6.10. Ж.Молдағалиевтың «Нұрлы жол» поэмасынан үзінді


–Әй,қарағым, Жігер–ай, Кімге тартқан мінезің?

Төзе тұр кемі бірер ай,  Барасың қайда бір өзің?

«Тоқыр» деген немене,  Қол емес саған ұсталық,

Омарды ешкім бұл елде, Оқытқан жоқ қой ұста қып.

Оқымай–ақ болды ұста,  Үйреніп шебер атадан.

Біздерге біткен туыста,    Адам жоқ ұста аталған.

Мұғалім болсаң, бір басқа,  Оқысаң, оқы осыған.

Онда да кетпе алысқа,   Табылар оқу осынан.

Шықпа, қарғам шеткері,  Албыртсың,әлі баласың.

Колхоздан артық құт жерді,  Қайдан іздеп табасың? –

Деп Жігерге кәрі ана,  Айтып отыр ақылын.

«Баланың көңілі қалада»,  Дейді тағы ақырын.

«Оқымай өнер келмейді,  Тусаң да қандай атадан.

Колхоз да «барма»демейді,  Ұғыңыз мұны, апажан»...

Шайқайды басын кәрі ана:   –Кімге тарттың, қарғашым?

Жоқ еді сендей атада,   Жуас еді–ау нағашың.

Жеті класс бітірдің,  Жарайды сол да бұйырсын.

Сырыңа, балам,жетілдім:   Не болса, соған үйірсің.

Үйретпек болып асауды,  Мертігіп қала жаздадың.

Айтамын саған қашанғы,  Оқырсың кейін,аз ба күн?

Омардай ұста болам деп,  Әуре болдың жаздыкүн.

Үйрендің бе одан көп?   Айныдың тағы, ал, бүгін...

Айныған жоқ,ол қайта,   Осы ойға берік бекіді.

Намыс отын лаулата,     Үрлей түскен секілді.

Жәрдемші ұста боп Жігер, Жаз бойы биыл жүрген– ді.

Өткен жоқ зая,ол бекер, Өзінше біраз үйренді.

Таяуда,бірақ, жас ұста,  Ұстазын, өзін сынады.

Сынады суыт жұмыста, Ой туды сонда шынайы.

Тоқтап қалды комбайн,  Үзіліп шағын тетігі.

Деп алып Омар «оңдаймын», Уақытты босқа кетірді.

–Болмайды екен токарьсыз,  Керек те екен станок,

Болыппыз әуре бекер біз, –   Деді ақыры ұста кеп.

МТС–ке колхоз салды атой,  Ат сабылтып арада.

Табылса одан жақса ой,  Кетпесе іздеп қалаға.

Қайырлып қалған кемедей,  Далада тұрды комбайн,

Алтын дән теңіз–телегей, Күн қақтап жатты маңдайын.

–Әттең, бір токарь! Станок! –  Деген сөз талай ауыздан

Сол күні ұшты құстай боп,  Кем емес еді арыздан!

Халықтың сөзін қайталап,  «Әттең бір...»дейді Жігер жас.

Ойланды соны айта сап,  Есіне түсті бір жолдас.

Өзіндей еді ол бала,  Тұратын көрші колхозда,

Қазірде токарь қалада,  Келіп те кеткен ол жазда.

Өз ісін айтып баптанып,  Оқыдым деген ФЗО–да,

«Тұр ғой, –деп Жігер, – мақтанып»,  Қойған жоқ еді қызыға.

Сол бала оған, алайда,  Аңғартты басым өнерін.

Мақтады оны ауыл да, Шебері–ай деді өреннің!

Кең жатыр өнер өрісі, Ойының биік шоқтығы,

Ұстаға да болысты,  Білмейтіні жоқ тегі.

Ал,бүгін колхоз әудемде,  Зар болды соның ісіне,

«Әттең бір» Жігер дегенде,Сол жолдас түсті есіне.

ФЗО–ны Жігер сол күні, Аңсады сүйіп бар жаны.

Аңсатты намыс толқыны,  Токарь боп шығу арманы.

Ұлының қайсар мінезін,  Анасы жақсы біледі.

Алмайды қайтып ол сөзін, Тынғанша іс боп тілегі.

Ашынып қатты айтпады,  Алайда Жігер бой бермей,

Токарьлықты мақтады, Токарь боп өзі көргендей.

–Темірге сөзін тыңдатқан, Токарь боп шығу жаман ба?

Темір де көніп тіл қатқан,  Тетігін тапқан маманға!

Тұрпайы, түрсіз темірге; Тигенде құрыш қолымыз,

Тетік боп шығар өмірге, Ұршықтай ойнар оныңыз.

Машина, міне, жүйткіп жүр, Ағылып оң мен солынан.

Жүйткіткен соны тетіктер,  Өтті ғой токарь қолынан.

Қағаздай қырқып құрышты, Ағаштай оңай жонасың.

Жұртқа керек зор істі; Жасайсың, токарь боласың!

Токарь боп сондай келемін:  Орнатсын колхоз станок.

Өзінен тапсын керегін,  Тұрмасын қолы қысқа боп.

Ойланатын кез жетті, –    Он бестің өттім өрінен! –

Деп отыр Жігер ізетті,  От жанып қара көзінен.

Он бестен ұлы асқанын, Енді ғана сезгендей,

Жүзіне қарап жас жанның, Отырды ана сөз бөлмей.

Тұлғалы, рас, кең кеуде, Қазір де «жігіт» дегендей,

Жарығы, нәрі мол жерде; Жас өскен жаңа емендей.

Шынықтым колхоз түзінде, Дегендей, өктем күшім бар.

Дөңгелек құбаң жүзінде,  Сабырлы, қатал пішін бар.

Қалың қабақ, қыр мұрын,  Алдында отыр жас жігіт.

Ұққандай ана ұл сырын, Қуантты жаңа жақсы үміт.

Алайда «бар» деп айтпайды,  –Қалайша көрмей отырам?

Қалаға барса қайтпайды ;  Кейбір жастар оқыған...

Өржан қарт сөзге қосылмай;  Отырған еді манадан.

«Кемпірдің бәрі осындай»;  Деп ойлап,үнсіз қараған.

Тамағын кенеп жөтелді, Ананың байқап лебізін.

Күлімдеп көзін көтерді:  –Сөзді қой,кемпір сен өзің.

Тоқтатпа жолдан баланы,  Үйренсін,көрсін,оқысын.

Еңбектің бар ма жаманы?  Кем болып кімнен отырсың?

Бекерге бағын байлама,  Колхозға келсін маман боп.

Жақсы атанып қайда да,  Жүрсе болды аман боп. –

Деп сөзін Өржан бір түйіп, Отырды кенет ойға қап,

Сарғыш тартқан күн тиіп,  Сақалын сипап салалап.

–Жігержан, сен де қарыспа.  Әрине, оқу – өте жөн.

Біздерді, бірақ жарысқа ;  Шақырып отыр «Төте жол».

Жиналмай жатыр мол егін,  Санаулы мұнда әр адам.

Ойыңда бар ма ол сенің?  Күзге дейін күт, балам...

Уәделі уақыт өткенде,   ФЗО–ға Жігер аттанды.

Қарсы ұшқан құстай көктемге,  Жетелеп үміт жас жанды.

Жинасып еңбек жемісін,  Келеді Жігер өкінбей,

Бүгінде колхоз ісі үшін,  Қалаға шыққан өкілдей.

Колхоздың өскен талабын,  Жүрекке жазып алғандай,

Әрі ісі туған даланың,   Аманат артып қалғандай.

Еседі күзгі қоңыр жел,  Секілді бақыт самалы.

«Жол болсын, Жігер,кел,Жігер!»  Дегендей алтын заманы.

                                                         (Жалғасы бар)