1.4. 1941-1960 жылдардағы драматургия


Отызыншы жылдардағы қазақ драматургиясында жетекші орын алған халықтың эпостық шығармалары сюжетіне және тарихи оқиғалардың ізімен (оның ішінде тарихи адамдар да бар) жазылған пьесалар 40-50 жылдары да бұл жанрдың табыстарына негіз болды. Қазақ драматургиясының інжу-маржаны саналып, театр репертуарын құраған да осы тақырыптарға жазылған пьесалар еді. М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абайы» халқымыздың ұлы ақынының өмірі мен ол бастан кешкен құбылыстарды, әлеуметтік орта шындығын бейнелеуге үлгілік қызмет атқарса, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» халық жадында сақталған аңыздық бейнелерді тірілтіп, нақты өмір суреттеріне айналдыруда, сол арқылы жастардың бас бостандығы үшін күресіп, қайғылы аяқталған романтикалық махаббатын көркемдік шеберлікпен бейнелеуде ұлттық драматургияны жаңа биікке көтерді.

1941 жылы жазылып, жарыққа шыққан Ғабит Мүсіреповтің жаңа пьесасы – «Ақан сері–Ақтоқты» да драматургтің сол бір қарқынмен, шабытпен дүниеге әкелген ерекше күрделі туындысы болды. Бұл да жоғарыда аталған шығармалар сияқты алғашқы күннен бүгінге шейін сахнадан түспей келеді. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде «Ақын трагедиясы» деген атпен Мәскеудің атақты академиялық кіші театрының сахнасынан көрсетілді.

Ғ.Мүсіреповтің драматургиясы, соның ішінде «Ақан сері – Ақтоқты» туралы көп жазылды. Драматургияны зерттеуші С.Ордалиевтің, Н.Ғабдуллиннің, Ә.Тәжібаевтың, Е.Нұрғалиевтің театр сыншысы Қ.Қуандықовтың зерттеулерінде трагедияның идеялық-көркемдік ерекшеліктері кеңінен талданған. Солардың ішінде ақын-драматург Ә.Тәжібаевтың Ақанды романтикалық белеске көтере талдауын әбден құптаған мақұл. Ол ақын туралы шабытпен сөйлейді, ғылыми зерттеу емес, поэтикалық трактат оқып отырғандай әсер қалдырады. Автордың Ғ.Мүсірепов шығармасын әлемдік классикадағы – Карл Гуцковтың «Уриель Акоста» атты трагедиясымен қатар қоюы да дәлелді көрінеді.

Трагедия медреседе әндетіп сабақ оқып отырған шәкірттердің үстіне кіріп келген Ақанның оқыс әрекетінен басталады:

Әділет, хазірет, әділет!

Хазірет атын қанға бояп,

Болмап па едің әлі де?

Қараңғыда сорғалаған қан ізі,

Тағы әкелді қақпанға.

Тоқтат, хазірет, тоқтат мынауыңды!

Пьесаның осы экспозициясында тірідей көрге көмілген Мәрзия тағдырынан оқиғаның қауырт басталып, тартыстың бірден шиеленісуі Ақанның қызу қанды әрекетінен көрініп тұр. Хазіреттің әділетсіздігі Ақанды мешіттен кетіп, ашық айқасқа шығуға мәжбүр етеді. Мәрзия тағдыры Ақтотының қайғылы трагедиясына ұласады. Оқиға ауқымы кеңейіп, тартыс желісі ұлғаюына байланысты екіге бөлініп, Ақан, Ақтоқты, Балта, Жылгелді, Сейіт, Мұрат тобы – Науан, Жалмұқан, Серделі тобымен айқасқа түседі.Басты кейіпкерлердің бейнелері осы ешбір бәсеңдемейтін талас-тартыс, қызу айтыс-пікір, философиялық толғаныстардан кейін дараланып, көркемдік сипаты айқындала түседі.

Өмір соқпағының талай қиындықтарын басынан кешкен Ақан пьесаның Науан, Жалмұқанмен өтетін көріністерінде нағыз күрескер, әділет жолында ештемеден тайынбайтын, ақиқатты ашып айтатын батыл да алғыр жан болып бейнеленген. Мешітте жүрген кезінде Науанның талай зұлымдықтарын көріп-біліп жүрген Ақан жазықсыз Мәрзияның басынан кешкен қайғылы оқиғадан кейін қара түнек тірліктен ат құйрығын біржола шорт кеседі.

Ол дінге қарсы емес, Науан қазіреттің елдің сеніміне кіріп алып, дінді халыққа қол шоқпар етпек арам саясатына қарсы. Бұрын мешіт маңында дін жолын ұстамақ болған оны хазіреттің Мәрзияға жасаған қиянаты сол жолынан тайдырады. «Қарауылдай елге Науандай надан хазірет болыпты деп қайтам ба мешітке?» – дейді ол.

Ә.Тәжібаев Ақанды М.Әуезовтің «Қаракөзіндегі» Сырыммен салыстыра келіп: «...Сырым туралы, серілік, еркіндік қимыл-қозғалысынан, ақындық өжеттік жағынан көбінесе Ақанды аңғарғандай боламыз... Сырымның сырты да, іші де аңызға айналған Ақанға түгел келеді» – деген еді. Сондықтан болуы керек, енді біз Ақанды көргенде Сырымды көргендей сезінеміз... «Оның үстіне ақын геройларға барлық жаратылыстарымен, барлық жүректерімен сүйе табысқан Қаракөз бен Ақтоқты да егіз сияқты. Құлап сүйетін, жылап сүйетін қазақ Ләйлілері...» – деген пікірі тауып айтылған. Шынында, бұлардың сал-серілерге тән ұқсастықтарымен бірге, өздеріне тән даралықтары да айқын.

Өзінің думанды ортасына, ән мен күйіне қайта оралған Ақан мен доста-ры кездесетін сахнада өнер еркіндігін, бостандықты аңсаған жандардың қайталанбас өршіл әрекеті мен үні ақындық шабытпен берілген. Ақан мен тағдыры ұқсас жандардың аузынан шыққан диалогтер мен монологтер лиризмге, ерлік пеп серілік, әсемдік пен сұлулық мазмұна толы. Мәселен, Мәрзия:

Ақан қайда – ән сонда емес пе еді?

Сен кеттің,

Түндігі жабылып қалған жоқ па?

Қарауылдың қазынасындай қайран ән, –

Азан астында қалмасын деп,

Ақан құлағына қайта шалынсын деп,

Әдейі салатын едім тұтқында, – деген

монологте өнер еркіндігін аңсаған жанның болмысы көрініп тұр. Мұнан әрі қарай Ақан бейнесі өзінің бар болмысымен ашылып, ойшылдық пен ақындық, сал-серілік сұлу сипатымен даралана түседі. Өзінің достарымен кездесуі, қыздардың қолынан шыққан сый-сияпатқа көзқарасы – бәр-бәріде ақындық шабытпен жазылған тамаша лирикалық көріністер.

Мәрзия дауы аяқтала бере, Ақтоқты күйінің араласуы – трагедия тартысын мүлде ширатып, шарықтау шегіне бір-ақ жетіп, кісі өлімімен шешімін табады. Енді Ақан әлемінің лирикалық тынысына, оның көздеген мақсатына жетпей тынбайтын, әділдік жолында өліспей беріспейтін қажырлы да қайсарлық,күрескерлік сипаты қосылып, бейнелік характері күрделене түседі. Драмада бір күйден екінші күйге ауысу сәттері жиіленіп, кейіпкерлер әрекеттері де сан қилы құбылысқа түсіп, бейнелері де толысып, тереңдейді.

Осы тұста Ақан мен Ақтоқтының кіршіксіз махаббат, бас бостандығы мен ән-өлең еркіндігін аңсаған асыл жандар характерлері алғашқы кездесу, той сахналарында барынша айқын көрініс береді. Тойға келген Ақан әрекеті нағыз серінің болмысынан туған, оған елтіген Ақтоқты да бар тірлікті ұмытып, өзін мүлде еркін ұстайды. Құшақтасып амандасу бірін-бірі сағынған ғашықтардың төңірегіндегі қауіп-қатерді ұмыттырып, махаббат құдіретінің іштей тулаған сезімі еріксіз сыртқа тебеді. Ақтоқтының Ақанмен қоштасатын сәті ішкі драматизмге толы. Оның іштен тасып шыққан өрт-жалынды ашу-ызасын тежеп, Ақанды қызғыштай қорғауы, соның амандығына өзін құрбан етуге дайын қайсарлығы мен батылдығы ұлы махаббатың құдіретінен туған. Ел тыныштығы мен азамат амандығын ойлаған Ақтоқтының, некеқияр көрінісіндегі ішкі көңіл-күйі арпалысы, Ақанның домбырасы қирап, Жалмұқанның талақ ететін сахналардағы өр мінезді қимыл-әрекеттері лаулаған ғашықтық сезіммен шарпысып, анық сұлу да нәзік бейнесін аса биік көркемдік деңгейге көтерген.

Науан, Жалмұқандардың әмірімен ағашқа таңылып, қиналып жатса да, Ақтоқтының алған бетінен қайтпайтын, еркіндік жолындағы күресі жалғаса береді, ол жұртты ән мен күйді, ақындықты, Ақанды қорғауға шақырады. Ең соңында маңайына келген дұшпандарының бет пердесін сыпырып, олардың қара ниет зұлымдықтарын бетіне басып әшкерелейді. Мұндай зорлық-зомбылықтан, пасық ортадан адал өлімді артық санайды, өзіне қанжар салады. Бұл – Ақтоқтының жеңісі, кісілік жеңісі. Қоршаудан сытылып, Балталар тобына қосылған Ақан да алдағы үлкен айқасқа бел байлаған – күрескер. Шығарманың, осындай оптимистік рухпен аяқталуы – трагедия жанрына тән шарықтау шегінің, заңды түйіні.

Трагедияда оқиғасының осылай өрістеуіне аса мықты жасалған Науан, Жалмұқан бейнелерінің әсері мол. Науан – дін мен мешітті өзінің жеке басының қамына жарата білетін, сол арқылы қанды қылмыстарының ізін бүркемелеген, әккі де қатал, ойы терең, тілге жүйрік, шешен, ел арасындағы дау-шардың, әбден ысылған мол тәжірибенің адамы.

Бұлардан басқа мұндағы Ақтоқтының әкесі Қоңқай – ұлттық драматургиядағы кішкентай адам бейнесін жасаудың үлгісі. Ал Мылқау – трагедия оқиғасын қоюлата түсуге, әрекеттің алмасуына орнымен табылған әрі қызық сипаттама тапқан кейіпкер. Кейбір зерттеулерде мұны халық өкілі дәрежесіне көтеру орын алады. Бұл–дәлелсіз. Мылқаудың әрекетінде әлеуметтік сипат жоқ. Бұл–ұлтымыздың ұлы актері Қалыбек Қуанышбаевтың қайталанбас тамаша ойынын көргеннен кейін туған пікір болуы да ықтимал.

Жинақтай келгенде, «Ақан сері – Ақтоқты» дін мен мешіт маңайында қарақан басының қамынан аса алмағандарды әшкерелеумен бірге, бүгінгі жаңа заманның көрермендерін де эстетикалық ләззатқа бөлеп, мөлдір махаббаттың құдіретін, ән мен күй, ақындық шабыт пеп өнер әлемін өсиеттеген көркем дүние екені даусыз.

Тақырыбы мен көтерген мәселелері жағынан осы алуандас пьесалар осы дәуір драматургиясында көп кездеседі. Бірақ кезінде азды-көпті репертуар қажеттілігін өтегені болмаса, көбісі көркемдік мазмұнының әлсіздігінен театр сахнасында тұрақтай алмады. Солардың бір парасы атақты әнші Майра Уәлиқызының өміріне байланысты. Ш.Хұсайынов пен Қ.Қуанышбаевтың 1948 жылы жазылып, сахнаға қойылған «Шаншарлар» пьесасындағы Сайра есімді шағын кейіпкер, сол Майра өмірінен алынған. Сонан кейін қазақ театрында 1952 жылы қойылған Қ.Байсейітов пен Д.Уәлиевтің «Майра» пьесасында Майра бейнесі екінші рет көрінді. Мұның барлығы да әйгілі әншінің бейнесіне барудағы алғашқы қадам, тұңғыш толғаныс қана.

Әйгілі әншінің жинақты да көркем бейнесі Әбділда Тәжібаевтың, 1956 жьілы жазылған «Майра» пьесасында жазылып, драматургияның іргелі жетістіктерінің қатарына қосылды. Кейін (1969) автор пьесаға қайта оралғанда, кейбір көріністеріне өзгерістер енгізді, сол кезеңінің талабына сай оның әлеуметтік мазмұнын тереңдете түсті. Автор Майра қатысатын әрі соның аузымен айтылатын өткір диалогтер мен монологтердің денін ақ өлеңмен жазып, оның әкімшілік-өнерпаздық келбетін айқынырақ ашуға баса көңіл аударған. Сөйтіп, берісі бас бостандығы, әрісі өнер еркіндігі үшін күрескен Майра тағдырын пьесаға драмалық өзек еткен. Және тартыс тек Майраның тағдырына құрылып, сонымен ғана шектеліп қалмай, сол уақыттағы халықтың, еркіндік аңсаған күресімен астасып жатыр. Ақындық шабытпен жазылған пьесада Майра қалың қауымның арасында, әнін сүйген ел-жұртымен тығыз байланыста алынған. Сонан әнші Майра халықтың сүйіктісі, еркесі болып есте қалады.

Ән мен еркіндікті аңсаған Майраның өзінің намысы мен махаббатын, адамгершілік қасиетін қорғай алатын қажыр-қайратын айтуда, жазушы табысы татымды. Ол Майраны күрделі оқиғаларға араластырып, күрескерлік дәрежеге көтереді. Даланың көкжал бөрісі, қатал да әккі Тайманмен бұрын шәкірттес болып, кейін ислам дінін уағыздаушы, саудаға арын сатқан мырза Дүрбітпен, жанын шүберекке түйіп, өлімге басын байлаған жалдамалы қарақшы Балтамен өтетін сахналарда Майра әрекеті ішкі драматизмге толы. Ол әнімен де, жүйелі сөзімен де, табанды мінезімен де өзін қорғай алатын бейне болып қалыптасады.

Пьесаның, оқиғасы азамат соғысы. Ақтар мен қызылдардың арпалысып жатқан тұсында өтеді. Екінші актіде Ертіс өзенінің арғы бетіне бағыт алған кеменің үстіндегі уақиғадан өріс алады. Майраға ғашық болып, айтқанына көнбесе, күштеуден тайынбайтын арам пиғылды Дүрбіт, оның шашбауын көтеріп, табанын жалауға дайын адвокат Ақаев және басқалар, бұлардың жауыздық әрекетін алыстан сезіп, тойтарыс берудің амалын қарастырып, байламды мезгілді күткен кеме капитаны Мұрат, көмекшісі Александров арасындағы сырт көзге айқын шалына бермейтін іштей тартыс – ел тағдыры үшін күреске ұласады.

Біраз кейіпкерлердің характері де осы кеменің үстінде шешіледі. Әсіресе Айбарша қыздың көзі осы кемеде ашылады. Бұл – қазақ драматургиясында бұрын-соңды кездеспеген өзгеше кейіпкер. Өмірдің талай соқпағын көріп өскен Майраға қарама-қарсы алынған Айбарша тұңғыш қадамын сәтсіз бастап, опық жейді. Дүрбіттің алдауына түсіп қалған Айбаршаның ендігі өмірі шытырман тартыс үстінде, Бақтиярдай адал дос тауып, тағдырдың дамылсыз соққан дауылынан өтіп барып есейеді. Ол сүйген жігіті Бақтиярдың ішкілікке салынуына аянышпен қарайды, Дүрбіттің опасыздығын бетіне басып, онан түңілу сәттері пьесада психологиялық тереңдікпен ашылған.

Пьесада көркемдік шоқтығы биік шыққан кейіпкерлердің бірі – Дүрбіт. Ол өзін сырттай сымбатты да салмақты, зиялы қауымның өкіліне санап, іштегі бақай есебі мен зұлымдығын сездірмейтін айлалы мырза. Салғаннан өзінің жомарттығын аңғартып, Майра көңілін аулап, асыл сый тартқан Дүрбіт өзінің арам пиғылын жүзеге асырудың небір сойқан түрінен тайынбайтын, құлашын кеңге сілтеген, әрекетке әбден ойластырып баратын қауіпті адам. Оның философиясы – ақшадан, алтыннан артық ештеме жоқ, бәрін сатуға, бәрін сатып алуға болады деген тұжырыммен тұйықталады.

Адвокат Ақаев кешегі заманның саяси аласапыраны тұсында «Қалың елім, қазағым» дегеи ұранды бүркеніп, талайды арандатқан, табанының бүдірі, ісінде береке жоқ, жағымсыз оқыған сымақтардың жиынтық бейнесі ретінде алынған.

Тағы бір көркем шыққан – Тайманның бейнесі. Ол жесір дауы мен жер дауында қарсыласқанына қан құстырып, әлі жеткенін жүнше түткен озбыр. Ол – байлық пен ақшаға құныққан пасық, нағыз дүниеқоңыз. Әлсізге батыл, күштіге әлсіз жан. Майраның әкесі мен шешесіне қамшы үйіріп, білек күшіне сыйынса, Мұрат пеп Бақтиярға келгенде, шегіншектеп, алды-артын орап, тек ащы тілмен, шенеумен шектеледі.

Қорыта айтқанда, ақын-драматург Ә.Тәжібасвтың «Майра» пьесасы – қазақ драматургиясының алтын қорына енген классикалық үлгі.

Қазақ драматургиясында тарихи-биографиялық пьесаларда көп жа-зылды. Алайда олардың көбі, көркемдік олқылығынан, сахнада тұрақтамай, түсіп қалып отырды. Осы тақырыпқа жазылған пьесалардың ішінен театрлардың, репертуарына еніп, сахнада қойылғандары–С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин», жайында Қ.Мұқашевтың «Дала дастаны», З.Ақышевтың «Жаяу Мұса», Ш.Хұсайыновтың «Ғани Мұратбаев», т.б. пьесаларды атауға болады. Өмірден ерте кеткен дарынды ақын-драматург Қ.Мұқашевтың «Дала дастанында» халқымыздың асыл перзенті, атақты ақын І.Жансүгіровтің балалық шағы мен өмір кешкен ортасы шынайы суреттеу тапқан. Ақынның дүниеге келуін, көзқарасының қалыптасуын автор сол уақытпен байланыстыру жолын қарастырған. Сондықтан пьесада ол өз заманының ұлы болып қалыптасады. Қазақ даласындағы Қазан төңкерісінің алғашқы кезеңіндегі аумалы-төкпелі құбылыс кейіпкерлерінің әрекеті арқылы көрінуі – пьесаның ұтымды жағы.

Өмірден ерте кеткен талантты режисеср Қадыр Жетпісбаев жас автормен бірге пьесаның көркемдік мазмұнын тереңдете түсіп, қойылымның қызғылықты кілтін тапқан. Шымылдық ашылмастан,біресе жақындап, біресе алыстап бара жатқан, біресе сатырлатып келіп қалған, біресе бәсеңдеп барып басылған аттың дүбірі естіледі. Бұл–тек ат тұяғының ғана дүбірі емес, халықтың, оянған даланың дүбірі. Халыққа жеткен жақсы хабардың дүбірі, ақынға тән леп, күш-қуат, шабыт құйған дүбір. Ол көненің шаңырағы ортаға түсіп, жаңаның салтанат құрғанын әлемге паш еткен дүбір. Келісті табылған осы дүбір символы әу баста пьесаның сұлбасынан өтіп жатқан әуені іспеттес.

Жас драматургтің тұңғышы мен қойылымды ұнатып, қолдап мақала жазған Сәбит Мұқанов: «Мен тебіреніп отырмын. Дәлірек айтсам, тебіренуге хақым бар әрі міндетті сияқтымын. Неге десеңіз, мен бір сәтте өз ғұмырымның жастық шағы мен албырт шағының, дүрбелең шағымның балаң портретімен кездестім –дейді.

Ойлы өлеңдерімен оқырман қауымға танымал болған ақын Құдаш Мұқашевтың «Дала дастаны» пьесасын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры жұрт назарына ұсынған екен. Спектакльді қоюшы – талантты жас режиссер Қадыр Жетпісбаев. Рөлдегі артистердің дені – жастар. Драманың оқиға желісі де ақын Ілияс Жансүгіровтің жастық шағына тұспа-тұс келген Қазан төңкерісінің алғашқы кезеңі. Қазақ даласына жаңа таң, жас таң әкелген жасампаз дәуірдің албырт кезеңі. Осыларға қарап: «Бұл спектакльді жастық шақ символикасы деуге болатындай», – деп түйеді ойын. Әңгіме қойылым туралы болғанымен, оның негізі – пьеса екенін айтып жатудың өзі артық. Жақсы спектакльдің жақсы пьесадан туатыны да белгілі. Тағы да сол Сәбең: «...автор «Дала» және «Дастан» деген екі сөзді бекер біріктірмеген. Мен өзім Ілияспен еңбектес болып, оның әкесі Жансүгірді де көрген кісімін. Ілияс үшін «Дала» ұғымының қаншалықты құдіретті екені, оның өз даласын мұқалмас махаббатпен сүйе білгені маған аян. Сол даланың адалдығын, әділдігін, қайсарлығын драматург пен театр коллективі Жансүгір арқылы көрсетіп, оны Ілияс сезімінің шалқар дастанымен ұластырып әкеткен. Бұл–шеберлік» –деп қызық тұжырым жасайды. Әйгілі жазушының осы қызық тұжырымы пьесаға берілген әділ баға.

«Абай» мен «Ақан сері – Ақтоқтыдан» аса сәтті көркемдік бастау алған ұлттық драматургиямыздағы тарихи-биографиялық жанр екінші әлем соғысынан кейінгі кезеңде өрістей дамып, көркемдік сипаты әр деңгейдегі көптеген пьесалардың жарыққа шығуына жол ашты. Кейбір шығармалардың қамтыған тарихи оқиғалары қазақ топырағымен шектелмей, басқа елдерге де ауысып жатады. Осыған орай тарихи және тарихи-биографиялық пьесаларға дара тұлғалар шынайы тарихи болмыспен етене араласып, сонымен бірге дамиды әрі солар арқылы шығармада адам, халық тағдырымен байланыста қалыптасады.

Осы биік талап тұрғысынан келгенде, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесасында драматургиялық ізденістің сипаты бар екенін мойындау қажет. Мұнда орыс пен қазақ халқының арасындағы байланыс, орыс мәдениетінің қазақтың ұлы ағартушы-демократының саяси-қоғамдық көзқарасының қалыптасуына еткен әсері суреттелген. Пьесаның басты қаһарманы Шоқан Уәлихановтың, сол өзі өмір кешкен тарихи ортамен тығыз байланыста суреттелуі – автордың қол жеткізген ірі шығармашылық жемісі.

Пьесаның өн бойынан екі Ресейдің: патшалық-басыбайлылық Ресей мен бостандық сүйгіш Ресейдің бейнесі өтеді. Шоқан Уәлиханов – сол озық ойлы Ресейдің жақтаушысы. Пьесада Шоқан өмірінің үш кезеңі – Омбы, Петербург, туған ауылы көрсетіледі. Шоқанды осы өмір болмысының үш кезеңімен өткізу – пьеса оқиғасын қоюлатып, кейіпкер санын көбейтіп жіберген. Сонымен бірге автордың ұлы ағартушы-демократ өміріне байланысты оқиғаларды, көбірек қамту ниетімен пьесаның сюжеттік желісін шұбатып, ішкі драматизмін әлсіретіп алғаны да байқалады. Соған қарамастан, «Шоқан Уәлиханов» – қазақ драматургиясының мол ізденісін айқындаған шығарма.

Қазақ халқының әлеуметтік-қоғамдық тарихында өзіндік ерекше орны бар ұлтымыздың ұлы қайраткері Ыбырай Алтынсарин жайындағы Мұсатай Ақынжановтың пьесасы да 50-жылдардың басында жазылып, біраз театрлардың кезеңдік табысына қосылады. Осы пьесаның қойылымы 1958 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жастар театрларының фестивалінде екінші орын алды.

Жас пен ересек көрермендерді бірдей қызықтырған қойылымға негіз болған бұл пьесада өз халқына ағарту жолында аянбай еңбек еткен XIX ғасырдағы қазақтың ұлы ағартушы-демократы, педагогі, әрі жазушысы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қоғамдық қызметі бейнеленген. Мұнда ол кешегі қазақ сахарасын жайлаған қараңғы түнекпен жаңа көзқараспен, ескі мен жаңаның арасындағы тартыс бүкіл пьесаның өн бойынан өтіп, барлық кейіпкерлердің тағдырын сонымен байланыстырады.

Бұл пьеса да «Шоқан Уәлиханов» сияқты қойылым процесін өңдеу мен жөндеуден өтіп, көркемдік пен мазмұнын тереңдете түскен. Автор Ыбырай Алтынсариннің реалистік бейнесін жасауда көп ізденген. Ол тарихи деректермен тиектелмей, кейде көркемдік қиялға да еркіндік беріп, кейіпкер бейнесінің әр қырын ашуға ұмтылған. Әсіресе, оның толғаныс пен ойлану сәттеріне, парасаттық келбетіне, ішкі әлемін ашуға, басқалармен қарым-қатынасының қисынды болуына көңіл бөлген. Кейіпкердің бұл сипаттары айдауда жүрген орыс досы Доброходпен жаңа алфавит жайын кеңесі, зайыбы Айғаныммен өтетін көріністерде шынайы ашылған. Онын үстіне Ыбырайдың сахналық бейнесін жасаған ұлттық сахнаның тарланбоздарының бірі Б.Қалтаевтың ойыны оны мүлде биікке көтеріп кетті.

Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жұмысындағы небір қилы кезеңдерді бірге кешіріп, күйеуі ұстанған бағытты қолдаушы әрі соны жүзеге асыруға белсене араласатын Айғаным, оқып-тоқымаса да, Ыбырай ісінің аса маңыздылығын, мектеп, оқу-білімнің өмірдегі орнын іштей сезетін, ойымен барлайтын және оны өлгенше қолдауды парызым деп санаған Жақай қарт бейнелері пьесада көркемдік даралықтарымен ерекшеленеді. Бұларға қарсы алынған топ – Шоңмұрын молда, Найзақара болыс, полиция бастығы Медведев бейнелері де пьесадағы драмалық әрекеттеріне қарай нанымды жасалған. Тұтастай алғанда, пьесада қазақ халқының білімге, оқуға, мектепке ұмтылуы және сол уақыттағы замана тынысы, әлеуметтік өмір болмысы нанымды суреттелген. Жасөспірім көрермендер, бүгінгі мектеп оқушылары Ыбырай Алтынсариннің халықты ағарту жолындағы тарихи күресін, тексіз қызметін сахнадан көріп, сонау өткен дәуірдегі замандастарының көңілсіз күйін, ауыр жағдайын көз алдарына елестете алады. Пьесаның театр репертуарында ұзақ орнығып қалу өміршеңдігі осында жатыр.

Тарихи тақырыпты меңгеру ізденістері Ұлы Отан соғысы тұсында да жалғасын тауып, жаңа кезеңнің тарихи құбылыстары бұрынғыдан басқаша үлгіде, басқаша көркемдік тәсілде суреттеуге ілікті. Кеңес халқының фашизмге қарсы күресін, Ұлы Отан соғысындағы ерлігін жырлау драматургия мен театрдың тікелей міндетіне кірді. Және бұл тақырыпты игеру Қазақстан ғана емес, бүкіл Одақ драматургтерінің жабылып көтеретін шығармашылық жүгі болып саналды.

Қазақ топырағындағы майдан тақырыбына арналған алғашқы пьесалар соғыс басталысымен жарыққа шыға бастады. Алдымен елімізге фашизмнің тұтқиылдан шабуыл жасағанын, азаматтардың майданға аттанғанын, патриотизмін суреттейтін шағын пьесалар туды. Ә.Әбшевтің «Найзағай», Ш.Хұсайыновтың «Кек», Т.Жароковтың «Аттандыру», Қ.Сүлейменовтің «Майдан», С.Бегалиннің «Патриоттар» сияқты пьесалары театрларда үлкен табыспен өтті.

Соғыстың алғашқы кезінде жазылған М. Әуезовтің «Сын сағатта» пьесасы бірден театрлар репертуарынан берік орын алды. Пьесаның, идеялық нысанасы – кеңес адамдарының моральдық тұтастығы, сын сағатта шыныққан халықтар достығы. Мұнда сұрапыл соғыс тұсындағы Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббаттың кеңінен танылғандығы суреттеледі, олардың Отан алдындағы азаматтық борышын терең сезінуі, Отан үшін өзін құрбан етуге әзірлігі айтылады. Өлім мен қайғы-қасірет, жоқшылық пен жетімсіздікте кеңес адамдарын мойыта алмайтындығы, олардың, ерлікке, жеңіске деген азаматтық сенімі көрсетілді. Сонымен бірге пьесадағы көптақырыптық пен көпсюжеттік желінің негізгі тартысты әлсіретіп, Назым мен Нұрланның әрекеті мелодрамалық шешіммен аяқталатыны байқалмай қалмайды. Пьеса оқиғаларының шұбалаңқылығы, майдан көріністерінің жұтаңдығы да көзге түседі.

Осындай кемшіліктеріне қарамастан, «Сын сағатта» пьесасының, сол кездегі алғашқы хроникалық һәм үгіттік шығармалармен салыстырғанда, көркемдік деңгейі жоғары. Күрделі мәселені көтерген тақырып маңыздылығымен ерекшеленеді.

Қазақстанда жасақталған әйгілі 8-ші гвардиялық Панфилов диви-зиясының Москва түбіндегі кескілескен қанды шайқастағы әлемге танылған ерлігін суреттейтін М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясы» – Отан соғысына арналған көркем-идеялық мазмұны терең пьеса. Архитектоникалық құрылымындағы босаңдығы мен жеке көріністердің көркемдік тұтастықтан гөрі, дербестікке бейімділігі сезілгенімен, бұл пьеса тікелей майдан өмірін суреттеген сүбелі дүние болып шыққан. Мұндағы Панфилов, Намысұлы, Төлеген Тоқтаров, Жанбозов, т.б. бейнелері психологиялық шындықпен дараланған.

Өзінің ерекше жаратылған мінезімен суреттелген аға. лейтенант Намысұлы (прототипі Б.Момышұлы) өзгеге ырық бермейтін, айтқанынан қайтпайтын қайсар, жауға деген өшпенділігін стратегиялық міндетке бағындыра білген, алғыр да ойға жүйрік, қимылға ширақ, сөзге шешен, ұлттық намысын жоғары ұстайтын ержүрек, өзгеше майдангер бейнесінде өте тартымды жасалған. Төлеген Тоқтаровтың қарапайым, әзілқой әрі аңқылдақ та ақ көңіл бейнесі де өмір шындығынан алынған. Оның ұрыстағы жауды бетіне қаратпаған жойқын қимылы – өзінің азаматтық борышын терең сезінуден туған қарапайым жанның от-жалынға оранған қиын жағдайдағы әрекетінің батырлыққа ұласуы табиғи құбылыс.

Пьесада жан-жақты суреттеу арқылы көрініс тапқан – генерал Панфи-ловтың бейнесі. Ол парасатты да қарапайым, қарамағындағыларға әкелік қамқорлықпен қарайтын, аз сөйлейтін, үнемі сабырлылық сақтайтын, ойы мен әрекеті біртұтас, соғыс өнеріне жетік стратег болып бейнеленген.

Драматургиялық әрекеттің нанымдылығы пьеса кейіпкерлерінің майдан шебі мен өмір болмысының талай күрделі сәттерін бастарынан кешкен өмірлік тәжірибесі мол, үлкен азаматтық, терең парасаттық мектебінен өткен асыл азаматтар бейнесінен танылады. Бұлардың адамгершілік болмыс-бітімі, ой-сапа биіктігі сұрапыл майдан көріністерінде ғана емес, күнделікті әскери тірлікте де айқын білініп тұрады. Қарапайым халық арасынан шыққан осындай жандардың жан сұлулығын, нұр шашып тұратын шапағатын, өздеріне ғана тән ішкі көңіл-күй сезімдерін драматургтердің шеберлікпен ашуы – пьесаның көркемдік сипатына эстетикалық мән-мағына (құндылық) беріп тұр. Авторлардың өмірде болған тұлғалар мен тарихи құбылысты көркемдік шындық дәрежесіне жеткізе суреттеуі – көрермен қауымды әрекіне қызықтыра білді. Кезінде спектакльдің мол табыспен өтіп, қазақ драматургиясы мен театрының жемісі болумен бірге, одақтық дәрежедегі көркемдік жетістік деп бағалануы әділдік еді.

Сөз болып отырған кезеңде фольклор мен эпикалық халық шы-ғармаларының негізінде жазылған шығармалар қатары да жаңа туындылармен толықты. Эпостық шығарманың негізінде жазылған М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» драма-дастаны – ұлттық драматургияның шырқау биіктерінің бірі. Бұл–эпостық рухани дүниені шығармалық білгірлікпен жанр табиғатына сай игерудің, шынайы үлгісін көрсеткен жазушының көркемдік мазмұн, идеялық тереңдік, драматургиялық бітім-құрылысы жағынан аса шебер жазылған шығармасы.

Эпостық батырлар жырларының ерте замандағы көшпенділердің әлеуметтік өмір болмысы мен басынан кешкен тарихи оқиғалардың поэтикалық көрінісі болып табылатынын айта келіп, М.Әуезов өзінің, «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген ғылыми еңбегінде: «Өткен заман жайын шертетін өлмес, өшпес дана шежіреші-эпос бізге ғасырлар тынысын жеткізгендей, сол кездегі жандар бейне бір тіріліп келіп сыр-сезімін, ойы мен шынын, үзілмес арманы мен бақыт аңсаған тілегін алдымызға жайып салғандай болар еді» – деп жазған еді. Соның айғағы–біз сөз етіп отырған эпостық оқиғаны драмалық күйге түсіріп, аңыз-ертегілік кейіпкерлердің қуанышы мен қайғысын, сан қилы толғаныстарын тірі жандарша өзіндік даралықтарымен көрсеткен осы пьеса.

Автор халық жырының оқиғасын сол күйінде ала алмай, өзінің ой-мақсаттарына қарай драматургиялық лабораториясында қайта қорытып, жанр талабына жауап беретін қаһармандық үлгідегі драма-дастан етіп жазған. Сөйтіп, ұлтымыздың көне замандағы ерлік істері шынайы бейнелеу тауып, эпостық, материал драма-дастанда іштей толығып, күрделі психологиялық күйге түскен.

Драма-дастанға негіз болған халық жырындағы Қазан, Алшағыр мен Бірсімбай пьесада Көбікті хан төңірегіне топтастырылып, Қыпшақ елінің қас жауы болып суреттеледі. Және бәрі де шынайы, даралық ерекшеліктерімен ашылған.

Қобыланды мен Қараман әрекеті де жырдағыдан өзгертіліп, басты идеяға – елі мен жерін жаудан қорғау идеясына ыңғайластырылған.

Қобыланды жырдағыдай Қараманға қосылып, Қазан батыр елін шабуға аттанбайды, қызылбастар шабуылында тұтқынға кеткен қыпшақ қыздарын құтқару жорығына шығады. Осы жолда ол талай күрделі оқиғаларға араласып, трагедиялық қиын-қыстау өткелдерден өтеді. Драма-дастанның тартыс желісінің, өрістеп дамуы да Қобыландының әрекетіне тікелей байланысты. Ол пьесаның алғашқы көрінісінен-ақ озбырлықпен күрескен, бостандық үшін арпалысқан, ел тыныштығы мен еркіндік жолында әділет тауып жоғары ұстаған халықтың ұлы болып суреттеледі.

Жырдағы ұзын сонар оқиғалар әбден сұрыпталып, тартыс жүйелі арнада шебер тартылып, қарама-қарсы екі жақтың шиеленіскен әлеуметтік қайшылықтарын құраған. Ширақ әрекет үстінде көрінетін драманың кейіпкерлері шетінен ірі, тастан қашалып мүсінделгендей, шығарма оқиғасының дамуына қарай кесек қимылға баратын батыр тұлғалы жандар. Трагедияның, қай кейіпкерлерін сараласақ та, бәрі де кемеліне келтіріліп, көркемдік жинақтылықтың, бейнелілік пен даралықтың биігінен көрінген.

Жауласқан екі елдің батырлары мен ұл-қыздарының бір-бірінің күш-қуаты мен қажыр-қайратын кемсітетін, ар-намысын жасытатын, әлсірететін сөздерді қолданбауы – драманың өзіндік ерекшелігі. Қыпшақтың елін шабатын қызылбастардың «ақ пілге мінген» батыры Алшағырдың өзі Қобыландыны ауызға алғанда, оны дәріптеп сөз етуі – бір жағынан, өзін биіктетіп көрсетудің тәсілі.

Қыпшақ елінің ежелгі жауы – қызылбастардың ханы қаталдығымен, ақыл-айласымен бірге, асқан батырлығымен де «көк тәңірісі, жер тәңірісі» деп дәріптеліп, зорайтылып бейнеленеді. Ол – намысқой да кекшіл, сеніп тапсырған алмас семсерінен айырылған Қарлығаны (Қобыландыға ұсынған) табанда шауып тастаудан тайынбайтын, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей қайсар жан.

Қобыланды мен Қарлыға арасындағы махаббат жайлы сөздер пьесада өте қысқа да мазмұнды. Бұл көріністе Қарлығаның қимылы сиқырлы, сөзі өктем. Ол ұсынған бостандықтан бас тартқан Қобыландыны бойындағы өнерімен, асқан ақылымен еліктіре біледі. Қарлығаның Қобыландыны алмас қылыштай жарқылдаған әдемі қылығымен арбауы – оның батырға деген махаббат отының тұтануы. Хан ордасындағы еркелік пен албырлықтың ұзаққа созылмайтынын Қарлыға іштей сезеді. Түбінде әкенің әмірімен қызылбастың бір нөкеріне сауғаға кететініне көзі жетеді. Қобыландыға кезіккенде теңін тапқандай махаббаты тұтанып, жауласып келген қыпшақтың азаматына өз қолын, тағдырын іркілмей ұсынады. Ол ұйықтап жатқан тұтқынды шаппақшы болып, ұмтыла түскенде:

Не қылған жүз мына жүз?

Жазықсыз бесік ішінде

Жат жаманат білмеген

Маужыраған баладай, –деп, ең алғашқы махаббат сезімін білдіреді. Бастапқы дұшпандық ниетпен, өктем сөзден мүлдем арылып, іздегенін тапқан арудай нәзік күйге түседі. Сонан кейінгі көріністе Қарлыға аузынан:

...Көргімдағы келеді,

Көрмегенім жөн еді,

Әлдеқандай бір жырға,

Тартқандай ма бір сырға

Екі талай ойым бар

Не бар, не бар осы... –деген сырлы сезімге, лирикаға толы жан-күйін түсіндірген сөздер естіледі. Қарлыға әлеміндегі өзгерістер, психологиялық толғаныстар пьесада өте нәзік ашылған.

Драма-дастанының 1967жылы М.Әусзов атындағы академиялық қазақ драма театрындағы қойылымын режиссер Ә.Мәмбетов сахналады. Із-деністеріндегі сиқырлы тастар орнына халық жырындағы Қарлы қала, Сырлы қалаларды еске түсіретін бейнелеу тәсілдерін қарастыруы ерте заманда күйреген Отырар сияқты шаһардың көрінісін елестетеді де, драма-дастанның тарихи тынысын кеңейте түседі.

Пьеса соңында бұрынғы Қобыланды ордасы өртеніп, орны қаңырап қалған жерде, жау қолынан қаза тапқан қыпшақ жасақтарының ортасында тұрып Қобылаңды:

...Жұртым жатыр, елім жоқ,

Батпағы жатыр, көлім жоқ.

Қаңырап қалған Қараспан

Бауырында бұла өскен

Балапаның келіп тұр, –

деп сөйлейтіні бар. «Қобыланды Қият-Қыпшақ ел қайда!» деп дабыл қаққанда, қалың өлік жер қайысқан қалың қол болып көтеріледі де: «Қият-Қыпшақ ел мұнда!» деп сап түзеп, шеру тартады. Осы арада Қобыландының халқына ант еткендей болашаққа арнаған:

«Әзірлен, достар, әзірлен...

Көк жүзіне тырмысып

Көгеріп өскен жас емен.

Жас емендей жас елім

Қайсар күшің қайт қылман.

Ала алмайсың қас өлім!

Көнбес үшін қарысам,

Жеңбек үшін алысам!

Алдында осы жалғыз жол...

Ер, достарым, соңымнан

Бол, бол, көгім, басшы бол!»–деген монологі жаңа ұрпаққа арналған ұрандай әсерлі де өткір естіледі. Бұл пьесаның көркем-идеялық мазмұнын тереңдетіп, композициялық құрылысында тұтастық тапқан.

Халықтың ғасырлар бойы аңсаған азаттық пен бостандық жолындағы күресі – драманың идеялық нысанасы. Туған жер, елге деген сүйіспеншілік, оны қорғау, азаматтық, отандық сияқты ұғымдардың астарымен ұласып жатыр. Пьесаның Отан соғысы кезінде жазылып, сахнаға қойылуы да осы әлеуметтік мақсаттан, халықтың патриоттық сезімін оятып, рухани көтеру идеясынан туған. Пьесаның мазмұнына, автордың ойына тереңірек бойласақ, мұнда бейбіт қазақ халқының ішкі-тысқы жауға қарсы күресі, озбырлыққа, қанаушылыққа қарсы, әділет үшін айқасы суреттелген. Бүгінгі күнмен үндестігі – драма-дастанның көркемдік құндылығы.

Сонымен, сөз болып отырған кезеңде эпостық жанр мен аңыздардың негізінде жазылған пьесалар ұлттық драматургиямыздың классикалық үлгілеріне айналып, тұтас жанрдың даму бағыт-бағдарын анықтады. Және драматургияның алтын қорын құраған шығармалар ұлттық өнердің де өрістеп дамуына мол ықпалын тигізді.