2.3. Жұмағали Саинның өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Ақын осы ұрыста қаза тапқан екі партизан досы Әбдеш Ғабдолов пен Василий Щербаковты еске алады. Отан аманатын адал орындап өлген жауынгерлердің ерлігін паш етеді. Олардың аузына:

                                     Жауар күндей күркіреп,

                                     Жауға төнді дегейсің.

                                     Жауыз фашист жендетін

                                     Жаншып өлді дегейсің.

                                 Ана, сенің атыңды

                                      Ақтап өлді дегейсің.

                                           Жүрегінде Отанын

                                           Сақтап өлді дегейсің, –деген сөздер салады. Сол арқылы өлген герой еліне, Отанына, анасына сәлем жолдайды.

   Келтірілген үзіндіде ақын халық поэзиясының сәлем үлгісін пайдалана отырып, оған жаңа мазмұн береді. Бұл тәсіл өлең әсерлілігін арттырып, оның идеялық–эстетикалық табысын көтере түскен.

Ұрыстағы солдаттың күнде өліммен бетпе-бет кездесіп, бір өліп, бір тіріліп жүрген өмірінің ащы шындығы «Жауынгер сөзі» өлеңінде терең ашылады.

Тоғыз рет оқ өтті                                  ... Жаңылдым бір кез мен естен

Тал бойымды аралап,                       Жансыз жатты тұла бой

...Табанды тіреп зарландым,                      Жалыны өшті жүректің

Теріме сыймай кетті ашу.                   Жарақат соңы осы ғой,

Терістен шыққан бұлттай,                 ... Жаңбыр ма жауған сіркіреп

Теңізге селін төкті ашу.                     Бетіме тамшы басылды.

Түйілдім қайта қат-қабат                  Жан кіріп өлі денеме

Тұнжырап өмір тұлданды                Айқасқан кірпік ашылды.

Тобымен фашист баспалап,              ... Жараны қайта байлады,

Төбемде бұлт сұрланды.                   Жалғады сөнер өмірді,

... Жаралы жаным сау тартып,        Тірліктің күндей көгінен

Жарқылдап көзім оқ шашты.                 Көзіме нұры төгілді.

Осы бір үзінділерде ауыр ұрыста өліп тірілген солдаттың қаншама жан дүниесі шыншылдықпен суреттелген. Жауға кектеніп аттану, соғыс атмосферасы («Тұнжырап өмір тұлданды... төбемде бұлт сұрланды»), жаралы жатып, жауға оқ жаудыру (көзінен от шашып, кектену), есінен танып құлау, өмірге қайта оралу, тірліктің ыстықтығы (күн көгінен көзіне нұр төгілу) – барлығы да ақын өлеңінде нанымды сурет тапқан.

   Жұмағалидың  жырлары  қазақ  әдебиетінің тек тақырыптық жаңалығымен ғана емес, көркемдік ізденістерімен де байытты. Ақын лирикалық өлеңдердің өзінде суреттеу үлгілерін мол пайдаланды. Сол арқылы сұрапыл соғыс шындығының кең картиналары мен совет жауынгерлерінің қаһарман ерліктерін эпикалық сипатта бейнеледі. Жорық жырларын оқу үстінде қараңғы қара орманды пана етіп, үскірік аязға бой бермей, елі, Отаны үшін күресіп жүрген кеудесі кекке толы партизандар өмірін, олардың ажалмен бетпе-бет кездесу, өліп-тірілу кезеңдерін көз алдымызға келтіреміз. Бұрын ешбір тарих білмеген совет адамының күрескер, батырлық қасиеттері олардың ішкі сезім байлығымен, рухани күштілігімен тұтастықта көрсетіледі. Осындай эпикалық суреттерді ақын кейде сол оқиғалармен байланысты толғаныстарға, өз топшылауларына, философиялық түйіндерге

жалғастырып, лирикалық тұрғыдан ажарлайды. Осыдан барып ақын жырлары лирика мен эпостың тұтастығын, бірлігін сақтайды.

Соғыстан кейін де Жұмағали әскери тақырыпқа оралып, өзі басынан кешкен өмір шындығына бір қатар шығармалар арнады.«Есімде Айдар өзені» атты әдемі лирика мен «Алтай» атты поэма жазды.

«Есімде Айдар өзені»–қазақтың әскери поэзиясының үздік үлгілерінің бірі. Онда Айдар өзені бойындағы қатты ұрыс пен неше түрлі сезім арпалысын басынан кешірген солдаттың жан дүниесі түгел көрінеді. Совет жауынгерлерінің жеңімпаздық қуаты, жауға қарсы күресте жараланғандар мен қаза тапқандар бейнесі, халықтар достығының көрінісі, жеңіске сенім, өз Отанының тәуелсіздігін қорғаған солдаттың ыза намысы – бәрі де өлеңнің рухынан танылады. Бірақ ақын оның бәрін баяндап жатпайды.

    Айдар, Айдар, ақ Айдар!

    Жағаң сурет, суың бал.

    Өткіздім сенде көп айлар...

    Қалдырдым сенде көп ойлар...

«Айдар» жағасы қанша күрес суретіне толы екені, онда өткен көп айлардың бос кетпегені, солдат ойлары осы қысқа шумақта айқын танылады. Ұрыстағы солдат не туралы ойламады?, ел-жұртын сағыну, жорық алдындағы күдікті ойлар мен жеңіс кезіндегі ерлік сезім, әр түрлі қуаныш пен сәтсіздіктер, өлім мен өмір туралы ойлар – барлығын да солдат «Айдар» бойында басынан өткізді, сонда қалдырды.

«Айдар» бойында ұрыста өлген екі дос – бірі орыс, бірі қазақ.

     Екі өлік жан, бір қабыр

     Қалған белгі шайқастан,

     Орыс, қазақ егіз ұл

                                   Дос құшағы айқасқан.

Отанының тәуелсіздігі жолындағы күресте ынтымағы жарасқан халықтар туыстығын ақын айғайсыз, қарапайым шындық арқылы ашады.Бұл айтылғандар Жұмағалидың Ұлы Отан соғысы тақырыбын
жырлаудағы озық табыстарын белгілейді.

  Майданнан емделіп қайтқанмен, Жұмағали бір жола сауығып кете алған жоқ еді. Оның өкпесіне кірген оқ өзімен бірге сақталды. Сол күйінде еңбекқор ақын өзін жарымжан санамай, әдеби, қоғамдық қызметтер атқарды. Республикалық халық творчествосы үйінде, Қазақтың мемлекеттік филормониясында, «Жаңа өмір», «Жұлдыз» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеті редакцияларында басшы қызметтер істеді. Көптеген өлеңдер мен «Алтай», «Азамат» атты поэмалар, «Жол үстінде» атты повесть жазды. М.Лермонтовтың «Біздің заманымыздың геройы» атты романы мен бірсыпыра ақындық шығармаларды аударды. Бұл жылдары ақынның «Айғақ» (1948), «Жылдар»(1954),«Самал»(1957)т.б.жинақтары,таңдамалы шығармалары бірнеше рет басылды.

       Соғыстан кейінгі Жұмағали өлеңдері негізінен, бейбіт еңбекті, колхозды ауылдың жаңа адамдарын, тың игерушілерді, ұлы халықтар достығы мен бейбітшілік жолындағы күресті, туған елдің табиғатын жырлауға арналды. Ақын өмірдін өзекті мәселелерінің бәріне де үн қосып отырды.

 Еңбек пен еңбек адамдарын жырлау үшін Жұмағали соғыстан соңғы колхоз өмірін көбірек зерттеді. Республиканың көп жерлерін аралады. Тың жерлерді игерушілер арасында болып молшылық үшін күресіп жатқан ерлерді көрді, еңбек салтанат құрған өмірдің шаттықты да думанды тіршілігін қызықтады. Сондықтан да ол еңбек әлемін әсерлей бейнелеп, коллективтің даладағы қызу қимылын жан-жақты көрсетер көлемді суреттер жасауға жиі барды. Жазғы еңбектің өнімін жинап жатқан күзгі қарбаласты кең бейнелеген «Күзгі көріністер» өлеңінде ақын колхоз даласындағы қызу тіршілікті поэзияға бөлей сөйлейді. Колхоз даласында қат-қабат еңбек қайнап жатыр, біреу астық толтырып, біреу қаптың аузын байлауда, веялкалар зырылдап бидай ағызса, қырда егін отап комбайн жүр. Жас қыз да, жігіт те, кәрі шал да егін басында. Әркім өз орнында бәрі де бір қызу еңбек поэзиясына бөленген. Өлеңнен көзге елестер сурет осындай.

        Күз бір қатал тергеуші бейнесінде,

        Орнаған әр адамның кеудесінде.

        Жинап жатыр, зорлықпен алып жатыр

                                   Берерін де, даланың бермесін де, –дейді ақын. Еңбек даласындағы ән мен музыкаға толы тамаша тіршілік.

      Жұмағалидің «Колхоз таңы», «Сығалады ай көкжиегі сөгіліп», «Бақташы мен бұлбұл» тәрізді өлеңдерінде де мол көрінеді. Ақын еңбек жырын табиғат әнімен туыстыра, үндестіре отырады. Адам құдіреті мен табиғат туралы толғаныстар онда айрықша бір шынайы сыршылдықпен беріледі. Еңбек адамының нақты бейнесін танытатын «Тракторшы» өлеңінен кешегі майдан солдаты Тілеуді былай суреттейді:

Маңдайында қос сызық

Майдан жолы оқ жолы.

                                     Сәл қисықтау бітіпті

                                     Сол иығы, сол қолы.

Герой бойындағы соғыстан қалған белгілер – оның өмір жолының куәсындай. Бірақ ол мүгедек болмай, тіршілік үшін жаңа әрекетке енген, еңбегінің рахатын көріп жүр.

Халдің несін сұрайсың,

Жақсы тұрмыс, жақсы күй

Міне, астымда трактор

                                     Әне, қырда біздің үй, –дейді ол.

Адам еңбегімен қуанышты, бақытты екенін ақын нанымды түйеді.Өмірін еңбекке арнаған Кәрібай («Кәрібай шал») бейнесі де нанымды. Революция әсерімен оянып, партияға кірген, содан бергі өмірін қоғамға пайдалы еңбекпен өткізген Кәрібай қартайғанда қарап отыра алмай, астық керуенін басқаруға шығады.

   Жұмағалидың тың игерушілер туралы өлеңдері («Рапорт берді Қазақстан», «Кел, бауырым,» «Қабылда, Отан») республикамыздың ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің қажырлы еңбегін ғана паш етіп қоймайды, еліміздің астық молшылығын жасаудағы туысқан халықтар ынтымағын, олардың еңбектегі ортақ табыстарын келістіре жырлайды. Қазақстанға Ленин орденін тапсыруға арналған салтанатты мәжілісте К.Е.Ворошилов тың игеруші туысқан халықтар достығын жырлаудағы Жұмағали өлеңдерінің маңызын айрықша атап көрсетті. «Барлық қиыншылық пен жоқшылыққа ерлікпен шыдап, егін даласында жеңіске жетуді қамтамасыз еткен алуан түрлі ұлттар жастарының шын мәнісіндегі достығы туралы, меніңше, қазақ ақыны Жұмағали Саин былай деп жақсы айтты:

                                 Орыс, қазақ, украин, болгар да,            

                                 Түн ұйқысын бөлді күзгі таңдарда.       

                                 Бір адамдай қимылдады, ерледі,           

                                 Белін шешіп, ешбір тыным көрмеді.   

                                 Бұл миллиардта махаббаты елімнің,

                                 Бірге оталған әр дәнімен егіннің,

                                 Барлық ұлттар достығының айғағы

                                 Гүл жайнаған Қазақстан аймағы.

Бұл – өте дұрыс айтылған, ол біздің ортақ сезімдерімізді білдіріп отыр», –деді К. Е. Ворошилов.

Жұмағали ақындық еңбекке жауапты қарайтын, талғампаз қаламгер еді. Оның творчестволық жолы тым ерте аяқталды. Соғыста өкпеге тиіп, сақталған оқтың зардабы туғызған ұзақ науқастан кейін ол 1961 жылы 28 май күні қайтыс болды. Ақынның отаншыл, патриоттық жырлары қазақ  әдебиеті тарихынан өзіне тиісті орнын алды.

       «Адам алуан ойдың иесі, –дейді Жұмағали естелік дәптерінің бірінде, оның табиғаттан да, еңбектен де, өзара қатынастан да алатын әсерлері орасан, әр жақты, соны сен ақын тілімен, ақын жүрегімен айтып беруің керек. Ақын – тек шебер тілдің ғана емес, нәзік, ыстық жүректің иесі. Өмірдің ішіне кірмеу дегеннің мағынасы – өмірді терең баяндаумен қатар салқын, қысыр сөйлеу емес пе? Қай тақырыпты болсын шама келгенше жылы баяндау, махаббатпен, әнмен жырлау, адамның жан сезіміне тиіп, сипаттау – міне, ішіне кіру дегеннің, меніңше мағынасы осы ма деймін. Достық тақырыбы – жаңа тақырып. Гүл, ай, күн – адам баласын қоршап тұрған ақиқаттың бірі емес пе? Бұларды жырдан мүлде алып тастау керек деген пікірге қосылуға болмайды».

     Саинның тұңғыш өлеңдер жинағы Қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, атақты ақын Ілияс Жансүгіровтың «Беташар» атты алғы сөзімен 1936 жылы жарық көрді.Екінші жинағы 1938 жылы «Алтын таң» деген атпен басылып шықты.

    Жұмағали Саин отызыншы жылдардағы қазақ кеңес әдебиетінің қаулап өсіп келе жатқан талантты өкілдерінің алдыңғы сапынан орын алды. Ол сол уақытта-ақ өзіне тән өзгеше үні және дыбыс ырғағы бар дарынды лирик ақын екендігін танытты.Ол 1939 жылы «Досыма хат» поэмасын жазды.

    Ж.Саинның 1940 жылы аяқтаған «Күләнда» атты үлкен поэмасы оның отызыншы жылдардағы ақындық өнерпаздығының қорытындысы болды.

    1941 жылы 22 маусым күні неміс фашистері бейбіт жатқан елімізге кенеттен шабуыл жасады. Отан соғысы басталысымен-ақ маусым айында Жұмағали Саин Совет Армиясының қатарына шақырылды да, майданға аттанды.

       Өз елін, өз Отанын шын мәнінде сүймеген адам өз елінің азаматы бола алмайды. Алдымен өз елінің азаматы болмаған кісіден батырлық та, табандылық та, қайсарлық та шықпайтыны белгілі.

      Жұмағали жау тылында партизан отрядының қатарында жүргенде де өлең жазуын тоқтатпайды. Оны жау қолында қалған совет адамдарының өлшеусіз патриотизмі, партизандардың көзсіз ерлігі таңғалдырып, тебіренте толғандырып отырады. Міне, осылардың бәрі оның ақындық ой домнасында үнемі қорытылып шығады. Ақын өзінің естеліктерінің бірінде бауырлас украина жерін, туған қазақ өлкесімен салыстырады: «Біздің отряд Айдар өзені жанындағы кішіректеу бір ағаш арасында дем алып отыр. Орман қандай көркем. Астым да, үстім де көкпеңбек. Күннің әдемі нұрымен бөленеді. Әнші құстар бұл ағаштан үркіп жоқ болған. Осы жердің жапырағы мен гүлін көріп отырып, өзімнің бала кезімде жидек терген, туған жерім Көкшетау елестейді. Самалымен тербелген жапырақты қайың менің балалық өмірімнен сыр айтқандай...»

        Ж.Саинның поэмасындағы азаматтық, патриоттық сарындар, оның партизандар туралы жырларының циклында мейлінше тереңдеп, күшейе түсті. Оның жорық жырларының қасиеті терең патриотизмінде, нағыз эпостық кең құлаштығында, халықтық сипатында.

         Ақын «Жауынгер сөзі», «Айтылмай кеткен аманат» («Ненаписанное завещание») және басқа да бірқатар өлеңдерінде ауыз әдебиетіндегі, әсіресе батырлар жырындағы суреттеу тәсілдерін шебер қолданады. Бірақ бұдан оның өлеңдерінің реалистік қасиеті көмескі тартып кетпейді, қайта ақын поэзиясының эпикалық поэзияға тән сипаттары күшейе түседі.

        Оның соғыс кезіндегі күнделік дәптерінің үзінділері мен сол тұста жазылған жалынды өлеңдері 1943 жылдың өзінде-ақ Алматыдағы газет-журналдарда жарияланады. Ақынның соғыс кезінде жазылған өлең-толғаулары 1944 жылы «Жорық жырлары» деген атпен екі тілде

(қазақша және орысша) басылып шығады.

        Жұмағали қанша емделгенімен, жау тылында алған ауыр жарақатынан айықпаған-ды. Өкпесіндегі оқ тескен жарасы бітпеді. Сынған үш қабырғасы алынып тасталады. Бірақ коммунист ақын өзін аурумын деп есептемейтін еді. Дербес пенсия алудан бас тартып, ақындық жұмысына белсене кіріседі.

        Соғыстан кейінгі кезең –Ж.Саин поэзиясының тақырыптық шеңбері кеңейіп, әлеуметтік тынысы тереңдеп, көркемдік қасиеті молынан ашылған уақыт. Бұл тұстағы Ж.Саин поэзиясының негізгі саласын бейбіт еңбек тақырыбындағы өлеңдер құрайды. Оның лирикалық өлеңдерінде колхоз өмірі, колхоз адамы, жасампаздық еңбегі, жаңарған табиғат суреттері зор ақындық шабытпен суреттеліп отырады.  «Тас бұлақ», «Тракторшы», «Колхоз таңы» және басқа да көптеген өлеңдерінде ақын еңбек тақырыбын тереңдете, мол қамти отырып жырлайды. Оның бұл өлеңдері бүкіл поэзиямыздың жақсы үлгілерінің қатарына қосылады. Ол бұл тақырыпты кейде лирикалық сарынға бой ұра отырып жырласа, енді бірде философиялық толғаныстарға беріле отырып бейнелейді. Мәселен, атып келе жатқан таң шапағатын, оның нұрлы шұғыласын суреттеу арқылы басталатын «Таң мен адам» атты өлеңде ақын маужыраған тыныштықты жырлайды.  Бұл тамылжыған табиғат көрінісі өлеңнің  желісіне «құдіретті адам енуімен» бірге жанданып құлпыра түседі. Мұндағы адам –сыртта қалып бақылайтын енжар жан емес. Ол –«өмірді асығып жасап жатқан адам».

       Ақынның «Шың мен  адам» атты өлеңі де осындай жасампаздық рухында, өршіл пафосқа толы. Бұл өлеңдердің қай-қайсысында да адам табиғат туралы тақырып жалаң жырланбай, философиялық жоспарда бейнелейді. Оларда поэзиялық нақтылық, реалистік сипат күшті.

        Соғыстан кейінгі кезеңде Жұмағали әдебиетіміздің ең іргелі, әрі қасиетті тақырыптарының бірі – халықтар достығы тақырыбында да мол жырлар жазды.

       Ж.Саин  достық тақырыбына арнап терең сезімге толы, көркемдік шоқтығы биік «Россия туралы жыр», «Кел, бауырым», «Достық туы», «Екі дос», «Москва», «Орыс халқына» тәрізді өлеңдерін жазды. Оның «Партизан жырлары» циклына енген өлеңдері достыққа арналып айналған тамаша гимн тәрізді. Ұлы Отан соғысының оқиғалары, қатал шындығы жайында лирикалық тамаша өлеңдер жазған  Ж.Саин кейін осы тақырыпқа «Алтай» поэмасын арнады. Бірақ авторлық ой мұнда айтарлықтай мол көркем шешім таба алмады. «Алтай» поэмасы соғыс суретін, жауынгерлердің ерлік қимылдарын, олардың ой-қиялын шынайы көрсеткен реалистік шығармадан гөрі, ауыз әдебиетіндегі эпостық жыр дәрежесінде ғана қалды.