2.2. Мәлік Ғабдулиннің өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Халқымыздың «Болар бала бесікте бұлқынар,құлын  желіде жұлқынар» дегеніндей, Мәлік ағаның сөз өнеріне деген ынта - құштарлығы жауқазындай балапан шағында байқалған екен. Әрі ерте ел көзіне түскен. Мысалы: 1931 жылы «Екпінді жас» журналының жетінші санында «Октябрят інілеріме» деген тырнақалды өлеңі жарияланған. Көкшетау қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебінде үздік оқыған жас 1930 жылы республика пионерлерінің слетіне қатысады.Сонда бір тәжірибелі тілші суретке түсіріп алып, осынау жеткіншек күндердің күнінде халқының ауыр жүгін арқалайтын, азаматтық парызын терең түсінетін, болашағы жарқын науша жігіт болып шығады деген лебіз жазып, «Известия» газетінде «Көшпелі елдің баласы» деген шағын суреттеме жариялайды.Иә, ол жастайынан естілігімен, елгезектігімен ел көзіне түскен жас жайнақтың өзі, жақсының көзі еді.

   Мәлік Ғабдуллин 1935 жылы 20 жасында Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдағанда, әйгілі оқымысты Құдайберген Жұбанаов «Он үш жас күш» деген мақаласында  бір шоғыр айрықша талантты жастардың ішінде Мәлік Ғабдуллинді «біздің мәдени жұртшылығымыз біліп те қалаған»  деп  атап,  олар «көптің күткеніндей жеміс берер», «алған білімдерін іске асыра алар», «үмітті ақтар шын жұмыскер болар»,  деген көрегендік танытады. ( «Лениншіл жас»,1935  жыл, 14 қаңтар,

№ 12 ).

         Жас маманды Қазақстан өлкелік комсомол комитеті «Пионер» газеті редокторының орынбасары етіп тағайындайды. Әдеби - сын  және ғылыми  мақалар жазады, аударма жасайды. Бұған айғақ – 1934 орыс жазушысы  Л.Пантелеевтың «Пакет» шығармасын қазақшалағаны. Хабаршылар жазуыменде жүйелі түрде айналысады. Сабит Мұқановтың  1935 жылы екі томдық шығармалар жинағын әзірлеуге қатысады. Сонда С.Мұқанов: «осы жинақтарды жинасқан, жөндескен, редакция жасасқан  пионер ақынымыз Мәлік Ғабдолла ұлына алғыс айтам деп елеулі еңбегін ескереді». Ол 1931-35 жылдары КазПиде оқып жүргенде Қарағанды қаласындағы №1,18 шахталарда жұмысшыларға хат таныту, мәдени ағарту істерімен де шұғылданады. Сөйтіп, үлгілі педагогикалық тәжіребиеден өткен. Сонымен  бірге кеншілер шығармашылығымен кеңірек танысқан.

           Мәлік Ғабдуллин майдан жылдарында жазған  көл көсір жазбаларының бірінде: «Мен майдан немістерімен  қолма қол соғысқан  адаммын. Көптеген немістерді атып өлтірдім. Біразын қан төбелесте бауыздап салдым. Жаудың он шақты танкісін  гранаталармен қираттым» – деп жазды.  (1944 жыл,  12 қыркүйек). Иә, ол сұрапыл жылдарда қазақ халқының батырлық – ерлік дәстүрлерін  терең ақыл, жоғары саналықпен  дамытып байытқан, неміс жендеттеріне қыранша шүйліккен, асқақ даусымен  майдандастарын ерлікке үндеген, жауына қаһар  боп түйілген еңіреген ер еді.

       1941 жылдың  22 маусымында дүние дирменнің тасындай шыр айналды. Мәлік Ғабдуллин дереу 15 шілдеде  майданға аттанды. Ол генерал И.В.Панфилов  бастаған даңқты құрамында Ұлы Отан соғысына бастан – аяқ қатысты.

        Рухы биік жан соғыс өнерінің қыр –сырын  толық меңгергендігімен ерекшеленді.

          Қан кешуде дұшпанды абыржытатын, есебінен жаңылдыратын, үрейін ұшырып, зәресін алып қорқытатын («қорыққан адам жартылай жеңілген адам»)  ұтымды амалдың бірі – шапшаңдық пен  тұтқиылдан кездейсоқ  соққы беру. Міне осыларды Мәлік  батыр  жортуылдарда ұдайы жүзеге асырып отырған.  Ол әскери құрал – қарулардың мән – жайын,  зеңбіріктің тетігін  ыждаһатпен үйренеді. Сондықтан да  Мәлік батыр жауынгерлердің ақылшы, тәрбиешісі  болумен бірге  тікелей қолғабыс беретін  жәрдемшісіде болады.  Сонымен бірге түрлі ұлттар мен ұлыстардың  ырым – нанымдарын, жөн – жосықтарын, жауынгерлердің  мінез – құлық ерекшеліктерін  жіті бақылайтын,  ой – санасын  шұғыл билеп алатын, олармен ішіктің ішкі бауындай  жақындасып сөйлесетін һәм тіл табысып, сырласатын жан серіктері болды.«Ел – ырыстың орманы, ер – ырыстың қорғаны» дегендей, Мәлік Ұлы Отан соғысы  жылдарында ересен  ерлік істер жасаумен қатар,  кісілік көрсетіп, ірілік танытып, адамгершілік  мейірімін, ішкі жан сарайының  жылуын ешкімнен де аямапты.  Мәселен Мәскеу түбіндегі  қанды оқиғаларға толы күндердің бірінде  шешесінен айырылған,  әкесі әскерде жүрген қорғансыз, панасыз төрт – бес жасар Вованы Мәскеудегі балалар үйіне

тапсырған. Гвардеецев  деп фамилиясын жаздырған. Я болмаса не ішем не кием деп ойламаған, шөп басын сындырмаған, ебедейсіз, шалағай  Болатты  өрі – қыры бірдей  жауынгер етіп тәрбиелеуі қандай қызықты.  Немесе 1943 жылы қазақтың көрнекті ақыны Дихан Әбіловтың  «Майданбек» поэмасына нақақтан  саяси айып тағылғанда  араша түсіп қорғап   қалғаны тағы бар.

        Батырлық, ерлік және адамгершілік асыл қасиеттерімен ерекшеленген  жау жүрек командир,жауынгерлердің жан сезімін өткір сезінетін Қызыл Армияның тамаша мектебінен өткен саяси қызметкер Мәлік Ғабдуллин қан майданда жүріп «Қызыл Жұлдыз», «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және   «Москваны қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Венаны қорғағаны үшін» ордендерімен марапатталды. Кеңес Одағының  Батыры Мәлік Ғабдуллиннің  ата – анасына жазған хатында былай делінген:  Сіздерге қысқа хатпен қуанышымызды білдіргелі отырмыз.  Өздеріңізге мәлім,  ел басына  ауыр күн туғанда  ата – анадан  бата алып, ана сүтін ақтауға,  жексұрын жауға  қарсы аттанған  ерлердің ішінде  Сіздің Мәлікте бар еді.

    Ата – бабамыздың: «Жігіттің ұялғаны - өлгені!» деген мақалы тегін айтылмаған. Ел шетіне жау тигенде  ер жігіттеріміздің  бойын ар мен намыс,  кек пен ыза кернеді. Олар: «адамдық ар ұятын  жыйған неміс  айуандарының  тепкісінен түскеннен өлген артық » деп  қолдарына қару алып қан майданға  аттанды. Отаны үшін  қасық қанды қиюға  серт берді. Сол сертіне берік  ерлерді  сөз еткенде біздің аузымызға  ең алдымен   Мәлік түседі ол антқа берік, намысты ер жігіт екенін Отан соғысының  ұрысында көрсетті.  Талай сынды жорықтарда жау тобын жарып  өтіп,  зор жеңістерге жетті, табандылықтың, тапқырлықтың , өз халқын сүюшіліктің үлгісін көрсетті. Бұрынғы өткен батырлар жаумен қалай шайқасса,  ол да солай қам жеп отырды. Ата дәстүрін  жаңа заманның  жаңа соғысында  жаңа тәсілмен пайдалана білді.

   Ер еңбегің еш кетпейді,  ел ерін бағалайды. Мәлікке Советтер одағының  батыры деген  ардақты атақты әперіп отыр. Бұған сіздермен бізде қуандық, шын жүректен  құтты болсын айтамыз. Мәлік сынды халық батырын тәрбиелеп өсірген  ата анаға мың рахмет!

   Қуаншты сәлеммен қолдарыңызды қысамыз!

   Мәліктің жауынгер жолдастары:

   Гвардия подполковнигі: Ахмеджан Мұхамедияров,

   Гвардия подполковнигі: Бауыржан Момышұлы,

   Гвардия майоры:  Балтабек Жетпісбаев,

   Гвардия капитаны:  Мірқа Байсаров,

   Гвардия аға лейтенанты:  Құрманбек Сағындықов.

                  «Социалистік Қазақстан» газеті, 1943, 28 наурыз, №69.

      «Казахстанская правда» газеті 1943 жылғы    20 тамыздағы  жарық көрген санында «Қазақ халқының мақтанышы» деген бас мақаласында Мәлік Ғабдуллинді  туған халқының тамаша  дәстүрлерімен  қасиеттерін бойына жинаған нағыз ұлттың батыры деп  мәлімдесе, Қызыл Армияның Саяси Басқармасы  1943 жылы қазақ тілінде Ғабдуллинге арналған қызыл әскерлік  листовка шығарды. Листовка  патриоттық рухқа толы жігерлі толғаныстарға бай.  Онда Мәліктің батырлық істерін Кеңес жауынгерлеріне үлгі етеді. «Сендерде Мәліктей тайсалмай,  қорықпай  неміс басқыншыларын  қирата біліңдер» деп, ерлікке үндейді, жеңіске шақырады.

      Мәлік Ғабдуллин Ұлы Отан соғысы  жылдарында ерлік айбаты мен  бірге , қалам қайратымен халқына, жан тәнімен қызмет етті. Майдан өмірінің нағыз куәгері халық бақытын, қасиетті Отанын қорғауда жаужүрек  ерлердің ерлік , батырлық қимылдарын,  дер шағында шынайы бейнелейтін  көптеген деректі әңгімелер, көсемсөздер, мақалалар, баяндамалар, очерктер  мен хаттар жариялады.  Мұның сыртына жазған күнделіктерін қосыңыз. Бұлар  орыс, қазақ тілдерінде  республикалық,  майдандық газеттерде және  «Қызыл армияның үгітшісі мен  насихатшысы» блокнотында басылып шықты. Сөйтіп,  жауынгерлердің  рухты, қайратты болуына  ықпал жасады, жанды да жарқын фактілерді  негізге алды.

       «Вперед на  врага» газетінің  1944  жылғы қаңтардағы  №2,4,6,8 сандарында «Ерлікке баулу  – тәрбиеден»  деген көсемсөзі басылып шықты. Мұнда орта азия халықтарының әдет – ғұрыптары,  ұлттық фольклордың тағылымдық, тәрбиелік сыйпаты  тұрмыс салт ерекшеліктері туралы толғамдары  туралы ойлар өрбіткен. Қан төгісте жігітті жігерлендіретін яки оған қымбат Отан,  рухани қазына , достық сезім  екендігін шегелеп айтады. Кесек  - кесек толғамдар мейіріңді қандырады.

     «Бірде бір топ  жігіттер жорық үстінде  аса қиын, ауыр жағдайға тап болады. Соның ішінде бір жас жайнақ қайратына мініп, гүрілдеп: «Мен осы ұрыста жекпе – жекке шығып,  жалғыз  дара  соғысамын» деп сөйлепті – деп жазады Мәлік Ғабдуллин. –Сонда  кәнігі, тәжірибелі батыр әлгі жас қыранға бір бау шыбық беріп: «Сындыр», - деп бұйырады.Бірақ сындырып тастауға әлі жетпейді. Сонансоң бір тал шыбықты ұсынады.  Ол шыбықтың быт  шытын шығарып қиратады. Батыр айтады: «Міне, біздерде осындаймыз. Жекпе – жекке шықсақ бізді де жайратып жеңеді, ал бірақ күш қоссақ мыңға татимыз дейді». Кестесін келтіріп келістіре айтса, жауынгерлердің  көңілінің кілті табылады. Жеңіске жетудің басты шарттарының бірі – олардың ішкі жан дүниесінің  құпия сырларын,  жұмбақ күйлерін тап басу.

      Мәлік батырдың түркі халықтарының  ұлттық ерекшеліктеріне  аса зор мән бергені байқалады. Жауынгерлердің ісіне аса зор сүйіспеншілікпен қараған абзал. Сонда оның  ынтазарлық құштарлығы артады.   Бұл орайда  1943  жылы шілде айының соңғы күндерінде  Мәскеуде ВКП Орталық Комитеті мен КСРО  Қорғаныс министрлігі Бас Саяси Басқармасының  орыс емес ұлттардан шыққан  жауынгерлерді  ерлік рухта  батырлық – қаһармандық дәстүрлер, халықтық – дастандар  жарқын әдеби фольклорлық  үлгілер арқылы тәрбиелеу хақындағы  мәслихатында  Мәлік Ғабдуллин  қатысады. Алайда дүниетанымы  терең қаһарман  ғалым соғыстың  алғашқы күндерінен  бастап, өзінің  саяси жұмысына  мұндай рухани  мұраларды  асқан шеберлікпен пайдаланады.

  Ұрыс алдында  бір жауынгер  винтовканың құндағы мен  қайысын мықтап майлады. Мұны көрген командир  таң – тамаша қалды. Жас ұлан  командирдің екертпесіне  әрі өзінің істеген ісін баяндап беруге тілі жетпей бір сөзбен «жақсы» – деп жауап берді.Командир жауынгердің қаруын  тексерсе жақсы бабында екен. Иә, жас  түлек  мылтығының  құндағы мен қайысын мықтап майлаған екен. Сөйтсе,  орта азия халықтарындағы аңшыларда мылтығының сыртын қалың етіп майлау дәстүрі  бар екен, ол аңшыға  «ірі олжа» әкеледі екен –деп   Мәлік Ғабдуллин ой өрбітеді.

     Сарбаздардың сөзді ұйып – ұғып  тыңдауы үшін, соғыста нәтижелі  жеңістерге жету үшін  құлшыну мақсатында  саяси жетекші  Мәлік Ғабдуллин  халықтың аңыздары мен философиялық  толғамдарын мықтап қолданған. Ол әрдайым  тапқыр салыстырулар жасап, былай дейді екен: Әскери өнер тарихында  тәртіптілік пен батырлықтың арасы бір ақ адым. Расында да тап солай.  Әр бір металшы тат темірді бүлдіретінін және машинаны сындыратынын жақсы біледі.  Егер темірге титей дақ түссе,  демек машинаның мүлтіксіз жұмыс істеуіне кедергі болады. Тәртіпсіздікті темірге түскен тат деуге болады. Шынында да тәртіптілік жинақылық, тиянақтылықтан туады.  Осындай қасиеттер  нағыз қаһарманның  болымысын белгілейді. Оның соғыс уақытындағы әскери жазбалары  жаралы һәм  саналы көңілден туған  сабырлы қалыптан  айнымайтын нар мінезден ,  парасат оты  жанған дозақ өмірден туған еді. Жүректің қанымен  халқын ардақтаған арлы азаматтың  нәзік, сыршыл жанымен  суреттеліп жазылған ғой. Әсіресе, тәрбие саласындағы  тегеуірінді ойлары  және де  ісі мен сөзінде  ойдағыдай орындауы әрі өзгенің  жүрегіне әдемі жеткізіп, орындата білу  шеберлігі өзіне тәнті етпей қоймайды.

         Мәлік Ғабдуллин «Менің майдандас достарым», (1947, 1985), «Алтын жұлдыз»  (1948), «Майдан очерктері» (1959), «Ел намысы – ер намысы»  (1966), «Сұрапыл жылдар» (1972) секілді кітаптарында даңқты генерал И.В.Панфилов  пен Алтайдың  ақиығы Төлеген Тоқтаровтың, байырғы журналист – аудармашы,  батыр барлаушы Бақтияр Меңдіғазин мен жауынгер композитор Рамазан Елебаевтың, Комиссар Ахметжан Мұхамедияров  пен Балтабек Жетісбаевтың, саяси жетекшілері Василий  Клочков пен Манап Мусиннің, полк командирі Илья  Капров пен капитан Гундиловичтің  және көптеген қарулас достарының ерлік өмірін суреттеді. Панфиловшы  8–гвардиялық  дивизияның қаһармандық іс – қимылдарын,  қазқастандық жауынгерлердің рухын, болымысын, көркемдікпен кестеледі десек, жауға қарсы қару жұмсау, жауынгерлерді ұрысқа жұмылдыру, рухтандыру, оған қоса  ажал аузында  жүріп соғыс шежіресін жазу - әркімнің қолынан келе беретін шаруа емес.

        Батыр, білімпаз, ұстаз Мәлік Ғабдуллиннің ғибратты, өнегелі өмір жолы мен  шығармашылық мұрасы әлі талай әңгіменің өзегіне айналары анық. Айбатты ер, ғұлама ғалым өз ортасынан жарығында, жақсылығын да аямаған ел мақтаны, асылдың сынығы, жігіттің сұлтаны еді. Қарапайымдылығымен де, шарапатымен де халқына, Отанына ардақты азаматтың адамгершілік болымысын, жақсы істерін меруерттей тізіп жарқырата айту – келешектің ісі. Әйткенмен  де атақты сахна қайраткері Қалыбек Қуаншбаевтың :

                                     Жау айбынар түсі бар,

                                     Әлемге аян ісі бар, - деген лебізінде батырдың келбетіне лайық құрмет бар.

         Мәліктің рухани сүйеніші Сәбит Мұқанов «Батырдың бейнесі» деген естелігінде (1973) оның Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Маметовамен бір батальонда болғанын, ару қызды өз қолымен жерлегенін, оның ғажайып қаһармандығы туралы  өте көп білетінін айтады. Ал Сәбеңнің Мәлік қабірінің басында зар еңіреп сөйлеген сөзінің магнитофонда жазылған таспасы күйші Т.Мерғалиевтың қолында.

      Сондай –ақ Мәлік батырдың өнер, ғылым, мәдениет өкілдеріне, майдандас достарына, әскери қайраткерлерге жазған хаттары көп. М.Ғабдуллиннің фольклор мен әдебиеттануға, соғыс өнері мен педагогикаға байланысты тағлымды ой-пікірлері өміршеңдігімен өзгешеленеді. Жазушының көркем шығармалары мен күнделіктерінде сыр мен сымбаты келіскен сәулетті оралымдар, сәулелі тізбектер, философиялық толғаныстар аз кездеспейді. Бұл ретте профессор Тұрсынбек Кәкішевтің Мәлік Ғабдуллин шығармаларын көркем сөз өнері тұрғысынан талдауы тегін емес.                                                                                                                                                                                                                          

       Сырттай қарағанда сұлу тағдырдың иесі М. Ғабдуллиннің өмір жолы тақтайдай  теп-тегіс, даңғыл деуге болмайды. Ел– жұртының мойнына түскен ауырлықтар мен зобалаңдардың қоғам өміріндегі, кеңестік, кеңестіктегі қайшылықтар мен қиғаштықтардың кесір – кесапаты оны да сырт айналып

өткен жоқ. 1937 жылы әскерде жүргенде қажының баласы Әди Шәріповпен қарым–қатынаста болған, ал соғыс уақытында ұлт жауынгерлерінің ерлік істерін шығармаларына тым  өзек ете баяндаған ұлтшыл жазушы деген  айып тағылып, қиянаттар жасалған болса, 1953 жылы безбүйрек  кеңестік  саясаттың қысымын тағыда көрді. Бейбіт күндерде қанаты оққа күйді, оқ тиіп жаралы, қапалы болды.   

        Ер Мәлік өз  дәуірінің дауылпаз перзенттеріндей әрдайым алға, алысқа құлаш сермеді, тұрмыстың талқысын сан мәрте бастан кешірсе де, батылдықпен, парасат – сабырмен, жеңе білді. Ол «Досыма хат» дейтін жазбасында: «... Ай артынан ай туып, жыл соңынан жыл да келер. Бүгінгі ауырлық, сұрапыл соғыстың  дәуірі ертең – ақ шаттық, алтын нұрын шашқан  сәулет  күніне жеткізер. Сол кездерде өткен уақыттың уақиғаларына көз салармыз. Адам тарихынан ғасырлар бойы  өшпестік орын алған  талай-талай белестерді, мақтаныш етерліктей болып жасалынған мазмұнды істерімізді халқымыздың абырой – атағы, даңқы, намысы үшін жас өмірін қаза еткен батыр бауырларымызды еске түсірерміз. Олардың ерлік істерін,  олардың бізге қосқан аманатын «қасықтай қаның қалғанша халқыңа қызмет ет» деген тапсырмаларын еске алармыз» - деген екен (1941 жыл, 31 қазан Майдан) .             

        От кешулерде Мәлік батыр жанын шүберекке түйіп, жендеттерге қырандай шүйліксе, қанды көйлек достары жөнінде  тебірене сыр шертсе, шежіре өрсе, айналасына,ортасына жарығын аямай төксе, ұстаздық еңбегімен сан мың шәкірттерінің жүрегіне, көкірегіне нұр құйса, олардың өмір жолдарын, арман – қиялын сәулелендірсе, сөз бен істе мейлінше әділ болса, елдің жүгін ауырсынбай арқалап, қызмет етсе, ұлттық фольклортану ғылымында жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап бірден - бір оқулық жазса, елі де Мәліктей ақсұңқар азаматынан  даңқ пен  дәрежесін, құрмет пен ізетін аямаған.

          Мәліктің мәңгілігі – ішкі жан дүниесінің нұрлылығында. Ол әдеп пен  ақыл, кеңдік пен кемеңгерлік, тектілік пен ізгілік, батырлық пен ғалымдық, турашылдық пен дұрыстық, сыпайылық пен зиялылық, жақсылық пен жанашырлық.     

        Мәлік Қадыр Мырза Әлиге жазған хатында былай дейді:

Құрметті Қадыр!

  Бауырым, мен сенімен сырттай таныс болғаныммен сырласың емеспін. Сондықтан саған арнап жазып отырған  бұл хатымды  егде ағаның ежіктемесі  деп қарайсың ба, әлде  қамқор көңілдің қанағаттанғандық белгісі екен деп  қарайсың ба – ол арасын өзің біл.

  Иә, біз сырлас емеспіз, жақсы таныспыз. Мені сенімен таныстырған өзіңнің жырларың, жинақтарың, кітаптарың. Мен сенің оқушыңмын, оқырманыңмын. Жазғаныңды жібермей оқитын  қазақтың бірімін.

   Жүрегіңді жарып шыққан жырларыңды  оқығаным жайында және одан алған әсерлерімді бұдан бұрын еш жерде айтқан  да, жазған да  жан емеспін. Бұл жөнінде  енді бүгін ғана  өзіңе хат арқылы  көңілдегі  ағалық ойымды  айтқалы отырмын. Бұлай етуіме себепкер болған да өзіңсің.  Атап айтқанда «Лениншіл жаста» (14.2.69) жарияланған  бұл өлеңдерің осы хатты жаздырып отыр. Сонда айтайын дегенім – қуанышымды білдіру еді.

      Шынымды айтайын: газетке жарияланған бұл өлеңдерің мені қатты қуантты, шаттық сезімге бөлегендей болды. Өлеңдеріңді  оқып шыққан бойда: «Әй – да молодец! Міне, ақын! Міне, жігіт!» деген сөздер ғана ойыма орала берді. Осы өлеңдеріңнен сенің тағы бір шыңға көтерілгеніңді  көргендей болдым, ойың өсіп, ақындық өнеріңнің мұнарлап кеткенін байқадым.

   Тағы бір шындығымды айтайын. Сен бір өлеңіңнен екіншісіне дейін, бір жинағыңнан екіншісіне дейін үдете өсу үстіндесің. Бір қалыпта қалмай құйындата самғаудасың, биіктен биікке, асқардан асқарға  көтеріліп барасың. Осыныңа қуанам, риза болам. Қуана отырып, «Тіл көзден сақ болса екен, өскен үстіне өсе берсе екен» деп тілек тілеймін. Оқушы қауымды (соның ішінде мен де бармын) ойлылығыңмен қуантып жүрсің. Сенің әрбір өлеңіңде (басқа құрдастарыңда аз кездесетін) үлкен ой , тұжырымды  түйін жатады. Сол ой мен түйінді  балдай тәтті  тіліңмен, ақындық асқар өлеңіңмен  оқушыңа әдемілеп жеткізе білесің. Мұндай дәрежеге ие болу тек ғаламат  ақындардың ғана қолынан келетінін білеміз. Сен сол дәрежеге ие болдың. Осыныңа қуанам да мақтанам.

 Әрине, жоғарда айтқандарым сен сияқты заңғарлана бастаған  ақынды мақтауым ғана емес мақтанғандығым.

    Мен сенің бұдан былай да творчествалық жаңа табыстарға жете  беруіңе, белестен белеске көтеріле беруіңе шын жүректен тілектеспін. Тек қана айтарым, өтінерім:  табысыңа масаттанып кетпе.

   Оқушың (оқырманың) ретінде  бір ұсыныс жасағым келеді. Алдағы күндерде жазатын өлеңдеріңе: Адам, Азамат деген тақырыптарды еңгізші. Осы екі ұғымының аумағы кең, салмағы мықты (ауырда жеңіл секілді) ғой.

   Жанға рахат беретін жақсы өлеңдерді жазатын қолыңды қыстым.

                                                                                 Ағалық зор құрметпен

                                                                                 Мәлік Ғабдуллин.

   Саған осы хатты жазып болған бойда  мына бір жеңіл  әңгіме есіме түсе қалғаны. Соны да қоса салайыншы. Онымды шалдың шатпағы демессің.

   Менің бала кезім еді. Ауылдамын. Біздің үйдің қасында  бір жуан ақ қайың  өсіп тұратын. Оны кім орнатты, қашан орнатты ешкім білмейтін. Жапырақты, бұтақты көп ағаш еді. Әкем марқұм сол  ағашқа қоршау жасады, онысы мал сүйкенбесін, жұрт көлік байламасын дегені еді.

   Жаздың ыстық күндерінде  сол ағаштың  көлеңесінде  жұрт жиналып дем алатын, әңгіме соғатын. Ал, нөсерлеген жауын кезінде ол қол шатыр сияқты еді, жаңбыр өткізбейтін.

   Соғыстан кейінгі бір жылда елге бардым. Үйіміздің қасындағы аққайың жайқалып өсіп тұр екен. Жуан болыпты.  Жалғыз тұр екен.  Мен бірнеше баланы қасыма ертіп, сол ағаштың қасына тағы бірнеше қайың отырғыздым.

   Ауылға келесі бір барғанымда, осыдан  бірнеше жыл отырғызған шыбықтарымыздың  да өсіп қалғанын көрдім. Кейбір шыбығымыз өспей қалыпты, ал көбі тамыр алыпты, өсіп тұр.  Кейбіреулері тіпті бойлап өсіп тұр. Бір кезде жалғыз ақ қайың  болса,  енді оның қатарында  өсіп келе жатқан жас қайыңдрды көріп қуанып қалдым. Осы бір әңгімеден мен  бүгінгі қазақ әдебиетін көргендей болам. Жалғыз ақ қайың бейнесіндегі Абай елестейді. Жас қайыңдар бейнесінде Қадырлар көрінеді. Жас қайыңдардың  жапырағы жайқалып, жуандана өсіп беретіні сөзсіз. Олардың өсе беруіне  қамқорлық жасап, күтімдеп отырғанымыз керек болар. Күтімсіз еш нәрсе өспек емес.

                                                                                                                                                                                                                 14.02.69