4.9. Ғ.Мүсіреповтің « Қазақ солдаты» романы


Өздік жұмысының мақсаты: Ұлы Отан соғысының сабақтарын саралауға, ел басына күн туған кездегі азаматтардың ерлік істерін, мінез-құлқын, халық өмірін эпикалық үлгіде бейнелеудегі жазушы шеберлігін таныту.

Әдістемелік нұсқау: Ғ. Мүсіреповтың повесі алғаш рет 1945 жылы «Майдан» деп аталатын альманахта «Қазақ батыры» деген атпен жарияланып шықты, аталмыш туындыға оқырман қауым біршама сын ескертпелер айтты. Солардың бәрін есепке ала отырып, Ғ. Мүсірепов композициясын жақсартып, негізгі кейіпкердің образын күшейтіп, бірнеше тараулар қосты.

Повесть көлемі жағынана ғана өзгермей, сонымен бірге композициялық құрылысы, оқиға желісі жақтарынан да роман дәрежесіне жетіп, 1950 жылы «Қазақ солдаты» деген атыпен қайта басылып шықты.

«Қазақ солдаты» әскери тақырыпқа арналған қазақ повестерінің тұңғышы. Оны жазушы Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың ерлік жолын суреттейтін деректі шығарма есебінде жазды.

Соғыс тәжірибесін жинақтауда, халық ерлігінің рухани мазмұнын және оның қайнар көзін ашуда бұл романның орны үлкен. Онда жаңа заман батырының туу, тәрбиелену, өсу жолы кең бейнеленген. Қайрошты өсіріп жеткізген қоғамдық орта мен ондағы өзгерістер кейіпкер тағдырымен байланысып, жарасымды суреттеледі. Қайроштың батырлығы ескі ұғымдағы көзсіз ерлік емес, қарапайым адамның Отан алдындағы борышын түсіну мен оны абыройлы орындау жолындағы сезімнен туады. Сонымен қатар жазушы Қайроштың өмір жолында кездескен күнделікті тіршіліктің келеңсіз жайларын улы кекесінмен түйреп, сынап отырады.