1.2. 1941-1960 жылдардағы қазақ поэзиясы


Қырқыншы-елуінші жылдардағы қазақ поэзиясы қайшылықты, алуан құбылыстарға толы. Тарихи-әлеуметтік тұрғыдан зер салғанда, өзінің идеялық тұрғысы мен бағытын, әлемдік аренадағы өз салмағын біршама айқындап үлгерген тосын сипатты, жаңа да жас мемлекеттің рухани және экономикалық өміріне оның күретамыры іспетті идеялық болмыс-бітімі ғана емес, Сталиннің де жеке тұлға ретінде айрықша ықпал жасағаны сөзсіз. Демек, осы екі фактор – бір объективті тарихи дамудың бұған дейін болып көрмеген өзгеше саласына түскен мемлекеттің саяси-экономикалық, тарихи-әлеуметтік бітімі болса, екіншісі – яғни субъективті ықпал – Сталиннің жеке басының пайымы мен пәрмені. Міне, осы екі фактордың жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап, Сталин қайтыс болғанға дейін жалпы мемлекеттің бүкіл өмірінде айрықша маңызды рөл атқарғанын ескермейінше, бұл кезеңдегі рухани саланы әділ бағалауда, терең түсіну де мүмкін емес.

Әлеуметтік-тарихи өзгерістер мен құбылыстарға қашанда алдымен үн қатуға, өз үнін білдіруге әзір, елгезек халық ақындары соғыс жылдарында жиі көрінді. Дүниеге келу процесі жазба әдебиет шығармасына қарағанда әлдеқайда жедел, тыңдаушыға тікелей идеялық-эстетикалық әсер ете алатын ұшқыр, көркемдік нысанасы айқын ауыз әдебиеті туындылары – халық ақындарының өлең-жырлары алдымен ауызша айтылып, содан кейін мерзімді баспасөз беттерінде, одан кейін жинақтарда жарияланып жатты. Ақындар айтысында да соғыс жылдарының шындығы, мәселелері – жетістіктер мен кемшіліктер көрсетілді, әр өлкедегі сәулелі сәттер марапатталып, көлеңкелі тұстар нақты мысалдар арқылы сынға алынды, содан соң жеке кітап болып басылып шықты («Ақындар айтысы», 1944).Әсіресе, ұлы Жамбылдың даусы асқақ та айбынды естілді. Оның мерзімді басылымда күн құрғатпай жарық көрген, бүкіл еліміздің радиоларынан күн сайын дерлік саңқылдап, асқақ шабытпен оқылған, туған елге деген махаббатқа, құрметке толы жалынды жырлары жеке кітап болып шығып жатты. Жамбыл Жабаев «Шығармалары» (1940), «Болат тонды батырлар» (1941), «Майдан жыры» (1942), «Отан әмірі» (1941), «Майдан жыры» (1942), «Алынбас қамал» (1943), «Қамал бұзған қаһарман» (1945) жеке кітап болып ұсынылды. 95 жастағы қарт жыраудың тарихи-саяси жағдайды жете байыптауға мүмкіндігі болмағандықтан, республика үкіметі тарапынан, әр түрлі ресми және шығармашылық ұйымдар тарапынан оның әдеби хатшыларына (Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадыров) ықпал жасалып, қарт ақынның сол тұстағы кеңес мемлекеті басшыларын, Сталинді мадақтау да тапсырылғаны, олардың кеңес елін бақытты болашаққа бастайтын тұлғалар ретінде түсіндіруге айрықша күш салынды.

Бүгінде Жамбыл шығармаларын, оның идеялық нысанасына емес, көркемдік кестесіне байланысты бағалағанда ғана, ақынның, сол арқылы сол кезеңдегі жалпы халық поэзиясының, ауыз әдебиетінің көркемдік айырмашылықтарын тереңірек түсінуге болады. Бірінен бірі асып түсетін небір айшықты теңеулер, образдар, тұтқиылдан тап басатын эпитеттер, айтыс ақындарында жиі кездесетін тәсіл – градацияны шебер пайдалану сол қызумен, сол шеберлігімен жазба әдебиетке, оның ішінде поэзияға ықпал жасау заман, кезең шындығын образ-категориялар арқылы да айшықтау сол арқылы халқымыздың ұлттық рухының басылмай, заман ауыртпалығының астында тапталып жаншылмай, қайта іштей буырқанып, булыға қайраттанып, қор жинай беруіне, ұлттық көркемдік ойдың салалана, тармақтала беруіне, көркемдік танымның көкжиегі кеңи түсуіне, халықтың эстетикалық талғамын өз тұрғысынан кемелдендіруіне, рухани ширығып жігерленіп өсуіне зор ықпал жасағанының нақты мысалдары.

Бұл орайда бір-екі мысал келтірумен шектелейік. Ұлы жырау Жамбылдың ұлы Алғадай майданда мерт болғанда, көз жасын төгіп, жылап айтқан жыры бүкіл қазақ даласының, қазақ халқының көз жасы, ауыр қайғысы болып, байтақ сахараға кең тарады:

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?

Әлім деген у екен,

Мендей кәріп адамға.

Күнде үйімде күңіренем,

Көзіме жас алам да.

Көкірегін кернеген зар, ауыр қайғы осылайша фольклордағы жоқтау сарынын еске салып, фольклордың ұлттық рухтың алтын қоры ретіндегі қызметін көрсете отырып, халықтың көкірегінде басқыншы жауға деген ыза-кегін оятты, ашу отын тұтандырды. Сол себепті Жамбылдың:

Асқар таудай еліме,

Байтақ жатқан жеріме,

Шапты фашист дегенде,

Ашуменен аралас

Жыр да келді көмейге,

Қаһар қаулап денемде, - деген тегеурінді толғанысы қиындықтан шираған, ашумен кектен шиыршық атқан жалпақ елдің жүрекжарды сөзі болатын. Бұл ретте, әрине, кеңес идеологиясының күллі мемлекеттік көлемде ғажап серпінмен үздіксіз, қисапсыз жұмыс істегенін, соның арқасында «Отаным – Совет Одағы» деген ұғымның қалыптаса бастауына, Ленин идеяларын кезең талабына үйлестіре пайдалануы да көп көмегін тигізгенін ескеру керек. Мерзімді баспасөз беттеріне, жинақтарға ақындардың осы рухта дабылдатып өрлейтін, майдангерлер ерлігін оятуға себі тиетін шығармалар бірінші кезекте іріктеліп алынды. Бұл кездегі поэзиядағы тақырыптық бірыңғайлықтың орын алуына осындай талап қоюшылықтың әсері тиді.

Мәселен, Жамбылдың «Майдан жыры» (1942) атты кітабына енген жырлар: «Ленин қаласындағы өрендерім» (кейін ақын қайта толғаған соң «Ленинградтық өрендерім» болып өзгерді), «Москваға», «Қаһарлы Москва қамалы», «Совет гвардецтеріне», т.б. болып келеді. Немесе Нұрпейіс Байғаниннің таңдамалы шығармаларында (1945) «Зор майданға шапшаң бар», «Сталиндік сұңқарлар», т.т. тәрізді туындылар бар. Бұл сипат сол кездегі халық ақындарына да, жазба поэзия өкілдеріне де тән.

Кеңес идеологиясы халық ақындарының шығармаларын жариялағанда, ең алдымен, бүкіл халықты жауға қарсы күреске жұмылдыруды мақсат еткені мәлім. О.Шипиннің «Аманкелді» (1943) қиссасына жазылған «Сөз соңында» «Жауынгерлер батыр атасының ерліктерімен таныссын, ол ерліктер неміс басқыншыларын талқандауда оларға рух берсін. Біздің тілегіміз де осы» деп ашық айтылады. Алайда халық ақындарының шығармаларында отарлаушыларға қарсылық айқын немесе жол-жөнекей көрсетілген жағдайда жариялана берген жоқ. Мәселен, Жамбыл арнайы барып емделетін, сол кездегі атақты тәуіп, әрі балуан, әрі ақын Тәжібай Байбағысұлының «Байсейіт батыр» атты дастанын Ә.Қоңыратбаев 1940 жылы жазып алса да, жарық көрмеген.

Аталғандардан басқа да халық ақындарының, мәселен, Д.Әлімбаевтың «Толғау» (1941), Н.Байғаниннің «Ақын шабыты» (1940), И.Байзақовтың «Ақбөпе» (1945), «Кавказ» (1941), Н.Баймұратовтың «Ер Төлеген» (1945), С.Керімбековтің «Бес мылтық» (1940), Ш.Қошқарбаевтың «Сөйле, Шашеке» (1942), М.Мөңкеұлының «Қарасай-Қази» (1943), О.Шипиннің «Аманкелді» (1942) сияқты кітаптары оқырмандарға жол тартты.

Міне, осындай жағдайда кең таралған, қалың елдің құрметіне ие болып, еңсесі түспей, ертеңгі күнге үміт артуына, ауыр қайғыдан аршылуына, батыр бабаларының ерлігін еске алып, аруағын шақыруына, торығу торынан құтылуына халық ақындарының сіңірген тарихи еңбегі баға жеткісіз. Сол кездегі кеңес елі құрамындағы алуан халықтардың қай-қайсысында да халық шығармашылығы өкілдері зор еңбек сіңірді десек те, қазақ, қырғыз, қарақалпақ секілді көшпелі өмір салтын ұстануға мәжбүр болған елдер үшін халық ақындарының шығармашылығы қайталанбас, тарихи мәні зор құбылыс болғанын айрықша ескергенде ғана, сол тұстағы халықтың рухани тіршілігін біршама нақтырақ, ауқымдырақ сезінуге болады.

Мәселен, бір ғана Жамбылдың өзі соғыстың алғашқы төрт жылында үш мың жолдай жыр төкті. «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі фашистер айнала қоршаған Ленинград қаласында ірі-ірі әріптермен плакат ретінде жазылды. Бұл сөздерді оқыған жауынгерлер керемет рухтанып, арыстандай арпалысты, тұтқын боламыз ба деп қобалжыған ленинградтықтар Жамбыл сөзінен Отан дауысын, ата сөзін естіп, мыңдаған адам көздеріне жас алып, тебірене оқып, жігерленді. Поэзияның мұндай ғажайып белсенді рөл атқаруы тарихта сирек.

Соғыс жылдарындағы поэзияда азаматтық әуен айқын естілді. Сонымен бірге саяси лирика, публицистикалық бояулар да молынан ұшырасты. Мерзімді басылымдарда жауынгерлердің ерлігін, отты жылдардың ерекшелігін, елдегі еңбеккерлердің үміт-арманын бейнелеген жырлар жиі-жиі жарияланды.

Алайда бұл тұстағы поэзияда тақырыптық біржақтылық орын алғанын айту керек. Көркем әдебиет пен өнер қайраткерлері коммунистік партияның идеологиясын бір жақты бағытқа айналдырып, «кезең шындығын, жалпы бүгінгі өмірді тек қана ұнамды қырынан көрсету керек» деген, сталиншілдер қойған талапқа қарай шарасыз икемделді. Әрине, бұл арада мыңдаған, миллиондаған адамдардың сол тұста Сталиннің абырой-беделіне кәміл сенгенін де ескеру керек. Дегенмен майдандағы, тылдағы барлық шындық түгелдей айтылмады, ашып айтуға мүмкіндік берілмеді. Соның салдарынан тақырыптық біржақтылық орын алды.

Әйтсе де кілең ерлік, отаншылдық сезімі мен сол сезімнен, сол сенімнен туған толғаныстар жалпы халықтық отаншылдықты, жалпы халықтық ерлікті туғызды. Поэзиямызда екі саладағы қалам қайраткерлері тізе қоса, жұмыла жыр төкті. Біріншісі – Жамбыл, Нұрпейіс бастаған халық ақындары. Бұл қатарда Иса Байзақов, Шашубай, Нұрхан Ахметбеков, Қуат Терібаев, Әбдіғали Сариев, Саяділ Керімбеков, Қалқа Жапсарбаев, Орынбай Тайманов, Қайып Айнабеков, Үмбетәлі Кәрібаев, Омар Шипин, Жақсыбай Жантөбетов, Доскей Әлімбаев, Төлеу Көбдіков, Нартай Бекежанов, Кенен Әзірбаев, т.б. бар. Бұлардың жыр-толғауларында фольклорлық дәстүр, эпостық бейнелеу мүмкіндіктері – образдар, толғану мен толғау мәнері, кейіпкер табиғатын ашу ажарлау тәсілдері кеңінен пайдаланылды. Жамбылдың аталған өлеңіне қоса, «Қамал бұзған қаһарман», «Аттан, батыр ұрпағым», т.б. қыруар жырларында ашынған елдің айбарлы ерлігі, қаһармандық қуаты жырланса, Нұрпейіс Байғанин «Жанышта, жауды жанышта», «Өренім, ұлым, құлақ сал», «Майданға, батыр ұлдарым» тәрізді өлеңдерінде ерлік рухын өршіте түсуге, жігерлене жауға қарсы айқасуға шақырды.

Екінші сала – жазба поэзия өкілдері. Атап айтқанда, Абай шығармалары (1943,1944,1945),Қ.Әбдіқадыровтың«Батыр» (1940),«Серт»1945), Д.Әбілевтің «Жүректен» (1945), «Майданбек» (1943), М.Бектембекованің өлеңдері (1940), Қ.Бекхожиннің «Шеру» (1944), Д.Еркімбековтің «Айдай» (1945), І.Есенберлиннің «Айша»(1945),«Сұлтан»(1945),Т.Жароковтың «Зоя туралы жыр» (1944), «Нарын» (1940), «Сталин сұңқарлары», З.Қалауованың «Шолпан» (1941), А.Жұмағалиевтың «Таңдамалы өлеңдері» (1945), С.Мұқановтың «Алыптар туралы аңыз» (1942), «Біз жеңеміз» (1942), Т.Мұқановтың «Жауынгер жыры» (1943), Ғ.Ормановтың «Емен» (1945), «Халық қаһарманы» (1941), ұжымдық «Өлеңдер жинағы» (1945), ұжымдық «Поэмалар» (1940), Ж.Саинның «Жорық жырлары»(1944), «Күләнда»(1945),Қ.Сатыбалдиннің «Әлия»(1945),Ә.Сәрсенбаевтың «Ант» (1940), ұжымдық «Сталинградты жауға бермеңдер» және «Тарту» (1940), Ә.Тәжібаевтың «Перне» (1942), А.Тоқмағамбетовтің «Ажалды жеңген алыптар» (1944), «Маршалдар шықты майданға» (1941), «Мұнай бер» (1943), Қ.Шаңғытбаевтың «Ар» (1945), т.б. өлең, поэмалар жинағы кітап болып шықты. Бұларда қаһарлы жылдардың шындығы түрлі тұрғыдан кестеленді. Фашист басқыншыларын тас-талқан етіп күйретуге шақырған, қан майданда қаймықпай айқасуға үндеген, «қанға – қан, жанға – жан» деген ата-бабамыздан қалған ұранды ту етіп ұстап, зұлым жаудан кек алуға бастаған өлеңдермен қоса жаудың сиқын, зұлымдығы мен қанішерлігін ашына, ашумен әшкерлеген туындылар да молынан жарық көрді.

Ақындарымыздың идеялық-өмірлік нысанасы ортақтығы себепті тақырыптық ұқсастық басым болды. Мәселен, А.Тоқмағамбетовтің «Ажалды жеңген алыптар» (1943) атты жинағындағы өлең аттарына назар аударайық. «Жеңіс бұйрығы», «Күйреген план, қайырылған қанат», «Сермей, соқ», «Аға, іні, туысқан», «Халықтың сәлемі», «Шабуылға», «Кавказға», «Жауынгер қазақ жастарының маршы», «Достық», «Қуаныш», «Ата мен бала», «Қош, бауырым Панфилов», «Халық қаһарманы», «Мерген қыз» (атақты мерген, 309 немісті өлтірген Людмила Павличенкоға арналған), «Ажалды жеңген алыптар» (Кеңес Одағының Батыры Васильев пен Шемякин жолдастарға) секілді айдарынан-ақ кімге, неге арналғанын аңғару оңай.

Бұл кезеңдегі поэзияға тән тағы бір сипат – сол тұста кең таралған әңдердің ырғағына бейімделген өлеңдердің жаппай болмаса да, ара-тұра жарық көруі. Мәселен, Т.Жароковтың «Гәккугай» әніне ыңғайлап жазған «Жаңа жыр» атты өлеңі «Қиратамыз дұшпанды, Қақ майданның төрінде мен» тамамдалса, отызыншы жылдары жазылған «Миллион толқынның» ырғағына икемделген келесі «Миллион толқыны»:

Аттан, халық,

Талқандалық,

Фашизмнің ордасын, – болып, мазмұндық өзгерістер енгізілген.

Үгіт-насихаттық рухтағы жырларда фольклорымыз бен төл әдебиетіміздің дәстүрлі тәсілдері, бейнелеу құралдары молынан пайдаланылса, өткен ғасырдан бастап (Абай, Ыбырай) 20-жылдардан кейін тіпті күшейе түскен батыс әдебиетінің ықпалы айқын сезіледі. Бұған, әрине, мемлекеттік саясаттың барлық түрлерінің орыс тілінде жүргізілуі, сондықтан орыс әдебиетінің мемлекет ішіндегі өзге ұлт республикалары үшін басты ықпалдық қор қызметін атқаруы алабөтен әсер етті. Болмыс шындығын бейнелеудегі амал-тәсілдері, түрлі ізденістері, бейнелеу құралдары, романтикалық рух, реалистік мазмұн жағынан айтарлықтай үлгі болғанын атап айту керек. Шет елдердің ақындарының шығармалары орыс тіліне аударылуы арқылы өзге ұлт республикалары ақындары үшін көркемдік тәжірибе, көркемдік нәр қызметін атқарды.

Ал Шығыс әдебиетінің барлық эстетикалық құбылыстары жете бермеді, тек кеңес өкіметінің мақсат-мүддесіне септігін тигізеді-ау деген туындылары іріктеліп аударылды. Оған қарағанда, Батыс ықпалы айқын да басым көрінді. Мәселен, Ә.Тәжібаевтың «Перне» (1942) атты жинағындағы «Ленинград» өлеңіндегі:

Дабылыңнан оянғанмын,

Жарығыңнан ой алғанмын.

Тамырыңнан таралғанмын,

Жалыныңнан жаралғанмын.

Жүрегімнен өшпейтін ат –

Ленинград, Ленинград! –секілді толғаныстары Гейне поэзиясын еске салады. Алайда жалаң еліктеу емес, қазақ ақынының ой мен қуатқа, тегеурінді тебіреніске толы өзіндік өршіл үні асқақ естіледі.

Соғыс жылдарындағы өлеңдердің көпшілігі көркемдік жағынан ала-құла. Сол тұстағы кез-келген дарынды ақынның кітабында да шынайы көркем шумақтарға орта қол жол-тармақтар, шумақтар қосанжарласып жүреді. Мұны ақындарымыздың шеберлігі, таланты жетпеуінен емес, сол кездегі жалпы өлеңге қойылар эстетикалық талаптың айтарлықтай биік деңгейде болмауынан, мұның өзі, түптеп келгенде, көркемдік талғамның да көңілдегідей болмауына байланысты екенін ескеру керек. Сонда ғана толымсыз ұйқастардың жаппай ұшырасуын, ала-құла шумақтардың шұбырып жүру себебі мен сырын түсіне аламыз.

Мәселен, қысқа өлеңнің шебері, биязы лирик Ғ.Ормановтың «Жар сыры» деген өлеңінің мына шумақтарына зер салайық:

Хат алып қуандым,

Сағынған кезімде.

Жанымды суардым,

Жалынды сөзіңе.

Хатыңа сан қарап,

Ала алмай көзімді.

Оқысам, көңілім шат

Көргендей өзіңді.

Осы шумақтардан «Жанымды суардым, Жалынды сөзіңе» деген образды жолдар ғана бейнелік жаңалығымен, динамикасымен талғам көзіне жылы ұшырайды. Басқасы – қарапайым, ұйқастың уысындағы тіркестер. Кейде қарабайырлыққа ұласып кететін мұндай қарапайым, «кәдуілгі» жол, шумақтардың ұшырасып отыруының тағы бір себебі – әлбетте, соғыс жылдарындағы жанталаста, жан ышқынған шақта өлеңді өңдеп, үкілеп отыруға мүмкіндіктің, сірә, жете бермеуі. Қиян-кескі шайқастардан кейін таразы басы кеңес жауынгерлеріне қарай ауған шақтан бастап, көңіл күйі біртіндеп түзеліп, өлеңдердің көркемдік деңгейі де көтеріле бастағаны байқалады. Мәселен, Ғ.Ормановтың 1945 жылы шыққан «Емен» атты кітабындағы «Мәлік» атты өлеңі батырдың кішіпейілділігін жақсы білетін жұртттың көзіне бірден ыстық көрінеді:

Құлыншақ балғын жүзің мәлім маған,

Балалық ерке табы арылмаған.

Көзінен кірсіз көңілі көрінгендей,

Мәуе еді сабағынан жарылмаған.

Ерлігін еркелігі жасырғандай,

Елге бір ерсілігі шалынбаған.

Байсалды батырлығы бабында өсіп,

Қайраты қауызында дамылдаған...

Кейіпкерлердің табиғатын, мінез болмысын, қоғамдық-әлеуметтік салмағын жете түсініп, жоғары бағалаудан туған байыпты да образды жыр жолдары Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллиннің азаматтық бейнесін әдемі танытқан.

Ғ.Ормановтың «Қарағай», «Бұлақ», «Емен», «Гүл» сияқты өлеңдері тәрізді табиғат лирикасы бұл жылдары онша көп көріне қойған жоқ. Табиғат көріністерінің өзін кеңес елінің тіршілігіне қисынын келтіре, байланыстыру талабы байқалды.

Әр кезеңдегі тарихи-әлеуметтік өмірге байланысты әдебиеттің өмірлік негіздері, өмірлік материалы әр қилы болатыны, соған сәйкес жаңа мәселелер,тақырыптар, тағдырлар,образдар сомдалатыны, заман шындығы танылатыны мәлім. Қазақ поэзиясындағы бұған дейін көзге ілерліктей көріне қоймаған, тақырып ретінде салаланып бейнеленбеген партизандар өмірі мен ерлігі Ж.Саин шығармаларында жүйелі көрінді. Оның «Жорық жырларында» (1944) тарихи кезең шындығы кестеленгенде, ең алдымен, төл поэзиямыздың көркемдік дәстүрі сезіліп, сондай-ақ Шығыс поэзиясының да ықпалы нышан таныттты:

Томырық өмір мінезі

Тосқауылға алған шақ.

Төтелеп талай тар кезең

Төніп ед өлім жақындап...

Тоғыз рет оқ өтті,

Тал бойымды аралап... –деп келетін 32 жол өлеңнің алғашқы әріптері түгелдей «т» дыбысынан басталады. Оған қоса, тіркестерге «о», «ө» дыбыстарының тармақ сайын «саптан» көрінуі өзіндік әуезділік дарытады. Дыбыс үндестігі (аллитерация), қазақы пайым мен ұғымнан тұтас сөз саптау сарыны – ұлттық поэзия дәстүрінің көрінісі.

Ал Шығыс поэзиясының сілемдерін еске салатын:

Жалынып қана сөз айтпа,

Сырлас та болса досыңа,

Суық бір хабар аларсың.

Ермін деп жалғыз түн қатпа,

Ерегісер күн туса,

Егіліп жерге қарарсың, – сияқты сырлы, салмақты әуендер өлең өлкесіндегі өнімді ізденістердің әр тараптан тамыр тартқанын танытты.

Отызыншы жылдары опат болған алыптардың шығармаларының жаңғырығы соғыс жылдарындағы жылдардан да ішінара сезіліп тұрды.

З.Қалауқызының «Шолпан» атты жинағына (1941) енген «Жаз сұлу» өлеңіндегі:

Тау жылғадан таралып,

Сылдыраған су сұлу.

Сылаң қағып таранып,

Судан ұшқан қу сұлу.

Күннен алтын нұр тамып,

Жайрандаған жер сұлу,

Жапырақты жасыл әлдилеп,

Ескен бір жібек жел сұлу, – деп келетін жолдар 1941 жылы 15 мамырда жазылса да, Мағжанның атын атауға, оған еліктеуге, нәр алуға тыйым салынса да, қуатты көркемдік дәстүр қалайда өзіне жол табатындығының, бәрібір қараңғы тас қапасты жарып шығып, өзіне жол тапқан халық рухының бір көрінісі іспетті. Жас ақынның ізденісіне өзінің үйренген, оқыған әдеби мектебі әсер еткен. Ал есейген, танылған талантқа айналған С.Мұқановтың «Біз жанамыз» кітабындағы:

Сөз – халықтың қымбаттан қымбат кені,

Жүректің шахтасынан халық оны

Мыңдаған жылдар қазып, кен тасына

Тереңнен әрең барып, жетті қолы, – тәрізді жолдарда ақынның сөйлемді дағдылы қалпынан басқаша құруы, өлеңнің көркемдігі шамалы болса да, жаңаша жазуға ден қоюы – сөйлем аяқталмай жатып, бір бөлігін ұйқасқа айналдырып, ендігісін саналы түрде келесі тармақтарға ой ағынына қарай жазуы сол кез үшін жаңалық саналып, тәжірибе байытуға, жаңа буынның өзінше ізденуіне септігін тигізді. Мәселен, өлең тармақтарын айтар ойға бейімдеп, сөйлемді «кәдуілгі» қалпынан өзгерте қолдану тәсілі соғыстан кейінгі жылдары Ә.Сәрсенбаев өлеңдерінен көрінді.

Соғыс саябырламаса да, кеңес жауынгерлері жауды тықсыра бастаған шақта көтерілген көңілдің әсері жаңа, жас ақындар шығармаларынан айқын көрінеді. Қ.Шаңғытбаевтың «Ар» жинағындағы (1945):

Түріліп алтын әдіп бұлтты перде,

Батысты шомылдырып шымқай селге.

Қызыл арай қанатын жая түсіп,

Қалықтап күн таянды құба белге.

Мүлгіген марғау түзді көлегейлеп,

Ымырттың шымылдығы төнді көлбеп.

Торғындай тарамдалып торғын көкте,

Тал жібек тамшылардан керілді өрмек, – секілді табиғат көріністерін эстетикалық құндылық реуішінде динамикалық, жанды образбен елестеткен жырлар жариялана бастады. Дүниені өз көзімен көретін, поэзияның табиғатын танып, жауапкершілікпен қарай алатын жас ақындардың алды осындай ұнамды ізденістерімен бой көрсетті.

Ұлы Отан соғысында ерлігімен айрықша көзге түскен батырлар ерлігі өлеңге өзек болып, тақырыптық сипатына ықпал жасады. Осы орайда Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин туралы Ғ.Ормановтың, Б.Момышұлы, А.Тоқтаров туралы Ә.Тәжібаевтың, X.Қасымбеков, Е.Қойшыбаев, т.б. жайында А.Тоқмағамбетовтің, М.Мамыраев туралы Қ.Аманжоловтың, М.Ғабдуллин, М.Мәметова жайында Д.Әбілевтің, Н.Әбдіров хақында Ә.Сәрсенбаевтың, т.б. алуан ақындардың өлеңдерін атауға болады.

Ал ендігі бір шоғыр туындылар өлең-хат, өлең-жоқтау, өлең-естірту түрінде жазылды. Мәселен, қазақ даласына кең тараған Жамбылдың жоқтау-тебіренісі, шөгіп жатып алған қарт жырауға Кенен Әзірбаевтың өлеңмен әндетіп көңіл айта келіп, күйзеліп күйреген қарт ақынды жұбатуы немесе Ж.Саинның ерлікпен мерт болған жауынгер досы Ә.Жанұзақұлына арналған жоқтауы, т.б. туындылар поэзияның жанрлық сипатын, көркемдік бітімін байқатады.

Кезең шындығын шымыр да ширақ, әрі жедел жинақтап, көркем бейнелеуге оңтайлы жанрлардың бірі – баллада. Сұрапыл соғыстағы оқыс оқиға, драмаға толы қақтығыстарды, тосын сәттерді бейнелейтін Ә.Тәжібаевтың «Қан тамырлар», Ғ.Ормановтың «Қаһарман», Т.Жароковтың «Ол туғанда», Қ.Бекхожиннің «Партизандар анасы», Ж.Молдағалиевтың «Батыр туралы баллада», т.б. балладалар бұл жанрда да татымды туындылардың дүниеге келе бастағанын көрсетті.

Шағын эпикалық туындылардың көркемдік сипаттары өмір шындығын бейнелеу мен қамту мақсатына байланысты. Мұндай шығармалар қазақ ақындарының көркемдік тәжірибесі мен шеберлігін толықтыра түсуіне айтарлықтай жәрдемін тигізді. Жауынгерлердің ерлік әрекеттері, Отан үшін жасанған жаудан айбынбай, атой салғаны, қайсарлығы, патриоттығы балладалардың идеялық тынысына айналып, ақындарымыз сұрапылдың сойқан шындығын түрлі көркемдік мәнермен таныта білді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында от кешкен жауынгерлер де, күн-түн демей еңбек еткен тылдағылар да ендігі тіршілік нұры тек Жеңіспен байланысты екенін терең түсінді, жете түйсінді. Осы сезім мен ұғым Отанға деген махаббатты еселей түсті. Отансүйгіштік, туған жерге деген сағыныш баршаға қуат берді. Қ.Аманжоловтың «Елге хатындағы»:

Жылытып бауырымды ып-ыстық қан,

Кезімде өлі досты барып құшқан,

Үстіме сен кеп төніп тұрғандай-ақ

Болушы ем, атамекен, Қазақстан! –деген сөзі майдан даласындағы барша жауынгерлердің көкейіне тұнған лебізі еді.

Сонымен, қырқыншы жылдардың алғашқы жартысындағы поэзияның шағын жанрларында замана ағымына үн қосуға икемді, болмысты көркемдік тұрғыдан таразылауға қолайлы алуан түрлері бой көрсетті. Саяси лирика, азаматтық лирика, табиғат лирикасы, көңіл күй әуендері, толғау публицистикалық үгіт өлеңдер, сатиралық поэзия, өлең-жоқтау, өлең-көңіл айту, өлең-естірту, өлең-хат, өлең-очерк, өлең-естелік, баллада тәрізді шағын жанр үлгілерінде ақындар уақыт талабына сай үн қосуға ұмтылды.

Ал күрделі эпикалық жанр – поэмада болмысты түрлі тұрғыдан тану мен таныту талабы эстетикалық нысанасы әр алуан шығармалардың дүниеге келуінен аңғарылады. Халық ақындары жауынгерлердің ерлік әрекеттерін таныстыруға келгенде ертедегі батырлардың қаһармандығымен салыстыра сабақтастырып отырса, жазба ақындар да солар секілді соғыста ерен ерлігімен ерекшеленген, белгілі тарихи адамдарды өз шығармасына өзек етті, сонымен бірге өз тұжырымдамасын – ой-толғамын ұсынды. Таным мен таланттың табиғатына сәйкес құбылатын мұндай идеялық-эстетикалық сипаттардың түрленуі және молаюы – қазақ поэзиясының көркемдік әлемінің күрделене түскенінің мысалы.

Бұл ретте соғыс жылдары өз мәнерімен келген бір топ жас ақындар – Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, тағы басқалар да поэзиямыздың жаңа бояулармен жаңғыруына айтарлықтай үлес қосты.

Өмір шындығын суреттеуде, болмысты байыптау үшін кәдеге жарайтын көркемдік бейнелеу мүмкіндіктерін пайдалануда шектеу мен тежеу көрсе де, қазақ поэзиясы аталған кезеңде тақырыптық жағынан да, жанрлық жағынан да салалана түсті. Шынайы дарындар шығармашылығының көркемдік тәжірибе, шеберлік деңгейі биіктеп, әдебиетіміздің көркемдік әлемі ұлғаюына, әрі жанрлық-көркемдік, әрі тақырыптық стильдік тұрғыдан түрлене, толыса беруіне өзіндік ықпал жасады.

Қазақ ақындарының отызыншы жылдары жаппай жазықсыз жазаланып, аса сиреп қалған қатары соғыстан кейінгі жылдары сан жағынан әжептәуір толыға түсті. Соғысқа дейін де өздерінің алуан жанрдағы шұрайлы шығармаларымен поэзиямыздың дамуына мол үлес қосқан, енді ғана алдыңғы буын өкілдеріне айналған С.Мұқанов екі таңдамалысы (1950,1954)мен екі шығармалар жинағын (1948,1951), А.Тоқмағамбетов дастандарын (1949), таңдамалысын (1953), «Агроном көктемі» (1955), «Алыптар туралы ертегі» (1948), өлеңдері мен дастандарын (1958), «Шыңға» (1950) атты жинақтарын ұсынса, Ә.Тәжібаев өлеңдері мен поэмаларын (1949), «Сүйген жүректер» (1951) секілді топтамаларын көпшілік талқысына салды.

Ғ.Орманов таңдамалысы (1950) мен «Өмір дастанын»(1948), Қ.Әбдіқадыров 1943-1946 жылдары жазған өлеңдерін (1948), Ж.Сыздықов таңдаулы өлеңдері мен дастандарын(1949), «Алтын қалам» (1949), «Қос қыран» (1948), «Майкөл тамы» (1950), «Өлеңдерін» (1951) жариялады. Т.Жароков таңдамалысы (1951) мен «Жапанды орман жаңғыртты» (1953), «Қырда туған құрышын» (1954) тарту етті.

Отызыншы жылдардың екінші жартысында есімі елге мәлім болып қалған ақындар– Қ.Аманжоловтың «Біздің дастан» (1949), «Дауыл» (1948) атты жаңа өлеңдерінің, таңдаулы туындыларының (1953), сондай-ақ , 3 томдық (1955) шығармаларының жинағы, Ж.Саинның таңдамалысы үш рет (1948, 1952, 1954),сонымен бірге «Алтай» (1950), «Дастандар» (1951) секілді кітаптары баспа бетін көрді.

Аталғандарға қоса, Д.Әбілевтің екі таңдамалысы (1949, 1953), «Алтай жүрегі» (1953), «Жас азамат» (1948), «Тұлға» (1947), «Шалқымасы» (1950) оқырмандарға жол тартты. Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» (1947), «Өлеңдер» (1949), «Отан таңы» (1952), «Төлдер айтысы» (1949), «Туған өлке» (1948), Қ.Бекхожиннің «Достық даусы» (1954), «Көктем» (1948), «Мәриям Жагорқызы» (1955), Х.Ерғалиевтың таңдамалысы (1954) мен «Біздің ауылдың қызы» (1950), «Екі дастан» (1949), «Сенің өзенің» кітаптары да осы кезеңнің жемісі. С.Мәуленов пен Ж.Молдағалиевтің әрқайсысы төрт жыр жинағын, Ә.Ахметов пен М.Әлімбаев, З.Қалауова, Қ.Мұқышев, С.Сейітов, А.Шамкенов, М.Хакімжанова екіден өлең кітаптарын жариялады.

Жас ақындар Б.Аманшин, Е.Әукебаев, Ж.Тілеков, А.Лекеров, М.Рәшев, Ә.Оңалбаева, Қ.Сатыбалдин, Т.Бердияров, Қ.Ұябаев, З.Шүкіров жырлары жеке-жеке жинақ болып, басылып шықты.

Ел өміріндегі һәмма өзгерістерге сергек қарап, жедел үн қосуға қашанда құлықты халық ақындарының да бірталай топтамалары өз оқырмандарының кәдесіне жарады. Олардың қатарында К.Әзірбаевтың «Әли батыр» (1955), «Өлеңдер мен дастандары» (1952), «Өлеңдер, дастандар, ән текстері» (1953), Н.Байғаниннің шығармалар жинағының I,II томы (1950), «Өлеңдері» (1949),И.Байзақовтың «Шығармалары» (1949), екі рет таңдамалы шығармалары (1948, 1949), Н.Бекежановтың «Домбыра сазы» (1950), Жамбыл шығармалары төрт рет, Т.Көбдіковтің «Алып күшті Отаным» (1948), «Өмір жыры» (1953) сияқты жыр кітаптары жарық көрді. Кітап жылнамаларындағы деректерге қарағанда, 1940-1955 жылдар аралығында поэзия әлемінде екі жүзден аса кітап шығыпты. Бұл сан, әлбетте, бұрнағы қай кезеңдермен салыстырғанда, әлдеқайда салмақты. Ал сапа жағынан осынша мол дүниенің ішінде асылынан жасығы молырақ. Кейінгі күннің кәдесіне жараған, уақыт сүзгісінен өте алғандары санаулы ғана.

Әйтсе де татымды табыстардан көркемдік тәлім үйренуге бастайтын, тәжірибе салыстыра келе, қайшылықты да сәтсіз мысалдардан ащщы сабақ алуға мәжбүр ететін, сәтсіздіктерінің өзі идеология тізгінін ұстағандарға ой салатын осындай әр қилы ізденістер әдебиеттің тоқырап қалмай, жанды ықпал-әсерімен, жас, жаңа шығармашылық күштермен жанданып отыруына хал-қадарынша әсер етті.

Соғыс жылдарынан бастап, өршіл даусымен, қуатты қызу, жалынды екпінімен ерекшеленген ақын – Қасым Аманжолов. Оның «Дауыл» (1948), «Нұрлы дүние» (1950) атты жинақтарына енген өлеңдері, «Абдолла» (Ақын өлімі туралы аңыз) атты асқақ рухты поэмасы қазақ поэзиясының айрықша құбылысына айналды. Қ.Аманжолов шығармашылығы – қазақ поэзиясында бұған дейін болып көрмеген тың эстетикалық игіліктерді әкелді. Бірде бұрқанған дауылды, бірде өрттей шарпынды, сұңғыла сезімтал, мейірбан, кейде ойшыл ақын халқымыздың көркемдік ойын жаңа биікке көтерді.

Қасым Аманжоловтың «Дауыл» жинағына отызыншы жылдардың аяғында жазған, сол сияқты соғыстың алдында және соғыс жылдары, одан кейін де дүниеге келген туыңдылары топтастырылса, «Нұрлы дүниеде» 1945-1950 жылдар аралығындағы жырлары жинақталған. Алғашқысында ақынның шын жүректен шыққан, лирикалық кейіпкердің алуан толғаныстарының басы қосылса, кейінгісіне «саясат» араласа бастаған.

Сол кезеңдегі және жалпы қазақ поэзиясындағы жарқын құбылысқа айналған Қасым Аманжолов өлеңдері – сол дәуірдің шындығының, қоғамдық-саяси ұмтылыстар мен көңіл күйлердің, ел өміріндегі жаңа өзгерістердің, ұлттық көркемдік-философиялық сезіну мен ойлау ерекшеліктері һәм деңгейінің, рухани тынысы мен сипаттарының бейнелі куәсі.

Мәселен, «Дариға, сол қызда» (1946) адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға, алапат сұрапылда арпалысып, өліммен сан рет бетпе-бет келіп, аянбай айқасқан лирикалық кейіпкердің өмірлік мұратындай, айнымас асқақ, асыл аңсарындай елестейтін қызға деген телегей сағынышы, теңіздей тебіренген сезімі бұған дейінгі және өз уақытындағы барлық басқа өлеңдерден өзгеше өрілген, жаңаша бейнеленген. Мұнда сапырылысқан сан алуан өмірлік-көркемдік стихиялар араласа шарпысып келіп, өзіндік күрделі көркемдік әлемге айналған. Өлеңнің көркемдік материалы – соғыс жылдарының шындығы. Сол материал – мазмұн стихиясы бірден көңілге алаң шақыратын тосын дүрбелеңімен, буырқана, аспанға шапшыған асау текті өрлігімен, нәзіктік пен сұлулықты ардақтап аялай білер парасатымен бірден назар аудартады.

Қысқасы, толғанысы да, тұрпаты да тосын, өмірлік те, психологиялық та драматизмге толы, көркемдік болмысы бөлек, философиялық-көркемдік толғамы телегейдей лық толып, тасқындай лекіген аласапыран сезім ширығысымен ширатылған «Дариға, сол қыз» қайталанбас көркемдік әлемімен, лирикалық кейіпкердің тағдырындағы, өлеңнің болмысындағы драматизмімен, символдық-философиялық һәм жинақтаушылық сырымен, парасатты, пайымды психологизмімен, көркемдік құрылысының өзіндік тосындығымен қазақ поэзиясы үшін айтулы жаңалық, лирикамызға қосылған сүбелі үлес болды.

«Серінің сертке таққан семсеріндей» «өлеңнің өткіріне» ұмтылған өрен жүйрік ақынның:

Нұрлы дүние, туған елім,

Жарқылдайсың жас айбынмен.

Бір сен үшін туған едім,

Бір сен үшін жасаймын мен, – деген жүрекжарды толғанысы әр замандағы әр ұрпақтың жан тереңінен шымырлап шыққан сертті сөзіндей, ағынан жарылып айтқан адал антындай естіліп, философиялық парасат-пайымын, толғам-тұжырымын бейнелейді. Кіршіксіз сезім, парасатты патриоттық рух сәулесімен нұрланған асқақ идея тербелген тегеурінді ырғақпен, жалт қаратар жаңа образдылықпен жеткізілген.

Қисыны келсін-келмесін, қайткен күнде де өлеңнің бір қуысына еңбекті, нұрлы заманды қыстыру амалсыздан дағдыға, үйреншікті сарынға айналған кезеңде заманның асқар биігінен осылайша асқақ сөйлеу, туған елдің абыройын арындай, барындай аспанға көтере әспеттеу, әмірін соған арнайтынын ант етіп айту сол кез үшін әрі жаңалық, әрі шығармашылық батылдық деуге лайықты еді.

Жаңалығы – барлық ұлттар үшін ең басты байлық та, бақыт та – кеңес елінде компартия, Ленин, Сталин сияқты көсемдер болып тұрған шақта жаралы жауынгердің аруағын шақырып, жасқанбастан халқын бәрінен биік бағалап, бір елі үшін туғанын, сол үшін өмір сүретінін асқақ пафоспен айтуында, философиялық терең тебіреніспен бейнелеуінде, елін табанның астында жаншылып, шектелуге мәңгі көне беретініне емес, қандай күн туса да, қайраты өшпегеніне сеніп, «жарқылдаған жас айбынымен» келуінде.

Батылдығы – осы ойды бүкпей, бүгежектемей, ақтарып салуында. Осы өлеңі үшін тырнақ астынан кір іздеу кең өріс алған сол кезеңде ақынға кінә тағып, айыптаудың тәсілдері оп-оңай табылар еді. Бірақ бұл жылдары отызыншы жылдармен салыстырғанда, заман сәл де болса өзгере бастаған. Оның үстіне бұл сөзді – бұл ойды айтып отырған қан майданның қақ төрінен қансырап келген жауынгер ақын!

Қан майданда жүріп, шалғайдағы елін, жерін сағынған, сол сағыныштың жалынын баса алмаған ақындар тыныш өмірді тамсана жырға қосқанда, жаппай жырлағанда, олар үшін іңкәрлік сезімнің, сезінудің әсері айрықша екені сол тұстағы жырлардан айқын көрінеді. Мұндай сарындағы өлеңдердің жиілеуіне, объективті фактор – саяси-қоғамдық, тарихи-әлеуметтік құбылыстар мен идеологияның арқасыңда бүкіл мемлекеттік көлемде жүйелі түрде жүзеге асып жатқан өзгерістер ғана емес, субъективті фактор да – қандай жаны тірі болса да, п