2.4. Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


«Құмдағы дауыл», негізінен алғанда, реалистік туынды.Халық басынан өткен сол бір дауылды да қаһарлы мезгілді ақын үлкен шыншылдықпен, әсерлі сыршылдықпен суреттеп берді.Поэманың азамат соғысы оқиғаларын суреттейтін тұстарында сюжеттік тартыс мейілінше шиеленісе түскен.Әсіресе, қанқұйлы жаудың шектен шыққан жауыздығы қатты әшкере болады. Оған деген халықтың өшпенділігінде шек жоқ. Поэманың соңғы тарауында ақын қанды оқиғаны тебірене баяндаған.

         Күші басым жаудың халықтың қалың ортасынан суырылып шыққан 80 жауынгерін бір сәттте қырып салуын ақын ашына, кектене толғайды.Ежелгі жаумен қанды шайқаста болған бұл оқиғаны ақын трагедиялық сарында алғанмен, оқырманды мүлде түңілдіріп жібермейді.Осы оқиғаға дереу екінші оқиғаны жалғастырып, еңбекші қауымның қандыбалақ жауыздарды талқандауын көрсетеді.Сөйтіп, поэманың сюжетіндегі оптимистік сарын күшейіп, ұлғая түскен.

        Поэмада 80 жауынгерді қанға бояп кеткен жаудан кек алуға аттанған ел азаматтарын бастаушы Бейсекештің азаматтық ерлігін ақын зор шабытпен эпикалық жоспарда жырлайды.Бұл жерлерде шығарманың сюжеттік тынысы кеңіп, оның динамикалық қозғалысы ұлғая береді.Оқырманды өзіне еліктіріп, желпіндіре, сергіте, жігерлендіре отырып, сол жауынгерлердің жойқын да ерлік жорығына көз тіккізіп, құлақ түргізеді.

                                           Қарулы жорытқан қол жарқылдатып,

                                           Ақ қарды ат тұяғы бұрқылдатып.

                                           Ар үшін, ақпан, қаңтар аязында

                                           Алдынан ақ боранды аңқылдатып.

                                           Түтеген құмның қарлы дауылында

                                           Екпіні қара орманды қалтылдатып,

                                           Бейсекеш борандата, кетті бұрқап,

                                             Тоқ тулақ жер бүйірін солқылдатып.

Бұл, әрине, ақын қаламынан туған әсем де жанды сурет. Бұл поэма

сюжетінің ең тартымды жерлері. Ақын Бейсекеш бастаған жауынгерлердің жауды қалай талқандағанын нақты да айқын бейнелеген. Поэма соңындағы ақынның шабытты шумақтары еліміздегі азамат соғысының жеңіспен аяқталғанын аңғартады.

        «Құмдағы дауыл»–халықтың азамат соғысындағы тарихынан жарқын елес беретін идеялық-көркемдік еңсесі биік шығарма.

         Тайыр Жароковтың өмірінің соңғы тұсында жазған поэмасы– «Тасқынға тосқын» (1965). Сюжеттік-композициялық ерекшелігі жаңа қырынан танылған бұл шығарма әдебиет сыны мен әдебиет тарихын зерттеушілер тарапынан ұнамды баға алды.

         Т.Жароковтың«Тасқынға тосқын» поэмасын жазуына өмірде болған оқиға әсер еткені мәлім. Алматы қаласы маңындағы әйгілі Есік көлінің тасуы ақын шығармасының сюжеттік арқауына негіз етіп алынған. Көркем әдебиет өмірдің шындық көшірмесі еместігі аян. Ақын өмірде болған оқиғаны өз туындысына негіз етіп алғанмен, сол оқиғаның шеңберінде қалып қоймаған. Оқиғаны шығарма кейіпкерлерінің өміріне фон ретінде пайдаланған. Өзінің айтайын деген түйінді ойын терең мазмұнмен ашып берген.

        Т.Жароков поэмада табиғат апатына қарсы замандастарымыздың қажырлы күресін алға тарта отырып, өмірдің түбегейлі мәселелерін жыр етеді. Табиғаттың алапат долы күшімен алысқан адамдардың қажырлы еңбегін, іс-әрекетін айқын бейнемен суреттеген.Сонымен қатар, адал ниетті адамдарды қайғыға ұшырататын жауыздық күштерге қарсы замандастарымыздың қаһармандық күресін де әсерлі жыр өрнегімен бейнелеген.1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы гитлершіл неміс фашистерінің адамзатқа қарсы қанқұйлы әрекеті табиғаттың апатынан әлдеқайда қатерлі де, қауіпті болғанын ақын тебірене жыр етеді.

                                          Зеңбірек жұртты қан ғып ұрған тегіс,

                                          Секілді от фонтанды тұрған теңіз!

                                          Құйса егер бір жерге өлген адам қанын,

                                          Ұйыған, болар бір қан теңіз!..

Бұл–гиперболамен берілген гитлершіл фашистердің жауыздық бейнесін ашатын сурет.Осылайша, ол гитлершіл жендеттердің жойқын жорығына қарсы майдандасу–адал ниетті адамзатқа, ең алдымен, кеңес халқына жеңіл болмағанын аңғартады. Осылай гитлершілдердің қанды апатымен аянбай алысып, жеңіп шыққан, бүкіл дүниежүзінің алдында абыройы асқақтап көтерілген отандастарымыздың батырлық биік мәртебесін ақын асқақ шабытпен толғап береді.

        «Тасқынға тосқын» поэмасының бас кейіпкері–біздің отандастарымыз, кеңес халқы. Гитлершіл жендеттерді жеңіп шығып, бүкіл әлем алдында асқан ерлігімен танылған кеңес халқының батырлық тұлғасы поэмадағы ақын толғаныстарынан айқын танылады. Сондай-ақ, фашистердің жауыздық тасқынына тосқын болған замандастарымызды жыр ете отырып, ақын сол замандастарымыздың бейбіт күндердегі табиғаттың күтпеген жерден келген жойқын апатына бөгеу салғанын да әсерлі бейнелеген. Сел апатына қарсы тау қопарып, сол таудай бөгесін салған адамдардың алып қимылын ақын өрнекті өлең жолдарымен шебер суреттейді.                                    

       Тауды тіліп, тасты бұзып, табиғат апатына–жойқын тасқынға тосқын болған «білектілерді, жүректілерді», халықты –ақын заманымыздың жеңімпаз алыбы, өмірдің өршіл тұтқасы, мызғымас тірегі ретінде мадақтайды.

        Ақын поэмада замандастарымыздың нақтылы келбетін де елестетуге талаптанған. Поэманың бас кейіпкері Арман – өршіл, таланты, жігерлі,

адамгершілік қасиеті жарқын абзал азамат ретінде көрінеді. Инженер-геолог Арман мен дәрігер жас ару Ая арасындағы махаббат хикаясы да шығармада әсерлі сипатталған. Бұлардың махаббаты барша мұратына жеткен армансыз махаббат емес. Жастардың аяулы сезіміне кенеттен тап болған табиғаттың долы қара күші кедергі жасайды. Ая қайғылы қазаға ұшырап, Арман махаббат қайғысына кезігеді. Бірақ, Арман күйреп, жасымайды. Сол табиғаттың асау күшіне бөгесін жасап, өзінің де, халқының да мәртебелі өміріне жанқиярлықпен еңбек сіңіреді. Поэмадағы Арман өмірінен–қазіргі жастардың жарқын тұлғасын көріп, құмарта түсесің.

        Поэмадағы Қайсар кәрияның да өмірі күрделі. Ол аға ұрпақтың өкілі ретінде көрінеді. Арман сияқты бір кездегі жас инженер Қайсар жауыздықтың қара күшінің соққысына душар болады. Бірақ мойымай, жасымай өзінің адамгершілік, азаматтық қалпын сақтап қалған. Қайсар мықтылықтың, өр қайраттың символындай есте қалады.Ол–халқын, елін беріле сүйген патриот, моральдық бейнесі жарқын азамат, аға ұрпақтың өнегелі эстафетасын кейінгі ұрпаққа табыс етуші.

        Осындай замандастарымыздың дараланған және жиынтық келбетін танытқан поэманың сюжеттік-құрылымдық ерекшелігі де мол. Поэмада адамдардың басынан кешкен нақтылы оқиға да бар,сонымен қатар,ақынның, яки кейіпкердің толғанысына, сыр шертуіне құрылған шумақтар да аз смес. Баяндаумен қатар, суреттеу де жарысып отырады. Лирикалық шегіністер де пайдаланылған.

         Поэманың басында Алматы қаласының іргесіндегі Есік көлі, онда табиғатты тамашалап серуендеген адамдар суреттеледі. Бұдан кейін сел тасқынының зор апаты, күтпеген тосын қазаға ұшыраған адамдар, солардың ішінде поэма кейіпкері Аяның опат болуы, Арманның ауыр жарақаттануы баяндалған. Осы жерден поэманың оқиғасы үзіледі де, лирикалық шегіністер, басты кейіпкерлердің толғаныс-сыр шертулері басталады. Поэманың соңында табиғаттың асау күшіне тосқын қойған халықтың ерен еңбегі, сол мұратқа жеткен еңбегінің думанды қуанышы сөз болады.

        Адам мен табиғаттың тартысын суреттеу, сол арқылы қоғамдағы жауыздық пен ізгіліктің бітіспес алысуын сипаттау Т.Жароков шығар-машылығында елеулі орын алады.Ақынның ертеректегі шығармаларында бұл жай айқын байқалатын еді.«Тасқын» поэмасы мен «Тасқынға тосқын» поэмаларының арасындағы идеялық-көркемдік байланыс, шығармашылық жалғастық бары сөзсіз. Алғашқы поэмада да табиғаттың долы күшімен алысқан адамдар, қоғам өміріндегі жаңалық пен ескіліктің тартысы суреттелген болатын. Соңғы поэмада ақын сол проблеманы қайталамайды, оның көркемдік шешімі тың. Оны поэманың жоғарыда атап өткен құрылымдық-сюжеттік ерекшелігінен көреміз. Тіпті, ақын екі поэманың кейіпкерлерін де өзара байланысты етіп алған. «Тасқын» поэмасының бас қаһарманы Қайсардың қартайған, толысқан шағын ақын соңғы поэмасында келісті сипаттап берген. Алдыңғы «Тасқын» поэмасы негізінен сюжетке құрылған шығарма болса, соңғы «Тасқынға тосқында» да сюжет бар, бірақ мұнда лирикалық шегіністер, толғаныстар кең орын алған. Бұл жай ақынның айтайын деген ой-пікірін толық ашуға, оны оқырмандарға ұғынықты, әсерлі етіп жеткізуде елеулі көркемдік қызмет атқарған.

            Ақын толғанысы поэма кейіпкерлерінің басынан кешкен алуан-алуан өмір толқындарын жинақтай, тошпылай айтқан айшықты ойын аңғартады.Осындай өмірдің кең мазмұнын терең топшылаған лирикалық толғауларына бола, кейбір зерттеушілер поэманы философиялық мән-мағыналы шығарма деп те атады.

       Жоғарыда айттық, Т.Жароковтың «Тасқынға тосқын» поэмасының композициясында (құрылымдық) жай–баяндау мен суреттеу алма-кезек келіп отырады. Ақын кейіпкерлерінің басынан кешкен әрқилы өмір құбылыстарын қызғылықты, тартымды етіп әңгімелеуге шебер.Сондай-ақ, Есік көлінің суреттері, маужыраған табиғат аясындағы адамдарға кенеттен лап берген дүлей сел-тасқынның алапат көрінісі, тау суреттері, асау табиғатқа қарсы бөгет ретінде адамның күшімен жасалған қопарылыстың бейнесі т.б. ақындық тапқырлықпен жасалған.

        Кезінде «Тасқынға тосқын» қазақтың эпикалық поэзиясындағы елеулі еңбек болып танылды. Сөйтіп, ол өз замандастарының өмірі жайлы Тайыр Жароковтың сәтті шығармаларының қатарынан орын алды.

        Тайыр Жароков–көркем аударма саласына да едәуір еңбек сіңірген ақын. Ол Дж. Байрон, Низами Гәнжәуи, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, А.С.Грибоедов,Н.А.Некрасов,В.В.Маяковский,Т.Г.Шевченко,Ш.Руставе–ли, т.б. әдебиет классиктерінің біраз шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ, ТМД елдерінің көрнекті ақындарының да (М.Алигер, Мұса Жәлел, Самед Вургун, Ғафур Ғұлам, Ұйғын, Темірқұл Үметалиев т.б.) көптеген шығармаларымен қазақ оқырмандарын таныстырды. Ақынның еліміздегі әдебиеттер байланысына сіңірген үлкен еңбегі әдебиет тарихын зерттеушілердің әруақытта назарында болуға әбден лайықты.

         Замандастары атап айтқандай, Тайыр Жароковтың ақындығымен қатар жеке басының моральдық бейнесі де кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін естен шығаруға болмас. Өзі туралы:

                                               Біреуге өмірімде

                                               Қас қылып көрген емен,

                                               Жанжалға тегі мүлде,

                                               Бас сұғып көрген емен.

                                               Біреуді туғалы мен

                                               Өсектеп көрген емен,

                                               Ол өсек қуғанымен,

                                               Өсет деп көрген емен.

                                               Келгенше осы жасқа

                                               Күндеуді білген емен,

                                               Күндегіш кейбір досқа

                                               Күңкілдеп күлген емен... –

деп толғануы оның шын мағынасындағы жан сыры еді. Тұстас, тұрғылас досы академик Қажым Жұмалиев оның қарапайымдылығын, кішпейіл-дігін, сонымен қатар адалдығын, ақ жүректігін айрықша атап көрсетсе, қаламдас інісі Серік Қирабаев: «Ол ақкөңіл, адал, ақын жанды, баладай таза, пәк еді»–деп Тайыр Жароковтың адамгершілік кейпіне лайықты баға берді. Ақындар Қалижан Бекхожиннің «Тайыр Жароковқа», Сағынғали Сейітовтің «Сөз сұңқарын сағыну», Жұбан Молдағалиевтің «Нарынға сәлем», Мұхтар Шахановтың «Жароков көшесіндегі кездесу» атты өлеңдерінен Тайыр Жароковтің әдеби бейнесін тану қиын емес. Кезінде кемеңгер Мұхтар Әуезов көз тартып тұрған көрікті өлеңдерімен танылған ақынды «Басым сөзді Тайыр» деп атауы тегін емес еді.

         Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясына 40 жылға жуық еңбек сіңірген, өз заманының дарынды жыршысы, үлкен, ірі ақыны Тайыр Жароковтың қазақ әдебиетінің тарихынан алатын орны салмақты.