіліксіз. Сондықтан да соғыстың бес жылы ішінде қазақ әдебиеті іргелі үлкен шығармалар туғыза алған жоқ. Онда соғыстың алғашқы әсерінен туған ұшқыр өлең, публицистика, очерк сияқты шағын жанрлар өрістеді. Соғыс пен оның адам басына түсірген қасіреті жайлы ойлану, оны ерлікпен көтерген адамның жігер-қайратын бейнелеуге ұмтылыс кейін, соғыс шындығын ой елегінен өткізгеннен соң ғана жүзеге асты. 1950-1960 жылдары бұл тақырыпқа үлкен романдар мен поэмалар, жаңа лирикалық туындылар жазылды.

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап ұшқырлық танытқан әдебиеттің шағын жанрларының да өз алдына қойған міндеттері бар еді. Олар тұтқиылдан шабуыл жасаған фашизмнің екіжүзділігін, соғыста көрсеткен зұлымдығын әшкерелеп, елді оларға қарсы бүкіл халықтық күреске шақыруға үн қосты. Отанға берілгендікті, халықтар бірлігі мен ынтымағын, майдандағы күрес пен тылдағы жанқиярлық еңбекті жырлады. Мазмұны жағынан үгіттік сипатта жазылған ондай туындылардың халықты дұшпанға өшпенділікке тәрбиелеуге маңызы зор болды. Сөйте жүріп қазақ өлеңі азаматтық лириканың жаңа үлгілеріне бет бұрды. Ол кеңес адамдарының бойындағы азаматтық сезімнің шыңдалуын, майдандағы ерлікті нақты материалдар негізінде жырлау саласында жаңа ізденістер жасады. Бұл тектес шығармалардың бәрінде, әрине, әдебиеттің көркемдік міндеті мен талабы сақтала берген жоқ. Қаламгердің көбі бұрын әбден зерттеп, жазып жүрген етене тақырыптарын тоқтатып, төтенше тақырыпқа ден қоюға мәжбүр болды. Алайда мұның өзі де үлкен сабақ, тарих сабағы еді. Әдебиет қоғам мен дәуір алға тартқан осы міндеттер мүддесінен шығуға ұмтылып, жаңа бағытта ізденістер жасады.

Қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі, әсіресе, Мәскеуді қорғау кезінде 1941 жылдың күзінде Волоколамск тас жолы бойындағы ұрыста қазақстандық Панфиловшылар дивизиясының ерекше көзге түсуі қазақ әдебиетінің майдан тақырыбын жырлауына тың, мол мәліметтер берді. Қазақ ақындары Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген Тоқтаровтың, Мартбек Мамраевтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, тағы басқа панфиловшы 28 батырдың ерліктерін нақты деректерге сүйене жырлауға тырысты. Мұның өзі соғыс тақырыбын жалпылама жазбай, жеке адамның іс-әрекеті, ой парасаты, жеке басының сезім күйі арқылы көрсетуге бетбұрыс болды. Майдан өмірінің шындығын терең бейнелеуі, солдаттың ішкі сезім күйіне еркін де батыл үңіле алуы жағынан соғыстың ауыртпалығын бастан кешкен майдангер ақындардың шығармалары ерекше бағалы.

Әдебиеттің шағын жанрларының қатарында дәстүрлі өлеңге қоса, публицистика ерекше көзге түсті. М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Әбішевтің мақала түріндегі толғаныстары, әңгімелері мен очерктері халықты ерлік күреске үндеуде, майдан жауынгерлерінің батырлық істері мен тыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жедел суреттеуде көрнекті қызмет атқарды. Майдангер жас жазушы Баубек Бұлқышевтің әскери публицистикасы («Заман, жастар, біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», т.б.) жас жауынгердің жүрек тебіренісін бейнеледі. Туған елі мен жерін мейлінше беріле сүйген жас азаматтың отаншылдық сезімі де, дұшпанға деген кегі де, замандасына арнаған өмір туралы сыр толғаныстары да осы мақалаларда кең қойылды.

Әскери тақырыптың әр алуан жағдайын драманың шағын үлгілері арқылы бейнелеуге Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, Ғ.Мұстафин сияқты жазушылар қатысты. Олардың бір-екі актілі пьесалары колхоз, совхоз театрларында, көркемөнер үйірмелерінің сахналарында қойылып, елді қырағылыққа шақырды, дұшпанға өшпенділікке баулыды.

Соғыстың соңғы жылдары қазақ әдебиеті біртіндеп көлемді жанрларға қарай бет бұрды. Майдан батырларына арналған поэмалар туды. Олардың көбінде соғыс шындығы жеке адамның ерлігі туралы әңгімелерге негізделіп көрсетілді, үлкен жинақтаушылық сипатқа ие бола алмады. Солардың ішінен Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы ғана өзінің идеялық-көркемдік қуатымен үздік орынға ие болды. Қасым онда заман батырының бейнесін, оның өлмес рухын, отты тұлғасын тың суреттермен бейнеледі. Осы кезеңнің аяғын ала М.Әуезовтің «Абай» (төрт томдық эпопеяның бірінші кітабы), Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ батыры», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары жарық көрді. М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, С. Мұқановтың, Ә.Әбішевтің, Ә.Тәжібаевтың, Ш.Хұсайыновтың жаңа, көп актілі пьесалары театр сахналарына шықты. Оларда әскери өмірмен бірге, қазақ халқының өткен өміріне, жаңа қоғам құру жолындағы күресіне арналған шығармалар да болды. Соғыс кезінің ұранына сәйкес халықтық ерлікті фольклорлық сюжеттер арқылы танытуға ұмтылыс та байқалды.

Халық шаруашылығы экономикасының соғыс жағдайына лайық қайта құрылуы рухани, мәдени өмірдің кең көлемде дамуына мүмкіндік бермеді. Қазақстанда кітап басу ісі шағындалды, баспалар жабылып, бұл саладағы жұмыс бір баспаның (Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасы) қолына жинақталды. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», т.б. жастар газеттері, «Әдебиет және искусство» журналы жабылды. «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері шағын форматпен сиректеу ғана шығып тұрды. Бұл жағдайлар әдебиеттің дамуына белгілі дәрежеде ықпал етті.

Соған қарамастан, қазақ әдебиеті дәуір талабына үн қосып, жаңа тәжірибе жинақтады. Қаламгерлер тобы азаматтық жағынан шыңдалып, дүниежүзілік екінші империалистік соғысқа қатысқан елдер әдебиеттерімен бірге соғыс философиясын зерттеп, оған өз қатынасын білдіруге мүмкіндік алды. Бұл – басқыншылық соғысқа қарсылық, соғыс атаулыға қарғыс айту философиясы еді.

Соғыс тоқтасымен-ақ Кеңес елі бейбіт құрылыс ісіне кірісті. Соғыс бұзып талқандап кеткен халық шаруашьлығын қалпына келтіру елдің алдына үлкен экономикалық міндеттер қойды. Жаңа бесжылдық жоспар жасалды. Оның салмағын сұрапыл соғыстың өткелінен өткен азаматтар арқалауға тиіс болды. Партия әдебиеттің алдындағы міндеттерін де осы әлеуметтік істермен байланысты белгіледі. Соғыс ауыртпалығын өз бастарынан өткеріп келіп, бейбіт еңбекке араласқан адамның өмірі мен еңбегін көркемдікпен суреттеу талабы қойылды. Бұндай заманда қаһарманының ішкі сыры мен қалыптасу жолы да күрделі еді. Соғыста ұтып шыққанмен, оның бойында да, ойында да соғыс салған жарақаттың зардабы аз емес-ті. Ол соғыста құрбан болған жас тағдырлар мен жетім-жесір қалған жандардың, қираған қала мен селоның қайғысын қоса арқалады. Мұның бәрі кеңес елі азаматының ішкі сезім дүниесін байытты, оны өмірдің үлкен мектебінен өткізді. Өмір мен адамның арасындағы осындай қайшылықты қарым-қатынасты терең зерттеу жазушылардан әлеуметтік және философиялық көрегендікті, ой-пікір батылдығы мен суреткердің нәзік сезімталдығын талап етті.

Жазушыларды осы міндеттерді орындауға «дайындау» мақсатымен Коммунистік партия өзінің идеологиялық саясатын бірсыпыра қатайтып, соғыс кезіндегі әдебиет пен өнердің барлық саласындағы «бұра тартуларды» түзеуге көңіл бөлді. Осы мақсатпен 1946-1948 жылдар ішінде «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы», «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы», «Ұлы өмір» кинофильмі туралы», «В.Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы қаулылар қабылданды. Оларда одақтық әдебиет көлемінде орын алған «Кеңес шындығын бұрмалап көрсету», «Кеңес адамдарына жала жабу» театр сахналарында «Идеясыз, ұстамсыз» пьесалардың қойылуы, кинофильмдерде «Кеңес шындығының бұрмаланып көрсетілуі», музыкадағы «формалистік элементтер» қатты сынға алынды. Көркемдік шығармашылықтағы идеясыздық пен саясаттан тыс болуға тырысушылықты айыптады. Әдебиет пен өнер қызметкерлерін социалистік реализмге, партиялық принципке берік болуға шақырды. Осы қаулылардың негізінде Казақстан компартиясының орталық комитеті «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» (1947) деген қаулы алып, ескі мәдени мұраға сын көзімен қарамағаны, бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармалардың аздығы, қазақ халқы тарихының «бұрмаланғаны» үшін көптеген жазушылар мен ғалымдарды қатты сынға алды. Мұндай қаулылар Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы жайлы да, мектепке арналған қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтары туралы да алынды. Мұның соңын ала «Правда» газеті «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяңдалсын» (1950) деген мақала басып, «ұлтшылдық» қателері үшін көптеген тарихшыларды сынады. Бұл сындар мен айыптаулардың ақыры қуғын-сүргінге әкеліп соқтырды. Соның салдарынан Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Қ.Мұхамедқанов сияқты тарихшы және әдебиетші ғалымдар жау есебінде ұсталып, сотталды. Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Т.Нұртазин, Ә.Мәметов қызметтерінен қуылды. Мұндай қуғындаулар мен асыра сілтеулер коммунистік партияның жергілікті ұлттарға сенбеуінен, олардың ұлттық мүдделерімен есептеспей, күштеп ұстау саясатынан туындаған еді. Ұлттық интеллигенцияға ол артында бақылаушы барын мезгіл-мезгіл ескертіп қойып отырды, оны қорқытып ұстауға тырысты. 1937 жылдың қанды қырғынынан есін енді жия бастаған халықты сойқанды соғыстың от-жалынына шарпылдыртып, оны жеңіспен аяқтап, еңсесі тіктеле түскенде «ұлтшылдығын» тағы да есіне салған, партия тап осы саясатты көздеген еді. Аталған қаулылар арқылы партия ендігі жердегі идеологиялық жұмыстың бағыт-бағдарын айқындамақ болды. Бұл қаулылардың шектен тыс әпербақандығын, ондағы шығармашылық адамын қудалаудың фактілерін түсінген Н.С.Хрущев кезінде оған аздаған өзгертулер кіргізді. Ол «Ұлы достық», «Богдан Хмельницкий» және «Шын жүректен» операларын бағалауда жіберілген қателіктерді түзету туралы» (1958) деген қаулы қабылдап, алдыңғы қаулылардың қатаң тәртібін жұмсартты. Бұл да, әрине, Н.С.Хрущевтің демократтығынан емес, Сталиннен кейін интеллигенцияға жақсы көрінуге тырысуынан еді. Қазақстандағы «ұлтшылдықты» ол да көріп, оны «жөндеуге» Орталықтан басшылар (П.К.Пономаренко, Л.И.Брежнев) жіберіп, Қазақстан тыңын көтеру үшін Орталық Ресейден, Украинадан, тағы басқа жерлерден халықты жаппай көшіруді ұйымдастырды. Бұл республикада өзінің тұрғын халықтарының санының азайып кетуіне әкеліп соқты.

Еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі осындай қиындықтарға қарамастан қазақ қаламгерлері өзінің шығармашылық қызметін жалғастыра берді. Бұл тұстағы әдебиет кадрлары майданнан қайтқан, өмір тәжірибесін өтіп келген ақын-жазушылармен қатар, бірсыпыра жас таланттар есебінен толықты. С.Шаймерденов, А.Шамкенов, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, З.Қабдолов, М.Әлімбаев, Т.Бердияров, Қ.Шаңғытбаев, Ғ.Қайырбеков, Ә.Мәмбетов, т.б. осы кезде әдебиетке келіп, өздерінің болашағын таныта білді. 1954 жылы қыркүйекте Қазақстан жазушылары өздерінің үшінші съезін өткізді. Онда 1939-1954 жылдар аралығындағы әдебиеттің тәжірибесі, көркемдік табысы мен кемшіліктері талқыланды. Съезден кейін 1955 жылдың қаңтарынан бастап соғыс кезінде тоқтап қалған «Қазақ әдебиеті» газеті қайтадан шыға бастады. Қазақ әдебиеті дамуының кейінгі жағдайларына бұл съезд де, одан кейін (1954, желтоқсан) өткен Одақ жазушыларының екінші съезі де пайдалы ықпал жасады. Оларда өмірді тереңірек зерттеу, көркемдікке жетілу, әдебиеттегі түр мен стиль мәселелеріне бірсыпыра көңіл бөлінді.

Отызыншы жылдардан басталған қазақ әдебиетінің қарқынды бет алысы бұл кезде бірсыпыра есейіп, идеялық-көркемдік мектебінен өткен еді. Әдебиеттің тұтқасын ұстаған аға таланттар ұрпағы қалыптасты. Осылардың шығармашылық ізденісі арқасында қырқыншы жылдардың екінші жартысында-ақ ұлттық әдебиетіміз үлкен-үлкен шығармалар туғызды. М.Әуезовтің «Абай» романының екінші кітабы (1947), С.Мұқановтың «Ботакөз» болып өңделіп қайта басылған романы («Жұмбақ жалау») мен «Сырдариясы» (1948), Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» (1949), Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» (1948) қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтіп, оны одақ оқырмандарына, сол арқылы дүние жүзі көлеміне шығарды. 1948 жылы Мәскеуде КСРО Жазушылар одағының пленумында қазақ әдебиетінің жағдайы талқыланып, сонда А.Фадеев оны «профессионалды үлкен әдебиет болып бүкілодақтық әдебиет дәрежесіне көтерілген және сол арқылы дүниежүзілік аренаға шыққан әдебиет» – деп бағалады. Одақтық әдебиеттің басшысы «Абай», «Миллионер», «Сырдария» жөнінде өте жақсы пікірлер айтты.1949 жылы «Абай» романына бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. Аталған шығармалар арқылы осы дәуірден бастап проза қазақ әдебиеті жанрлары ішінде алға шықты. Романдармен қатар, прозаның шағын жанрлары өрістеді. Тың игеру ісіне байланысты очерктер көптеп туды.

Қазақ поэзиясы бұл дәуірде өзінің заман талаптарына елгезек қарайтын әдетімен соғыстан кейінгі бейбіт еңбек тақырыбын жырлауға белсенді қызмет етті. Қазақ өлеңі көркемдік салада іздене жүріп, еңбектің қоғамдағы рөлін, еңбек адамының бейнесін, сол арқылы жаңарып жатқан өмірдің жарқын суреттерін ашуда бірқатар табыстарға жетті. Қазақ лирикасының да өсіп жетілгені осы тұс. Шағын лирикада қазақ ақындары отансүйгіш сезімді, адамның ішкі байлығын, табиғаттың жарқын көріністерін суреттей алуға көтерілді. Бұл салада Ғ.Ормановтың, Қ.Аманжоловтың, Ж.Саинның, С.Мәуленовтің, М.Әлімбаевтың табыстары әжептәуір. Поэзияда көркемдік-бейнелеу амалдарын жетілдіру, өлең техникасын жаңарту саласында да жаңа ізденістер байқалды.

Бұл жылдары поэма жанры да өркен жайды. Соғыс салған жараны еске алу, бейбіт еңбекке көшудің проблемалары, қоғамдық өмірдің жаңалықтары мен жаңа адамның бейнесін жасау қазақ поэмасының тақырыптық ауқымын кеңейте түсті. Сюжетті лирика-публицистикалық поэмалардың жаңа үлгілері туды. Драмалық тартысы күшті, өмір шындығын кең суреттеген өлеңді романдар жазылды.

Қазақ драматургиясы саласындағы ізденістердің бағыт-бағдары да сол дәуірдің міндеттерінен туындады. Қоғам өмірі мен адам тағдырындағы қайшылықты күйлерді дәл танып, шығармаға тартыс есебінде пайдалану, сол тартыста жеңіп шыққан еңбек адамының биік рухың бейнелеу драматургияның негізгі беталысын белгіледі. Оның үстіне, 50-жылдардың бас кезінде «тартыссыздық» теориясының сыналуы, өмірде тартыстың барлығын мойындау сол тартыстың әлеуметтік сипатын тану жолындағы ізденістерге бастады. Ұлттық драматургияда өнімді жұмыс істеген Ә.Әбішев, Ш.Хұсайынов, Ә.Тәжібаев сияқты қаламгерлердің шығармаларында бұл саладағы ізденістер айрықша танылды.

Әдебиет сыны мен әдебиетті зерттеу ғылымы үшін бұл дәуір аса бір қиын әрі күрделі кезең болды. Партияның идеология саласындағы қаулылары, космополитизмге қарсы күрес, ең алдымен әдебиет пен өнердегі «бұрмалаушылықтардың» бәрін сын мен ғылымнан көрді. Қазақ әдебиетіндегі «ұлтшылдықты» әшкерелемей отырған да сын мен ғылым боп шықты. Сондықтан да Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси-өрескел қателіктер туралы» қаулысы қаһарын сын мен ғылымға төкті. Институт директоры, белгілі сыншы-ғалым Е.Ысмайылов орнынан алынып, партиядан шығарылды, кейін тұтқынға алынды. Мәдени мұраға сын көзімен қарамағаны, Шортанбай, Мұрат, Дулат, Нарманбет, Мәшһүр-Жүсіп, Сұлтанмахмұт сияқты «ескішіл», «алашордашыл» ақындарды мадақтағаны үшін көптеген ғалымдар мен әдебиетшілер сынға ұшырады. Бұл жағдай «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыда баяндалсын» (1950) деген мақаласына ұласты. Онда Кенесары қозғалысын ұлт-азаттық қозғалыс деп бағалаған тарихшы Е.Бекмахановтың көзқарасы сынға алынды. Көтеріліс Кенесары қозғалысын өз мансабы үшін күрескен монархистік қозғалыс деп жарияланды. Тарихшыларға қоса, әдебиеттегі Кенесары туралы жырларды зерттеушілерге кінә артылды. Абай мектебі «буржуазиялық ғылым» есебінде жоққа шығарылды. Мектеп оқулықтарындағы қателіктер туралы, Қазақстан Жазушылар одағындағы ұлтшылдық қателіктер туралы арнаулы қаулылар қабылданды. Осылардың нәтижесінде қазақтың аңыз әдебиеті тарихының көп шығармалары ескішіл деп жарияланып, оларды оқуға тыйым салынды. Батырлар мен эпос кейіпкерлері шыққан тегіне қарай жіктелді. Қобыланды, Алпамыс – байдың балалары, байларды қорғаған батырлар, Төлеген – бай баласы, Қыз Жібек – хан қызы ретінде бағаланды. Қазақтың бай эпосынан кедейдің ішінен шыққан Қамбар батыр мен тазша бала жайлы ертегілер ғана халықтық деп танылды. Осы саладағы асыра сілтеудің нәтижесінде Е.Ысмайыловпен бірге, тарихшылар Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, әдебиет-зерттеушілер Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхамедқанов тұтқынға алынып, ұзақ мерзімге сотталды. Қ.Сәтбаев Ғылым академиясының президенті қызметінен босатылды. Вице-президент С.Кеңесбаев орнынан алынып, Қызылордаға жер аударылды. М.Әуезов Ғылым академиясы мен университеттегі профессорлық қызметінен қуылып, бой тасалап Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. А.Жұбанов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Ә.Мәметов, Ә.Қоңыратбаев жұмыстарынан босап қалды. Жазушылар одағы жүйесіндегі «ұлтшылдық қателері» үшін одақтың төрағасы С.Мұқанов орнынан алынып, Ә.Тәжібаев, Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин сияқты ақындар партиялық жазаға тартылды. Осындай жағдайда әдебиет сыны мен әдебиет зерттеу саласынан ғылымдық пікір күтудің өзі де қиын еді. Газет-журнал бетіндегі мақалалар сынау мен әшкерелеу сарынына құрылды. Олар көрнекті қаламгерлер мен ұлттық мұраға қарсы қоғамдық пікір туғызды. 1953 жылы «Халықтардың көсемі» И.В.Сталин қайтыс болмағанда, Қазақстанда 1937 жылдың қайғылы оқиғалары қайталануы ғажап емес еді. И.В.Сталиннен кейін Н.С.Хрущев жеке адамға табыну кезіндегі заңсыздықтарды сынап, демократияға жол ашуға тырысты, әдебиетте «жылымық» аталған коммунистік идеология режимін жұмсарту науқаны туды. Қазақстанға жіберілген П.К.Пономаренко, Л.И.Брежнев мұндағы идеологиялық асыра сілтеулерді қалыпқа келтіруге көмектесті. Сотталған әдебиетші, тарихшы ғалымдар қайтып оралды. Қ.Сәтбаев Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланды. Академия мүшелері А.Жұбанов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, тағы басқалардың, барлығының құқығы қалыпқа келтіріліп, өз қызметтеріне кірісті. Әдебиет сыны мен зерттеу саласында жаңа еңбектер туа бастады.

Соғыстан кейінгі дәуірдің әдебиеті осындай қиындықтарға қарамастан, барлық жанрда ізденіп, кемелденуге аяқ басқан әдебиет болғаны дау тудырмайды. Қазақ қаламгерлерінің таңдаулы туындылары бүгінгі заман мен тарихи тақырыпты қатар жырлауда едәуір табыстарға жетті. Олар одақтық оқушылар сынына толып, шетелге танымал бола бастады. Бұл салада аға буын ақын-жазушылардың таланты мен тәжірибесі жетекші рөл атқарды. Оларға ерген ұрпақ та байсалды ізденіс танытты. Мұның бәрі қазақ әдебиетінің әлемдік даңқын көтерген жаңа әдебиетті жасаудың алғашқы адымы болатын. Әдебиеттің бұл саладағы ізденістері мен табыстарын жанрлардың дамуынан анық көруге болады.

Қалыптасқан әрбір жанрдың өзіндік қасиет, сипаттары болатыны белгілі. Осы жанрлық өзгешеліктер көркем очеркте де бар. Ол қашан да нақтылы құжаттарға, статистикалық мәліметтерге, фактілерге сүйеніп отырады. Көркем очеркте өмір шындығы басқа жанрлардағыдай «ойдан шығарылмай» сол қалпында берілетіндігімен ерекшеленеді. Ақын, жазушы көркем шығармаларында өмір құбылысын, адам образын өмірде көрген қалпында бұлжытпай, еш нәрсе қоспай суреттей алмайды. Ойланып, толғанып шығармашылық фантазиясынан өткізіп, өмір шындығын бір идеяға бағыңдырып барып жазады. Ал көркем очеркте өмір шындығын мүмкіндігінше сол қалпында беріп, автор-фактіден ой түйіп екшеп шығаруға тырысады.

Соғыстан кейінгі жылдардағы көркем очерк табиғи шапшандығымен, оралымдылығымен, өмірге тікелей араласатын белсенділігімен көрінді. Сұрапыл соғыс дауылынан шығып, бейбіт өмірдегі жаңа қарым-қатынастар үздіксіз суретке түсіп жоғары дәрежеге көтерілді.

Соғыстан нығайып, есейіп шыққан ақын-жазушылар көркем очерктің негізгі нысанасы етіп өмір, өмірді алға апарушы адамдар туралы жазды. Ол кездегі көркем очерктердің негізгі тақырыбы еңбек адамдарының қалыптасу процессі, өздерін өмірдің, дүниенің иесі деп таныған идеясы әр саладағы адамдардың образын бейнеледі. Баспасөз беттерінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сол кездегі идеологиялық жұмысқа мәдениет мәселелері, ғылым, бесжылдық жоспарларының орындалу жолындағы істері төл тақырыпқа айналды. Бұл кезеңде көркем очерк едәуір адым жасап, дәстүр тұтуға тұрарлық көркемдік табыстарға қол жеткізді.

Республикалық, облыстық басылымдарда бейбіт өмірдің ардагерлері туралы портрет очерктері жиі көріне бастады. Мысалы, 1946-1950 жылдар аралығында «Әдебиет және искусство» журналында елуге жуық көркем очерктер басылып шыққан.

Соғыстан кейінгі кезеңде өздерінің ерен еңбегімен еленген Ыбырай Жақаев, Мұхтар Кітапбаев, Нәйла Базанова, Бәшіп Нұрмағамбетов, Түсіп Күзембаев, Қартабай Атшабаров, тағы басқалар туралы очерктер көптеп жазылып, бейбіт өмір, еңбек әуені мадақталды.

Жұмағали Саинның «Бірінші рангалы кен директоры» очеркінің кейіпкері Түсіп Күзембаев–Қарағандының әйгілі шахтері, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған танымал азамат.Екі заманның куәсі болған қаһарманды жазушының өмір тарихының кезендерінің салыстыру арқылы бере отырып, кешегі мен бүгінгінің айырмашылығын ажыратып берген тұстары ұтымды шыққан.

Қапан Сатыбалдиннің «Кетпенді адам» очеркі де тәуір, қатардағы күрішшіден колхоз председателіне дейін өскен Қашақбай Пірімовтің еңбек, өсу жолдарын сатылап, сабақтастыра баяндаған. Жазушы Қашақбай бейнесін: «Қашақбай топ жарып сөйлеп үйренген шешендердей көсіліп, құлшынып сөйледі. Бұлардың бәрі де күнде көріп жүрген.адамдар. Бәрін де таниды. Әркімнің қылығы да, құлқы да оның алақанында. Қашақбай қара томпақ тілімен мақалдай сөйлеп, әркімнің өз қылығын бетіне былш-былш ұрғанда талай бастар төмен тұқырды, талай көздер жерге қарады» [5,109 б], -деп сомдайды. Осы тұстан жан-жақты ұйымдастыру өнерімен танылып, соғыс уақытында тылдағы ауыр-еңбек дәмін татқан, талай сәтсіздік, қиыншылықтарды бастан өткізген адам келе-келе барлық жағынан өскен кейіпкер бейнесімен әдемі түйін тапқан.

Соғыстан кейінгі кезеңдегі көркем очерктердің идеясы кеңес адамдарының ержеткен, өзін-өзі өмір, дүниенің иесі деп таныған қаһармандар ретінде көрсетеді. Қарапайым адамдар өздерінің совхоз, колхоз өндіріс орындарына жауапкерлік, жанашырлық танытып отырған. Қазыбек Сүлейменовтің «Сайрам даласында» атты очерк қаһарманы қарт Шермет әңгімесін, кеңесін «Біз», «Өзімізден» деп сөйлейді. Қарт кешегі мен бүгінгісін, бары мен жоғын салыстыра келе айналасындағы өмірмен тығыз араласып отырады. Шермет қарт жаңа салынып жатқан ауыл үйлеріне өз үлесін қосып, салысып, басы-қасында жүріп, бүкіл ауданның жай-жапсарын біліп, барлық жағдай жақсы болса деген үлкен тілек үстінде көрінеді. Бұл очерктен Сайрам даласындағы әрбір адам өз үйінің маңайынан, өмір ағымынан тыс қалмайды, жаңа өмірді жасауға, үздіксіз өсіп отыруға талпынған ілгері басып келе жатқан ауыл адамдары жан-жақты көрсетіледі. Осы жаңа адамдардың бейнесі соғыстан кейінгі очерктердің көбінен көрініп, дәуір очерктері туған.

Ғали Ормановтың «Бір колхоз өмірінің дастаны» атты очеркінде Ақмола облысындағы «Қызылту» колхозы председателі Әкімжан Назаровтың нақты образы жасалған. Жазушы колхоз председателін аудан орталығында көріп әңгімеге тартады. Назаров автор берген сұрақтарға тек бірге істейтін ауылдастарымен жауап беретінін айтады. Қырман басында, колхоз қонысында, егіншілер арасында, мал ішінде басшымен жазушы еріп жүріп сол колхоздың өміріне қанығады. Колхоз председателі Әкімжан Назаров характерінің өзін-өзі ашуына жағдай жасаған автор бас кейіпкердің өмірге көзқарасы, түсінігін сәтті ашқан. Әңгімеші рөлінде автор болса, баяндаушы оқиғаларға араласушы қаһарман өз істеріндегі жетістік-кемшіліктерін осы Әкімжан атынан баяндайды.

Ғабиден Мұстафиннің «Жезқазған» очеркі 1946 жылы жазылған, бірнеше бөлімнен тұрады. Жазушы очерктің бірінші бөлімінде ерте кездердегі Жезқазғанға ағылшын Нобель келіп, ақ шатырын құрып, әр жерден бірнеше шахта ашқанын Кешекбай қартты сөйлету арқылы баяндайды. Қылшылдаған жиырма бесінде Кешекбайдың ағылшын алпауыты Нобельдің қарауында өксіген өмір кешкенін, сол өмірдің бір күнін суреттеу арқылы жазады. Қаһарман өмірінің реалдық болмысын былай суреттейді: «-Бауырларым-ау - деп Көшекбай екеуін сүйемелдеп тұрғызды да, қапсыра құшты. Жел өтінде өз үстіңдегі қырық жамау шоқпыт шапан әзір құрғақ болса да, панасы аз, бөстегі тоқтышақтың терісі ғана кеудені өкпек желден қорғап тұр. Өзге дене мұздап барады. Сұрапыл өкіре түседі. Көшекбайдың іші жылап сала берді бір кезде» - деп күнкөріс үшін жанталасқан, аласұрған қазақ жұмысшыларының өлмегеннің күнін көргені барынша әділ сипат тапқан.

Очерктің келесі бөлімдері соғыстан кейінгі Жезқазған өңіріндегі шахталардың жайы туралы. Жазушы өзі шахтаға түсіп, Өмірхан сияқты инженерлер, Зейнолла, Балмұқан сияқты кеншілермен танысып, еңбектегі табыстары жайында сыр шертеді. Жезқазған кенінің сол кездегі тынысы, инженер Әнуар мен Өмірханның алға ұмтылысы, мыс өндірудің жаңа әдістерін меңгеруге талпыныстары, өмір, мәдениеттен де хабардар ғана емес, жақсы таныс екендігі туралы былай дейді: «Өмірхан бүгінше шахтаны басқарады. Үйіндегісінен шахтада болуы көп. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, жұмысшылармен көп сырласатын инженер. Әнуардан мұның өзгешелігі - қазақ көркем әдебиетімен жақсы таныс», - деп кейбір романдардан монологтарды да жатқа соғатынын айтады. Очерктің соңғы тарауын қазақтың көрнекті ғалымы, геолог Қаныш Сәтбаевтың есімімен байланыстырған жазушы Жезқазғанның өткен-кеткен тарихын, жарқын болашағын да осы ғұлама ғалыммен бірге шартарапқа кеткен даңқын, түсті металлургиясын, ұлт кадрларының сол кездегі жетістіктерін терең дәріптейді.

1945-1950 жылдардағы очерктік шығармалар туралы ф.ғ.д., профессор Ш.Сәтбаева былай дейді: «Республиканың өндірістік өмірін көрсетуге арналған әңгіме, очерктер сан жағынан монологымен бірге, идеялық, көркемдік жағынан да жетіле түседі. Ғ.Мұстафиннің «Жезқазған» жайындағы очерктері, С.Омаровтың «Балқашы», И.Шуховтың соғыс жылдарында құрылған болатшылар қаласы, Теміртау туралы очерктері, Ғ.Мүсіреповтің «Тарландары» және басқа да сол сияқты көптеген әңгіме, очерктердің тууы -партияның совет әдебиеті алдына қойған зор міндеттерін, әсіресе, бүгінгі күннің тақырыбын көтеру міндеттерін қазақ прозаиктері терең түсінгенін және бұған өздерінің творчестволық еңбектерімен жауап беруге тырысқанын көрсетеді», - дейді. Расында да жоғарыдағы очерктер құжаттық нақтылығымен, публицистикалық сипаттарымен -ерекшеленеді, сол кездегі кеңес адамдарының соғыстан кейінгі ерлігінің елесі, сол ерлікті насихаттаудағы мәнін қарапайым жұртшылыққа түсіндіруде үлкен рөл атқарады.

Соғыстан кейінгі очерктерде суреттелетін оқиға, фактілер, адамдар образдары, олардың сипаттары отызыншы жылдардағы очерктерден мүлдем басқаша. Отызыншы жылдардағы шығармаларда қазақ тұрмысына енген өзгерістер, жаңалықтар, жаңа пайда болған социалистік қарым-қатынастар өткен өмірмен салыстырылып беріледі. Ал соғыстан кейінгі жылдардағы публицистикада сол күнгі шындықты, адамдардың рухани және материалдық байлықтарын суреттеу жағы басым.

Жұмысшы табының қараңғы жоқшылықтан өндірістің алдыңғы материалдық тұрмыс жағдайы ғана емес, рухани жан дүниесіде ашылады. Очерк жанрының көркемдік жағынан бір адым ілгері дамығанын осыдан көруге болады.

Соғыстан кейінгі бесжылдықтың алғашқы жылдарында қазақ очеркшілері соғыс кезінде, соғыс уақытында да ерен еңбек көрсеткен теміржолшылардың өмірі мен істері осы шағын жанр шығармалары арқылы суреттелді. Негізінен, Ы.Тныкиннің «Темір жол түлектері», «Жол күзетіндегілер», «Уақыттан озғандар», С.Бегалиннің «Диспетчерлер» очерктері жоғарыдағы мақсатпен жазылған.

Ы.Тныкиннің «Темір жол түлектері» очеркі темір жолда істейтін таңдаулы адамдарға арнап, олардың еңбектірінің ерекшеліктерін жан-жақты ашқан. Орденді теміржолшы Ғаббас Смағұловтың басқаруымен үш күн бойы боранға қарамастан поезд жол қозғалысын қамтамасыз еткен теміржолшылар ерлігі мен істеріне тәуір-ақ түсінік береді.

1950-інші жылдардың басында дүниеге келген С.Шәймерденовтің «Қуаныш», Қ.Жармағамбетовтың «Бетпақдала дәптерінен», Ғ.Ормановтың «Жол» атты очерктік туындылары сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы адамдарының қажырлы еңбегі мен тұрмысы жайлы.

Сафуан Шаймерденовтің «Қуаныш» очеркі Алматы облысы, Ұзынағаш селосыңда ашылған ауыл шаруашылығы турасында. Очерктің көркемдік бояуы оның идеясының тереңдігіне сай болып шыққан. Ондағы бөлек-бөлек эпизодтар мен кейіпкерлердің іс-әркеттері өзара қабыса байланысқан. Ұзынағаш селосындағы еңбек адамдарының жасампаздығы, егіншілік шаруашылығындағы қиыншылықтары шынайы суреттелген. Очерктегі Сәкен Тәнекеев, Николай Чукуров, Бейсекбаев, тағы басқа образдар ауыл шаруашылығында кездескен зор қиыншылықтармен күресте өсіп, шынығады. «Осы бір тым сүйкімді, бала кескінінде аздап безеу дағы, бұйра шашы, тез сөйлегіш, ашаң да жас жігітпен біз Алматыда кездескен едік. Таныса келе бірімізді-біріміз білетін де болып шыққанбыз. Ол 1952 жылы Қазақ университетін көңілдегі жерден бітірген уақытта осы Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған екен. Ол бізді ақжарқын да кішіпейілділігімен, қоғамшыл, істің жетістік, кемшілігін тез аңғарып, дұрыс баға бере алатындығымен, жас болса да ысылып іскерленіп қалғандығымен өзіне тартқан еді», - деп өмірге жаңа араласқан жас басшыға тән ынталық, байқағандарының бәріне тереңдеп үңілуге тырысатын мінезін суреттеген очеркші қайнаған ортада алуан түрлі адамдармен араласуда шынығып, ширыға түсіп, өмірді терең тануға талпынысын дұрыс қорытындылаған.

С.Шәймерденов Тәнекеев бейнесінде соғыстан кейінгі кезеңдегі партия қызметкерлеріне тән сипаттарды типтендіруге тырысқан. Партия ісіне адалдық, отанға сүйіспеншілік, берілген қызметке жауапкершілік, моральдық тазалық – Сәкеннің бейнесінде көрініс тапқан және еңбектес жолдастары, жұмысшылардың да бойынан осы сипаттар көрінеді. Сәкен образын жазушы жеткілікті дәрежеде даралай алған, демек оны реалистік образ қатарына жатқызуға болады. Бұл шағын шығармадағы кейіпкерлер еңбек сүйгіштігімен, жайдары мінезімен, парасаттылығымен, үлгілі тұрмысымен тәуір дараланған.

Соғыстан кейінгі жылдары тек очерктерден құрастырылған жинақтар, кітаптар шығарылу жолға қойылды. Бұған 1950-жылдардың басында шыққан.

С. Мұқановтың «Саяхаттар», Ә.Нұршайықовтың «Алыстағы ауданда», Ғ.Слановтың «Бес жылдық өрендері, М.Иманжановтың «Азамат мақтанышы» кітаптарын атауға болады. Сәбит Мұқановтың «Саяхат» кітабының атынан көрініп тұрғандай, жазушы Қазақстанның көп жерлерін аралап, дала, кәсіпорын, колхоз, совхоздардың соғыстан кейінгі тыныс-тіршілігінен, жинақтық мазмұнда мағлұмат бере отырып, еңбек адамдарының қол жеткізген табыстарын ортаға салған. Жазушының «Каспийге саяхат», «Арқаға саяхат», «Алатау төңірегінде», «Украинаға саяхат» жол-сапар очерктердің желісі сол жерлердегі көрген-білгендері, шаруашылық, мәдени жетістіктерді тілге тиек етеді.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңдегі шығармалардың қаһармандары соғыстағы еңбек майданында шыныққан адамдар туралы болып келді. Бұл кезең шығармаларындағы негізгі мотив - коммунизм орнату жайындағы бейбіт еңбек шынайы суреттелген. Бұл мотивтің суреттелуі әр очеркте әр түрлі, әрине, мұның негізі материалдық нақтылығы, очерктің оны зерттеу дәрежесі, жазушының көркемдік тәсілдерді пайдалану ерекшеліктеріне де байланысты. Соғыстан кейінгі жылдарда жазылған очерктердің басым көпшілі.