2.4. Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


         «Күн тіл қаттымен» тақырыптас, үндес шығармалар сол тұста басқа халықтар әдебиеттерінде де жазылды. Татар ақьны Әхмәт Файзи осы тарихи оқиғаға арнап «Үш өмір»(1934) атты баллада жазған. Ерлікті жырлауда екі елдің екі ақыны идеялас, мазмұны үндес шығарма жаза отырып, көркемдік шешімге келгенде дараланып шығады. Әхмәт Файзи шығармасын негізінен лирикалық жоспарда жазса, Тайыр Жароков поэмасы кең көлемде эпикалық сипатта жазылған. Ортақ оқиғаны, ортақ кейіпкерлерді әр түрлі көркемдік үлгіде суреттесе де, екі ақын өз замандастарының ерлігі мәңгілік екенін айтуда бір арнадан табылды.

         «Күн тіл қатты» поэмасында Тайыр Жароков ұшқыштардың тарихи ерліктерін жинақтай суреттеу арқылы өз замандастарының ерлік бейнесін көзге елестетеді. Ақын ұшқыштардың ерлік тұлғасын көрсетуде екі жолды таңдаған. Біріншіден, ақын кейіпкерлердің ерлік бітімін олардың іс-әрекетін баяндау, мінездеу арқылы көрсетеді.                                    

        Поэмада көтеріңкі пафоспен берілген осы мінездемеден поэма кейіпкерлерінің ерекше бітімі, батырлық тұлғасы көрініп тұр.Ақынның шабытты жыр жолдарын оқып, шалқыған сезім тебіреністеріне ортақтаса отырып, «аспандағы жұлдыздан асқан, қарулы, жалынды қырандай» ұшқыштардың өр бітіміне кім-кім де сүйсінеді.

        Екіншіден, ақын ұшқыштардың ерлік бейнесін олардың асқақ, өр, қайратты сөздері (күнмен диалог, монолог) арқылы айқындай түседі.

                                                Желектей желпіп желіңді,

                                                Желқомдай жырттым жеріңді.

                                                 Түбіттей түтіп бұлтыңды,

                                                 Таспадай тілдім толқынды,

                                                  Бағынбай кеннен не қалды?

                                                  Қарыңды қағып су қылдым,

                                                  Суыңды сілкіп бу қылдым,

                                                  Түніңнен таң атқыздым

                                                  Жеріме жұлдыз жаққыздым,

                                                  Электрден шам жанды!

       Поэма кейіпкерлерінің  сөздері оның бүкіл ерлік бітімін, өр тұлғасын, жеңімпаздығын айқын танытып тұр.Адам бейнесін танытуға қажет монологті(кейіпкер сөзін)орынды пайдалану ақынның тапқырлығын аша түседі.

      «Күн тіл қатты» поэмасында ақын өмір шындығын негізге ала отырып әсірелеуге, романтикаға көбірек барады.Ұшқыштардың күнмен тіл-дескендегі өршіл, асқақ сөздері романтикаға толы.Ұшқыштардың ерлік істері мен қаһармандық сөздерін асау табиғаттың өзі де мойындап, «мен жеңілдім, сен жеңдің» деп ұшқыштарға бас иеді. Шын өмірде де, поэмада да батыр ұшқыштар ерліктің шыңына еркін шығып, сол батырлық жолында қаза табады. Ақын ерлік қазаны жасырмай, қайғылы қазаға қабырғасы қайыса отырып, ерлердің ісі өлмей, адамзат тарихында мәңгі жасайтынын оптимистік жігермен суреттейді. Ақын поэма соңын ұтымды аяқтаған.

        Тайыр Жароков шығармашылығына арналған зерттеуінде Қ.Жұмалиев поэмадағы өмір шындығы әрі реалистік бояумен, әрі романтикалық пафоспен шынайы бейнеленгенін айта келіп, композициялық ерекшелігін де дәл тұжырымдады. «Оқиғасы, оны суреттеу әдісі де дамытуға градацияға (дамыту) құрылған. Осы әдісті автор поэманың ұзына бойына сақтайды. Бұл –  ақынның

таланттылығын сынайтын әдіс. Дамыту көбіне қызу қимылдың бір кезеңін суреттеуге қолданылады. Алдыңғыдан соңғы қимылдың асып түсуін көрсету үшін пайдаланылады» – деген топшылаулар поэманың

композициялық ерекшелігін дұрыс ашуға негізделген.

         «Күн тіл қатты» поэмасын ақынның ең алдымен қазақ поэзиясының ежелгі ұлттық дәстүріне сүйеніп жазғаны образдық-бейнелеу жүйесінен, ырғақ-интонациясынан көрініп тұр.Ұшқыш монологіндегі «Желдің желектей желпу, жерді желқомдай жырту, бұлтты түбіттей түту, толқынды таспадай тілу» т.б. теңеулердің бәрі де ежелгі қазақтың ұлттық поэзиясының арсеналынан алынып, соны жаңғырта, дамыта түскені хақ.Ырғақ-интонацияда дәстүрлі жыр-толғаудың сарыны бар.Әсіресе, Махамбет ақын жыр-толғауының екпіні, асқақ сарыны бірден байқалып отырады. Бұл жөнінде:«Поэма шын ақындық шабытпен Махамбетше сілтеген шығарма еді»–деген М.Қаратаевтың пікірі поэма табиғатын аша түседі.

      «Күн тіл қатты» поэмасының алғашқы басылуына ақын кейбір өзгерістер кіргізіп, 1951 жылы шыққан таңдамалы шығармаларына поэмасының аздап өңделген түрін енгізді. Мұнда поэманың тұңғыш және ең соңғы нұсқаларының арасын алшақтататындай айырма жоқ, ақын кейбір сөздерін, жекелеген жолдарын өзгертіп жазып, аракідік пікір қайталауын орынды қысқартқап. Поэманың ең соңғы екі шумағын қайта жазған. Бұл өңдеулерден поэма түзеле түскен.

         Отызыншы жылдардағы Тайыр Жароковтың көлемді эпикалық туындыларының бірі – «Тасқын» поэмасы (1937) еді. Поэма кезінде де, кейінде де қазақ, орыс тілдерінде бірнеше рет басылып шықты. Ақын бұл поэманың 1949,1951 жылдарғы қазақ тіліндегі қайта басылуларына өз туындысын жақсарта түсу ниетімен кейбір өңдеулер енгізді.

         Поэма бір кезде жоғары, орта оқу орындарына арналған хрестома-тияларға, оқулықтарға еніп, қазақ поэмасының тәуір нұсқасы ретінде жұртшылыққа кең танылды. Орыс тілінде шыққан нұсқалары арқылы бүкілодақтық жұртшылыққа таныс болды.

         Поэмада өмірден соққы жеп, жетім қалған, кейін балалар үйінде тәрбиеленіп, жоғары дәрежелі білім алып ел қатарына қосылған Қайсар, Жамал сияқты кейіпкерлердің өмірі баяндалған. Өз уақытында халқы үшін аянбай еңбектеніп, ел көзіне түскен олардың ұнамды бейнесін суреттеуге ақынның едәуір күш жұмсағаны көрінеді.Екі жастың жалындаған махаббат сезімдерін де ақын шабыттана толғаған. Ұнамды кейіпкерлердің портретін, оларды қоршаған табиғатты суреттеудегі автордың көркемдік табыстары аз емес.Әсіресе, Алматы қаласының көрнекті бейнесін, Алатау тұлғасын, қаланы жойқын апатқа ұшыратқан су тасқынын суреттеудегі ақынның шабытты шумақтары бірден көзге түседі.

            Поэмадағы төгілген шабытпен берілген асқар Алатаудың бауырын-дағы балбыраған табиғат аясындағы Алматы шаһарының көрікті келбеті көз тартады.

         Жиырмасыншы ғасырдың 70-нші жылдарына дейінгі жарық көрген қазақ әдебиеті тарихына арналған еңбектердің бәрінде де «Тасқын» поэмасы ұлттық әдебиеттің көркемдік жетістігі ретінде жоғары бағаланып келді.

         Уақыттың өзгеруіне байланысты әдебиетке, оның бір кездегі туындыларына жаңа көзқарас, жаңа пікірлер пайда болды.«Тасқын» поэмасы туралы да баспасөз бетінде кейінгі жылдары тың пікірлер айтылды.Әсіресе, поэманың сюжеттік желісіндегі жалғандық туралы ойлар жарық көрді.«Поэма сюжетіне 1937 жылдың оқиғаларын кіріктіріп, автор жаңа өсіп келе жатқан жас мамандарға қастандық ойлаған «халық жауы» Ордабаевты «әшкерелейді». Бұл сияқты жасанды тартысы болмаса, поэма жаңа адамдардың өсу жолын әп-әдемі бейнелеген шығарма болып қалар еді» – деген «Тасқын» поэмасы туралы кейінгі топшылауды құптаған ләзім.

        Тайыр Жароковтың «Тасқыннан» кейінгі көлемді шығармасы – «Нарын». Бұл поэма 1937-1940 жылдары жазылып, 1940 жылы өз алдына жеке кітап болып басылып шықты.Поэма 1918-1919 жылдарғы Қазақстандағы азамат соғысының уақиғасын суреттеуге арналған.Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармаларын ұзақ уақыт зерттеген Сағынғали Сейітов бұл поэманы байыпты түрде талдай келіп, оны ақынның сәтсіз шығармасы деп таныды. Зерттеушінің «Нарын» поэмасы туралы: «Поэманың елеулі мін-мүлтіктері де бар. Алдымен айтарымыз: шығарманың композициясы шебер құрылмаған. Оқиғаның басталуы, өрістеуі, шиеленуі белгілі бір шығармашылық жоспар-жобада дәйекті суреттелмеген. Нарынды, оның бұрынғысы мен бүгінгісін баяндайтын бөлімдері (бірінші және екінші бөлімі) мейілінше шұбалаң. Тым ұзап кеткен (100 беттік поэманың 38 бетін алып жатыр). Осының салдарынан поэма біраз әлсіреген.

           Ең басты кемшілік суреттеліп отырған кезеңнің,1918–1919 жылдардың жалпы бейнесі айқын көрінбейді, оқиға азамат соғысының тұсында болғаны жеткілікті сезілмейді. Поэманың тілі барлық жерде бірдей емес, ала-құла. Бастапқы екі бөліміндегі көркемдік қуат келесі бөлімдерде де әлсіреп кетеді. Сөздерді орынсыз құрастыра салу ұйқаспайтын буынды ұйқастыру сияқты әдеттер де ұшырасады» – деген топшылаулары дәлелді еді.

         1941–1945 жылдары Тайыр Жароков «Қара мұртты Қаплан», «Қазақ қызы», «Зоя туралы жыр» атты поэмалар жазды.

        «Қара мұртты Қаплан», «Қазақ қызы» сияқты поэмаларында бүкіл отандастарымыздың елімізге опасыздықпен шабуыл жасаған гитлершіл фашистерге қарсы күреске білек біріктіре отырып жаппай аттануы нақты кейіпкерлердің өмірі арқылы дұрыс баяндалғанын көреміз. Шынында да үлкен-кіші, кәрі-жас, ер-әйел демей, еліміздегі барша қауымның көздеген жалғыз мақсаты– қанқұйлы дұшпанды біржолата талқандауға білек сыбана бір кісідей жұмылғаны анық. Аталған поэмалардағы Қаплан, Қайрат, Мәншүктің Отан қорғау жолындағы патриоттық бейнелері сол тұстағы типтік көрністерден едәуір хабар бергендей.

        Ұлы Отан соғысы жылдарындағы кеңес партизандарының неміс басқыншыларына қарсы ерлік күресінің халқымыздың ұлы жеңісіне зор үлес болып қосылғаны баршаға аян. Бұл тұстағы эпикалық шығармаларда сол партизандардың ерлік өмірі айқын көрініс тапты. Тайыр Жароковтың «Зоя туралы жыр» (1944) поэмасында да партизандардың басқыншы жаумен майдандағы қаһармандық тұлғасы тәп-тәуір суреттелген.

        Поэма атақты партизан қыз Зоя Космодемьянскаяның(1923–1941) ерлік өміріне арналған. Зоя Космодемьянская орта мектепті Мәскеу қаласында 1941 жылы бітіріп, қыршындай жас өз еркімен Отан қорғауға аттанады.Ол партизандар қатарында болып, жаумен шайқаста ғажайып ерліктер көрсетеді.Күші басым жау қолына қапылыста түсіп қалған ержүрек қыз неміс фашистерінің айуандықпен қинауына өжеттікпен төтеп беріп, олардың алдында қасарысып бас имейді.Ақырында, Зояны фашистер 1941 жылы 29 желтоқсанда Мәскеу түбіндегі Петрищево селосында дарға асып өлтіреді.18 жасар батыр қыздың патриоттық жарқын бейнесі бүкіл кеңес жастарына үлгі болып, оларды ерлікке, отаншылдыққа рухтандырып, жігерлендірді.

          «Зоя туралы жырда» батыр қыздың жастық шағының, жалынды өмірінің шындығы келісті жырланғанын көреміз. Ақын Зояның мектеп бітіруін, өзі тіленіп майданға аттануын, партизандармен бірге Петрищево селосындағы неміс басқыншыларынан аянбай кек алуын шынайы суреттеген.

                                          Жеке атысып партизан қыз,

                                          Арпалысты жаумен жалғыз.

                                           Гранаттың оғыменен,

                                           Немістерді тобыменен,

                                           Партизан қыз шын тықсырды,

                                           Талайына жер құштырды.

      Бұл поэманың шарықтау шегі.Батыр қыздың қасақы жаумен ерлік шайқасы эпикальқ бағытта суреттелген.Автор шындық шеңберінен шықпайды.Күші басым дұшпанмен теңсіз айқаста Зояның қапияда тұтқынға түсіп, жаудың оны айуандықпен азаптауын ақын ашына жырлаған.Бұл тұста автор егіліп, еңіремейді.Қайта сол шексіз жауыздықпен бетпе-бет келгендегі Зояның ерлігін, өжеттігін, қайтпас қайсарлығын толық бейнелеуді көркемдік нысана етеді.«Нар кескендей ер кескінді» қыздың иілмейтін, сынбайтын характерін көрген мейірімсіз дұшпан оны дарға асып өлтіреді. Поэма соңында автор Зояны өлтіру–жеңу еместігін, Зояның мәңгі тірлігін, оның батырлық бейнесінің кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі өнеге берерлік жеңімпаздық, рухтандырушылық күш-қуатын шалқи жырлайды.

        Зоя өмірі–бүкіл кеңестік әдебиеттің назарын аударған соғыс жыл-дарындағы жоталы тақырыптың бірі еді. Зоя жайында белгілі орыс ақыны Маргарита Алигер 1942 жылы поэма жазды. Бүкіл кеңестік поэзияның зор табысы болған бұл шығармаға кезінде КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақ ақыны Тайыр Жароковтың поэмасы Маргарита Алигер дастанымен көп жағдайда үндес екенін байқау қиын емес. Патриоттық сарын, ерлікті дәріптеу екі поэманың да идеялық арқауы.Оның үстіне, Зоя өмірінің нақты шындықтарын тарихи дәл бейнелеуде де екі ақын бір-бірінен онша алшақ кетпеген.Бұл заңды. Өйткені екі шығарманың суреттеу нысаны ортақ. Екі ақын да өмір шындығы мен көркемдік шындықты шебер қабыстыра білген.

        М.Алигерде, Т.Жароковта Зоя Космодемьянская бейнесін сомдауда өз уақытындағы батырлық эпостың дәстүрін берік сақтаған. Бұл шығармаларда ертедегі батырларды жырлағандағыдай әсірелеу, гипербола сияқты көркемдік бейнелеу амалдары көп ұшырай қоймайды. Зоя туралы поэмалардың негізгі сипаты–қарапайымдылық. Өз замандастарының ерлік істерінің қарапайымдылығына ақындар баса назар аударған. Поэмадағы Зояның сыртқы келбеті өте қарапайым, сол мезгілдегі қатардағы қыздардың бірі ретінде көрінеді. Ерекшеленіп, оқшауланып тұрған ештеңе де жоқ. Бүкіл гәп–Зояның ішкі, рухани өмірінде екені байқалады. Оның ішкі дүниесі аса бай, жарық, нұрлы. Отанға, халыққа деген шынайы сүйіспеншіліктің ұлы күші сол рухани дүниеден көрінеді. Осы бір динамиттей құдіретті ішкі қуаты қарапайым, қатардағы қызға ұлы ерлік істеткенін көреміз. Міне, осылайша, екі поэмада да Зояның патриоттық, батырлық келбеті осы бір рухани, ішкі серпінінің сыртқа тепкен айқын көрінісі іспетті бейнеленген.

         Зоя туралы поэмалардың өзара айырмалары да бар. М.Алигер поэмасын көбінесе лирикалық бағытта жазған. Ақын поэмасьнда лирикалық

шегіністерге, толғаныстарға едәуір орын берген. Ақын кейіпкерімен тікелей тілдесіп, тікелей сырласады.Поэманың көпшілік беттерінде ақын мен кейіпкердің тынысы бірдей болып, жүрегі бірдей лүпілдеп, бірдей соғады. Бұл ақындық шеберліктің үлкен жемісі. Ал, Т.Жароков поэмасы негізінен эпикалық бағытта жазылған шығарма. Поэмада көбіне баяндау басым. Зоя өмірінің бел-белестерін ақын эпикалық сарында көтеріңкі леппен баяндай білген. Ара-арасында ақын лирикалық шегіністерді де қолданады, бірақ онша көп емес.

          Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт жылдары Т.Жароков «Астық» (1946),«Қаскелең түлектері»(1947),«Жапанды орман жаңғыртты»(1949), «Қырда туған құрыш» (1950-1954), «Құмдағы дауыл» (1957-1958) сияқты поэмаларын жазды.Бұл поэмалардың ішінен көркемдігі еленерлік көрнектісі–«Жапанды орман жаңғыртты» поэмасы болды.Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейінгі бейбіт жылдары қазақ ақындары қоғам өмірін ілгерілету жолында қажырлы еңбек етуші еңбек адамдарына үлкенді-кішілі көптеген шығармаларын арнады. Сол тұста дүниеге келген Т.Жароковтың «Жапанды орман жаңғыртты» т.б. поэмасы әдеби қауымның едәуір назарын аударды. Ақындар еліміздегі еңбек адамдарының абыройлы ісін ардақтап, әдебиеттегі олардың жарқын тұлғасын суреттеуге күш жұмсады.

          «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасының сол кезде жазылған тақырыптас поэмалармен ұқсас жақтары да, сонымен қатар олардан дараланатын өзіндік ерекшеліктері де бар.Ақын шағын көлемді поэмасында еңбек процесінен гөрі, сол еңбек процесінің жемісті нәтижесін суреттеуге көңіл бөлді.«Жапанды орман жаңғыртты» поэмасындағы еңбек адамдарының өмірін ақын екі түрлі жолмен бейнелеген: біріншіден, оқиғаға өзі араласа отырып, тікелей баяндау арқылы, екіншіден, басты кейіпкердің (Сарманның) еске түсіруі, әңгімесі арқылы суреттелген. Автор лирикалық шегіністерді де мол пайдаланған.

         «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасында Тайыр Жароков салыстырмалы сурет әдісін сәтті қолданған. Поэманың алғашқы екі бөлімінде ол қазақ жерінің бұрынғы суретіне кейінгі жаңарған бейнесін қарама-қарсы қойып суреттеген.

           Поэманың еңбек адамдарының іс-әрекеттерін суреттеген жерлерінде ақын көркемдік бейнелеу амалдарының тың түрлерін тапқан.

            Қазақ даласының орманын өздерінің шашындай әспеттеп күткен қыздардың ұлы еңбектегі зор өнерін балеринаның өнерімен салыстыру ақынның поэзияға әкелген тың бейнелеуі.Сол сияқты тоғайдағы кәрі еменді орманның генералына теңеу, жаңа өсе бастаған көк орманды құлпырған жас қызға балау т.б. сияқты сонылықтар поэмада көп ұшырасады. Әсіресе,

еңбеккерлер мәпелеп өсірген жайқалған көк орманның әдемі суреттерін берген жерлері – поэманың ең бір тартымды шыққан сәтті жақтары деуге болады. Ақын айналаны қоршаған табиғаттың мейірімді келбетін келістіре суреттеген. Еңбек қуанышына бөленген адамдардың шалқыған көңіл күйіне табиғаттың сұлу көріністері сайма-сай келіп отырады. Еңбектің жеңісін, еңбек жемісіне кенелген адамды Отанымыздың сұлу табиғатының аясында көрсету үшін ақын бар өнерін салған. Поэманың тілі де бай.

           «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасының өлеңдік құрылысы да биік мазмұнына сәйкес, көңілге қонымды. Ақын  шығарманың қай шумағының да буындық, бунақтық мөлшерін мықты ұстаған. Сөйтіп, айтайын деген ойын толық жеткізіп бере алған. Өлең ұйқастары айқын, толық, ажарлы. Тың ұйқастар да аз емес. Поэманың өн бойында ақын өзінің өлең ұйқасына мұқияттылығын, еркіндігін, жүйріктігін танытып отырады. Поэма түгелдей шалыс ұйқаспен жазылған. Шығарманың барлық бөлімінде де шалыс ұйқастың заңдылығы берік сақталған.

         Т.Жароков еңбекті, еңбек адамын көп жырлаған ақын. Оның 1950 –1954 жылдары жазылған «Қырда туған құрыш» атты поэмасы еліміздегі еңбек адамының өміріне арналған. Ақын бұл поэмасында Қазақстандағы металлургия алыбы –Теміртау жұмысшыларының өмірін суреттеуге едәуір шығармашылық күш жұмсады. Бас кейіпкер Темірбектің еңбеккерлігі шығармада біршама дұрыс бейнеленген. Шығарма кейіпкерлері Темірбек пен Лиза арасындағы махаббат сырларын ақын жылы суреттеген.

Тайыр Жароковтың 1957–1958 жылдары жазған «Құмдағы дауыл» атты поэмасы патша үкіметіне қарсы қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен азамат соғысы оқиғасын суреттеуге арналды. «Құмдағы дауыл» поэмасын әдеби қауым бірден-ақ жылы қабылдап, оған ұнамды баға берді.М.Қаратаев:«Тайырдың бұл соңғы поэмасы идеялық-көркемдік жағынан қарағанда, байыбына келген, тұлғасы түгел шығарма деуге болады.«Құмдағы дауыл» поэмасы Тайыр талантының жаңа белеске асып, өрлеп келе жатқанының айғағы»–деп жазды да, екінші бір еңбегінде Т.Жароковтың бұл поэмасы идеялық-эстетикалық бағасы зор, елеулі шығарма есебінде әдебиеттің асыл қорына қосылатынын атап көрсетті. Алайда, осы аталған еңбектерде «Құмдағы дауылға» жоғары баға берілгенімен, оның идеялық-тақырыптық мазмұнына, сюжеті мен образ жүйесіне кең түрде талдау жасалынбады. Тіпті, поэманың сюжеті туралы бір де сөз айтылмады. Тек қана орыс сыншысы Н.Сидоренко «Поэманың ұнамды жағы сюжетінде динамика барлығында»–деді.Поэманың сюжеті жайлы Н.Сидоренконың осы бір пікірінің жаны бар.Шынында да, қай шығарма болсын, оның сюжетінде динамика болса,ол автордың біраз шығармашылық табысқа ие болғаны.

Сюжеттегі динамика деген елеулі поэтикалық жетістік.Оның шығарманың идеялық-көркемдік тақырыптық деңгейін биіктете түсетіні анық. Динамика шығарма композициясының ойдағыдай болуына да септігін тигізеді. Сөйтіп, Т.Жароковтың «Құмдағы дауыл» поэмасының сюжетіндегі динамика шығарманың тұтастай табысты бояуына негіз болған.

       Еліміздегі, соның ішіндегі Қазақстандағы азамат соғысы, одан кейінгі кезең оқиғаларға толы. Т.Жароков сюжетті поэма жазғанда сол мол оқиғаның жетегінде кете бермеген. Автор қыруар оқиғалардың ішінен ең  типті, ең маңызды деген басты-бастыларын таңдап алады да, сол арқылы негізгі идеялық пікірді айқындап, басты кейіпкерлердің образын дұрыс мүсіндеген.

        Поэмада азамат соғысы кезіндегі қазақ халқының бостандық пен бақыт жолындағы ерлік күресі, халық перзенті Бейсекештің нақты әдеби бейнесі арқылы көрінеді.