6.9. Қ.Бекқожиннің «Мәриям Жагор қызы» поэмасынан үзінді


Өзіңнің өрен жырың бұл тағы да,

Ыршыған бұлт астында бұрқануға.

Бұл жырым жүрегіңдей таза сенің.

Ешкімнің бұрылмаған бұлтаңына.

Бұл сенен қызықты боп қалған аңыз,

Сазына сол жырыңның таң қаламыз

Тебіренсе даламызда дударайың

Бар қазақ тербелеміз, толғанамыз.

Жырлаймын сен сақтаған махаббатты,

Ежелден ғашық жыры маған тәтті.

Достықтың таңда соққан самалындай,

Жырла деп дударайың дабыл қақты.

Осы жыр жалындаған жас жанымнан,

Орыстың жұлдыз болып аспанынан.

Шек бар ма достық пенен махаббатқа,

Кім соны іздеп жүрген дастанымнан?

Әніңе түнді жарып, бізге жеткен,

Қосылдым сырыңды ұққан қыз – жігітпен.

Мұң – сазы жалындатқан жас қазақты,

Кем бе екен Мариямым Қыз Жібектен.

Мәңгі жас махаббаттық жыр лебінде,

Құмар ем, қалды дауысың жүрегімде.

Жыршының кім ауызын қақпалаған,

Ғашықтың қажетсіз деп жыры өмірге?

Жырлап ел дос жүректің сырын аңсап,

Жазылса жырларымның жолы жаңсақ

Өзің кел, Марияшым, өзің түзе,

Ақ ниет бұл жырымды көтер ән сап!

Жырымның сенікі ғой шын атағы,

Елеме бос күбірді, шырқа тағы

Сыншыл да сырлас болды саған бүгін

Өзінше дударайды шырқатады.

Мариям Жагор деген орыс қызы,

Он жеті, он сегізге келген кезі.

Қазаққа Дудар деген ғашық болып,

Сондағы Мариямның айтқан сөзі:

Дударари дудым

Бір сен үшін тудым,

Шіркін – ай,

Дударари – дудым!