4.3. Ғ. Слановтың «Жанар тау» романы


Өздік жұмысының мақсаты: Романдағы дәуір шындығын таныту.

Әдістемелік нұсқау: Ғ.Слановтың «Жанартау» романы 1945 жылы басылды. «Жанартау» романы соғыс кезінің оқиғаларына негізделіп, Атырау мұнайшыларының өмірінен жазылған. Соғыстың ел басына түсірген салмағы, еліміздің мұнай көздері жау қолында қалып, Қазақстан мұнайын майдан қамы үшін мол өндіру күн тәртібіне қойылған кезде, тылдағы елдің қауырт еңбекке жұмылуы роман сюжетінің негізгі желісін құрайды. Онда суреттелетін кейіпкерлердің бәрі де іс басында, еңбек ортасында, әлеуметтік мүддені ұға, түсіне білген адамдар. Бәрін біріктіріп тұрған нәрсе– соғыс. Ерлер майданға кетіп, әйелдер солардың орнын басқан. Еңбек жасына толмаған жастар да кездеседі. Қажетті өндірісті қамтамасыз ету үшін арнайы әскерден қалдырылған мамандар да бар. Әркім өз орнында, шамасынша адал еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосып жатыр.

Негізінен, дәуір шындығын тәп-тәуір суреттеген романда тартыстың әлсіздігі көрінбей қалмайды. Басталған жұмыс еш кедергісіз оп-оңай іске асып жатады. Жазушы Қанат пен Айкүміс отбасының түсініспеуінен тартыс туғызбақ болады. Бірақ ол да өршімей, бір ширап, бір босап созылып барып, жарастылықпен аяқталады.

Роман жарық көрісімен қаһарлы сынға ұшырады. Сынның қатал да түгелдей қаралай жазылуы партияның сол бір тұста әдебиет пен өнерге ерекше қатаң талап қоя қарауының салқыны да сияқты. Ол кезде сыналмаған, мінелмеген дүние аз болатын. Кейін роман қайта өңдеуден өтті.

«Жанартау» – Ұлы Отан соғысы кезіндегі мұнайшылар еңбегін танудағы елеулі белес.

Т.Нұртазиннің Ғ.Слановтың «Жанартауы» жөнінде. – «Әдебиет және искусство». 1946, № 9-10 еңбегін қараңыз.