6.7. С.Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңі


Жаутаңдап қарап дала тұр,

Көз жасын сүртіп жаңа бір

Хабарсыз ұлын сұрауға

Жолыңды тосып ана жүр

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?

Кешікпей жарым келер деп,

Төрінен сайлап орынды

Батысқа қарап елеңдеп,

Ару жүр тосып жолыңды.

Көтерді бәрін ауырдың,

Азамат болып арды ақтар,

Көрдің бе жарын арудың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?

Кетерде солдат жарының

Ішінде қалған ана жыл...

«Көкемді айтпай танырмын,» -

Деп бір сәби бала жүр.

Қайырылмай қалай кетесің,

Хабарсыз қалай ол тоқтар?

Көрдің бе оның көкесің,

Соғыстан қайтқан солдаттар?

Қаралы қағаз жіберіп,

Қаншама қайғы салды оқтар

Барады үнсіз түнеріп

Соғыстан қайтқан солдаттар.