1.5. 1941-1960 жылдардағы сын мен әдеби зерттеулер


1941-56 жылдар ішіндегі қазақ әдебиеті басынан кешкен саяси-қоғамдық өмірдің қысымшылығы әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымына да зор әсер етті.

Ұлы Отан соғысы кезінде сын да, зерттеу де көңілдегідей дамуға мүмкіндік ала алмады. Әдебиет кітаптары аз шықты. Әдеби газет-журналдар жабылып қалды, жастар газеттері де шықпады. «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері ғана сақталып (кейде шағын форматпен), олардың бетінде сирек те болса, шығып тұрған кітаптарға сын-рецензиялар басылды. Солардың ішінен көңіл аударатындары – Ғ.Мүсіреповтің, М.Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабы жөнінде жазған «Абай» романы туралы» (1943) мақаласымен майданнан жіберілген Қ.Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы және Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңі туралы «Майданнан соққан жаңа леп» деген мақаласы (1944). Бұл екі шығарма да «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған. Олар туралы пікірді Мүсірепов те сол газетте жариялады. Алғашқы мақала М.Әуезовтің Абай өмірі жайлы эпопеялық туындысының бірінші кітабына арналған еді. Мүсірепов онда ұлы жазушының үлкен жоспарының сәтті басталғанын айтып, романның құрылысына, идеялық-көркемдік сипаттарына бірінші рет кең талдау берді. Екішні мақалада майдангер ақындардың «өзекті өртеп шыққан» жалынды сөздеріне көңіл аударды. «Барлығы жеңіс үшін, барлығы майдан үшін» деп, майдан жаққа көз салып отырған халыққа бұл жырлар «майданнан соққан жаңа леп» болғанын айтты. Е.Ысмайыловтың, Б.Кенжебаевтың, С.Төлешевтің, Қ.Жармағанбетовтің сирек те болса басылған мақалалары жаңа кітаптар мен әдеби өмірдің мәселелеріне арналды.

Бұрыннан жүріп келе жатқан ғылыми жұмыстың жалғасы ретінде С.Мұқановтың «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихынан очерктер» (1941), А.Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен шығармашылығы» (1944), Қ.Жұмалиев пеп Е.Ысмайыловтың «Қазақ әдебиеті» атты мектепке арнаған оқулықтары шықты. 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуы атап өтіліп, ақын шығармашылығын зерттеуге арналған еңбектер жарық көрді. Олардың ішінде М.Әуезов пен Б.Кенжебаевтың «Абай – қазақтың ұлы ақыны» атты кітапшасы мен С.Мұқановтың,Қ.Жұмалиевтің,Е.Ысмайыловтың,Б.Шалабаевтың мақалалары бар еді. Бұлардың қатарын соғыс кезінде Қазақстанға келген орыс ғалымы, академик А.С.Орловтың «Қазақтың батырлық эпосы» атты кітабы толықтырды.

Соғыстың бас кезінде, қысылшаңдық туғанда И.В.Сталиннің аузымен ата-бабаның аруағы еске алынып, партия әр елдің патриоттық сезімін бір арнаға бағыттай білген еді. Ал жаудың беті қайта бастаған уақытта тарихтың үлгілі әсері күшейіп, әр халық өзінің өткенінен сабақ алуға ұмтыла бастағанын тағы да көрді. Мұндай «ұлтшылдыққа» жол беріп отыруды орынсыз деп тапқан партия олардың бетін қайтару жұмысын бастады. Оның бастамасы ретінде ВКП(б) Орталық Комитетінің «Татар партия ұйымындағы көпшілік-саяси және идеологиялық жұмыстың жай-күйі және оны жақсарту шаралары туралы» (1944) қаулысы алынды. Онда түркі халықтарының ортақ батыры, ел билеушісі Едігенің қызметіне теріс баға берілді. Едігені өткен заманның кертартпа билеушілері қатарына қосып, ол туралы халық әдебиеті жоққа шығарылды. Бұдан кейінгі кезекте Сталин екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына байланысты ұйымдастырылған жеңіс шеруінің қабылдауында соғыстың ауыртпашылығын көтерген орыс халқы деп атап, оны ұлы халықтар қатарына қосты. Оның саулығы үшін тост көтерді. Орысты аға тұтып үйренген саясат жеңді де, оны ұнатпағандар іштен тынды. Әйтпесе, соғыста кеңес халықтарының бәрі де өзінің санына лайық қару ұстады, құрбандық берді, етігімен су кешті. Тіпті жері жау қолында қалған Балтық республикалары мен Украина, Белоруссия мүддесі ескерілмеді. Бұл жағдайлар бұрын да жүргізіліп келген ұлыдержавалық шовинизмді қоздырды. Щовинизм мемлекеттік-партиялық саясаттың өзегіне айналды. Ендігі жерде аға халықтың ыңғайына көніп, басқа халықтар өзінің ерлік дәстүрлерінен, ата-бабаларының ұлы істерінен безуі қажет болды. Патша өкіметі тұсындағы отаршылдық коммунистік партияның саясатына кірді.

Кеудемізді ешкімге бастырмаймыз, өзгелер бізден үйренсін деген коммунистік өркөкіректік айналымға келмей, «батысқа бас имеу», «табынбау» деген науқанды көтерді. Олар ел соғыспен әлек болып жатқанда, халықтың бүкіл рухани дүниесі батыстың іріген-шіріген мәдениетінің әсерімен бұзыла бастаған екен деген ой түйді. Партия осыны ауыздықтау шараларын белгіледі. Мұндай науқан халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіндегі қиындықтардан назарды басқа жаққа аудару, сөз бостандығын жиі пайдаланатын әдебиет пен өнер адамдарын тежеу мақсатында атқарылды. Оның үстіне, соғыс жылдары ата-баба аруағын еске түсіру арқылы өзінің тарихын және тарихи тұлғаларын көтере бастағандарды шектеп, оны таптық, партиялық тұрғыда ғана пайдалану мәселесін қойды. Бір жағынан, батысқа бас июшілікке қарсы күрес, екінші жағынан, одақтас республикаларда ұлтшылдықтың өріс алуын әшкерелеу процесі қатар жүрді.

1946 жылы ВКП(б) Орталық Комитеті «Звезда» және «Лснинград» журналдары туралы» (14 тамыз), екі жұмадан кейін «Драмалық театрлардың репертуарлары және оны жақсарту шаралары туралы» (26 шілде), 8 күннен соң «Ұлы өмір» кинофильмі туралы» (4 қыркүйек) қаулылар алынды. Сәл кейінірек музыка өнері жайлы «В. Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы» (10 ақпан 1948) қарар шықты.

Сырт қарағанда, бұл қаулыларда Орталық Комитет формализм, пес-симизм, бисаясаттық сияқты ұнамсыз құбылыстармен күресу қажеттігін көтеріп, орыс мәдениетінің демократиялық дәстүрлерін басшылыққа алуға үндесе де, шын мағынасында, ол әдебиет пен өнерде партиялық принципті күшейтуді көздеді. Социалистік реализмнің жаңа өмірді мадақтап, жеңімпаз кеңес халқының жеңісіне лайық шығармалар туғызу тұжырымдамасын қолдады. Өткен заманды қызық тұтпауға, шет елдің арзан, жылтырақ мәдениетін дәріптемеуге үндеді.

Партияның осы қаулыларында белгіленген шараларды жүзеге асыру Қазақстанда талай әпербақандықтар тудырғанын еске алу абзал. Қазақстан партия ұйымы елден бұрын елпілдеп, Мәскеудің ығына жығылып ұлт мәдениетіне әңгіртаяқ ойнатқаны жасырын емес. Мұның нақты фактылерін Қазақстан Коммунистік партиясының «Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40 жылдар кезеңі мен 50 жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы» (1989) атты құжаттан табуға болады. Осы «Қорытынды» бойынша бүкіл рухани өміріміз бен мәдениетімізге ылаң салған 8 қаулы бірден өзінің күшін жойып, ақыл-санаға азаттық берілді. Бірақ Коммунистік партия өзі жасаған қысастықты, әсіресе, қазақ тарихы мен мәдениетіне байланысты әділетсіздіктерді өз қолымен түзетіп кете алмады, кешікпей тарап кетті.

Өзінің сойқанды күшінен айырылған қаулылар қайсы және олардың қандай зардаптары болғанын әдебиеттану ғылымы мен сынына жанастыра айтсақ, біздің бүкіл рухани дүниеміздің қандай қорлық-зорлық көргенін анық аңғарып, артық пен кемдіктің сырын түсінуге мүмкіндік туады. Сонда ғана зиялы ойларға 50-60 жыл бойы бұғау салып, ақыл-парасат пен таным-білікті қалай қыспаққа түсіргенін көреміз.

«Қорытындыда» хат, түсіндірме деп аталғанмен, біздің бүкіл ой жүйемізге қырсығын тигізіп, кесірін өршіте түсуге себепкер болған бір құжатқа- «ВКП(б) өлкелік комитетінің мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» түсіндірме хатына айрықша тоқталған. Бұл құжат Ф.И.Голощекин тұсында алынды да, сол кездегі және одан соңғы көп бұрмалаушылықтарға жол салды.

Бұл құжат,ең алдымен әрбір құбылысты өз кезіндегі таным деңгейінде бағалау керек деген диалектика қағидасын елемеді. Бәрін бүгіннің безбеніне салып өлшеді де, өткеннің бәрін таптық тұрғыдан сараптады. Осы түсіндірме хатты жүзеге асырудың алғашқы сөзі КазАПП-тың 1932 жылы 26-29 ақпанында өткен бірінші съезінде айтылды.КазАПП басшысы М.Қайыпназаров дайындаған, съезд қол көтеріп бекіткен қаулысында: «Қазақ көркем әдебиетінің социалды құрылыс міндеттеріне ілесе алмай жүргенінің себебі: алдымен, қазақ кеңес жазушыларының көбінде алашордашылдық, байшылдық салт-сананың ықпалы әлі күнге дейін күшті, бірқыдыру жазушылардың шығармаларында бай-феодал салт-санасы, жергілікті ұлтшылдық, төңкеріске қарсы троцкизм сарындары бар (Сәкен). Қазақ қара шаруаларының артта қалған сарындарына еріп, қара шаруаның өрісі тар көзқарасына және ұсақ буржуазияшылдық санашылдыққа (идеализмге) салынғандық та бар (Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Өтебай және басқалар), жік тартысын көркем әдебиетке қыстырғандық та бар. Сын, өзара сынды бетке ұстап, кейбір жолбике жазушылардың кеңес мекемелерін, коммунистерді, колхоздарды обывательдерше сынағандары да (Мәжит, Жұмат және басқалар) болды» деген сөздер жазылған («Әдебиет майданы» журналы, 1932, №4, 13-бет). Аты аталғаннан қорықты ма, әлде түсінігі солай ма, әйтеуір Өтебай Тұрманжанов «КазАПП-тың Ісъезі не деді» атты мақаласында «алашорда оқығандары (жазушылары) төңкеріске дейін де, төңкерістен кейіп де қазақ еңбекшілерінің, пролетариаттың дұшпаны болды дейміз. Еңбекшілердің досы емес, қасы болды дейміз» (Сонда, 3-бет) деп жазды.

Ғаббас Тоғжанов өзін сыннан арашалап, жаңа басшылыққа жағыну мақсатымен «Большевик Казахстана» журналының 1932 жылы 5 саныда «Байтұрсынов және байтұрсыновшылдық туралы» мақала жазып, алашордашылықты «әшкереледі». Голошекиннің Қазақстанда «кіші Октябрь» науқанын өткізіп, партия ұйымдарын болышевиктендіру, ауылды советтендіру, жедел коллективтендіру саясатын қолдамаған қаламгер қалмады.

Қазақтың әдебиетші коммунистері осындай мақалалармен әлгі хатқа жауап беріп жатқанда, марксизм-ленинизм институтының қызметкерлері қазақ ұлтшылдарын әшкерелейтін зерттеу дайындап та үлгерді. «Очерки по истории Алаш-Орды» деген кітапты С.Брайнин мен Ш. Шафиро жазды.Онда«Алаш» партиясы былай тұрсын, бүкіл қазақ халқының еңбекші бұқарасының патша өкіметі мен империализмге қарсы күресі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, азамат соғысы жылдарында көрген азабы, алаш азаматтарының атқарған қызметі түгелдей жоққа шығарылды.

Сондықтан да «Қорытындыда» 1932 жылғы 10 қаңтардағы түсіндірме хат «Халықтың рухани өмірндегі құбылыстар мен тенденцияларға, тарихи өткеніне баға беруде маркстік көзқарастың жоқтығынан ақсап жатты. Революцияға дейінгі кезеңнің аса көрнекті бірқатар ақындарының шығармашылығына жөнсіз жазғыруды күшейтіп, сол кездегі маңдай алды әдебиетшілерді (А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлин және басқалар) қуғындауды өршітті, олардың көпшілігі кейіннен репрессияға ұшырады» деген тұжырым жасалды. Бұл хаттың зардабы мен ызғары уақыт өткен сайын күшейе түспесе, азайған емес.

Бұдан басқа құжаттардың бәрі де 1946-1956 жылдар арасында алынып, ғылыми ізденістің бағытын теріске бұрып, халықтың азаматтық тарихы мен мәдениетін, өнері мен әдебиетін шындық деңгейінде зерттеуге мұрсат бермеді; соған қоса, олар 1937 жылғы науқан кезінде ұлттық нигилистердің қаулап шығуына жағдай жасады. Өзінше ойлауға, еркін жазуға мұрша бермеді. «Қорытындыда» күшінен айырылған құжаттың ішінде «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» (21.01.1947) қаулы аталды. Оның қиратқыш күші орасан зор болды, кейінгі, 50-жылдардың орта тұсына дейін созылған «ұлтшылдықты әшкерелеу» науқаны осы қаулыдан тарамдалды.

Осы қаулыға ілесе 1947 жылдың 29 сәуірінде «ВКП(б) Орталық Комитетінің «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы» қаулысын орындау барысы туралы» деген қарар қабылданып, Ә.Тәжібаевтың еш жерде қойылмаған, кітап болып басылып шықпаған «Біз де қазақпыз» деген драмасын сынап, қазақ театрларының қалыптасқан репертуарын тас-талқан етті. Аз ғана жыл ішінде есін жиып, қатары көбейе түскен қазақ зиялыларына, әсіресе, ғалымдар мен ақын-жазушыларға тағы да сталиндік жұт айналып соқты.

Екінші дүниежүзілік соғыста ұлы ата-бабаларымыздың рухына сыйынып, соғыста олардың қолдауын тілегеніміз жоғарыда айтылды. Елдің ерлік дәстүрлерін мақтан тұту, тарихи оқиғалар мен қайраткерлерді еске алу соғыс кезінде барлық ұлт республикаларында өріс алды. Қазақстанда халықты отаршылдыққа қарсы күреске үндеген Кенесары мен Наурызбай есімдері еске алынды, олар жайлы зерттеулер жасалды. Таптық көзқарас жаңа орнығып келе жатқан кезде, 1923 жылы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген атышулы мақаласында Кенесары-Наурызбай қозғалысын теріс бағалаған С.Мұқанов 1942 жылы «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» деген еңбегінде оларды ұлттық мақтан деңгейіне көтерді. 1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихында» олар-ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдері ретінде аталды. Тарих тереңінде жатқан Абылай, Кенесары-Наурызбай туралы деректер мен жырлар жарыққа шығып насихатталды, елдің рухын көтерді.

Алайда, мәдени-әдеби және тарихи мұраны игерудің мүмкіндігі ұзаққа бармады. 1943 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жасалған, одақтың ең мықты тарихшылары Н.М.Дружинин, А.М.Панкратова, А.Н.Бернштам, М.П.Вяткин, т. б. мен қазақ ғылымының өкілдері М. Әуезов, Е.Ысмайылов, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов қатысып жазылған «Қазақ ССР тарихы» сталиндік сыйлыққа ұсынылды. Талқылау ақырғы сатыға жеткен кезде профессор А.И.Яковлевтің «бұл орысқа қарсы жазылған кітап» деген пікірі белгілі болды. Мұндай шовинистік пікірлерге кезінде жауап берілгенімен, идеологиялық таластарда ол әрдайым еске алынып отырды.

1943 жылы 28 маусымда Е.Бекмахановтың «Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың ұлт-азаттық күресі (1837-1847 ж.ж.)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауы мәселені онан әрі ушықтыра түсті.

ВКП(б)Орталық Комитетінде 1944 жылы мамыр-маусым айында өткен тарихшылар кеңесінде «Қазақ ССР тарихы»-«орысқа қарсы жазылған кітап, өйткені онда Россияға қарсы ұлттық көтерілістері дәріптеледі»- деген тұжырым жасалды.

Мұның аяғы татар обкомы жөніндегі (жоғарыда айтылған) белгілі қаулыға (1944), Едігені даттауға ұласты. Сөйтіп ұлт республикаларындағы ұлтшылдық күрес науқаны соғыс жылдарының, өзінде-ақ басталып кетті. Бұл жағдайлар «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателерді» түзету науқанына ұласты. Көп ұзамай «Правда» газетінде «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыда баяндалсын» (1950) деген мақала шықты. Мәскеуде жел тұрса, Қазақстанда дауылға айналатын заманда, асыра сілтеулер орын алды. Осы науқанның алғашқы құрбаны Есмағамбет Ысмайылов болды. Ол 1951 жылы 6 қарашада ұсталып, абақтыға жабылды. Сол кездің тілімен айтқанда, «Қазақтың буржуазияшыл-ұлтшылдық пиғылын насихаттап, өз еңбектерінде оңды-солды жазғаны, хан мен сұлтандарды мақтағаны, Қазақстанның Россияға қосылуының прогрессивтік маңызын көре алмауы, кертартпа ақындардың және кеңес халқының қас жаулары-алашордашылардың деректерін пайдаланып, антисоветтік үгіт жүргізгені» үшін 25 жылға сотталды.

Осындай жазаны белгілі әдебиет зерттеушілер Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхамедханов пен тарихшы ғалымдар Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов тартты. Б.Кенжебаев, Ә.Мәмбетова, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев сияқты әдебиетшілер қуғын-сүргінге түсті.

1989 жылғы комиссия «қорытындысында» 1947 жылғы қаулының қиратқыш күші мен ызғарын қайтаруға айрықша көп назар аударылуы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қарашев, Мәшһүр- Жүсіп Көпеев шығармашылығына ғылыми анықтама берілуі тегін емес. Олардың еңбектерін жариялау, зерттеу былай тұрсын, атын атауға тыйым салынған болатын. С.Мұқанов, Қ.Бекхожин құрастырған әдебиет хрестоматиясы, Е.Ысмайлов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан жазған оқулықтар жасұрпаққа зиянкестік үйретіп жатқан кітаптар болып саналды. Шортанбай, Мұрат, Дулат, Ғұмар, Шәңгерей шығармашылығы тарихтан «аластатылды». Көкбай, Нұржан, Нарманбет сынды дарындар атаусыз қалды.Осы процесті нығыздай түсу үшін «Бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ әдебиеті бойынша оқулықтардағы өрескел қателіктер мен кемшіліктер туралы» 1951жылғы 28тамызда тағы бір қаулы алынды.

1951жылы 14 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде С.Нұрышевтің «Абай ақындығының алғашқы кезеңі туралы» деген мақаласы жарияланды. Онда Абайдың 37 жасқа дейінгі ақындығы оның бойына шақ емес, әсіресе, бұл кезеңде жазғандарында кертартпа шығыстың әсері күшті, сондықтан ұлы данышпанымызды қараламай-ақ оның ақындығын 1882 жылғы «Қансонардан» бастайық деген пікір айтылды. Бұған М.Әуезов қарсы шықты. Ол «Шығыс әсерінің Абайдың жас кезінде еліктеу түрінде болғанын айту, Нұрышевтың ойынша, қылмыстың үлкені болып көрінеді» деп жауап мақала жазды. Ұлы ақын мұрасының тұтастығын қорғады. Мұның өзі Қайым Мұхамедхановтың Абай шәкірттері жөнінде зерттеу жасап, кандитаттық диссертация қорғауымен қарбалас келді де, мәселені ушықтырып жіберді.

Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институты Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып Абайдың әдеби мұрасы жайында ғылыми айтыс ұйымдастырды. Президент Қ.Сәтбаевтың кіріспе сөзінен кейін С.Мұқанов «Абайдың әдеби мектебі және оның шәкірттері», С.Нұрышев «Абайдың әдеби мұрасын танудағы кейбір талас мәселелер», М.С.Сильченко «Абай шығармашылығының идеялық арналары», М.Әуезов «Абай мұрасын танудағы жетістіктер мен кемшіліктер туралы» деген тақырыпта баяндамалар жасады. Жарыссөзге Қ.Жұмалиев, М.Ақынжанов, Қ.Тұрғанбаев, Қ.Жармағанбетов, Ә.Тұрсынбаев, т.б. қатысты. Нәтижесінде Абайдың әдеби мектебі деген ұғымның буржуазиялық сипаты бары «мойындалып», бұл салада зерттеулер жасаудың қажетсіздігі сөз болды. «Социалистік Қазақстан» газеті «Абайды зерттеудегі бұрмалаушылыққа қарсы» деген мақала жариялап, айтыстың қысас ойларын қолдады.

Осы қаулылардың бар қиястығын көзімен көрген Әди Шәріпов кейін: «Әдебиет, тарих майданында шолақ белсенділер білімсіз шала ғалымдар көптеп шығып, қазақ халқының ғасырлар бойғы әдебиеті мен тарихын жоққа шығаруға барлық күшін салды» – деп жазды. Олар бүкіл қазақтың рухани мәдениетін таптық сараптаудан өткізу науқанын бастауға үндеді. Қазақ халқының ауыз әдебиетінің үлгілері мен эпосының халықтығы деген проблеманы даурықтыра көтерді. С.Нұрышев,Ә.Нілдібаев, Т.Шойынбаев, Ә.Тәкежанов, М.Ақынжанов, т.б. идеология майданының айбынды «қаһармандарына» айналды.

1953 жылы 12-15 сәуірде Қазақстан Орталық партия Комитетінің үлкен мәжіліс залында қазақ эпосының проблемаларына арналған дискуссия басталып, ауыз әдебиетінің халықтығы туралы М.Ақынжановтың, эпос жайында М.Ғабдулиннің нигилистік баяндамалары тыңдалды. Бүкіл рухани байлығымыз бай-шонжарлардың ықпалын сақтаған қауіпті феодалдық дүниелерге айналды. Қазақтың үш жүзден аса батырлық жырынан тек Қамбар ғана тоқсан үйлі тобырды асырағаны үшін ұнамды деп табылып, қалғандары жоққа шығарылды.

Біріне-бірі жалғасып жатқан осындай қаулылар мен науқандар елді де, оның әдебиеті мен мәдениетін зерттеп жүргендерді де әбден есеңгірете бастаған кезде И.В.Сталин қайтыс болды. Н.С.Хрущев жеке адамға табынушылықтың зиянды зардаптары туралы мәселе көтерді. Партияның ХХ съезі бұл тұжырымдарды орнықтыруға көмектесті.

1957 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдалану және оны жақсарту шаралары туралы» қаулы қабылдады. 1959 жылы қазақ әдебиетін зерттеудің негізгі проблемаларына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Тарихтың дүдәмалды мәселелерін шешуді ғалымдарға тапсырғаны ұнамды құбылыс болғанымен, нені айтып, қандай шешім жасау Орталық Комитеттің қолында болды. «Қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференцияның ұсыныстары» деген құжат алынды. Оның екінші бөлімі «Қазақтың ХҮІІІ- ХІХ- ХХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихын зерттеу жайында» деп аталып, онда көзқарасы қайшылықты деп саналып келген ақындар шығармашылығы жайында екіұдай қорытындылар жасалды.

Мысалы онда:Шортанбай Қанаевтың шығармашылығы жайында конференция сол дәуірдің негізгі идеялары мен әлеуметтік жағдайларды сынай отырады да, екінші жағынан, хандық дәуірді мадақтайды, шығармаларында ислам дінінің идеяларын уағыздайды деп қорытады. Бұл сияқты ақындардың шығармашылығына жоғары мектептің бағдарламаларында орын беріліп, негізінде ағартушылық халықтық бағыттағы әдебиеттің осындай кертартпа ақындармен күрес үстінде дамығанын көрсету үшін аталуы керек» деп жазылған.

Ал, Дулат пен Мұраттың «ақындық шеберлігінің өзіндік ерекшелік сипаттарына» ептеп жеңілдік жасалып, «Дулат пен Мұрат шығармашылығы жоғарғы мектепте сол кездегі тарихи-әдеби процестің сипатын, әдебиеттің қандай қиыншылықты жағдайда дамығанын көрсету мақсатымен аталуы тиіс. Жалпы білім беретін мектептердің ерекшелігін еске ала отырып, бұл ақынардың шығармашылығын орта мектептерде оқыту қажетсіз деп саналсын» деген шешім қабылданды. Сөйтіп, Дулат, Шортанбай, Мұрат өнерпаздығы ағартушы-демократтық бағытқа қарсы қою мақсатында ғана аталып, олардың шығармаларын мектептерде оқытпау керектігі шешілді. Жас ұрпақтың осы сияқты ұлы ақындарды білмей өсуіне жағдай жасалды.

Конференцияның жұмысына төрағалық еткен Мұхтар Әуезов сақтықпен Шортанбай жайындағы баяндамаларда «сыннан арашалап, аршып алу жағы басым сөйленді. Ал анығында Шортанбайдың бар көзқарасының бір ғана шыны бар емес пе еді? Ол діншілдік,кертартпалық сарынға соғатын. Шортанбайлық көзқарастың түп қазығы, сарқып қояр сағасы қайсы десек, ол «заман азды, бұл ақырзаман ғаламаты» дегенге саятын..., «Дулаттың идеялық, тарихтық кертартпалығы, міні деп айтылып жүрген жайлардың бәрін баяндамашы бүркемелеп, көмескілей сөйледі. Баптап, ептеп «өткізу» бұл конференцияның мақсаты емес» деген ескертулер жасауға мәжбүр болды.

Әдебиеттану ғылымы жүйесіндегі осындай әділетсіздіктер көркем әдебиет саласында да қайталанды. Әдебиет сыны партияның идеология мәселелеріне арналған қаулыларының қағидаларын қайталап даурықпа мақалалар жариялауға көшті. «Социалистік Қазақстан» газеті бетінде Қуандық Шаңғытбаевтың тұңғыш «Ар» жинағы туралы «Бір жас ақынның шығармаларындағы жат пікірлер» деген редакциялық мақала жарияланды. Жас ақынның өз ұлтын, елін, дәстүрін сүюі әбестік, социалистік интернационализм идеясына жанаспайтын қылық болып бағаланды. Онан кейін әдебиет пен төрт саны «Идеясыздық пен сауатсыздықтың жинағы» деп табылып, әдебиет және көркемөнер қызметкерлерінің республикалық жиналысының талқысына түсті. Сол тұста «Казахстанская правда» газеті Ә.Тәжібаевтың «Біз де қазақпыз», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романы туралы «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі П.Кузнецовтың «В атмосфере безидейности и благодушия» деген мақаласын басты. Мәскеу мен Алматыда алынған қаулыларды дәйекті түрде жүзеге асыру «жорықтары» басталып кетті.

1946 жылы «Зиянды кітап», «есеп пе, өсек пе?» (Т.Жароков), «Жаңылыс қадам, жалған бағыт» (Т.Нұртазин), «Қазақ әдебиетін зерттеудегі елеулі қателіктер мен кемшіліктерді батыл және тез жоялық!» (С.Төлешев), 1947 жылы «Профессор Марғұланның қателері» (М.Ақынжанов), «Өмірден артта қалған театр» (С.Алдабергенов), «Ғылымдағы идеясыздық пен бисаясаттылыққа жол берілмесін» (С.Бәйішов, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин), «Тіл мәдениетіндегі елеулі қателер» (М.Балақаев), «Тіл және әдебиет институты өзінің қателерін большевикше түзетуде» (С.Кеңесбаев), ««Әдебиет және искусство» журналындағы қателер» (С.Төлешев), «Шығыстың шылауындағы әдебиетші» (Қ.Тұрғанбаев), орыс тілінде «На позициях гнилого либерализма (В.Наумова, Н.Антонов), «Об идеологических ошибках работников общественных наук» (Б.Степанов), «Клевета на казахскую молодежь» (А.Ларионова), «Пороки одной повести» (С.Ужгин) сияқты мақалалар жарияланды. Жиын мен жиналыстарда баспасөзге үстеме күш қосып, әшкерелеу мен «өлтіріп сынау» өрістей берді. Енді жеке авторлар ғана емес, ұйымдар болып белсенділік танытуға шықты. Партияның оң көзі, рухани тірегі, адам жанының инженерлері бас қосқан Жазушылар одағы осындайда өзінің жауынгерлігін танытуға тиісті болды. Одақ басқармасының төрағасы С.Мұқановтың «1947 жылдың әдебиетіне шолу», «1948 жылдың әдебиетіне шолу» деген мақалаларында жоғарғы аталған қаулылар ызғары айқын сезілетін еді. Оның үстіне, Қазақстан Орталық партия Комитетінің бюросы «Қазақ Кеңес әдебиетінің жайы және оны бұдан былай да өркендету шаралары туралы» 1948 жылғы 31 тамызда тағы бір қаулы қабылдады. 1948 жылдың желтоқсан айында өткен СССР Жазушылар Одағының ХІІ пленумында жасаған баяндамасында С.Мұқанов орталық мінбеден қазақ әдебиетінің өсіп жетілу жолы, дәстүрлері, көрнекті өкілдерінің шығармашылығы туралы әңгімеледі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрда еркін өркендеп, қазір шын мағынасында мәдениетті ұлттық әдебиетке айналғанын, қазір туысқан елдердің әдебиеті ішінде алдыңғы қатардан орын алғанын айтты. С.Мұқановтың пікірін келесі жылы «Абай» романының екі кітабы үшін Мұхтар Әуезовтің бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық алуы дәлелдеді және іле-шала 1949 ж. Парижде «СССР- Франция» қоғамының жиналысында сөйлеген сөзінде де қазақ әдебиетінің үздік табыстары зор бағаланды. Бұл игі құбылыстар қазақ әдебиеті жөніндегі көзқарасты өзгертуге әсер еткені даусыз.

1946-1956 жылдар аралығындағы сын еңбектердің көбі көркем әдебиеттің шын қыр – сырын, шеберлік мәселелерін әңгімелеуден гөрі, оның идеялық нысанасына, қатесіне, шалыс қадамына назар аударды. Ең алдымен, көрнекті жазушыларға шүйлікті. Олардың өмір бойғы «қателерін» жинақтап, содан саяси қорытынды жасауға тырысты. Соның бір үлгісін жоғарыда аталған «Профессор Мұхтар Әуезов өткендегі қателіктерінің шырмауында» атты мақаладан көреміз.

1947 жылы мамырда Орталық Комитеттің үгіт және насихат бөлімі Сәбит Мұқановтың 1924 жылдан бергі көркем және сын еңбектерінде жіберген «саяси қателерін» тере келіп, «Муканов, используя свое положение председателя ССПК, ушел от критики, но его ошибки должны стать таким же объектом большевисткой критики, как и ошибки Ауэзова и Тажибаева» деген қорытынды жасады.

1951 жылы 17 тамызда Орталық Комитет «Қазақстан кеңес жазушылары Одағының жұмысындағы үлкен қателіктер мен кемшіліктер, оларды жою жөніндегі шаралар туралы» арнайы қаулы алып, С.Мұқановты төрағалықтан босатты.

1952 жылы 10 желтоқсанда Орталық Комитет «Социалистік Қазақстан» газетінде «Көпеев – ұлтшыл, діндар ақын» деген атпен жарияланған мақала туралы қаулы алып, оны ақын-жазушыларды тағы да сынау мен айыптаудың амалына айналдырды.

«Казахстанская правда» бүкіл кеңес әдебиетіне абырой әкеліп, қазақ әдебиетін әлемдік сахнаға шығарған Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын «По поводу романа М.Ауезова «Абай»» (1952, 21 маусым) деген атпен берілген редакциялық мақалада қайта бағалап, сынауға тырысты, орынсыз кінәлар тақты. М.Әуезовті сынауға С.Нұрышев, Ә.Нілдібаев сияқты «сыншылар» жел беріп, ұлы жазушының көңіліне біздің бүгінгі бақытты күнімізден гөрі кешегі феодалдық тұрмыс жақын, деген байбалам салды.

«Правда», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері беттерінде басылған айыптау мақалаларды Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті жіті бақылып, не қаулы, не басқа бір құжат түрінде қуаттап отырды. Жалғыз 1951 жылдың өзінде «Қазақстан тарихындағы буржуазияшыл–ұлтшылдыққа қарсы» (М.Ақынжанов), «Қазақ әдебиеті тарихындағы Кенесары Қасымов қозғалысын зерттеушілерге қарсы» (М.Ғұмарова), «Сұлтанмахмұт туралы сапасыз кітап» (Н.Жандилдин), «Әдебиетімізді жат пікірлер мен қателерден біржола арылтайық» (Т.Жароков), «Қазақ музыкасын зерттеу саласындағы өрескел қателерім» (АЖұбанов), «Құнсыз жинақ, қанағатсыз ақын» (Ә.Қарағұлов), «Қ.Аманжолов тың өлеңдеріндегі жат сарын» (А.Нұрқатов, С.Қирабаев), «Абайдың шәкірттері туралы» (Б.Сахариев), «Қателерді бүркемелейтін монография» (Қ.Сатыбалдин), «Бекхожин шығармаларындағы ұлтшылдық сарын» (М.Сәрсекеев), «Жаңсық жолда» (С.Сейітов), «Қазақ әдебиетінің программасындағы өрескел қателіктер туралы» (Қ.Тұрғанбаев, М.Сармурзина, Т.Амандосов, Ә.Хасенов), «Против искажения фактов истории в казахской литературе» (Қ.Жармағамбетов), «Несостаятельные исследования творчества Джамбула» (Е.Лизунова), «Против реакционной идеологии ислама» (Н.Сабитов), «За партийность, за марксистко–ленинскую разработку казахского литературоведения» (М.Сильченко, Н.Смирнова), «Вопреки исторической правде» (Б.Сулейменов) сынды орыс–қазақ тілдерінде жарияланған мақалалар идеология майданындағы шын жағдайды таныта алады.

Сонымен, соғыстан кейінгі он жылдықта мәдени, әдеби, шығармашылық өмір өзінің эстетикалық сипатымен емес, дөрекі социологиялық тұрпатымен көрінген қияс қаулылардың қыспағында болды. Қай қаулы болмасын, қай жиын –мәжіліс, кеңес–мәслихат болмасын, айналып келгенде, коммунистік идеологияның таптық, партиялық принциптерін қорғады. Адамзатқа керекті рухани азық, көркем дүние, адами сезім, ләззатты тірлік атаулының бәрі марксистік–лениндік қатаң талаптың төңірегінде шыр айналып, өзінің негізгі бағытынан, не үшін керектігінен жаңылып қала берді. Тулап, бұлқынған дарындарды, өнер шеберлері мен ақын – жазушыларды ұзын құрықпен қайырып, шідерледі.

Осындай әдеби – ғылыми атмосфераның ауырлығына қарамастан әдебиет зерттеу ісі өздерінің жоспарлы жұмысын жүргізе берді. Бұл саладағы іргелі жұмыс қазақ әдебиеті тарихын жүйелеу, зерттеу проблемаларымен байланысты басталды. Алғашқы талап ретінде 40–жылдардың соңғы кезінде «Қазақ әдебиеті тарыхының» бірінші томы (М.Әуезовтің редакциясымен, 1948) жарық көрді. Онда ауыз әдебиетіне арналып, қазақ фольклорының жанрлары жүйеленіп зерттелді. Оны жазуға М.Әуезовтен басқа, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев,Ә.Мәметова, Б,.Шалабаев, т.б. қатысты. Бұл ерте кездегі М.Әуезов, Х.Досмұхамедов, С.Сейфуллин бастаған фольклорлық зерттеулерді кеңітіп, бір жүйеде ғылыми негізде байыпты жазылған алғашқы тұтас еңбек еді. Онда ауыз әдебиетін жинау, зерттеудің мәселелері, қазақтың тұрмыс –салт өлеңдері, батырлар жыры, ғашықтық жырлары, айтыс, шешендік сөздер, тарихи жырлары, кеңес тұсындағы халық әдебиеті үлгілері зерттелді.

Әдебиет тарихының соңғы дәуірі материалдарын жинақтап зерттеуге ұмтылыс 1949 жылы Қ.Жұмалиевтің редакциясымен жарық көрген «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» атты еңбекте көрінді. Бұл – кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетін зерттеуге жасалған алғашқы талап еді. Онда бұл дәуірдегі әдеби процесс үш дәуірге (1917-1929, 1930-1941, 1941- жылдан бергі) бөлініп талданды да, Жамбыл, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Н.Байғанин, И.Байзақов, А.Тоқмағанбетов, Ж.Сыздықов,Қ.Әбдіқадыров, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Ғ.Мұстафин, Қ.Жұмалиев, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Әбішев шығармашылығына арналған тараулар берілді. Осы кезеңдегі халық әдебиеті «Совет дәуіріндегі қазақ халық поэзиясының очерктері» (орыс тілінде) атты Н.С.Смирнованың басқаруымен шыққан ұжымдық монографияда зерттелді. Алайда, бұл іргелі зерттеу еңбектердің бәрі де сол тұстағы сын тарапынан айыпталған жала сөздерге тап болды да, кең тарамады. «Қазақ әдебиеті тарихының» келесі томдары жалғасын таппады.

Бұл дәуірде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығы жайлы арнаулы монографиялар шыға бастады. Бұлардың қатарына Қ.Жұмалиевтің «Махамбет» (1948), «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1950), Б.Кенжебаевтың «Сұлтанмахмұттың ақындығы»» (1949), З.Кедринаның «Мұхтар Әуезов» ( 1951), Т.Нұртазиннің «Сәбит Мұқановтың шығармашылығы туралы»(орыс тілінде -1950) атты монографияларын қосуға болады. 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанының 50 жылдығы аталып өтті. М.Әуезовтің, Б.Кенжебаевтың, Қ.Жұмалиевтің, Е.Ысмайыловтың, Қ.Мұхамедхановтың жаңа мақалалары, З.Ахметовтің «Лермонтов және Абай» атты зерттеуі жарық көрді. Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Жамбыл, И.Байзақов шығармашылығы зерттеле бастады. Күнделікті әдеби сынға Т.Нұртазин, Қ.Жармағанбетов, С.Сейітов, С.Төлешов, т.б. белсенді араласты. Бұл еңбектерді бағалауда да артық-кем пікірлер орын алғаны белгілі. Соған қарамастан, бұлар елуінші жылдардың алғашқы жартысына дейінгі әдебиет зерттеу ғылымы мен сынның өрісін таныта алады.

Елуінші жылдардың екінші жартысы И.В.Сталиннің өлімінен кейінгі саяси-қоғамдық өзгерістермен, жеке адамға табыну саясатын сынаумен, Н.С.Хрущевтің шығармашылық адамдарын тежеу салтына жасаған реформасымен («Жылымық атанған») ерекшеленеді. Бұл тұста Қазақстандағы әдебиет саласындағы асыра сілтеулер де бірсыпыра тынышталды. Елде партия, үкімет басшылығы жаңарды. 1954 жылы өткен Қазақ жазушыларының ІІІ съезі мен КСРО жазушыларының екінші съезі әдебиеттің өмірмен байланысын арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Осы игі шараларды партияның ХХ съезі мақұлдап бекітті. Соның нәтижесінде 1937 жылы жазықсыз қараланған адамдар ақталды. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров мұралары әдебиет тарихынан қайта орын алды. Ө.Тұрманжанов, М.Қаратаев, Х.Есенжанов, С.Талжанов, З.Шашкин т.б. қайта оралып, жазушылық қызметін жалғастыруға мүмкіндік алды. Н.С.Хрущев 1946-1948 жылдар аралығындағы партияның идеология саласындағы қаулыларында кеткен қателіктерді жөндеуге алғашқы талап жасап, «Ұлы достық», «Богдан Хмельницкий», «Шын жүректен» операларын бағалауда жіберілген қателіктер туралы қаулы қабылдатты. Бұл қаулының қағидалары бүкіл кеңес әдебиеті мен өнерінің дамуында маңызды роль атқарды. 1959 жылы Қазақстан Жазушыларының ІҮ съезі өтті. Жазушылар қатары өсті.

Осы сияқты жағымды жағдайлар қазақ әдебиеті сыны мен зерттеу жұмыстарына да ықпал жасады. Ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихын зерттеу саласында Мұхтар Әуезовтің «Әр жылдар ойлары» (1959), М.Ғабдулиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1959), Е.Ысмайыловтың «Ақындар» (1956), Қ.Жұмалиевтің «Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері» (1958), Б.Кенжебаевтың «Қазақ халқының ғасыр басындағы демократ жазушалары» (1958), М.С.Сильченконың «Абайдың шығармашылық өмірбаяны» (1957), Х.Сүйіншәлиевтің «Абайдың қара сөздері» (1956), Қ.Мұхамедхановтың «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (1959), С.Қирабаевтың «Ғабиден Мұстафин» (1956), «Спандияр Көбеев» (1958), Т.Ахтановтың «Ғабит Мүсірепов» (1956),А.Нұрқатовтың «Мұхтар Әуезов» (1957) атты ңбектері жарық көрді. Көптеген ғылыми мақалалар басылды.

Әдебиет сынының дамуына жол ашылды. Сын бұрынғы ағай-шудан арылып, әдеби процесті, жаңа шығармаларды байсалдылықпен талдауға бет бұрды. Алғашқы мақалалар жинағы шыға бастады. Оған мысал ретінде М.Қаратаевтың «Туған әдебиет туралы ойлар». «Рожденная Октябрем» (1958) атты сын кітаптарын айтуға болады. Күнделікті әдеби сынға Е.Ысмайылов, Т.Нұртазин сияқты кәнігі сыншылармен бірге әдебиеттің жас күштері (А.Нұрқатов, С.Қирабаев, Т.Әлімқұлов, З.Қабдолов, Қ.Нұрмаханов, Р.Бердібаев, М.Базарбаев, Б.Сахариев т.б.) араласа бастады.

Бұл дәуірдегі сын мен әдебиет зерттеу ісі негізінен болашақ атқарылар үлкен жұмыстың бастамасы іспетті еді. Әдеби шығармашылық атмосфераның жақсаруы, ғылым мен әдебиетке деген қамқорлық бұл саладағы істердің ұлғаюына жәрдемін тигізді. Алпысыншы жылдардан бастап қазақ әдебиеті дамуынының жаңа кезеңі басталды.