1.3. 1941-1960 жылдардағы қазақ поэмалары


1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері бұл тұстағы поэма жанрында да заманалық ерлік пафос туғызды. Қазақтың эпикалық поэзиясындағы шын мәніндегі жауынгерлік дәстүр осы жылдарда айқын көрінді. Бұл жылдары қазақ поэмасы ежелден келе жатқан халықтың жауынгерлік дәстүрін, отаншылдық сезімін, үлкен патриоттық рухын бойына сіңіре отырып, құлашын кең жайды. Бұған Қ.Аманжоловтың, Т.Жароковтың, Қ.Бекхожиннің, Ә.Сәрсенбаевтың, С.Бегалиннің, М.Хакімжанованың поэмалары дәлел.

Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы поэмаларға қарағанда, бұл кездегі қазақ поэмаларының сипатында елеулі өзгерістер болды. Әсіресе ол шығармаларда уақыт тынысы, оның халықтық сипаты, ерлік сарыны айрықша көрініс тауып отырды. Барлық поэманың да идеялық-мазмұндық арқауы – халықтың шапқыншы жаумен шайқастағы ерлігін мадақтап, әлемге паш ету болды.

Соғыстың алғашқы тұсында жазылған Т.Жароковтың «Қара мұртты Қаплан», С.Бегалиннің «Ажар» сияқты поэмаларында бүкіл отандастарымыздың жауға қарсы күреске білек біріктіре отырып аттануы нақты кейіпкердің өмірі арқылы нанымды баяндалғанын көреміз. Қаплан, Қайрат, Ажар сияқты патриоттық бейнелер сол тұстағы шындықтың типтік көріністерінен едәуір хабар бергендей.

Қазақ ақындарының поэмаларында өмірде болған нақтылы, тарихи оқиғалар мен тарихи кейіпкерлер де көрнекті орын алды. Олар Отан соғысының даңқты батырларын кең тынысты жанрда бейнелеуге ұмтылды. Қ.Бекхожиннің, Қ.Аманжоловтың, Ә.Сәрсенбаевтың, М.Хакімжанованың, Т.Жароковтың, С.Бегалиннің поэмаларында дауылды жылдардағы халық өмірінің эпикалық суреттері бірсыдырғы дұрыс берілді. Қазақ поэмаларында Мәскеуді қорғауда теңдесі жоқ ерлік көрсетіп, атағы бүкіл әлемге жайылған жиырма сегіз батырдың, жаумен айқаста ерлік туын биік ұстаған даңқты батыр, қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиевтың, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың қаһармандық бейнелері сомдалған. Елімізге опасыздықпен баса-көктеп келген фашистердің жауыздық істері уытты жолдармен әшкереленіп отырды. Бұл жылдарғы поэмалардың тағы бір ерекшелігі – оларда ақын мен кейіпкердің бір-бірімен жақындасып, етене бірігуінің күшейе түсуі. Поэмаларда ақын бас кейіпкердің өнегелі іс-әрекетін, батырлық тұлғасын суреттей отырып, оны өз бауырындай сезінеді, онымен сырласады, пікір-кеңесін, ой-сезімін ортақтастырады, кейде тікелей сөйлеседі, бірге қуанып, бірге ренжиді, бірге дұшпанға қарсы кектенеді. Оның ерлігіне сүйсінсе, өліміне қабырғасы қайыса жас төгеді. Бір сөзбен айтқанда, ақын мен кейіпкер сезімі қабырғаласып, қатар жарысқа түседі.

Сұлу күлсе, жыр да күлмек, –

Ол мұңайса, бірге егілмек... –дейді ақын Т.Жароков («Зоя туралы жыр») бас кейіпкер Зояның тағдырына өзі тікелей ортақтаса отырып.

Торға түскен тоты құстай келбетің,

Айналайын, ар-намысты бермеші! –дейді ақын М.Хакімжанова («Мәншүк») қиын-қыстауда арпалысқан бас кейіпкер Мәншүкке.

Ал «Ажар» поэмасында майданда Отан үшін ғажайып ерлік көрсеткен ұлының қасиетті ісіне сүйсінген анамен сырласа отырып, ақын сол қадірмен анаға:

Асқардың әнмен оят тас жүрегін,

Ана ару, жерде қалмас ақ тілегің,

Ардақты ұланыңның ер атанып,

Мақтаншы алғанына жаудан кегін, деп, тікелей тіл қатады.

Бұл сияқты ақын мен кейіпкердің жүрекпен сырласуы, ара-қатынасының жақын тартуы поэманың оқырман сезіміне ықпалын күшейтіп, онда суреттелген өмір шындығының нанымдылығын арттыра түседі.

Ұлы Отан соғысында біздің елдің адамдары адамзат тарихында бұрын-соңды кездеспеген ерліктің неше алуан үлгілерін көрсетті. Сондай ғажайып ерліктің бірі – 1941 жылғы 16 қарашадағы Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезіндегі 28 панфиловшы-гвардияшылардың немістің 50 танкісіне қарсы шайқастағы тіл жеткісіз батырлығы болғаны тарихтан мәлім. Соғыстың алғашқы жылдарының өзінде-ақ біздің жауынгерлердің осы тарихи ерлігіне арналған лирикалық та, эпикалық та туындылар көптеп жарық көре бастады. 1942 жылдың басында Н.Тихоновтың «28 гвардияшылар туралы сөз», М.Светловтың «Жиырма сегіз», П.Кузнецовтің «Панфиловшылар», қырғыз ақыны А.Тоқамбаевтың «28 батыр», қазақ ақыны Қ.Бекхожиннің «Жиырма сегіз» атты поэмалары жазылды. Алған объектісі ортақ болғанмен, бұл шығармалардың ұқсас жақтарымен қатар, ерекшеліктері де аз емес. Аталған ақындардың бәрі де өз туындыларында болған тарихи фактіден онша ауытқыған жоқ, Василий Клочков бастаған 28 жауынгерді даңқты генерал И.В.Панфиловтың ерлікке баулығанын, жаудың 50 танкісін талқандап жеңген олардың өмірінің көркем эпизодтарын тарихи шындыққа сәйкес бейнелеп берді. Н.Тихонов, М.Светлов поэмаларында политрук В.Клочковтың «Россия –кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва» деп, 28 жауынгерді рухтандырған патриоттық жалынды сөздеріне дейін дәлме-дәл келтірілген. Қ.Бекхожин поэмасында 28 жауынгердің майдан даласындағы қаһармандық іс-әрекеттері әрі көркем, әрі тарихи шындыққа сәйкес жырланды. Әсіресе Н.Тихонов, М.Светлов поэмаларында И.Панфилов, В.Клочков, Д.Қожабергенов, И.Натаров, Ә.Қосаев, Г.Шемякин, П.Емцов, ГЛетренко, Я.Бондаренко, А.Крючков, И.Шепетков, М.Сеңгірбаев сияқты жауынгерлердің тарихи ерлігін нақты түрде суреттеуге талаптану бар. Кейде олардың ой-сезімін, қимылын, көңіл-күйін, айтқан сөздерін сол қалпында бейнелеуі де байқалып қалады. Бұл жайлар аталған поэмалардың тарихи нақтылығын арттырып, күшейте түсті. Сол бір ауыр сын сағаттарда шындала түскен еліміздегі халықтар достығының ұлы күшін сипаттау да аталған поэмалардың идеялық арқауы болып табылады.

Аталған ақындар – әр ұлттың өкілдері. Алайда алған объектілері ортақ болғандықтан, ақындардың көркемдік бейнелеу әдістеріндегі кейбір ұқсастықтарға таң қалуға болмайды. Мәселен, Н.Тихонов, Қ.Бекхожин поэмаларындағы Дубосеково разъезіндегі шайқас тұсындағы қысқы пейзажды суреттеу, көбінесе, ұқсас шыққан. Бірақ бұл үнемі осылай емес. Нақты көркемдік бейнелеуде айырмалар толып жатыр. Н.Тихонов жаудың топас темір танктерін жалғыз мүйізді өгізге теңесе, Қ.Бекхожин құмырсқадай өрмелеген жау танктерін аждаһамен салыстырады. Ақындар салыстыру әдісін де ұтымды пайдаланады. Қ.Бекхожин жауынгерлер талқандап қиратқан жау танктерін мыжырайған сұрқай молаға балай отырып, жиырма сегіз жауынгердің төтенше жеңісіне шаттанып, еңсесі көтерілген Мәскеудің таң нұрымен жарқыраған биік мұнарасын оған қарама-қарсы қояды. Елін сатқан опасыз қорқақ солдатты қоян жүрек деп лағнеттесе, зұлым жаумен табандылықпен майдандасқан 28 жауынгерді от жүректі жолбарысқа теңейді.

Бұл тұстағы поэмаларда партизандардың ерлік өмірі де айқын көрініс тапқан. Т.Жароковтың «Зоя туралы жыр», Ә.Сәрсенбаевтың «Намыс ұлы» сияқты поэмаларында партизандардың басқыншы жауға қарсы күрестегі қаһармандық тұлғалары тәп-тәуір бейнеленген.

18 жасар батыр қыздың патриоттық жарқын бейнесі бүкіл кеңес жастарына үлгі болып, оларды ерлікке, отаншылдыққа рухтандырып, жігерлендірді.

«Зоя туралы жырда» батыр қыздың жас та, қысқа өмірінің шындығы келісті жырланған. Ақын Зояның мектеп бітіруін, өзі тіленіп майданға аттануын, партизандармен бірге Петрищево селосындағы неміс басқыншыларынан аянбай кек алуын шынайы суреттеген.

Жеке атысып партизан қыз, –

Арпалысты жаумен жалғыз.

Гранаттың оғыменен,

Немістерді тобыменен,

Партизан қыз шын тықсырды,

Талайын жер құштырды.

Бұл–поэманың шарықтау шегі. Батыр қыздың қанқұйлы жаумен ерлік шайқасы эпикалық реңкпен суреттелген. Автор шындық шеңберінен шықпайды. Күші басым дұшпанмен теңсіз айқаста Зояның тұтқынға түсіп, жаудың оны айуандықпен азаптауын ақын ашына жырлаған. Бұл тұста автор егіліп, еңіремейді. Қайта сол шексіз жауыздықпен бетпе-бет келгендегі Зояның ерлігін, өжеттігін, қайтпас қайсарлығын толық бейнелеуді көркемдік нысана етеді. «Нар кескендей ер кескінді» қыздың иілмейтін, сынбайтын характерін көрген мейірімсіз дұшпан оны дарға асып өлтіреді. Поэма соңында автор Зояны өлтіру – жеңу еместігін, Зояның мәңгі тірлігін, оның батырлық бейнесінің кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге берерлік жеңімпаздық, рухтандырушылық күш-қуатын көтере жырлайды.

Зоя өмірі – бүкіл кеңестік әдебиеттің назарын аударған соғыс жылдарындағы жоталы тақырыптың бірі еді. Зоя жайында белгілі орыс ақыны Маргарита Алигер 1942 жылы поэма жазды. Бүкіл кеңестік поэзияның зор табысы болған бұл шығармаға кезінде Мемлекеттік сыйлық берілді. Қазақ ақыны Т.Жароковтың поэмасы көпшілік жағдайда М.Алигер дастанымен үндес екенін байқау қиын емес. Патриоттық сарын, ерлікті дәріптеу – екі поэманың да идеялық арқауы.

Ә.Сәрсенбаевтың«Намыс ұлы» (1943) поэмасы да Украинадағы парти-зандар ерлігіне арналған. Поэмада неміс басқыншыларының бейбіт халыққа жасаған бүлігі, айуандық әрекеттері уытты өлең жолдарымен беріледі. Поэмада Темір мен Миколаның неміс фашистерінен шеккен жәбір-жапасы нақты да нанымды бейнеленген. Өз аналарының жау қолынан жазықсыз қаза тауып, өз селосының, өздерін мәпелеп өсірген алтын ұя – мектебінің жаудың ойранына ұшырауын көрген Темір мен Микола ыза мен кектің туын ұстап жаумен күреске белді бекем буады. Күрең сақал бастаған партизандардың, оның ішінде Темір мен Миколаның жауды талқандап, оған өлтіре соққы берудегі аршынды әрекеттері поэмада шынайы бейнеленген. Жаудың қоймасын талқандап өртеу, яки дұшпанның қару тиеген поезын қирату, т.б. партизандардың жойқын іс-қимылдары олардың патриоттық, жауынгерлік тұлғасын айқындайды.

Ә.Сәрсенбаевтың 1943 жылы жазған «Шие ағашы» поэмасы – да сол бір сұрапыл жылдардың ащы шындығын реалистік мәнерде бейнелеген туындылардың бірі. Поэмада негізінен неміс басқыншыларының жан түршігерлік жауыздығы, айуаннан да бетер қаныпезерлігі қатты әшкереленеді. Әсіресе бір жасар жазықсыз, бейкүнә сәби Миколаны фашистердің екі ананың көз алдында шырылдатып дарға асуы – адам айтқысыз жауыздықтың үлгісі. Осы қанішерлік жайлы ана әңгімесін естіген кеңес жауынгерлері кек үстіне кек қосып, жауды біржолата аямай талқандай отырып, алға ұмтылады. Поэманың финалы кеңес жауынгерлерінің ана, сәби намысы үшін жаудан кек алатынына, олардың әділ ісінің толық жеңетініне шексіз сендіреді. Шығармадағы оқиға желісі, оның логикалық нысанасы осы бір түйінге жетелейді. Поэма көркемдік контрасқа негізделген. Бір жағынан, дұшпанның шектен шыққан жауыздығы, екінші жағынан, биік адамгершіліктің туын ұстап, жыртқыш фашистерді біржолата талқандауды мұрат тұтқан біздің жауынгерлердің жарқын тұлғасы бірін-бірі толықтырады. Онда жер бетіндегі бүкіл адамзатты фашизм апатынан құтқарып, азаттық әкелуші біздің отандастарымыздың қаһарлы жылдардағы ұлы бейнесі тебірене жырланған.

Майдан мен тылдың құрыштай бірлігі – халқымыздың ұлы жеңісінің негізгі себептерінің бірі еді. Осы бір өмір шындығы да сол тұстағы қазақ поэмаларынан көрініс тауып отырды. Мәселен, ақын С.Бегалиннің «Айдар» атты поэмасының (1944) географиясы кең. Поэмадағы оқиға майданның алғы шебінде – Карпат тауында, Днестр жағасында жүріп жатса, екінші жүйе шалғай тыл – асқар Алатаудың баурайындағы Қарғалы жайлауында өтеді. Поэмада халықтың ертедегі өз елін, туған жерін басқыншы, шапқыншы жаудан қорғаудағы ерлік салтының, жауынгерлік дәстүрінің Ұлы Отан соғысы жылдары кеңес жауынгерлеріне үлгі-өнеге болып, рухтандырғаны сәтті жырланған. Шығармада басты екі кейіпкер бар. Олар: Айдар мен оның анасы Қаламқас. Айдар – майданда Отан үшін төтенше ерлік көрсеткен жауынгер. Днестрді көктей өтіп, қардай борап тұрған оқтың астымен жау шебінен «тіл» әкелген Айдардың батырлығы поэмада жарқын суреттелген. Айдардың осы бір қауіпті де қатерлі шақтағы жауынгерлік еңбегінің арқасында кеңес жауынгерлері азулы жаудың үлкен әскери бекінісін талқандап, ірі жеңіске ие болады. Сонымен қатар, алыс тылдағы Айдардың анасы Қаламқастың майдан үшін, жеңіс үшін жасаған патриоттық қажырлы еңбегі де поэмадан толық көрінеді.

Айдар мен Қаламқас – жинақталған типтік бейнелер. Олар – халықтың майдан мен тылда жауды талқандау жолында зор қажырлылықпен аянбай іс тындырғанын толық байқататын образдар. Поэманың үшінші лирикалық кейіпкері – ақынның өзі. Ақын шығармадағы оқиғаны тек құр баяндаушы ғана емес. Ол өзінің жүрек сезімімен майдандағы және тылдағы оқиғаларға тікелей араласып отырады. Бұл – көркемдік әдіс. Лирикалық кейіпкер ақын поэмасының сыршылдығын, әсерлілігін күшейтіп, идеялық-көркемдік қуатын молайта түскен. Әрине, поэманы мүлде мінсіз деу де қиын. Мәселен, қазіргі заманның әскери техникасын қолданған майдан туралы айта отырып, ақынның арагідік көне заманның қаруларын жауынгерлерге тели сөйлеуі ешбір жарасып тұрған жоқ.

Соғыс жылдарындағы қазақ поэмаларының ішінде идеялық-көркемдік деңгейінің жоғарылығымен дараланып көзге түскен шығарма – Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» (1943) атты атақты поэмасы. Бұл – тарихи дерекке сүйеніп жазылған шығарма. Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсетіп, майдан үстінде қаза болған қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиев (1915-1942) – Қ.Аманжолов поэмасының бас кейіпкері.

Қ.Аманжолов батыр ақынның майдандағы өмірінің шағын эпизоды арқылы сол бір сұрапыл кезеңнің бейнесін жасай отырып, бас кейіпкердің өжеттігін, қаһармандығын, азаматтығын айқын ашады. Ол кейіпкердің жауынгер ақынның өмір тарихын бажайлап тізіп жатпай-ақ, оның өмірінің бір-ақ сәтін – қаһармандықтың асқар шыңына шыққан кезін ғана суреттей отырып, оның батырлық бітімін жарқын түрде мүсіндеген.

Кейіпкер басынан кешкен ғаламат ірі оқиғаны шағын ғана эпизодқа сыйғызып берудің де өзіндік сыры бар. Бұл – сол кезең талабына сәйкес қолданылып отырған ақындық тәсіл. Соғыс кезіндегі аласапыран оқиға, оған араласқан кейіпкердің әрекеттері мен ішкі сезімі сол шағын мерзімнің ішінде танылады. Сондықтан да Қ.Аманжолов кейіпкер өмірін шұбалтып, ұзақ-сонар баяндап жатпай-ақ, поэманың шағын эпизоды арқылы барлық тұлғасын жарқыратып мүсіндеп берген. Бұған, әрине, биік дарын, ірі ақындық шеберлік қажет. Ал Аманжоловтың ақындық шеберлігі осы поэманы жазу үстінде жарқырап танылады.

Ешбір кіріспе, түсініктемесіз-ақ автор оқиғаның шарықтау шегін баяндай жөнеледі. Бірден майданның жан алып, жан беріскен қырғын суреттерін көреміз. Өмір мен өлімнің жекпе-жек келіп соққыласқан шайқасуын танимыз. Ақынның өмір деп отырғаны – әлемдегі бүкіл адамзаттың үміт артар тірегі, азаттық пен бақыттың туын ұстаушы кеңес елі де, өлім дегені – құлдық пен қараңғылықтың, жыртқыштық пен жауыздық атаулының символы фашистер. Ал осы фашистермен «Кекті зілін қорғасынға қоса түйіп» майдандасып жүрген поэмадағы жауынгер – халық өкілі. Жауынгер ерлігі – халық ерлігі, жауынгер жеңісі – халық жеңісі. Ақын шығармасының жинақтаушылық күші, терең мазмұны, биік идеясы осы жайларды аңғартады.

Ақын поэмада табиғат суреттерін шығарманың идеялық мазмұнын терең ашуға ұтымды пайдаланған. Табиғаттың шексіз ашуы – адам ашуы, табиғаттың құдіретті күші – адам күші деген ойды жеткізе айтқан. Поэмада табиғат әрі табиғаттық қалпын сақтаған, әрі айналадағы адамның тіршілігімен тұтасып, жауға қарсы майданға шыққан алып батырдай тұлғалана түскен.

Қанды пышақ – жау күлкісі,

Қақ жарғандай түн жүрегін.

Шошып ұшты орман құсы,

Көл күрсініп алды демін.

Қызғыш болып қызғанышы,

Ер күрсініп алды демін,–деген параллелизм соғыс өміріндегі шиеленіскен драматизмді шынайы жеткізеді. Поэманың бұндай жолдарын оқығанда қаһарлы жылдардың ауыр тынысы сезіліп, шиыршық атқан драматизмнің сарыны құлаққа құйылады. Поэма финалындағы табиғат суреті де үлкен шеберлікпен берілген. Ондағы ер өлімін шартарапқа хабарлауға ұшқан құстар, ер өліміне «көкірегіне бұлтын жиып, ауыр күрсінген аспан», азаланған дауыл, ердің мәңгі тірлігін мадақтап күй шерткен табиғат – поэманың оптимистік жігермен келісті аяқталуына лайықты көркемдік қызмет атқарып тұр.

Поэмада жауынгер ақынның орасан ерлігі, шебер мүсінделген. Поэманың басында ақын «Ырғып бұлттан түсер жайдай, өзі оқ боп атылғандай, ерегеске жанын тігіп, тас бекінген» айбарлы жауынгердің келбетін аңғартады. Кейіпкерді «Қанды көбік қара топанның ортасындағы бейне шың тасқа» балағанда, оның мықтылығы, ерлігі, биіктігі, тасқындаған күші жаудан әлдеқайда басым екенін көрсеткен. «Жүрегіндей сол аймақтың, алас ұрды намысты ұлан» деген авторлық сипаттама жауынгердің нағыз шын мәніндегі халық, ел перзенті екенінен хабар беріп тұр. Жауынгер ерлігінің – бүкіл халық ерлігінің жинақталған типтік көрінісі екенін аңдатады.

Кейіпкер сөзі – поэмадағы басты образды ашатын көркемдік тәсілдің бірі.

Қасиет күші Ұлы Отанның,

Қанатын бер қыран құстың,

Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың!

Күллі әлемнің ашу-кегі

Орна менің кеудеме кеп!

Жау жолына атам сені,

Бомба бол да жарыл жүрек! –

деген жауынгер сөзі оның қаһармандық тұлғасын сарқа ашып берген. Бұл монологтен жауынгер ақынның динамиттей ішкі қуаты да, жауға найзағайша атылғалы тұрған қаһармандық айбарлы тұлғасы да толық танылады. Автор бұл жерде дәстүрлі ұлттық поэзияның көркемдік арсеналына сүйенген, сонымен қатар жаңалық та тапқан. Сүйенген дейтініміз – кейіпкерді қыранға, арыстанға, жолбарысқа теңеу қазақтың дәстүрлі поэзиясында бұрыннан бар. Ақын сол дәстүрлі теңеулерді қалауын тауып жаңарта түскен. Тың мағына қосқан. Сөйте отырып, өзі тың поэтикалық теңеу де тауып кетеді. Күллі әлемнің ашу-кегі орнаған жүрегінің жау жолына атылған бомбадай жарылуы – қазақ поэзиясындағы көркемдік жаңалық.

«Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасының идеялық-көркемдік жетістігін лайықты бағалап, дұрыс таныған Ғ.Мүсірепов поэма жарық көрісімен: «Поэма майданда ерлік көрсетіп, ел үшін қаза тапқан ақын жайында. Ақын Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңдігін бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сөзімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін өртеп, жүрегін тербеп шыққан», – деп жазды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ата-бабаның ерлік дәстүрін жырлау едәуір өріс алды. Ақындар халықтың ел қорғаудағы ерлігін майдан даласындағы жауынгерлерге үлгі-өнеге ретінде ұсынды. Атап айтқанда, Ә.Тәжібаевтың «Толғау», С.Бегалиннің «Айдос», Қ.Бекхожиннің «Александр Невский» сияқты поэмаларының сол қаһарлы жылдарда әжептәуір үгіттік рөл атқарғаны сөзсіз. Ә.Тәжібаев пен С.Бегалин поэмалары ежелгі батырлар жырының сарынымен жазылды. Ақындар батырлар жырының көркемдік дәстүрін шығармашылықпен пайдалана алмады. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі қазақ әдебиеті тарихына арналған зерттеулердің бәрінде шығармалары түгіл, есімдері де аталмай келген қазақ ақындары аз емес. Соғыс жылдарында тағдырдың тәлкегіне түсіп, тауқыметін тартқан, «бақытсыздыққа» ұшыраған сондай қазақ ақындарының бірі–Мәжит Айтбаев (1913 жылы туған) еді. 1941 жылдан бастап бар өмірін Германияда өткізген ол туған елі, халқы туралы ірілі-уақты талай көркем шығармалар жазған. Солардың бірі–1943 жылы жазған «Хан Абылай» поэмасы. Бұл поэмасынада Мәжит Айтбаев XVIII ғасырда шеттен көз алартып келген басқыншы жаулардан қазақ халқын қорғауға орасан еңбек сіңірген, ала туы желбіреген Абылай ханның өмірін үлкен ақындық шабытпен тебірене жырлады. Поэмада қазақ халқының азаттығын ерлікпен қорғаған Абылай ханның және оның қалың елге мәлім атақты батырларының айбынды бейнесі жасалды. «Хан Абылай» поэмасының соғыс кезіндегі қазақ поэмаларының арасынан алатын өзіне тиісті орны бар.

Ұлы Отан соғысы кезінде жазылған біраз поэмалардың көркемдік дәрежесі ойдағыдай болмады. Соғыстың соңын ала жарық көрген Қ.Сатыбалдиннің «Әлия», І.Есенберлиннің «Сұлтан» атты поэмаларының идеялық-көркемдік ақауын әдебиет сыны кезінде дұрыс көрсетті. Академик М.Ғабдуллиннің: «Қ.Сатыбалдин мен І.Есенберлин поэмалары көркемдік жағынан да құнсыз», – деген тұжырымы әбден дәлелді[19]. Сондай-ақ Д.Әбілевтің «Майданбек», С.Бегалиннің «Қанатты қазақ» сияқты поэмаларында бас кейіпкердің бейнесін айқындауға көмегі жоқ детальдарды көбірек пайдаланып, көпсөзділікке ұшырады. Академик С.Қирабаевтың: «Д.Әбілевтің «Майданбек» поэмасы да совет жауынгерінің ерлік тұлғасын дәл жинақтай алмай, көп сөзділікке, шашырандылыққа ұрынды», – деген сынының жаны бар.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықтың ерлігін, жауынгерлік өмірін суреттеген қазақ поэмаларын тұтастай қарастырғанда олардың өзіндік ерекшелігі барын анық көреміз. Бұл поэмалар бір ғана тақырып төңірегінде жазылды. Басқа жаққа ауытқымай, ерлік тақырыбын поэмаларға өзек ету сол бір қаһарлы уақыттың талабынан туған еді. Олар өз заманының идеологиялық пәрменді қызметін атқарғанды. Поэманың идеялық мазмұнын тереңдетумен қатар, оның көркемдік компоненттерін жетілдіру бағытында да елеулі ізденістер жасады.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі еліміздегі әлеуметтік-саяси оқиғалар көркем әдебиеттің барлық жанрларына, соның ішінде поэмаға да елеулі әсер етті. Соғыста қирап қалған экономиканы, шаруашылықты қайтадан қалпына келтірудегі отандастарымыздың қажырлы еңбегін бейнелеген поэмалар дүниеге келді. Х.Ерғалиевтің «Әке сыры» (1947), «Жас ана» (1948), Ж.Тілековтің «Ақсұр ат» (1947), Ж.Молдағалиевтің «Қызыл галстук» (1947), Ә.Сәрсенбаевтың «Ұлым туралы ой» (1948), Ж.Саинның «Алтай» (1950), Т.Бердияровтың «Мен өмір сүремін» (1953) атты поэмалары –халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерлігін оның бейбітшілік жолындағы ұлы күресімен, болашақтағы биік арманымен ұштастыра жырлаған шығармалар. Бұлар – жанрлық жағынан әр түрлі бағдарда жазылған, көркемдік сапасы әр деңгейдегі поэмалар. «Ақсұр ат», «Қызыл галстук», «Алтай» – майдан даласындағы ерлік істерді суреттеген оқиғалы поэмалар болса, «Әке сыры», «Ұлым туралы ой» – лирикалық сипаттары басым шығармалар.

«Әке сыры», «Ұлым туралы ой» поэмаларында ақындардың лирикалық ой толғаныстары, оқырманмен ағынан жарыла сырласуы негізінде алынады. Лирикалық толғаныстар арқылы отандастарымыздың патриоттық бейнесі танылады. Х.Ерғалиев поэмасын бастан-аяқ лирикалық кейіпкердің өзінің сәби ұлымен сырласуына арнаған. Сол лирикалық кейіпкердің сыры, жүрек тебіренісі арқылы оның ішкі жан дүниесі, биік моральдық қасиеті ашылады.

Ә.Сәрсенбаевтың «Ұлым туралы ой» поэмасында да бас кейіпкердің жан дүниесі, сезім иірімдері тереңірек сипатталған. Лирикалық кейіпкердің өз ұлының қайтыс болуын естігендегі психологиялық тебіренісі, жай-күйінің аласапыран шағы поэмада шебер суреттелген. Поэма кейіпкері жеке бастың ауыр сезімінің жаншылған құлы емес, бүкіл Отанның сәбилерін өз перзентіндей көріп, солардың бақыты үшін алысатын биік мұраттың, аса жарқын қасиеттің иесі ретінде көрінеді. «Ұлым туралы ой» – абзал азаматтың ішкі дүниесінің асыл сезімдерін жақсы бейнелеген лирикалық психологиялық поэма.

Ақын Т.Бердияров өзінің «Мен өмір сүремін» атты поэмасында біздің жауынгерлер неміс-фашистерін қирата қууын суреттей отырып, жеңіс біздің халқымызға ғана тиесілі екенін әдемі бейнелеген:

Танк ізі –

Тартылып бейне сызық,

Қалып жатты адырдың жотасында.

Сол сызыққа басылған солдат ізі,

Ұқсайды музыканың нотасына.

Айғыз-айғыз із көрем әр жотадан,

Солдат сызған нотаны күн сүйеді.

Асқақтап бір күшті марш сол жотадан

Тұрғандай дүбірлетіп дүниені.

Жетеді әлі-ақ Берлиннің дәл өзіне,

Осы із, осы нота жонға түскен.

Шығып ап Рейхстаг төбесіне

Шырқаймыз «Жеңіс жырын» бар дауыспен! Бұл мысалды біз поэмадағы сюжеттік желінің шиыршық атқан тұсынан алып отырмыз. Ақын біздің адамдардың жеңетініне сенімді. Ойы айқын да биік. Сол терең ой өңі қашпай, әдемі бояумен суретке түсіп, оқырманға жеткен. Ақын шеберлікпен көркемдік бейнелеу тәсілдерінің тың түрлерін таба білген. Бұған дейін ешкім айтпаған, өзіндік күрделі метафораны пайдаланған.

Бұл жылдардағы қазақ поэзиясында еліміздің еңбек адамдарының өмірін жырлау жаппай өріс алды. Еңбек тақырыбына жазылған бұл тұстағы Х.Ерғалиевтің «Үлкен жолдың үстінде» (1949), «Біздің ауылдың қызы» (1950), «Сенің өзенің» (1953), Т.Жароковтың «Жапанды орман жаңғыртты» (1949) поэмалары кезінде әдеби жұртшылықтың назарын аударды. Ол шығармаларда ақындар өз замандастарының бейбіт еңбектегі қарапайым тіршілігін, еңбек адамының өмірін жырлауға ұмтылды. Көркемдік-бейнелеу амалдарының ескірген көне түрлерінен бой тартып, жаңа бейнелі сөз, тың ұйқас, соны ырғақ табудағы жетістіктері де аз емес.

Қақ төрінде тоғайдың,

Қарыс жауып қабағын,

Қожасы сол маңайдың

Секілді сұсты жауар күн.

Бас иіп жанға қарамай,

Бұлтқа бойлай бір емен, –

Орманның генералындай –

Қасқайып қарап тұр емен,–деп, табиғат суретін бейнелеудегі бұлайша еменді «орманның генералына» теңеу, яки еңбек адамдары өсірген ең жас ағаштарды сол «орманның кенже қызына» балауы ақынның шығармашылық ізденістерінің жемісі болса керек. Т.Жароковтың «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасы бұл тұстағы еңбек поэзиясына тың леп әкелген елеулі туынды ретінде танылды.

Қақ төрінде тоғайдың,

Қарыс жауып қабағын,

Қожасы сол маңайдың

Секілді сұсты жауар күн.

Бас иіп жанға қарамай,

Бұлтқа бойлай бір емен, –

Орманның генералындай –

Қасқайып қарап тұр емен,–деп, табиғат суретін бейнелеудегі бұлайша еменді «орманның генералына» теңеу, яки еңбек адамдары өсірген ең жас ағаштарды сол «орманның кенже қызына» балауы ақынның шығармашылық ізденістерінің жемісі болса керек. Т.Жароковтың «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасы бұл тұстағы еңбек поэзиясына тың леп әкелген елеулі туынды ретінде танылды.

Алайда бұл жылдары замандастарымыздың өміріне арналған қазақ поэмаларының барлығы бірдей ойдағыдай болып шықты деу қиын. Д.Әбілевтің «Отты толқындар» (1953-1955), А.Тоқмағамбетовтің «Агроном көктемі» (1954), Т.Жароковтың «Қырда туған құрыш» (1954-1955) атты т.б. поэмалары өмір шындығын кең қамтуы, көркемдік бояуы жағынан әлсіз шығармалар болып шықты. Оларда еңбек адамының тағдырындағы ең маңызды оқиғалар дәл іріктелмеді. Еңбек адамының әдеби бейнесі толыққанды болып шықпады. Күнделікті тіршіліктің қарапайым шындығын тізіп, ұзақ сонар баяндаудың нәтижесінде поэмалар шұбалыңқы, әсерсіз, тартымсыз болып шықты.

Қазақ әдебиетінің тарихында қазіргі заман тақырыбымен қатар халық тарихының арғы-бергі кезеңдерін суреттейтін эпикалық шығармалар елеулі орын алады. Бұл жылдары да әр қилы тарихи оқиғаларға арналған бірнеше поэма жарық көрді. Олар: Ж.Тілековтің «Сырым батыр» (1946), М.Байсейітовтің «Екі өмір» (1947-1953), Қ.Бекхожиннің «Мәриям Жагорқызы» (1949-1954), Қ.Мұқышевтың «Апақ туралы аңыз» (1952), Ж.Сыздықовтың «Меруерттау» (1952-1953), Ө.Тұрманжановтың «22 жастағы Аяжан мен 72 жастағы жұбайы туралы ертегі» (1955), «Жолаушы мен жеті қасқыр» (1955) атты поэмалары еді. Бұл поэмалардың ішінде жұртшылық назарын көбірек аударғаны Қ.Бекхожиннің «Мәриям Жагорқызы» атты поэмасы болды.

«Мәриям Жагорқызы» поэмасының 1950 жылы жарияланған бірінші нұсқасы баспа бетінде сынға ұшырады (Жармағамбетов Қ. Поэмалар туралы //Социалистік Қазақстан, – 1954., 26 тамыз; Мұқанов С. Поэзия туралы //Әдебиет және искусство. – 1954., №11.-110-119 б.б.). Сол сынға құлақ асып, оны ескерген ақын поэманы өңдеп, қайтадан жазды. Поэманың түзетілген екінші нұсқасы 1955 жылы жеке кітап болып басылды.

Поэманың екі нұсқасын салыстыра қарағанда, автордың оған түбегейлі өзгерістер жасағанын көреміз. Поэмадағы кейіпкерлерді сақтай отырып, ақын сюжеттік жүйесіне біраз өзгерістер енгізген.

Ең бастысы – шығарма оқиғасымен байланыстырып қазақ даласындағы әлеуметтік қайшылықтарды терең сипаттаған. Әрбір кейіпкердің келбетін, мүддесін ашатын тың детальдар қосылған. Қазақ ауылындағы ауыр тұрмысты суреттейтін «Жұт» атты жаңа тарау қосқан. Дүйсен мен Мәриям арасындағы махаббат сезімі терең психологиялық толғаныста берілген.

«Мәриям Жагорқызы» – шын мәніндегі эпикалық, сюжетті поэма. Поэмада кейіпкерлердің ара қатынасына, оқиғаларға құрылған бірнеше сюжеттік желі бар. Поэмадағы сюжеттік желінің негізі – кейіпкерлер өмір сүрген қоғамдағы әлеуметтік тартысқа құрылған. Жеке адамдар мен ел билеушілер, әлділер арасындағы қақтығысты ақынның әлеуметтік шиеленіспен табиғи ұштастыруы сенімді шыққан. Автор бас кейіпкерлердің жеке басының адамдық мінезін оның әлеуметтік бітімінен ажыратпай, тұтас бейнелеген.

Поэманың бас кейіпкерінің бірі – Дүйсен. Шығармада оның жеке өмірі мен әлеуметгік тірлігі қамшының өріміндей тұтас. Яки оның адамдық абзал мінезі де, әлеуметтік аршынды іс-әрекеттері де айқын көзге түседі. Поэмадағы Дүйсен – махаббат майданындағы биік бітімімен тұлғаланған ірі әдеби кейіпкер. Дүйсен С.Мұқановтың «Сұлушаш», Ж.Саинның «Күләнда», И. Байзақовтың «Ақбөпе» поэмаларындағы үлкен шеберлікпен бейнеленген Алтай, Әбікеш, Әмірхан сияқты әдеби кейіпкерлердің лайықты жалғасы деуге болады.

Шығармадағы орыс қызы Мәриямның әдеби бейнесі де ақынның елеулі көркемдік табысы дерлік. Қарапайым еңбек адамы – балықшының отбасында өскен Мәриям – өз халқының жақсы мінездерін бойына сіңірген абзал перзенті.

Көркемдік сапасы жоғары, идеялық мазмұны бай «Мәриям Жагорқызы» – қазақ даласындағы әлеуметтік шындықтың эпикалық суретін берген қазақ поэмасының үлгісі, қазақ, орыс халықтарының тарихи ынтымағын жырлаған көрнекті туынды есебінде әдеби сын мен әдебиеттану ғылымында лайықты бағасын алды.

Бұл дәуірде қазақ ақындарының енді бір тобы халықтың ежелгі көне аңыздарын тың шығармашылық електен өткізіп, қазіргі заманның талап, міндетіне орайластыра жырлауға ұмтылды. Мәселен, ақын Ж.Сыздықовтың «Меруерттау» поэмасының сюжетіне баянды, бақытты, жарқын болашақты күткен халықтың ежелгі аңызы алынған. Поэмада жақсылыққа, ізгілікке жаманшьлықпен жауап беретін жауыздық өкілдері мен бақыт іздеп шарқ ұрған адамның, оған дереу көмекке келген сайыпқыранның күрес-тартысы шынайы бейнеленген. Поэмада ақындық зор тыныспен суреттелген әділет ордасы – меруерт тау елі – бақытты болашақты үнемі аңсайтын халық арманының символдық көрінісі.

Ө.Тұрманжановтың «22 жастағы Аяжан мен 72 жастағы жұбайы туралы ертегі» атты поэмасы ұжмақ, хор қызын желеу етіп, қарапайым адамдардың басын уландырушы шалағай молда, алаяқ қожалардың арамза қылығын өткір сатираның отымен өлтіре әшкерелейді. Ал ақынның «Жолаушы мен жеті қасқыр» поэмасы адалдық пен жауыздықтың бітіспес тартысына арналған. Шығармада жауыздық пен зұлымдыққа қарсы ымырасыз күреске шыққан адам жеңіске жетеді. Ақын поэмасында адам баласының құдіреті, күштілігі, жігерлілігі, ұлылығы көркемдік бояулармен келісті сипатталған.

Тұтастай алғанда, бұл жылдары поэма жанры өсу өрлеу жолында болды. Алдыңғы жылдарға қарағанда, поэманың идеялық-тақырыптық өрісі кеңіді. Поэманың көркемдік сапасын жетілдіріп, ақындар эпикалық поэзияда тың тақырыптарды игерді.

Елуінші жылдардың екінші жартысында бүкіл кеңестік әдебиетте жаңа кезең басталды. Әдебиеттегі ол кезең КОКП XX съезі (1956) шешімдеріне тікелей байланысты еді. Съезд шешімдері сол тұстағы идеологияның бір саласы – үнемі тоталитарлық жүйенің тар қыспағында болумен келген әдебиеттің жаңа бір өріске шығуына еркіндік бергендей сыңай танытты. Әдебиет тарихын зерттеушілердің, сыншылардың айтып жүргеніндей, көркем әдебиеттің «Жылымық» («Оттепель») кезеңі осы бір жылдары басталды. 50-жылдардың екінші жартысындағы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы өзгерістердің әдебиеттің барлық жанрларына, соның ішінде поэмаға да, елеулі ықпалы болғаны даусыз. Бұл тұста поэма жанрының дәстүрлі мүмкіндіктерін еркін пайдаланумен қатар, жаңа көркемдік ізденістер жолында да қазақ ақындары едәуір барлаулар жасады.

Бұл жылдардағы көптеген поэмалар замандастар өмірін бейнелеуге арналды. Ондай шығармалардың ішінен жұртшылық назарын аударғаны –Қалижан Бекхожиннің «Тұрлаулы тағдыр», Мұзафар Әлімбаевтың «Құрыш қазақ», Қабыкен Мұқышевтің «Өкініш», Зейнолла Шүкіровтің «Ана», Қабдыкәрім Ыдырысовтың «Әке жолы», т.б. поэмалары еді. Осы шығармаларда соны сюжет, жаңа көркемдік бояулармен ұлттық поэзияның бейнелеу арсеналы едәуір молыға түсті.

Қалижан Бекхожиннің «Тұрлаулы тағдыры» (1957-1962) – сюжетті поэма. Ал сюжетті поэмадағы адам образының сомдалып жасалуы, шығарманың оқиға желісі, композициялық бітімі, тіл өрнектері, баяндау, суреттеу тәсілдері, т.б. көркемдік компоненттермен тығыз байланысты. Бұл жақтарынан алып қарағанда, «Тұрлаулы тағдыр» поэмасының көзге түсерлік көркемдік табыстары бар. Поэманың басты кейіпкері – Ақан Ақтаевтың тағдыры, характерінің қалыптасу өсу жолдары, оның өзін қоршаған ортамен, адамдармен қарым-қатынасы арқылы нанымды ашылған. Алматы қаласының Тау-кен институтында оқып жүрген жас жігіттің өмірдің ауыр соққысына душар болуы, кез болған қиындық-кедергілерді табандылықпен, төзімділікпен жеңе білуі, адал да қажырлы еңбектен бақыт тауып, ойлаған арман-мақсатына жетуі, оның ізденімпаз, өршіл, алған бетінен таймайтын, сынбайтын, иілмейтін, күшті характерінің әр кезең, әр тұстағы көріністері поэманың сюжеттік желісіне арқау болған.

Шығарманың композициялық бітіміне қазақтың эпикалық поэзиясында ежелден қалыптасқан дәстүрлі әдіс кең пайдаланылған. Мәселен, Ақан мен Әсия өмірінің көріністерін алма-кезек беріп отыру – бұған дейінгі қазақ поэмасының дәстүрлі композициялық бітімін еске түсіреді. Сондай-ақ кейіпкер сөзі, портрет, түс, хат, лирикалық шегініс, пейзаж сияқты көркемдік компоненттерді шығарманың композициялық жүйесіне автордың қиюын тауып шебер пайдаланғанын көреміз. Кейіпкер портретін шағын эпитеттермен-ақ, көңілге ұялағандай етіп беру ақынның жиі қолданған көркемдік амалы. Поэмадағы сұрқиялар: «Тапал қараның құбылған қатал күңгірт түрі», «әрдайым көлгір күліп, сыр бағатыны», «өсекті гүлдей терген қалтақсары, қалқан құлақтың боз көзі жыпылықтап шіңкілдеуі» оқырманның жек көрінішті сезімін тудырады.

Поэмада табиғатты кейіпкердің іс-әрекетіне фон ретінде алып, оның көңіл күйіне сәйке