1.1.1941-1960 жылдардағы қазақ прозасы


Қазақ романының жаңа бой көтеруі 1942 жылы М. Әуезовтің «Абай жолы» атты төрт томдық эпопеясының алғашқы кітабының жарық көруінен басталды. Бұл – әуелде «Абай» деген атпен жоспарланған екі томдық романның бірінші кітабы болатын. Роман Ұлы Отан соғысының от-жалыны өршіп тұрған шағында жарық көрді. Саясаткерлер соғыс тақырыбына арналған прозалық еңбекті күтіп отырған заманда, бұған керісінше, тарихи тақырыпқа жазылған роман партия басшылығын бәлендей қуанта қойған жоқ. Олар романның жоспарына, негізгі идеялық-көркемдік нысанасына ой жіберіп жатпай-ақ, ондағы ру таластарына, Құнанбай заманының өктем қылығына мән беруге тырысты. Алайда, шын әдебиет сүйетін қауым романды жылы қабылдады. Оған Ғ.Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» атты мақаласы (1943) куә. Жұрт романның жалғасын күтті.

1945 жылы Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары басылды. Қазақ халқы өмірінің жаңа кезеңдерінің шындығын тануға ұмтылыс жасаған бұл шығармалар көркемдік ізденістері жағынан да, өмірді тақырыптық қамтуы жағынан да әр қилы болатын.

Ғ.Мұстафин романы өмірде болған нақты адам мен оның еңбегі жайлы деректі материалдарға сүйеніп жазылған. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұратын, Ұлы Отан соғысы кезіндс жанқиярлық еңбек етіп, тарының гектарынан 1232 пұт өнім алып. дүние жүзінде болмаған рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің есімі ол кезде әлемді шарлап кеткен еді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының Президенті Т.Д.Лыссенко тарышы қартқа телеграмма жолдап: «Сіздің телеграммаңызды алғанда, нанар-нанбасымды білмей көп сенделдім. Ең білдім деген ғалымдар гектарынан 200 центнерден артық астық алу мүмкін емес дегенге бекінген еді. Бұл – жай айтылмаған. Өсімдіктер күн қуатын бойына қанша сіңіре алатындығын есептеп барып айтылған болатын. Сіз осы есептен асып түсіп, егін шығымының мөлшері адамның өз қолында екенін дәлелдеп бердіңіз», –деп жазған. Атақшы тарышы өмірінен неміс жазушысы Бертолд Брехт поэма жазған.

Әрине, роман Шығанақ өмірі мен оның еңбегін негізге алғанмен, Мұстафиннің Шығанағы – өмірдегі тарышының өзі емес, әдеби жиынтық бейнесі. Осы материалдар негізінде жазушы қазақ шаруалары өміріндегі ұжымдық бірлесудің өнімді, табысты жолын көрсетуді және адам мен табиғат арасындағы өмірлік тартысты жаңа жағдайда бейнелеуді көздеді. Өмір бойы табиғаттан алуға ұмтылған, бірақ жарымаған шаруа еңбегі жаңа дәуірде, ұжымдық шаруашылықтың өркендеуі жағдайында іске асқаны – романның басты тақырыбы. Бұған Ғабиден жаңа қоғамның өзекті мәселесі ретінде қарайды. Шығанақ бойына халықтың диқаншылық өнерінің ұзақ ғасырлар бойы тәжірибесін жинақтаған жазушы оның жаңа жағдайда қалай дамығанын суреттейді. Тарыдан мол өнім алу, жерге табынбай, оны дегеніне көндіру Шығанақтардың ұзақ арманы мен күресінің басты мақсаты еді. «Әкемнің әкесі егінді кетпенмен салған. Әкем Берсі ағаш соқамен салды. Өзім темір соқаға түйе шығырды қостым. Осының бәрі – тарыны көп алудың алға басқан амалы еді», – дейді Шығанақ. Бірақ феодалдық-патриархалдық ортада өмір кешкен жалғыз-жарым шаруа еңбегі мен оның өнімсіз құрал-сайманы Шығанақтар арманының іске асуына мүмкіндік бермеді. Тек жаңа жағдайда, ұжымдық шаруашылық ортасында, жерді өңдеу мен баптаудың жаңа тәртібі іске асқан кезде ғана жаңа техниканың күшімен бұл арман жүзеге асты. Тарыдан мол өнім алынып, «алпысқа келгенше, алты шақырым жерге аты шықпаған» Шығанақ есімі әлемге танылды. Жазушы мұны қазақ шаруалары жаңа өмірінің жеңісі санайды.

Романның проблемалық сипатын ондағы басқа бейнелер де айғақтайды. Мысалға, Олжабек бейнесін алайық Бұл арқылы Ғабиден ұжымдық ортадағы шаруа еңбегінің көпке ортақ сипат алып, шаруалардың біртіндеп жекеменшікшіл сезімнен арылуға ұмтылысын танытуды көздейді. Ол Олжабек бойынан шаруаға тән ерекшелікті де, жеке меншіктік сезімнің басымдығын да көреді. Жаңа өкіметтің шаруаларды біріктіріп, жермен кәсіп етуге баулуын мақұл көргенмен, Олжабек жеке меншігіндегі аз ғана малын ортақтастырудан қашып, колхозға кірмейді. Колхозсыз жер іздеп сандалады. Шаруаларды ұжымдастыру науқаны кезіндегі осындай қылықтар әр жерде болған. Әр халықтың әдебиетінен орын алған.

Жазушы жаңа ортада өсіп келе жатқан жастардың бойынан да жаңаша мінез-құлық көреді. Ескінің еріксіз өскен жалтақтығы мен бейнет астында езілген бұйығылығы жоқ жаңа заман жастары Амантай мен Жанботаны өз дәуірінің типтік бейнелері ретінде алады. Олардың жастыққа жарасты мінездері, қоғамға пайдалы еңбегімен байланыстырылады. Еңбекте ерлермен тең түсіп, шыныққан Жанботаның сырт бейнесі шаруа адамына тән етін сомдалғанымен, ол жаны сұлу жаңашыл қыз.

Романға негіз болған Шығанақтың Отан соғысы кезінде әлемдік рекорд жасауы және шығарманың сол тұста жазылуы – тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлық еңбегінің соғыс, жеңіс мүддесіне арналуы әсерлі суреттелген. Шығанақ та өнімін Отан қоймасына жөнелтеді. Өз қаражатынан Қызыл Армияға көмек жіберіп, И.В.Сталиннен ризалық білдірген телеграмма алады. Оның төрт баласы Отан қорғау ісіне қатысады.

«Жас түлектер» мен «Жанартау» романдары да соғыс кезінің оқи-ғаларына негізделіп жазылған. Оның алғашқысында майданға үстеме көмір өндіру жөніндегі Қарағанды еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі суреттелсе, екіншісінде Ембі мұнайшыларының тылдағы жанқиярлық істері көрініс табады. Шығарманың атынан көрініп тұрғандай, «Жас түлектер» жаңа заманда өсіп, тәрбие алған жас ұрпақ өкілдерінің азаматтық тұлғасы мен еңбегін суреттеуді көздейді. Мәскеуде тау-кен институтында оқып жүрген жастар соғыс басталысымен бірі– Донбасқа, бірі Қарағандыға аттанады. Донбасқа барғандары өндірісті қорғауға, оның құрал-жабдықтарын Қарағандыға көшіруге көмектессе, Қарағандыға келгендер майдан қажетіне мол көмір өндіру, ол үшін көмір комбайнын ойлап шығару істеріне араласады. Жас ұрпақ аға буын жұмысшылармен бірлесе отырып, еңбекте қажырлықтың үлгісін көрсетеді. Қарағандыда өтетін роман оқиғасын Тайман, Қазыбек сияқты қарт жұмысшылардың отбасылық қарым-қатынасына құра отырып, жазушы жұмысшы табы өкілдерінің дәстүрлі өнегесін алға тартады. Жас буын сол үлгіде тәрбиеленеді. Инженер Сәуле Донбастан келген Мирон қарттың көмір комбайнын жасауына көмектесіп, өндірісті ұйымдастыруда белсенділік танытса, жас жұмысшылар Сайран мен Шекердің қазақ аулынан келіп, жаңа кәсіпті игеруге ұмтылысы тәп-тәуір суреттелген. Нұрлан мен Павелдің Донбастағы алғашқы күндерін суреттеу арқылы жазушы жау басып алған өлкеде отаншыл жастардың дұшпанға қарсы күресін бейнелеуді ойлаған. Алайда, ол эпизодтар соғыс шындығын толық аша алмаған. Соны сезгендей романның кейінгі тараулары түгелдей тыл өміріне арналады да, Нұрлан мен Павелдің жау қолында ерлікпен қаза болғаны, оларға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілгені роман соңында жария етіледі. Романда Ұлы Отан соғысының ауыр сынынан өткен еліміздің халықтарының тұтастығы, патриоттық істері көрініс табады. Кейбір оқиға жүйелерінің шашырандылығы мен жасанды тартыстардың ұшырасып қалатынын айтпағанда, роман өз дәуірінің елеулі туындысы қатарына кіреді. Кейін автор роман оқиғасын драмаға көшіріп, «Достық пен махаббат» атты пьеса жазды.

«Жанартау» соғыс кезіндегі Атырау мұнайшыларының өмірінен жазылған. Соғыстың ел басына түсірген салмағы, еліміздің мұнай көздері жау қолында қалып, Қазақстан мұнайын майдан қамы үшін мол өндіру күн тәртібіне қойылған кезде, тылдағы елдің қауырт еңбекке жұмылуы роман сюжетінің негізгі желісін құрайды. Онда суреттелетін кейіпкерлердің бәрі де іс басында, еңбек ортасында, әлеуметтік мүддені ұға, түсіне білген адамдар. Бәрін біріктіріп тұрған нәрсе – соғыс. Ерлер майданға кетіп, әйелдер солардың орнын басқан. Еңбек жасына толмаған жастар да кездеседі. Қажетті өндірісті қамтамасыз ету үшін арнайы әскерден қалдырылған мамандар да бар. Әркім өз орнында, шамасынша адал еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосып жатыр.

Негізінен, дәуір шындығын тәп-тәуір суреттеген романда тартыстың әлсіздігі көрінбей қалмайды. Басталған жұмыс еш кедергісіз оп-оңай іске асып жатады. Жазушы Қанат пен Айкүміс отбасының түсініспеуінен тартыс туғызбақ болады. Бірақ ол да өршімей, бір ширап, бір босап созылып барып, жарастылықпен аяқталады.

Роман жарық көрісімен қаһарлы сынға ұшырады. Сынның қатал да түгелдей қаралай жазылуы партияның сол бір тұста әдебиет пен өнерге ерекше қатаң талап қоя қарауының салқыны да сияқты. Ол кезде сыналмаған, мінелмеген дүние аз болатын. Кейін роман қайта өңдеуден өтті.

«Жанартау»– Ұлы Отан соғысы кезіндегі мұнайшылар еңбегін танудағы елеулі белес.

Соғыстан кейінгі дәуір қазақ романының жаңа бір тынысын танытқан, өрісін байытқан кезең болды. Бұл тұста «Абай» романының екінші кітабы (1947) жарық көрді. С.Мұқанов «Жұмбақ жалау» атты романын жөндеп, өңдеп, «Ботакөз» деген атпен қайта бастырды (1948), «Сырдария» деген жаңа роман (1948) жазды. Ғ.Мұстафин «Миллионер» (1948), Ғ.Мүсірепов «Қазақ солдаты» (1949) атты романдар бастырды. Қазақ тілінде кең тарап, оқырманын тапқан осы шығармалар тез арада орыс тіліне аударылып, сол арқылы шетелдерге шықты. Сөйтіп, соғыстан кейінгі дәуірде қазақ романының табысын әлемге әйгіледі. 1948 жылы желтоқсан айында Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы бағытын талқылаған КСРО Жазушыларының пленумы мұны айқын танытты.

Бүгін әлемге танылған «Абай жолы» роман-эпопеясының «Абай» деген атпен шыққан алғашқы екі кітабының өзі әуелде солай жоспарланған тұтас туынды болатын. Онда жазушы болашақ ұлы ақынның жастық кезі мен ақындығының оянып, жетілуін суреттеген. Жас Абай тәрбие алған ортаны, оның жүрегін тебірентіп, асыл сезімдерін оятқан дала табиғатын, халқының өнері мен әдебиетін, арманы мен жарқын үмітін, достығы мен тұңғыш махаббатын кең ашу арқылы жазушы бірінші кітап бойында оны ақындыққа дайындады. Осы ортада романтикаға бөленген жас Абайдың біртіндеп өмірдегі талас-тартысты сезінуі, Тоғжаннан айрылуы, Қодар мен Қамқа өлімі сияқты сұмдықты көруі, суынуы, толғануы да нанымды суреттеледі. Ал, екінші кітапта ол шығармашылық сезімге ауысады, білімін кеңейтеді, орыс әдебиетінің, достарының көмегімен ой-өрісін толықтырып, халық өміріндегі әдебиеттің зор маңызын ұғу дәрежесіне көтеріледі. Оның бұл кездегі өмірге, оның күрделі жағдайларына деген көзқарасы ақын өлеңдерінде кең көрінеді, жазушы оның шығармашылығына сүйене отырып, Абайды толғантқан қоғам дамуы, адамдардың ара қатынасы, адамгершілік, гуманистік мінез-қылықтар мәселелерін қозғайды. Сол арқылы қазақ қоғамының ақынмен тұстас кезеңінің барлық жағдайларын, халық өмірінің терең жасалған көркем суретін береді. Халықтың жақсы арман-тілегі Абай бейнесі арқылы жинақталып көрсетіледі. Академик Қ.Сәтбаевтың «Абай» романын «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп атауы да осыдан.

Романның үшінші, төртінші кітаптары «Абай жолы» деген атпен 1952, 1956 жылдары жарияланды. Осыған байланысты төрт томдық роман-эпопея тұтас күйінде – «Абай жолы» аталды.

«Абай» романының соңғы беттерін жазушы «Алда–өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жапа-жалғыз. Рас, оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық» деген сөздермен аяқтаған еді.

Төрт томдық роман-эпопеяның композициялық құрылымы да, стилі де, жазушының тілі мен суреткерлік шеберлігі де келісімді тұтастықта көрінеді. Жазушының шындықты сезінуі мен суреттеуінде үлкен ойшылдық бар. Ол өмірге Абай көзімен қарап, Абайша сезінуден туған.

М.Әуезов романының жанрлық үлгісі әдебиет сынында және ғылымда «роман-эпопея» деп танылды. Ондағы жеке адам өмірінің қоғам, халық тарихымен сабақтастығы, сан қилы топтар мен таптардың қатар, са-лыстырыла суреттеліп, қарама-қайшылықта өмір сүруінің көріністері, ұрпақтардың бірі өтіп, бірі оның орнын басып жаңарып жатуы, жеке адам мен оның отбасылық тіршілігінің тарихи-әлеуметтік маңызға ие болуы, оның ой-пікірінде замандастарының тіршілігі мен арман-тілегінің терең толғам табуы – бәрі де эпопеялық кеңдікпен бейнеленеді. «Роман-эпопеяда кейіпкердің образы көптеген уақиғалар елегінен өтудің нәтижесінде сүргі көргендей болып майдаланып, тұжырымдалып қалмайды, – деп жазған еді белгілі әдебиет сыншысы және ғалым Темірғали Нұртазин, – қайта айқындалып, толыға, тұлғалана түседі, қатардағы романдарда бола бермейтін қасиет толымдылығына жетеді. Көлемі мол болғандықтан, роман-эпопеяда кейіпкерлердің рухани өмірі әлденеше кезеңдерде кеңінен суреттеледі. Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы да, уақиға атаулының іштей бір-бірімен байланысы да кең бейне табады. Конкретті дәуірдің энциклопедиялық типтерінің ой-арманы мен әрекеттерінен сол заманның сан құбылмалы сыры аңғарылады. Роман-эпопеяда сан алуан адамдардың көзқарасы мейлінше кең суреттелгендіктен, бұл жанрда тарихи және философиялық романның қасиеттері түгел тоғысады. Әуезов романы осы қасиеттерді бойына жинақтаған үздік туынды болды. Оны қазақтармен бірге орыс сыны да жоғары бағалады. Ол орыс және шетел тілдеріне көп аударылды. Оған 1959 жылы КСРО-дағы ең биік сыйлық – Лениндік сыйлық берілді.

С.Мұқановтың «Сырдариясы» мен Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» бүгінгі күн тақырыбын игеруге арналған шығармалар еді. Оларда соғыстан кейінгі өмірдегі еңбектің рөлі, еңбек адамдарының жаңа бейнелері жасалды. Дәуір сипаты мен өзгешеліктерін зерттей отырып, авторлар жаңа адам бойында өмірге, әлеуметтік іске тың көзқарастың тууын, сапалық өзгерістерді романдарына арқау ете білді. Бұл романдардың басты кейіпкерлері – жаңалықтың жетекшілері. Отанға, елге, халыққа деген сүйіспеншілік, аянбай еңбек ету – олардың бойындағы ерекше белгілер. Олар бұрынғыдай таптар арасындағы күресті шындауға қызмет етпейді, Отанды көркейтер, оның күш-қуатын арттырар іс-әрекеттерге күш жұмсайды. Осыған орай Мұқанов адам мен табиғат арасындағы тартысты негізге алып, табиғат қазынасын игілікке жаратуды бейнелесе, Мұстафин қазақ аулының болашағын Жомарт сияқты маман басшылардың көрегендігімен байланыстырады.

Бұлардан сәл кештеу жазылғанымен, Ғ.Слановтың «Шалқары» да (1954) тақырыптық жағынан осы романдарға жақындау. Ол әуелде «Кең өріс» (1949) атты повесть күйінде жарық көрген еді. Жазушы оны толықтырып, қайта өңдеп, романға айналдырды. Онда суреттеліп отырған өмір шындығы көріністері, жазушының ұстанған бағыты, адамдар тағдыры Ғ.Мұстафиннің «Миллионерімен» өзектес. Мұнда да соғыстан кейінгі ауылды көтеру, онда жаңа құрылыстар (Шалқарда жаңа типті село салу, Таскескенге жол тарту, т.б.) салу, халықтың тұрмысын жеңілдету жолдарын іздестіру шаралары сөз болады. Екі шығарманың басты кейіпкерлері барды қанағат тұтпай, өмір талабына лайық өршіл идеяларды алға тартады, еңбек етуден қуаныш табады, еңбек романтикасына елігеді. Бұл – әрине, екі шығарманың бірін-бірі қайталауы емес, бір тақырыпты жазған екі жазушының дүниеге көзқарастарының ұштасуы. Ғабиден сияқты, Сланов кейіпкерлері де барынша дараланып берілген.

Соғыстан кейінгі дәуірде кеше ғана өткен Ұлы Отан соғысының сабақтарын саралауға, ел басына күн туған кездегі азаматтардың ерлік іс-терін, мінез-құлқын, халық өмірін эпикалық үлгіде бейнелеуге арналған жаңа романдар легі туды. Оны Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы бастады.

Бұл шығарма әуелде Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың майдандағы ерліктерін әңгімелеген «Қазақ батыры» (1945) деген шағын повесть күйінде жарық көрді. Кейін оны жазушы түгелдей қайта жазып, жаңа атпен жариялады. Соғыс тәжірибесін жинақтауда, халық ерлігінің рухани мазмұнын және оның қайнар көзін ашуда бұл романның орны үлкен. Онда жаңа заман батырының туу, тәрбиелену, өсу жолы кең бейнеленген. Қайрошты өсіріп жеткізген қоғамдық орта мен ондағы өзгерістер кейіпкер тағдырымен байланысып, жарасымды суреттеледі. Қайрош батырлығы ескі ұғымдағы көзсіз ерлік емес, қарапайым адамның Отан алдындағы борышын түсіну мен оны абыройлы орындау жолындағы сезімнен туады. Сонымен қатар жазушы Қайроштың өмір жолында кездескен күнделікті тіршіліктің келеңсіз жайларын улы кекесінмен түйреп, сынап отырады.

Осыған тете Отан соғысы тақырыбына жазылған тағы бір шығарма – Ә.Нұрпейісовтің «Күткен күн» (Әуелгі аты– «Курляндия», 1950) романы. Бұл – өзі соғысқа қатысып, роман оқиғаларын басынан кешкен жауынгердің соғыс пен соғыстағы адам тағдыры туралы ойлары мен сезінулерінен туған еңбек. Ең алдымен, жас автор бұл романында өзінің жазушылық, суреткерлік талантын танытты. Майдан өмірінің шындығын суретке айналдыра білді. Оның образдары да дара, жанды бейнеде көрінеді. Сонымен бірге жазушылық қадамын бірден үлкен романнан бастаған автордың тәжірибесіздігінен туған шығарманың композициялық босаңдығы, қосымша оқиғалардың көптігі және шұбалаңқылығы, болмашы нәрсені ұзақ суреттеп, әңгімелеп кету тәрізді олқылықтары да байқалмай қалмады. Романды өңдеу үстінде Әбдіжәміл оны осы кемшіліктерден арылтты, оқиғаларын ширатып жетілдірді. Роман кең тынысты эпикалық туындылар үлесінде өмір суретін кең қамтып, құбылыстардың сырын ұғуға, уақыт қызметін түсінуге ұмтылысымен, кейіпкерлер тағдырының әрқилылығы және тұтастығымен соғыс туралы жазылған қазақ романдарының елеулілері қатарына кіреді. Майдан өмірінің қатал шындығын боямасыз бейнелеп, жазушы кейіпкерлер психологиясын жақсы аша білді.

Елуінші жылдардың бас кезінде қазақ әдебиетінде өндіріс тақырыбы Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке» (1953), Ә.Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» (1953) романдары қазақ даласында өндіріс орындарының пайда бола бастауынан бергі ұзақ процестің, қазақ жұмысшыларының туып, қалыптасуының көркем шежіресін жасады.

«Оянған өлке» Қарағанды тақырыбына арналғанымен, XIX ғасырдың екінші жартысында мұнда көмір өндірісінің ашылуы, жұмысшылардың алғашқы ұрпағының шығуы кезеңі шындығын қамтиды. Роман атынан көрініп тұрғандай, автор сол негізде қазақ өлкесінің оянуын, оған келген жаңа идеялар мен заманмен бірге өсіп жетіле бастаған жаңа адамдарды көрсетуді көздейді. Ол қазақтың көшпелі феодалдық тіршілігі мен жаңа пайда бола бастаған капиталистік қарым-қатынастың қақтығысын бей-нелейді. «Оянған өлке» – өмір шындығының жан-жақты кең суреттелген көріністерімен, адамдар тағдырының шыншылдығымен, өмір ағысы мен сыры жайлы кең толғайтын мазмұнымен, байсалды реализмімен осы дәуірдегі қазақ әдебиетінің өскелең бағытының куәсі тәрізді болды.

Жазушы суреттеуінде бұрынғы тыныш жатқан меңіреу дала іске, әрекетке, қимылға тола бастады. Далаға жаңа қожайындар келді, олар жер үстін емес, астын иемденіп, кен өндіруге ауылдан жаңа күштер тартты. Ескі ауыл байлары да, бірде оларға дөңайбат көрсетіп, енді бірде іш тарта жүріп, жаңа байлық жинауға ұмтылысады, әрекетсіз жатқан ешқайсысы жоқ. Бірін-бірі толықтырып тұрған осы топтардың тіршілігі, диалектикалық бірлікте және даралықта, романда кеңінен суреттелінген. Қазақ даласында іске асқан осындай ауыр, ұзаққа созылған өзгеріс эпикалық кеңдікпен бейнеленеді. Өлкені «оятып» жатқан дыбыстың да осыныкі екенін аңғарасың.

Жазушы кейіпкерлерін типтендіруге шебер. Онда қазақ даласындағы экономикалық жаңа қарым-қатынасқа икемделе туған жаңа бай Игілік, көшпелі дәуірдегі қазақ байының типі Жұман, жаңа ашылған өндіріс орнынан өзінің келешегін тапқан Бұланбай, қазақ даласын аш қасқырдай кезіп жүріп, оның байлығын алуға ұмтылған Ушаков, Рязанов, орыс демократиялық қоғамының өкілдері Елизавета Сергеевна, Шило сияқты кесек бейнелер жасалған.

Ә.Сәрсенбаев «Толқында туғандар» романының негізгі идеялық-көркемдік нысанасы осы «Оянған өлке» романмен үндес жатады. Онда теңіз жағасындағы жұмысшылардың саяси оянуы мен азаттық жолындағы күресі суреттеледі. Ол Михаил Иванович, Атаман бейнелері арқылы орыс-қазақ жұмысшыларының ынтымағын бейнелейді. Орыс пен қазақты осындай «туыстық» арқылы көрсету, орыс жұмысшысының қазаққа ақылшы болуы, оны үйретуі де кеңес әдебиетінде көп жырланған тақырып. Мұның бәрі ұлт аймақтарындағы азаттық күреске орыстар жетекші болды деген ұғымнан туған. Кедей таптан шығып, жасынан еріксіз еңбекке араласқан Арман да осы «мектептен» өтеді. Алайда, жазушы таптаурынды ұғымның шеңберінде қалып қоймай, қазақ халқының теңіз маңындағы бөлігінің, оның тұрмыс-тіршілігінің кең суретін жасаған. Кейіпкерлері де ұлттық сипаттарымен ерекшеленеді. Романның әңгімесі Дауыл деген баланың атынан айтылады. Ол өзі көрген өмір шындығы негізінде есейіп, түсінігін ұлғайтады.

Елуінші жылдардың орта тұсына қарай біздің елімізде соғыс және оны бағалау жайында жаңа көзқарастар қалыптаса бастады. Алғашқы әсермен жазылған шығармалар қайта қаралып, соғыстың қатал шындығы әр қилы талқыға түсті. Бұл – әсіресе, жеке адамға табыну саясатының сыналуымен байланысты кең өріс алды. Бұрын тек шабуылмен жеңушілерді ғана мадақтап келсек, енді соғыста қоршауда қалған, жау қолына түскен адамдардың адам төзгісіз қиындықта жасаған ерліктерін (бұрын оны сатқындық деп түсінетінбіз) психологиялық суреттеуге жол ашылды. Осы тұстағы қазақ романдары ішінен Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» (1956) мен Б.Момышұлының «Артымызда Москва» (1959) сияқты кітаптарын айрықша атауға болады. Бұл шығармаларда соғыстың алғашқы кезіндегі (жаудың тұтқиылдан басып алуы мен біздің әскерлердің шегінуі бұрын айтылмайтын) майдангерлердің ауыр өмірі, қатты ұрыс пен шегіну оқиғалары суреттелген. Сондай қиыншылықта жүрсе де, біздің отандастарымыздың түпкі жеңіске деген сенімін жоғалтпағаны, оптимизмі тарихи шындық жағдайында көрсетілді. Тахауи соғыс шындығын жиынтық бейнелер арқылы танытса, Бауыржан өзі қатысқан Мәскеуді қорғау кезіндегі ұрыстың нақты мәліметтеріне сүйенеді. Екі шығарма да Қазақстанда құрылып, 1941 жылы Мәскеу түбінде ерлік көрсеткен Панфилов дивизиясының жауынгерлік жолының деректерін пайдаланған.

Осы дәуірде туған ірі шығармалардың бірі – С.Мұқановтың «Өмір мектебі» атты мемуарлық кітабы еді. Отызыншы жылдардан жазыла бастаған бұл шығарманың екі кітабы 1953 жылы жарық көрді. Қазақ халқының XX ғасыр басындағы феодалдық-патриархалдық тіршілігін кең суреттеп, оның бойында оянып келе жатқан прогресс ұғымын нанымды бейнелеуде бұл роман да дәуірлік қызмет атқарды. Мұқанов дүниежүзілік әдебиеттегі мемуарлық дәстүрді дамыта отырып, өзі көрген, куә болған оқиғалардың негізінде халық өмірінің жаңаруын әңгімеледі. Қазақ аулының біртіндеп әлеуметтік қозғалыстың құшағына кіріп, жаңа жолға тусуі, жаңа өмір үшін күресі кітаптың негізгі мазмұнын құрайды. Өмірлік деректерді өзінің ұғымы, санасы елегінен өткізе отырып, жазушы қазақтардың азаттық жолына келуіне іш тартады. Осы идеяға лайықтап, қоғамдық маңызы молырақ деген оқиғаларды кеңірек, дәріптеп суреттеу мәні аздау деген мәселелерді атүсті қысқарта айту орын алған Жаңа туып келе жатқан ояну процесіне негіз болған халықтың рухани өмірі, ақын-жыршы, әнші, т.б. көрнекті адамдары туралы мәліметтер аса бағалы деректер. Романның екінші кітабында саяси күрес майданында кездескен алашордашылар туралы жазушы ұғымы бір жақты. Ол өз дәуірінің қазақ оқығандары әрекетінен тек ұлтшылдық қана іздеген көзқарасының шеңберінде қалған. «Өмір мектебі» қазақ әдебиетіндегі мемуарлық туындылар дәстүрін орнықтыруда жаңа белес болып қалары даусыз.

Елуінші жылдары қазақ әдебиетінің дәстүрлі тақырыптарына жаңа бір леп қосқан бір шығарманы бөліп атауға болады. Ол – студент жастар өмірінен жазылған С.Шәймерденовтің «Болашаққа жол» романы (1953). Бұл романның жаңалығы – біздің ұлттық әдебиетімізде студент жастардың, жоғарғы оқу орны ғалымдарының әрекет-тіршілігін, ізденісін, арман-мұратын суреттеуге деген ұмтылысынан танылады. Романның алғашқы нұсқасында жас автордың тәжірибесіздігінен туған артық-кем кемшіліктер қайта қаралып, өңделіп, роман «Инеш» деген атпен (1958) кейін қайта басылды. Әйтсе де романның негізгі сюжеттік желісі, оқиғасы өзгеріске ұшырай қойған жоқ, адамдар тағдыры толықты, жетілді. Романдағы тартыс ғылым майданында, мичуриндік биологияны дамыту арасында өтеді. Романда білімнен гөрі, қала жасына тән мещандықты (тоғышарлық) игеруге ұмтылған Инеш бейнесі – жазушының елеулі табысы.

Қазақ жеріндегі төңкерістен кейін туған өзгерістерді кең бейнелеп суреттеуде, оның прогрестік мәнімен бірге қайшылықтарын терең ашып көрсетуде Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» (1959) романының маңызы зор. Есейіп ұлғая келе, көп тәжірибе жинап барып жазған бұл шығармасында жазушы қазақ халқына социалистік революция не берді, ол дәстүрлі тіршілікті қандай қозғалысқа келтірді, елдің жаңаруы қандай қиын, қайшылықты жағдайда өтті деген мәселелерді үлкен ойшылдықпен бейнелеген. Жазушы ұстаған жаңа бағытқа жеке адамға табыну салтының сыналып, кеңес тарихына жаңа көзбен қарай бастағанымыз да әсер еткен болуы керек.

Романда заман қайшылығы тудырған әр қилы типтер мол. Күні өткен ауыл байлары мен билеушілерінің жаңа дәуір ыңғайымен күн көруге шыққан айла-амалдары да кедейлерге тосқауыл болғанын көреміз. Өмір біртіндеп бәрін де өз дегеніне көндіктіре бастаған. «Дауылдан кейін» – революциядан кейінгі қазақ ауылы өмірінің шынайы суреттерін танудағы елеулі бір белес.

Қазақ әдебиетіндегі тарихи-революциялық тақырып осы тұста З.Шашкиннің «Тоқаш Бокин» (1958) романында жалғасын тапты. Тоқаш Бокин – тарихта болған адам, белгілі қазақ революционерлерінің бірі, Жетісуда кеңес өкіметін орнату жолында қызмет еткен. Жазушы Тоқаш өмірі мен еңбегін негізге ала отырып, Жетісу өлкесіндегі азаттық жолындағы күрестің және халықтың отаршылдық пен қанауға қарсы көтерілуі шындығын суреттейді. Ол Тоқаш өмірінің барлық хроникасын тізбелеп жатпайды. 1917 жылғы ақпан төңкерісінің алдындағы күндерден 1918 жылдың күзіне дейінгі аралықтағы Тоқаштың күрескерлік өмірінің деректерін алады. Бұл Тоқаш өмірінің ең бір күрделі, күрес күндерінің қайшылығына толы кезеңі еді. Кейіпкер тағдырына байланысты басқа мәліметтерді ол шегініспен қысқа новеллалар күйінде береді. Тоқаштың күрескерлік жолы қиындықсыз, қайшылықсыз өтпеген. Еңбекші елге теңдік әперемін деп жүрген оның іс-әрекетін қараңғы қауым бірде түсініп, бірде түсінбей, сезіктене, сескене қараған. Революция дұшпандарының күшімен оған қастандықтар да жасалған. Ол жаламен түрмеге де отырған. Романда осындай тайғақ кездің шындығы реалистікпен бейнеленген. Роман заман рухын, революциялық күрестің бірде ашық, бірде астыртын жүргізілген тартыстарын, әрқилы тап өкілдерінің іштей арбасуын нақты суреттер мен образдар арқылы аша білген. Осы тартыста халықтың алдыңғы қатарлы тобы ұлттық ояну кезеңін бастан кешеді, дос пен қасты айырады, келешекке үмітпен қарайды. Роман жеке адамға, оның тағдырын суреттеуге арналғанымен, онда онымен істес болған, қақтығысқа келген қоғамның әр түрлі өкілдері көркем бейнеленеді. Ол Жетісу өлкесіндегі азаттық жолындағы қозғалыстың бірсыпыра оқиғаларын қамтиды. Әдебиетте жеке адам мен қоғам проблемасын көркем бейнелеуге ұмтылыста З.Шашкин романы жазушы ізденісінің жақсы бір үлгісі саналады.

Мұның бәрі 41 – 56 жылдар ішінде қазақ романының халық тарихы мен оның өмірінің әр жақты шындығын терең бейнелеуге деген ұмтылысын танытады. Талант-қабілеті әрқилы ортада көркемдік беталысы мен ізденіс дәрежесі әр түрлі романдар легі туды. Роман жазушылар тобы қалыптасты. Ең үздік туындылар орыс тіліне, сол арқылы шетел тілдеріне аударылып, қазақ әдебиетінің даңқын әлемге әйгіледі.

Көркем прозаның шағын жанрлары повесть пен әңгіме.Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Б.Майлин салған әдеби дәстүрді Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев сияқты талантты жазушылар жалғастырып, бұл саладағы ізденістерді тақырыптық, көркемдік тұрғыда біраз байытқанды. Алайда, отызыншы жылдардың екінші жартысында болған лаң бүкіл әдеби дамудың жолын бұзып кеткені сияқты, әңгіме-повесть тағдырын да күйзеліске ұшыратты. Қырқыншы жылдардың бас кезінде де бұл жанрларда елеулі шығарма туа қоймады, тек Ұлы Отан соғысының басталуы, соғыс пен тыл өмірінің шыңдығын бейнелеу міндеттері прозаның шағын үлгілеріне қозғау салды. Алдыңғы кезекке публицистика, очерк шықты. Сонымен бірге майдан батырлары мен тыл еңбеккерлерінің өміріне арналған әңгімелер, повестер туа бастады.

Әскери тақырыпқа арналған қазақ повестерінің тұңғышы Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ батыры» атты шығармасы болды. Оны жазушы Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың ерлік жолын суреттейтін деректі шығарма есебінде жазды. Бір адамның өміріне арналған хикаяны кейін жазушы негізге ала отырып, Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ солдатының типтік бейнесін жасаған үлкен роман етіп қайта жазды. Романның «Қазақ солдаты» деп аталуы да осыдан еді.

Әлжаппар Әбішевтің «Саржан», Ғабиден Мұстафиннің «Жаппархан» атты повестері де Ұлы Отан соғысының қызу кезінде жазылып, 1945 жылы жарыққа шықты. Соғысқа қатысып, майдан жауынгерлерінің ерлік істерін көзімен көрмесе де, ел басына күн туғанда Әбішев пен Мұстафин де соғыс тақырыбына үн қатып, неміс-фашист басқыншыларына деген өшпенділік отын оятуға өз үлестерін қосты. Олардың шығармалары майдан мен тыл еңбеккерлерінің рухани биік тұлғасын танытуға арналды. Сонымен қатар бұл шығармалардың елеулі олқылықтары да бар еді. Ә.Әбішев әп-әдемі бастаған повесін үш-төрт бетінен соң-ақ жалған пафосқа бой алдырып, әлсіретіп алады. Оның сюжет құрылысында жасандылықтар көп. Шығармада ауыр соғыс ауыртпалығы тым жеңілдетіліп көрсетіледі. Бас қаһарман Саржан отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын ертегінің батырындай боп суреттелген. Біріне-бірі ұқсас кинодан көрген эпизодтарды қайталау Саржанның бейнесіне реңк қоспайды.

Ғ.Мұстафин қазақ әдебиеті тарихында еңбек тақырыбының жыршысы есебінде белгілі. Жазушы «Жаппархан» повесінің бас кейіпкері бейнесінде де оның бойындағы еңбексүйгіштік қасиетін барынша көрсете білген. Балалық шағынан бейнет астында өсіп ысылған Жаппархан қажырлы еңбегінің арқасында табыстан табысқа жете береді.

Шығарманың негізгі ойы – көкте самғаған бақыт құсы еңбек еткенді сағалайды деген идеяға құрылған. Бірақ бұл Жаппархан түсінігінде тым жұпыны берілген. Оған жетелеп келе жатқан қызыл сиыры бақтың нақ өзі боп елестейді. Қазір бұл туралы ойланғанда, 1932 жылғы аштықтан жаңа көзін аша бастаған елдің жайы еске түсіп, Жаппархан бақытына аяушылық білдіреміз. Өкінішке орай, Жаппархан бейнесі бірте-бірте бұлыңғыр тартып, көмескілене береді. Ол тірі пендеден гөрі еңбекшілдік, патриотизм идеясының жүгін көтеруші рупорға айналады. Оның оп-оңай Социалистік Еңбек Ері болып шыға келуі тіптен нандырмайды.Жаппарханның ойлану-толғануына уақыты жоқ, ол үнемі іс үстінде. Ғашық қызына да хат жазуға уақыт таппайды. Адамды тек еңбек үстінде көрсетуді талап еткен кеңестік схема қаһарманның жеке өміріне шығармадан орын таппай, содан барып, повесте адам характері толық ашылмай қалған.

Ұлы Отан соғысы ұлы жеңіспен аяқталды. Ел соғыс түсірген ауыр жарақатты жазуға, бейбіт еңбекке жігермен кірісті. Бұл өрлеуді әдеби туындылар қолдады. Жаңа ізденістерге жұмыла кірісті. Алайда Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1946 – 1950 жылдардағы идеология мәселелері туралы қаулы-қарарлары тудырған зардаптар, тартыссыздық теориясы, өмірді жылтыратып көрсету идеялары көркем прозаның шағын үлгілерінің дамуына да әсер етпей қоймады. Адамды таза қоғамдық іс мүддесімен байланыстыра суреттеу әрі қарай жалғасты. Олардың жеке басының қуаныш-қайғысы, өкініші мен реніші әдебиет әлемінен сыртқары қалды. Соған қарамастан, тәжірибелі жазушылар мен жас таланттар көркем әдебиеттің негізгі нысанасынан ауытқымауға тырысты. Социалистік реализм канонының шеңберінде-ақ жаңа адамды ашуға, өз замандастарының сырын бейнелеуге ұмтылыс жасады. Осы саладағы үлкен бір ізденістің үлгісін М.Әуезов көрсеткен еді.

1947 жылы М.Әуезов «Асыл нәсілдер» атты повесть жазып, қазақ әдебиетінде сол кезде сирек кездесетін моральдық-эстетикалық проблеманы көтерді. Шығарманың негізгі идеясы: адам қай жағдайда да дұрыс мінез-құлқынан айнымауға, өмірде кездесетін әр түрлі қиын жайларды ақылмен шешуі керек дегенге саяды.

Соғыстан кейінгі әдеби процестің елеулі бір ерекшелігі – оған жас әдебиетшілердің көптеп келуі еді. М.Иманжанов, Қ.Жармағанбетов, С.Бақбергенов сияқты жас таланттар елеулі-елеулі повестер жазды. Олар тақырыбы мен бейнелеу көркемдік құралдары жағынан да әр қилы еді. Біріне-бірі ұқсамайтын, әр түрлі стилде, үлгіде жазылған шығармалар әдебиеттегі ізденістің молыға түскенін байқатты. Оның үстіне, олар сол кезеңнің жігер мен қуанышқа толы рухын, адам еңбегін көтере жырлайды. Бұл – сол кездегі заман мен әдебиет талабы еді.

М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» (1950) повесінде бас кейіпкер – Жақыпбек Әділбеков деген жас жігіт жоғарғы оқу орнын Алматыда бітіріп, Көкшетау облысының бір ауылдық мектебіне қызметке барады. Онда жас маман өзінің оқып-тоқығанын балалардың көкірегіне құюға бар жанын салады. Жазушы Жақыпбектің ішкі әлеміне үңілу арқылы оның рухани байлығын ашуға ұмтылады. Ол бала тәрбиесін ең маңызды қызмет санайды. Жас ұрпақты политехникалық біліммен қаруландыруды көздейді. Балаларды адалдыққа, жауапкершілікке, ізгі мінездерге баулиды. М.Иманжанов бейнелерінің қатарында әйел характерлері де ұтымды шыққан.

Дегенмен, қазіргі заман көзімен қарағанда, «Алғашқы айлар» повесінің дәуір талабы шеңберінен шыға алмаған тұстары аңғарылады. Бұл, алдымен, бас кейіпкер Жақыпбек бейнесіне байланысты. Институтты енді ғана бітірген жап-жас адамның бірден тіс қаққан, тәжірибелі кексе педагогтің ісін істеуі нандыра бермейді.

Қ.Жармағанбетовтің «Әнші-азаматы» (1950) мен С.Бақбергеновтің «Күй» (1951) повестері өнер адамдары туралы туындылар. «Әнші-азаматта» жез таңдай әншіміз, Парижде бүкіл Еуропаны таңқалдырған Әміре Қашаубаевтің өміріндегі, өнердегі жолы суреттеледі. Повестен әдебиетті таптық принциптің қатал құрсауыңда ұстаған заманның талабынан шығу ниеті айқын аңғарылады. Сол себепті бәз-баяғы бай мен кедейдің айтыс-тартысына айрықша назар аударылған. Кедей ортасынан шыққан жас әнші қоғамдағы әлеуметтік, саяси күрес арнасына бірден ілігеді. Оның таптық санасы ерте оянады, өзі кеңес әкіметінің идеялық рупоры секілді көрінеді. Париждің мейрамханасында Әміре американдықтар мен ағылшындарға жауыға қарап отырады. Эйфел мұнарасына көзін тігіп: бұның не керегі бар деп таңданады. «Біздің дала қазағы ішерлік суы жоқ жерде құдық та қазбайды. Кісі тонаушы, кісі еңбегін жеуші деп ұғады». Бұл ретте повесть осы тақырыпта бұрынырақ жазылған Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» (1925) атты әңгімесінен қораш көрінеді. «Әнші» әңгімесінің кейіпкері – жанды бейне, еті тірі, жылы жүзді жас жігіт. Бұл тап күрескері емес, той-думандардың ажарын кіргізіп, салтанатын арттырып жүрген талант иесі.

Жазушы С.Бақбергеновтің «Күй» атты повесі қазақтың атақты домбырашы қызы Дина Нұрпейісованің өмірі жайында жазылған. Повесть Динаның өнері халық ортасында қалыптасқанын, оның Құрманғазымен кездесулерін көркем суреттеген. Динаның Жамбылмен өнер сайысы – повестің жарқын беттерінің бірі.

С. Бақбергеновтің «Талғат» (1950) повесі де осы жылдардың жемісі. Бұл деректі туынды Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, Ұлы Отан соғысында аса зор ерлік көрсеткен, ұшқыш Талғат Бигелдиновтің әскери жорықтары тарихын әңгімелейді.