6.1. Х.Ерғалиевтың «Құрманғазы» поэмасы


Қозыбақ сазы

Жас бөбек!

Барлық ойың көз алдында,

Тұрсаң да сескенбейсің қаза алдында;

Қасыңа қызығың кеп түртіп қашса,

Жүгірмей жалаң аяқ төзе алдың ба?..

Өзіңдей бұл да бала ойыны көп,

Жүрегі сағыз теріп, желкегін жеп;

Жамауын оған біткен бөз көйлектің

Білдірмей ұры қолмен жыртады шөп.

Табаны түсте құмға күйіп-пісіп,

Төлдермен құдық суын бөліп ішіп,

Торғайдан қозы үріксе бірге шошып,

Әуреге жүруші еді түнде түсіп.

Атасы бұл кәсіпті ұсынғалы

Екі жыл;

Ұққан да жоқ ісін әлі:

Жанындай сүюші еді қозы-лағын,

Оларын демеуші еді кісі малы.

Ал бүгін, ала құйын, желді күні

Төлдерден неге аяды тағдыр мұны?..

Қозы-лақ әлдеқашан ұзап кетті,

Оларын ұмыттырды қурай үні.

Құм ұйытқып, ұсақ іздер болды ғайып,

Түбінде кәрі бұта бұл мұңайып,

Әлі отыр,Күндегі ойын есінде жоқ.

Кеткен бе әлем мұңға бүгін байып?..

Білмейді дүниедегі жоқты, барды,

Дейтінін кімдерді бай, кімді жарлы.

Оятып оңашада сәби жанын

Несіне тыңдады екен мұңды-зарды?!

-Қурайдың, - дейді ол бүгін – мен бір «әнін»

Көп тыңдап көкейіме қондырамын...

Кеп-кеше Ұзақ күйші безілдеткен

Сазына ұқсайды екен домбыраның.

Бейшара кәрі қурай тұлданады,

Сазына жаным кәміл алданады –

Бір кезек өксігенін қоя қойып,

Бұл-дағы кәдімгіше долданады.

Бұл-дағы кәдімгіше ышқынады,

Жұлқынып әлдекімге күш қылады –

Шашақтан айырылған соң алжыған ба,

Үш күліп, минутына үш жылады.

Кәдімгі тоқтамайтын жұрт жалынбай

Үні бар қаралы жар жоқтауындай.

Үзіліп бұтағынан жапырағы

Тұлданған жалғыз, сірә, жоқ па мұндай?!

Бір кезек қурай тынды;

Құр сүлдені

Дем алып, бәлкім, солай тұрсын деді,

Айныды, тыншымады, уһіледі! –

Шалдардың бола қалды күрсінгені.

Жанына жақпағандай тыншығаны,

Тағы да шықты қурай қыңсып «әні»,

Үзіліп осындай-ақ талушы еді

Құшақта қыз баланың сыңсығаны.

Қурайды зарлатқанда жел- борасын,

Тапқандай сарынынан ол бір асыл.

Қызығып алды екі қарыс

Қыл ішек, жұқа қалақ «домбырасын».

Жоқ еді бұл аспабы кеше кеште,

Тағдырдың базарлығы осы емес пе?

Түн бойы Ұзақ күйші күй боздатып,

Сарқылған сары қымыз кесе, месте.

Елемей зекіргенін бір шалдын да,

Естімей десе біреу

- Қамшы алдын ба?

Таянып екі жағын осы бала

Күйшінің жатқан еді қарсы алдында.

Күй тоқтап,жұрт айығып мүлде ойынан,

Әңгіме гулегенде мал жайынан,

Оларға құлақ түрмей ата күйші

Бір мұның сипап еді маңдайынан.

Ол бұған бос құмартып қал,демеді,

-Қолыңа сенде осыны ал! – деп еді,

Жадында сақталмапты басқа сөзі,

Тағы да тапсырғаны әлдене еді?!

Оны ойлар қазір мүнығ жоқ шамасы,

Дегендей «ұмытқанды жоқтамашы!»

Қыңқ етсе құлағына қылдың үні –

Секілді қорегіне жұтқан асы.

Бір соғып,қыл үзілсе қайта тағып,

Дыбысты отыр бала кейде бағып,

Бұйрытпай нәзік үнді құлағына

Тентек жел әкетеді кейде қағып.

Сезгендей бұдан әрі силамасын,

Ән тұрмақ, шұлғымады қурай басын,

Қып – қызыл енді көрсе күннің көзі

Секілді төгіп болған барлық жасын.

Жел кетіп, кеш келіпті жедел жүріп,

Қорқыныш көкірегін алды бүріп.

Қара лақ төбесінде айғай салып

Барады жоғары ұшып,бұлтқа кіріп.

Лақ байғұс қайғысымен қамап үстін

Дегендей саған ақтық қарап ұштым,

Тыққызып у тырнағын жүрегіне,

Қанатын жамылыпты  қарақұстың.

                                               (Жалғасы бар)