4.5. Ғ.Ормановтың табиғат туралы өлеңдері


Өздік жұмысының мақсаты: Қазақ жерінің әсем табиғатын ел өмірінің тыныс-тіршілігімен қоса суреттеу де, Ғ.Ормановтың үлкен жетістікке жету шеберлігін таныту.

Әдістемелік нұсқау: Ғали жырларының үлкен бір саласы–табиғат туралы өлеңдер. Жоңғар Алатауының әсем өңірінде дүниеге келген ақын «Қорада», «Менің ұям» өлеңдерінде сол өлкенің әсем суретін жасады.

Ол ұсақ детальға дейін суретке айналдыруға шебер. Ақынның аралап көрген Баян, Қарқаралы, Көкшетау, Өскемен, Кереку өлкесінің де көркі ақын поэзиясында көз тартарлық.

«Еңсесі биік Алатау», «Менің қалам», «Жер сыйы», «Медеу даңқы», «Қысқы жаз», «Қыс құшағы» атты туған жер тақырыбындағы өлеңдерінің біразын астанамыз Алматы мен Алатаудың әсем табиғатына арнады. «Алматы дастаны» осы өлеңдердің түйіні тәрізді. Қазақстанның байтақ даласын кең өлкесін ақын «Туған жер! Сонша саған сүйсінемін, Секілді саяң ылғи үйім менің» –деп, өз отбасына балайды. Оның түйсігінде Отан-Ана, Жер-Ана бірін-бірі толықтырып, бірінен-бірі өрбіп отыратын ұғымдар екенін «Жер жүрегі» өлеңінде нақтылай түсті.

Талай ақынның қаламына арқау болған сұлу Көкшетаудың әсем табиғатына да ақын «Жер шебері», «Жыр», «Қыр гүлдері», «Жаңа жұрт», «Шағалалы бойында», «Бурабай», «Айна көл», «Оқжетпес» өлеңдерін арнады. Ақын бұл өлеңдерінде Көкшенің сұлу табиғатын ондағы елдің тұрмыс - тіршілігімен қоса суреттеді. Жер бедерін қилы суретке толтырған елдің ұл, қыздарының еңбегін мақтан етеді. «Жыр» өлеңінде Зерендінің сұлу табиғатын шебер суреттеген.

Орманов қазақстанның төрт бұрышын түгел дерлік жырға арқау етті.