6.4. Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңі


Уа, ақша бұлт, айтшы маған,

Айтшы маған; келдің қайдан?

Ақ төсінен күн сүйгенде,

Жаралдың ба, Алатаудан?

Бейне торғын ақ жібектей,

Тұрсың төніп тас төбемнен.

Емес пе ең қыз орамалы

Жел ұшырып алып келген?

Әлде Арқаның ару қызы

Отырғанда кесте тігіп,

Алдындағы ақ жібегін

Әкеткен бе жел көтеріп?

Әлде Алатау етегінен,

Шыбынымдай сүйген жарым.

Бұрышына сәлем түйіп,

Ұшырған ба орамалын?

Ақша бұлтым, күйін шертіп.

Сағынышты жүрегімнің

Желкілдейсің, жел үрлесе,

Мақтасындай туған жердің.

Үрлеме, жел ақша бұлтты,

Алысқа айдап кете көрме!

Айдын жүзген аққу құстай,

Қалсын мәңгі тас төбемде.

Уа, ақша бұлт, айтшы маған,

Айтшы маған, қайдан келдің?

Көзім түссе еске аламын,

Аруымның ақ желегін.