6.12. И.Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасынан үзінді


  І                          

Ойласаң өткен күнді айтады жыр,

Тыңдасаң естіледі бір терең сыр,

Ой өліп, өмір сөніп, көп соғылған,

Суреті өткендердің алдымда тұр.

 

Толқыны бұл өмірдің талайды ұрған,

Көп жанды алдап соғып, зарландырған.

Аяған дертті өмірдің пендесі жоқ,

Жас демей, кәрі демей торын құрған.

 

Біреудің күшін алып, үмітін кескен,

Біреудің жүрегін жеп, қанын ішкен.

Жете алмай талай асық мұратына –

Қара күн қан жамылып, басқа түскен.

Естісем сондайлардың мұң мен зарын,

Менің де қозғалады қапаларым.

Ортақпын қайғылының қайғысына,

Үн қосып күңірену, болған барын...

ІІ

Қазақтың Есім ханы болған кезде,

Жау жорық жапан түзге толған кезде,

Болыпты Монтай атты бір әділ би

Руы Ойбас Қыпшақ, Орта жүзде.

Ол кезде Шудың бойын қазақ алған,

Неше жыл сол алапты мекен қылған.

Оңтүстік Қамсақтының жағасында,

Қалыпты Монтекеңнің ауылы болған.

ІІІ

Бір бай бар Шудың бойын мекен қылған,

Дермияныды тілекте көңілі толған,

Армансыз Келден бай деп аталады.

Он сегіз ұлы, он сегіз ауыл болған

Биекең жігір сөзін есіп болды.

Отырған көпшілікте көңілі толды.

Бір кезде іздемектей ойға түсіп,

Монтекең сұрап қойды, жолдағы елді.

ІV

Келден сол өлкеден таңдап алған,

«Көк мұрын той» өзенін мекен қылған.

Ол өзен Шудан аққан бойыменен,

Батысқа өлкені өрлеп кетеді әрман.

Өзеннің екі жағы қамысты көл,

Жайылып екі тарап болады сел,

Шашты қыз, тарақты алсын, шөп өседі,

Ат шаптырым алабында жайлаған ел.

Шаңқанда шағалалы құстар ұшып,

Шуылдап сұқсыр қонған суға түсіп.

Қызғыш – қызық, шәукілдек жағын безеп,

Аққу қаз сұңқылдайды үнін қосып.

Алыстан көрсеткенде сұлу сағым,

Күлдіреп көтеріп тұр, көлдің бағын,

Жаздағы көктеменің көкмайсасы,

Толтырып жаңа жарған жапырағын.

Қарақұрт, қаптаған мал сонау дала,

Бықырлап ақтылы қой толған сала,

Шұбырып көлден жылқы шығып барад,

Қиқулап жылқышылар беткейді ала.

Көктілі, көкалалы төске толған,

Сары қарын биелері мама болған.

Бұлтылдап жұтқыншақтың жұмырындай,

Жарысып құлын мен тай ойын салған.

Өзеннің алқапты астар қабағында,

Тізілген қалың елдің бер жағында,

Қардай ақ алты - жеті орда тұр,

Малы жоқ қотан салған бер жағында,

Сыртқы елде көген шешіп, қозы маңырап,

Қыз - қатын, бала - шаға улап - шулап,

Күңіренген кешкі әуезбен үн қосылып,

Өлкенің кетіп жатыр бойын қуалап.

Ортада үлкен ақ үй сегіз қанат,

Түзелген кемшіліксіз сән, салтанат.

Оюмен әлеміштеп отауларды,

Торлаған туырлығын неше қабат.

Екі арасында тартақан белдеу,

Көрмеде байлаулы тұр үш - төрт бедеу.

Тұғырда томағалы бүркіт отыр,

Қақшытып жем беріп тұр оған біреу.

Тақалған үлкен үйге ақ отаудан,

Сызылып дауыс шығады, ән шырқаған,

Жуырда келіншегін алып еді,

Кенжесі Келден байдың ерке Байжан.

Күмістей ақ сақалды, қартқа басқан,

Жас мөлшері сексеннен еркін асқан,

Жамылған торғын тоны сүйретіліп,

Келден тұр үй сыртында қозғалмастан.

Сүйеніп таяғына шырқ айналып,

Алысқа жағалатып көзін салып,

Бұлдырап кәрі көзді кеш ұялтып,

Қарайды маңдайына қолын алып.

Батуға шеті ілінген алтын арай,

Жер астан, аспан үстен қарай-қарай.

Қоңыр түс ойға түсіп, қабақ жақын,

Тынышталып келе жатыр дүние солай.

От шашып қызыл жібек маңайына,

Нұр төгіп көкжиектің маңдайына,

Түсіріп шымылдығын бір заманда,

Күн сұлу кіріп кетті сарайына,

Батыс пен Солтүстіктің арасынан,

Келеді салт жолаушы бір - екі адам,

Жөн сұрап бір адамнан қарсы жүрді,

Келдекең көз жіберіп тұрған соған.

Оқ бойы жерге келіп сәлем берді,

Қосшыға атты тастап қарсы жүрді,

Қол беріп Келден байға амандасты,

Көретін күн болды-ау деп сіздей ерді.

- Уа, шырағым, қай ұлсың, - деді Келден,

Түрлерің жат көрінед шеттен келген.

- Иә, баба, руым - Қыпшақ, атым - Монтай,

- Көруге сізді әдейі іздеп келгем.

- Сен бе едің Қыпшақтағы әділ Монтай

Сыртыңнан тілеуші едім бір көре алмай,

Ендеше көріселік кел қарағым!

Жыласып, құшақтасып содан былай.

Келден мен Монтай бірге аяқ басты,

Шұбыртып соңдарынан ылғи жасты,

Кіргенде ақ ордаға сәлем беріп,

Монтекең бәйбішеге амандасты.

Терісін ақбөкеннің бөстек қылған,

Ақ киіз оюлатып сырмақ салған.

Арқаларын бумалы жүкке сүйеп,

Отырды екі мейман барып соған.

Кеңеспен бірсыпыра уақыт өтті,

Жататын ауыл, үйлер мезгіл жетті.

Бірі сөйлеп, мақұлдап, бірі тыңдап,

Бірталай қариялар сөзге кетті.             (Жалғасы бар)